Қазақстан Республикасының Жер кодексi 1-бап



бет13/58
Дата24.11.2022
өлшемі0,92 Mb.
#52296
түріКодекс
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   58
Байланысты:
kazakstan respublykasynyn zher kodeksi

71-1-бап. Жер учаскелерін пайдалы қазбаларды барлау және геологиялық зерттеу үшін пайдалану
1. Жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жерде, мұндай жерді меншікке немесе жер пайдалануға алмай, жария сервитут негізінде жүргізе алады.
Жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы жер учаскелерінде пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар мұндай учаскелерде қажетті жұмыстарды жеке меншік иелерінен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерін алмай жекеше немесе жария сервитут негізінде жүргізе алады.
2. Пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін белгіленетін жария сервитут жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша, тиісті жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен ресімделеді.
3. Пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу мерзімдері мен орны, жерді рекультивациялау бойынша міндеттер және өзге де шарттар – жекеше сервитутты белгілеу туралы шартпен, ал жекеше сервитутты белгілеу туралы шарт болмаған кезде соттың шешімімен айқындалады.
4. Егер жекеше сервитутты белгілеу туралы шартта өзгеше көзделмесе, жасалған жекеше сервитутты белгілеу туралы шартқа немесе соттың шешіміне сәйкес меншік иелеріне және жер пайдаланушыларға сервитут үшін төлемақы төленгенге және залалдар өтелгенге дейін жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарға кірісуге құқылы емес.
Ескерту. 7-тарау 71-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2017 № 126-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
72-бап. Басқа да сервитуттар
Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген жағдайларда осы Кодексте аталғаннан басқа да сервитуттар белгiленуi мүмкiн.
73-бап. Жер учаскесiне құқық ауысқан кезде сервитуттың сақталуы
1. Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе сервитутпен ауыртпалық салынған жер учаскесiне жер пайдалану құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сервитут сақталады.
2. Сервитут мәмiленiң, оның iшiнде сатып алу-сатудың және кепiлге салудың дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға қамтамасыз етiлуi үшiн сервитут белгiленген құқықпен бiрге ғана ауыса алады.
74-бап. Сервитуттың тоқтатылуы
1. Сервитуттың қолданылуы құқық иесiнiң бас тартуы, ұзақ уақыт (3 жыл) пайдаланылмауы, оның белгiленген мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде, тараптар арасындағы келiсiм негiзiнде, сот шешiмi негiзiнде және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша тоқтатылады.
2. Қауымдық сервитут қоғамдық қажеттер үшiн белгiленiп, ол қажеттер болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның сервитутты жою туралы шешiм қабылдауы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.
3. Сервитуттың қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген негiздер бойынша бiржақты тәртiппен тоқтатылады.
4. Сервитут құқық иесiнiң тиiсiнше пайдаланбауына, сондай-ақ ол белгiленген негiздердiң болмауына байланысты жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының талап етуi бойынша сот тәртiбiмен тоқтатылуы мүмкiн.
5. Сервитут белгiлi бiр мерзiмге белгiленген жағдайларда, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, оның қолданылуы белгiленген мерзiм аяқталған соң тоқтатылады. Сервитут шарт негiзiнде талап етiлетiн кезге дейiн немесе белгiсiз мерзiмге белгiленген жағдайларда сервитуттың қолданылуы сервитутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлiк иесiнiң сервитутты тоқтату туралы талап еткен кезiнен бастап бiр ай мерзiм өткен соң тоқтатылады.
75-бап. Сервитутты тiркеу
1. Егер осы бапта және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде өзгеше белгiленбесе, құқық иесiне бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беретiн сервитуттардың туындауы, өзгертiлуi және тоқтатылуы құқық кадастрында мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
2. Сервитутты тiркеу кезiнде, сервитуттың туындауына негiз болған құжаттарға осы сервитутты берушi тұлға куәландырған, сервитуттың қолданылу аясының шекарасы бейнеленген жер учаскесiнiң жоспары қоса берiледi. Егер сервитут барлық жер учаскесiне қатысты болса, жер учаскесiнiң жоспарын беру талап етiлмейдi.
3. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде туындайтын сервитуттар, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес тiркеу объектiлерi болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.

