108-бап. Елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу және өзгерту
1. Елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу мен өзгерту жерге орналастырудың, сәулет және қала құрылысының тиiстi органдары бiрлесiп жасаған ұсыныс бойынша белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүргiзiледi.
2. Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар қалаларының және астанасының шекарасын (шегiн) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi және өзгертедi.
3. Облыстық маңызы бар қалалардың шекарасы (шегi) Қазақстан Республикасы Үкiметiмен келiсiм бойынша облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
4. Аудандық маңызы бар қалалардың шекарасы (шегi) облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
5. Кенттер мен ауылдардың шекарасы (шегi) аудандық (қалалық) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
6. Жep учаскелерiн қала, кент, ауыл шегiне қосу осы учаскелерге меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды.
Ескерту. 108-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
109-бап. Елдi мекендердiң жерiн пайдалану
1. Қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.
Тұрғындар саны 5 мыңға дейінгі елдi мекендерде белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар болмаған жағдайда осы елдi мекендi дамыту мен онда құрылыс салудың бас жоспарының оңайлатылған схемасымен немесе белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасымен жердi пайдалануға жол берiледi.
Елдi мекендерде орналасқан жер учаскелерінің нысаналы мақсаты осы Кодекстің 107-бабының 3-тармағында көзделген функционалдық аймақтарға сәйкес белгіленеді және жергілікті атқарушы органдардың жер учаскесіне құқық беру туралы шешімдерінде және сәйкестендіру құжаттарында көрсетіледі.
Жер учаскесі бір функционалдық аймақ шеңберінде пайдаланылған жағдайда, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту талап етілмейді.
Жергілікті атқарушы органдардың жер учаскесіне құқық беру туралы шешімдерінің және функционалдық аймақтар көрсетілмеген, жер учаскелеріне берілетін сәйкестендіру құжаттарының заңдық күші болады.
Сәйкестендіру құжатын функционалдық аймақ көрсетілген құжатқа ауыстыру құқық иеленушінің өтініші бойынша жүзеге асырылады.
2. Тротуарлар мен велосипед жолдарын қоспағанда, ортақ пайдаланылатын жерден жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғаларға ортақ пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi құрылысжайларды (сауда шатырларын (павильондарды), тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлік алаңдарды және қайталама шикізатты қабылдау пункттерін, киоскiлердi, сыртқы (көрнекі) жарнама объектiлерiн және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыру үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн. Бұл ретте ортақ пайдаланудағы жер құрамынан, оның iшiнде сауда базарлары, ақылы автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) үшін, Алматы қаласының ерекше мәртебесі және Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы заңнамалық актіге сәйкес республикалық маңызы бар қала, астана көшелерінің бойындағы оқшауланған белдеулерде орналасқан ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) қоспағанда, жол (көше, өтпелi жолдар) жиегiнен учаскелер беруге жол берiлмейдi.
Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi жеке меншiкке оларды ортақ пайдаланудағы жер құрамынан шығарғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.
Елді мекендердің ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлерінен шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелерін жеке меншік құқығымен беруге болмайды.
3. Зираттар орналасқан және соларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесi тегiн бөлiнедi.
Ескерту. 109-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2007.07.21 N 297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 364-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.01.2019 № 215-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |