Телжан Шонанов. Телжан Шонанов әр салада көптеген еңбектер жаза келіп, тіл білімін зерттеуші ғалым, әдіскер, педагог, тарихшы, аудармашы ретінде көрнекті орын алады. Т.Шонанов 1915 жылы ұстаз болып қызмет істейді. Кейін 1922-1937ж. аралығында көптеген зерттеу еңбектерін жазды. Т.Шонановтың жазған кітаптары, оқулықтары мектептегі білім беру жүйесіне, әдістемелерге, тіл мәселелеріне арналған.
Ол баланың сауатын ана тілінде ашуға ерекше көңіл болуді талап ете отырып, тілді үйрену алғашқы балалық кезде тиімді екенін дәлелдейді. Ғалым білімге, оқу-ағарту ісіне ден қоя келіп, ілім тек балалар үшін ғана емес, ересектерге де қажеттігін ескертеді. Сондықтан бастауыш мектеп оқушыларына арнап "Әліппе", (Алматы, "Қазақстан" басп., 1935), "Жаңа арна" (Қызыл-Орда, 1931, "Жаңалық") (Қызыл-Орда, 1936) кітаптарын жазса, ересек адамдарға арнап "Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы" (Қызыл-Орда, 1930), "Қазақ тілінің оқу құралы" (Алматы, 1933), "Учебник казахского языка для взрослых" (Қызыл-Орда, Казиздат, 1936) тәрізді оқу құралдарын шығарды. Осы еңбектерінің әрқайсысы оқу жүйесінің сапалы болуын қадағалай келіп, арнайы мақсаттарды көздейді. Мәселен, "Әліппе" бастауыш мектепке арналған оқулық болса, "Жаңа арна" - білім табалдырығын тұңғыш аттағысы келген балаға бағытталған алғашқы кездегі оқу құралы, "Жаңалық" - колхоз мектептері үшін жазылған әліппе т.б. Автор балалардың қабілетін, жасын ескеріп, шағын әңгімелерді, мақал сөздерді, қызықты аңыздарды саралап береді.
Ғалым-тілшінің еңбектерінің ішінде басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді көздеген кітаптары, оқу құралдары ерекше орын алады. Бұл салаға қатысты жарияланған Т.Шонановтың еңбектері төмеңдегідей: "Орыстар үшін қазақша әліппе" (Қызыл-Орда, 1934), "Самоучитель киргизского языка для русских" (Қызыл-Орда, 1930), "Учебник казахского языка для взрослых" (Қызыл-Орда, 1936). Оқу құралдарының көпшілігі сол кездегі уақыт талабына сай бірнеше рет басылып шыққан. Мысалы, "Учебник казахского языка для русской школы" бес рет басылым көрген. Оқулық төрт бөлімнен құралған. Оқулықтың алғашқы үш бөлімінде әр түрлі тақырыптағы әңгімелерге, текстерге көп орын берілген. Грамматикалық материалдар соларға жетекші ретінде сұрыпталып, шағындап қосылған.