8-тарау. Жер учаскесі мен жер пайдалану құқығын
кепілге салу



76-бап. Кепiлдiң мәнi

1. Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн.


2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады.
3. Кепiлге салынған жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы осы Кодекске орай жер учаскесiне құқығы жоқ тұлғаларға қатысты кепiл ұстаушының меншiгiне айналған жағдайда осы Кодекстiң 66-бабында белгiленген нормалар қолданылады.

77-бап. Жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуды шектеу

1. Жep учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауға тыйым салынған жағдайларда (осы Кодекстiң 33-бабының 2-тармағы және 36-бабы) жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.


2. Егер жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн нысаналы мақсатына сәйкес дербес учаске ретiнде пайдалану мүмкiн болмаса, жер учаскесiнiң бұл бөлiгiн немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Кепiлге салуға берiлген жер учаскесiнде немесе оның кепiлге салуға берiлетiн бөлiгiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнетiн жер учаскесiн түгелдей немесе оның бiр бөлiгiн не бүкiл жер учаскесiне немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмай, не үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын бiр мезгiлде кепiлге салмай, ол үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне кепiлдi белгiлеген кезде осы Кодекстiң 51-бабының 3-тармағында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
3. Жер учаскесiн жалдау нысанында ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын жалдау шартының қолданылу мерзiмiне кепiлге салуға жол берiледi.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
3-тармақтың екінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 09.06.2020 № 341-VI Заңымен (01.07.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қысқа мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес кепілдік алу үшін Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына уәкілетті компанияның кепілге беруін қоспағанда, қысқа мерзiмдi уақытша өтеулi және уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi. 
Ескерту. 77-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279; 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2020 № 341-VI (01.07.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

78-бап. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) бар жер учаскесiн немесе сондай жер учаскесiне жер пайдалану құқығын кепiлге салу

1. Бөлiнетiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу, егер тараптардың келiсiмiмен жер учаскесiнiң көрсетiлгеннен үлкен бөлiгi немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы не бүкiл жер учаскесi немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығы кепiлге берiлмесе, үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оған қызмет көрсету үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгi немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы бiр мезгiлде кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.


Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде немесе онда орналасқан жылжымайтын мүлiкке қызмет көрсету үшiн арнайы белгiленген жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде бүкiл жер учаскесiнiң немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығының кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кепiлге салу кезiнде тиiстi жер учаскесiнiң немесе оның бөлiнетiн бөлiгiнiң не жер учаскесiне немесе оның бөлiнетiн бөлiгiне жер пайдалану құқығының құны ескерiлуге тиiс.
2. Егер бөлiнбейтiн жер учаскесiнде ортақ меншiктегi (өзге де ортақ заттық құқықтағы) үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан болса, үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде үйдi (құрылысты, ғимаратты) орналастыру, күтiп-ұстау және пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесiнiң кепiлге салынатынын бiлдiредi. Егер аталған жағдайларда кепiл мәнi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнген бөлiгi немесе ортақ мүлiкке құқықтағы үлес болса, кепiлге берiлген үй (құрылыс, ғимарат) бөлiгiнiң көлемiне сәйкес келетiн жер учаскесiндегi үлеске кепiл бiр мезгiлде белгiленедi. Кондоминиум объектiсiнде орналасқан үй-жайды кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде кондоминиумға қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi және жер учаскесiндегi үлестiң де кепiл мәнi болатынын бiлдiредi.
3. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар аталған жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) және оның осы үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан, оған қызмет көрсетуге арналған бөлiгiн кепiлге айналдырған жағдайда ғана өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы (осы Кодекстiң 39-бабының 2-тармағы).

79-бап. Жер учаскелерiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салу тәртiбi

1. Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады.


Мемлекеттiк жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы. 
2. Жеке және заңды тұлғалар кепiл ұстаушылар болуы мүмкiн. 
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi немесе ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы бөлiнбейтiн жер учаскесiн кепiлге беруге ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға қатысушылардың барлығының жазбаша келiсiмi болған кезде жол берiледi.
Жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiкке немесе ортақ үлестiк жер пайдалануға қатысушы өз үлесiн ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға басқа қатысушылардың келiсiмiнсiз кепiлге салуға құқылы. 
4. Ортақ меншiк құқығында жер учаскелерi бар тұлғалар ортақ меншiкке қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде жер учаскелерiн кепiлге сала алады.
Мемлекеттен төлеу мерзiмi ұзартылып жеке меншiкке сатып алынатын жер учаскелерiн кепiлге салуға осы Кодекстiң 49-бабында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жол берiледi. 
Стратегиялық объектілер орналасқан жер учаскелерін кепілге беруге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және шарттарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісуі бойынша жол беріледі. 
5. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу үшiн жеке және заңды тұлғалар ықтимал кепiл ұстаушыға:
жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
ортақ бiрлескен меншiкке немесе ортақ бiрлескен жер пайдалануға қатысушылардың нотариаттық тәртіппен куәландырылған жазбаша келiсiмiн;
жер учаскесіне тіркелген құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы құқықтық кадастрдың мәліметтері.
Жер учаскесiнiң бөлiгiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге беру кезiнде жер учаскесiнiң жалпы жоспарында оның кепiлге беруге көзделген бөлiгi көрсетiлуге тиiс. 
Бұл ретте осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, жер пайдалану құқығын кепiлге қою кезінде мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі меншік иесінің келісімі талап етілмейді. 
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген құжаттар мен мәліметтер тізбесі толық болып табылады. 
6. Алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.
7. Жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны туралы екi жақты келiсiмге қол жеткiзiлген кезде, негiзгi міндеттемені қамтамасыз ету үшiн кепiлге берушi мен кепiл ұстаушы арасында жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу туралы шарт екi дана етiп жасалады. 
8. Ипотека туралы шартта жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кредиторға немесе үшiншi тұлғаларға берудi, мақсатына сәйкес ипотека туралы шарт бойынша кепiлге салынған меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесiн кепiлге берушiнiң және (немесе) үшiншi тұлғалардың оны пайдалану құқықтарын шектеудi, сондай-ақ бұл учаскеден жемiс және табыс алуды көздеуге болмайды. 
9. Алып тасталды - ҚР 2007.07.06. N 279 Заңымен.
10. Егер кепіл туралы шартта өзгеше белгіленбесе, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары кепіл ұстаушыға немесе сенім білдірілген тұлғаға беріледі. 
11. Кепіл жер учаскесі орналасқан жер бойынша Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап жер учаскесін кепілге салу құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындайды. 
12. Борышкер негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өз талаптарын қанағаттандыруға құқылы.
Ескерту. 79-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116(2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279, 2007.07.26 N 311, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

80-бап. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салуды тiркеу
Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу жылжымайтын мүлікке құқықты тiркеу үшін белгіленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
Ескерту. 80-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-тарау. Жер учаскесіне меншік құқығын, жер пайдалану
құқығын және өзге де заттық құқықтарды тоқтату



81-бап. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтату негiздерi

1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:


1) меншiк иесi - жер учаскесiн немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығын иелiктен шығарып басқа тұлғаларға берген;
2) меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан;
3) жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда айырылған ретте тоқтатылады.
2. Меншiк иесiнен жер учаскесiн және жер пайдаланушыдан жер пайдалану құқығын олардың келісімінсіз алып қоюға:
1) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу жүргiзiлген;
2) жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
3) осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда, мақсатына сай пайдаланылмай отырған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылған;
4) радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскесі оның меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан, құны тең жер учаскесі беріле отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
5) тәркiленген реттен басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
3. Жер пайдалану құқығы бұдан басқа да мынадай негiздер бойынша тоқтатылуы мүмкiн:
1) учаске берiлген мерзiмнiң өтуi;
2) жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;
3) жер пайдаланушыға қызметтiк жер телiмiн берумен байланысты туындаған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (осы Кодекстiң 41-бабы).
Ескерту. 81-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

82-бап. Жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту
1. Меншiк иесi бұл туралы жария етiп, не жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқығын сақтау ниетiнсiз одан бас тартатынын айқын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жасап, өзiне тиесiлi жер учаскесiне меншiк құқығынан бас тарта алады.
Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Меншік иесі жер учаскесіне меншік иесі құқығынан бас тартқан жағдайда, бұл жер учаскесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде есепке алынады.
Мұндай жер учаскесі иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде есепте болған кезінде басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан ерiктi түрде бас тартқан кезде, жер учаскесi меншiк иесiнiң нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшi жер учаскесiн иесi жоқ жылжымайтын зат ретiнде есепке алуға негiз болып табылады.
4. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 82-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
83-бап. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу

Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу кезiнде (осы Кодекстiң 63-бабы) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы ауысатын тұлғаның алып қойылған жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған кезден бастап тоқтатылады.


Кепiлге берушiнiң өтiнiшi бойынша сот дәлелдi себептер болған кезде (дүлей апат және өзге де төтенше жағдайлар), сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер кепiлге салынған жағдайда, кепiлге салынған жер учаскесiнен (жер пайдалану құқығынан) өндiрiп алу туралы шешiмде оның сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы.

84-бап. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарудың жалпы ережелері мен принциптері

1. Жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.


1-1. Айрықша жағдайлар деп мемлекет мұқтажын қанағаттандырудың өзге тәсiлінің болмауы түсініледі.
2. Жер учаскелері айрықша жағдайларда мәжбүрлеп иеліктен шығарылған кезде:
1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған шарттардан туындайтын халықаралық мiндеттемелер;
2) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттар үшін жер беру және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы мен олардың жұмыс істеуі;
3) пайдалы қазба кен орындарының табылуы және оларды қазу;
4) автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілерінің және авиатехникалық орталықтардың, теміржол көлігі объектілерінің, көпірлердің, метрополитендердің, тоннельдердің, энергетика жүйелері мен электр тарату желілері, байланыс желілері объектілерінің, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілердің, магистральдық құбырлардың, инженерлік-коммуникациялық желілердің, стратегиялық объектілерге жататын мұнай өңдеу өндірісі объектілерінің, концессиялық жобаларды іске асыру, елді мекендердің ортақ пайдалануындағы объектілердің құрылысы (реконструкциясы);
4-1) "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 7-1) тармақшасында көрсетілген жайылым алқаптарына халық мұқтажын қанағаттандыру;
4-2) елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың бас жоспарына немесе схемасына сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін халықтың жер учаскелеріне деген қажеттілігін қамтамасыз ету;
5) елдi мекендердiң бас жоспарларын осы бапта белгiленген ерекше жағдайлардың тiзбесiне жатқызылатын объектiлерді салу бөлігінде орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген объектiлерді бюджет қаражаты есебінен салу және осы Кодекс пен "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне өтеусіз берілетін мемлекеттік әлеуметтік объектілерді (мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарды, ауруханалар мен емханаларды) салу мемлекет мұқтажы болып табылады.
3. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы (мемлекеттен сатып алынған немесе сатып алынбаған жер пайдалану құқығымен) жер учаскесіне қатысты жүзеге асырылады.
Жер пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару, егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алған болса, жер пайдалану құқығын сатып алғаны үшін төлемақы құны жер пайдаланушыға өтеле отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ оның қалауы бойынша осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
Егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
Бұл ретте жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылған кезде жер пайдаланушыға шығынды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен толық көлемде жүзеге асырылады.
4. Жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға, мемлекет мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты қажет болса, сондай көлемде ғана жол беріледі.
5. Коммерциялық мақсаттарды және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін кез келген иеліктен шығару не мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру мақсаттарынан туындамайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздемейтін өзге де иеліктен шығару жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару болып танылмауға тиіс.
6. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару иеліктен шығару рәсімінің жариялылығы сақталған кезде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулысы оны қабылдаған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушы органдардың интернет-ресурстарын қоса алғанда, тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
7. Осы баптың ережелерін орындамау жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудан соттың бас тартуына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қабылдаған қаулысының күшін жоюға негіз болып табылады.
8. Жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын тұлғалардың құқықтарын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.
9. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Кодекске сәйкес жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулы қабылданғаннан кейін "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен келісім рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.
Ескерту. 84-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

85-бап. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару
1. Жер учаскесінің меншiк иесі немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушы "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген мерзімде және тәртіпте мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабардар етілуге тиіс.
Жер учаскесінің меншiк иесі немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушы мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама алған сәттен бастап мемлекет оны сатып алудың басым құқығына ие болады.
2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Жер учаскесi меншiк иесiнің меншік құқығының және мемлекеттiк емес жер пайдаланушының жер пайдалану құқығының тоқтатылуы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарттың немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сот шешімінің негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
Ескерту. 85-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
86-бап. Меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі құқықтары
1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы хабарлама алған күннен бастап жер учаскесіне мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркелгенге немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін жер учаскесiне және өзге де жылжымайтын мүлікке өзiне тиесiлi құқықты жүзеге асыруға, осы мүлікті оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығындарды жасауға құқылы. Бұл ретте меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы көрсетілген кезеңде осындай жер учаскесіндегі жаңа құрылысқа, үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерін кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалдарды өзi көтеруге тәуекел жасайды.
Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылғаннан кейін қалған бөлігін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесі сатып алынады.
2. Жер учаскесіне және өзге де жылжымайтын мүлікке құқықтар осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақыт ішінде басқа тұлғаға иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша ауысқан кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге де қатысты қолданылады (жалғасады).
Ескерту. 86-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
87-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу мөлшері, төлем нысандары және төлеу мерзімдері "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленеді.
Ескерту. 87-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
88-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сот шешімі бойынша мәжбүрлеп иеліктен шығару
Ескерту. 88-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулымен келіспесе не жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт талаптары бойынша онымен келісімге қол жеткізілмесе, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған сәттен бастап үш ай өткен соң, бірақ, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулыда көрсетілген мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыру мерзімінен (күнінен) кешіктірілмей жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз келтірілуі мүмкін.
3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз бойынша азаматтық істер істі сотта қарауға дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады және шешіледі.
Ескерту. 88-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
89-бап. Мемлекеттiк қажеттiктер үшiн мемлекеттiк жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою
Мемлекеттiк қажеттiктер үшiн мемлекеттiк жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Мұндай шешімге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Шағым беру алып қою туралы шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
Ескерту. 89-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
90-бап. Жекелеген санаттардағы жерлердi алып қоюды шектеу
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк алаңдарының, орман және су қорларының жерлерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрумен және кеңейтумен, халықаралық мiндеттемелердi орындаумен, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалар кен орнының табылуымен, жолдарды, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, электр беру желiлерiн, байланыс желiлерi мен магистральдық құбырларды, елдi мекендердiң ортақ пайдаланудағы инженерлiк-коммуникациялық желiлерiн, сондай-ақ ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде мемлекеттiк маңызы бар объектiлердi салумен байланысты ерекше жағдайларда жол берiледi.
Ескерту. 90-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 128-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
91-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн уақытша алып қою
1. Дүлей апаттар, соғыс жағдайындағы режим, авариялар, эпидемиялар, iндеттер жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға олардың шеккен шығыны өтеле отырып, олардан қоғам мүддесi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен шығынын өтеу бағасы сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн.
2. Төтенше жағдайдың қолданылуы тоқтатылған кезде жер учаскесi меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) қайтарылуға тиiс және дау туындаған жағдайда ол сот тәртiбiмен оның қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Жер учаскесiн меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға қайтару мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны өтеледi.
4. Жер учаскесiн уақытша алып қойған кезде мүлiктi, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi реквизициялау тәртiбi Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормалары бойынша жүзеге асырылады.
92-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою

1. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскесін игерудің мерзімі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары немесе арнайы экономикалық аймақтың басқару органы жер учаскелерін беру жөніндегі осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде, осы аумақта жерді аймақтарға бөлуге және қала құрылысы регламенттеріне сәйкес белгіленген берілетін жер учаскесінің нысаналы мақсаты мен жердің құқықтық режиміне қарай айқындайды және ол сатып алу-сату немесе жер пайдалану (жалдау) шарттарында көрсетіледі.


2. Егер құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Егер жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі дайын емес алаңдарда жер пайдалану құқығында берілген жағдайларда, мұндай жер учаскесін игеру мерзімі оны тиісті инженерлік (коммуналдық) инфрақұрылыммен қамтамасыз еткен кезден бастап есептеледі.
3. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.
3-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген, жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаған кезеңге:
белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасы (бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары, аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобалары), сондай-ақ инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі болмаған;
жер учаскесі еңсерілмейтін күш немесе осындай пайдалануды болғызбайтын өзге де мән-жайлар салдарынан мақсаты бойынша пайдаланыла алмаған уақыт кірмейді.
Жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалануды болғызбайтын өзге де мән-жайларға белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасын (бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары, аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобалары) өзгерту, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының меншік иелері мен жер пайдаланушылардың сәулет-жоспарлау тапсырмаларын алуға арналған өтінімдерін қараудағы және табиғи монополиялар субъектілері лауазымды адамдарының меншік иелері мен жер пайдаланушылардың инженерлік желілерге қосуға техникалық шарттарды және объектілерді салу кезінде көзделген өзге де келісу рәсімдерін алуға арналған өтінімдерін қараудағы әрекетсіздігі (егер мұндай әрекетсіздік сотта дәлелденсе) жатады.
3-2. Осы баптың 3-тармағында көзделген, жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаған кезеңге жер учаскесін еңсерілмейтін күш салдарынан мақсаты бойынша пайдаланыла алмаған уақыт кірмейді.
4. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына:
1) егістікте – жер учаскесін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі;
2) шабындықтарда – жер учаскесінде шөп шабудың жүргізілмеуі, оны арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі және шөп бітіктігі жұтаңдануының өзге де белгілерінің болуы;
3) жайылымдарда – жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы;
4) көпжылдық екпелерде – егісті күтіп өсіру, жинау жұмыстарының жүргізілмеуі және есептен шығарылған көпжылдық екпелердің тамырларының алынбауы жатады.
5. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға меншік құқығымен тиесілі жер учаскесіне олар жиырма бір жасқа толғанға дейін қолданылмайды.
6. Кепіл мүлкін өндіріп алу нәтижесінде екінші деңгейдегі банктің, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымның меншігіне қабылданған жер учаскесін екінші деңгейдегі банктен, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымнан мәжбүрлеп алып қоюды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оларда жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асыруға болмайды.
Жер учаскесін иеліктен шығару осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін жүзеге асырылмаған жағдайда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Екінші деңгейдегі банк, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйым жер учаскесін иеліктен шығарған жағдайда, жаңа құқық иеленуші үшін игеру мерзімі осы баптың нормаларына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкiмдерi, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары немесе арнайы экономикалық аймақтың басқару органы айқындайтын бастапқы мерзім ретінде белгіленеді.
Ескерту. 92-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) ; 20.02.2017 № 48-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

93-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою

1. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. 


2. Егер жер учаскесі Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. 
3. Жер учаскесін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану жағдайларына: 
1) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау; 
2) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларында айқындалған талаптарды бұза отырып пайдалану; 
3) осы Кодекстің 99-бабында белгіленген талаптарды сақтамау; 
4) жер учаскесін экологиялық залалға әкеп соғатындай етіп пайдалану жатады. 
4. Егер жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауын білдірсе, онда жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алған кезден бастап екі ай ішінде жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне оның нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш білдіру құқығы беріледі. 
5. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін пайдалану ауыл шаруашылығы жері құнарлылығының едәуір төмендеуіне не экологиялық залалға алып келген жағдайларда, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес залалды жоюға міндетті. 
Ескерту. 93-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою тәртібі

1. Жер учаскелерінің меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскелерін осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жер бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледi.


Кепілге алынған жер учаскелерін осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берілген жағдайда, кепіл ұстаушы мұндай жер учаскелерін алып қою рәсімінің басталғаны туралы хабардар етілуге тиіс.
Кепіл ұстаушыға хабарламаны сотқа талап арыз берген, жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті орган жібереді.
2. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу кезінде осы Кодекстің 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға берілген Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін ұсынылады.
Жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім – бір жыл, ал Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымсыз пайдалануды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған кезден бастап үш ай болып белгіленеді.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін мерзім бір жыл болып белгіленеді.
Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жер учаскесіне құқық ауыртпалығы ретінде "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады.
Жер учаскесіне осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген құқық ауыртпалығы жер учаскесі меншік иесінің немесе жер пайдаланушының жер учаскесін немесе жер пайдалану құқығын иеліктен шығару құқықтарын шектемейді және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жаңа құқық иеленушіге ауысады.
Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою жаңа құқық иеленушіге қойылады.
2-1. Егер мақсатқа сай пайдаланылмай жатқан не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскесі осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататын болса, онда жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті орган аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулыны қабылдаған жергілікті атқарушы органның өтінішхаты негізінде жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін тоқтатуға құқылы.
3. Жер учаскесі осы Кодекстің 92 және 93-баптарында көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен жер учаскесінің меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, жер учаскесіне меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы (мемлекеттен сатып алынған, жер учаскесiне жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (аукциондарда) сатылады.
4. Өтеусіз негізде берілген жер учаскесі осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен меншік иесінен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, осы жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесіне құнын өтеместен одан әрі қайта бөлу үшін арнайы жер қорына алынады.
Бұл ретте мұндай меншік иесінің (алып қойылған жер учаскесі осы Кодекстің 9-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының негізінде берілген жағдайда) осы Кодекстің 96-1-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, жер учаскесін осы мақсаттар үшін өтеусіз негізде қайтадан алуға құқығы бар.
5. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiлгеннен кейін және орындалуы жер учаскесінің және жер пайдалану құқығының кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi.
Бiр жыл iшiнде кемiнде үш сауда-саттық (аукциондар) өткізілгеннен кейiн мұндай жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын өткізу мүмкiн болмаған кезде жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына алынады.
6. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы заңды күшіне енген сот шешімі жер учаскесі мәжбүрлеп алып қойылған тұлғаны жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тиісті тізіліміне енгізу үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 94-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

95-бап. Тәркiлеу
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттiк меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы немесе одан әрі пайдаланылуы мүмкiн.
Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.06.22 N 147; 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiн бағалау
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiнің немесе жер пайдалану құқығының құны мемлекетке төленген сома шегінде белгіленеді.
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жеке тұрғын үй орналасқан жерде жеке тұрғын үй салуы үшін, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (егістік телімдерін қоспағанда) берілген жер учаскесінің құны жер учаскесінің нарықтық құнынан аспайтын құны мөлшерінде белгіленеді.
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға азаматтық-құқықтық мәміле бойынша немесе сот шешімі бойынша ауысқан жер учаскесінің құны азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көрсетілген құн мөлшерінде, бірақ нарықтық құннан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде жер учаскесінің бағасы көрсетілмеген жағдайда, жер учаскесінің құны оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша бағаланады.
Ескерту. 96-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет