2. Жәңгір Бөкейұлының қазақ тарихындағы алатын орны мен рөліне баға беріңіз.
Жәңгір (1801-1845жж.) жас кезінен Астрахан губернаторының үйінде тәрбиеленді.Парсы, орыс, араб тілдерін білді. Ресей елінде белгілі қайраткер ретінде бедел мен билікке ие болды. 1824 жылы Бөкей Ордасын билеу қызметіне кіріскен Жәңгір мүмкін болғанша орданың өз құқығын кеңейте түсуге, оны өз қалауынша басқаруға тырысты. Кезінде әкесі Бөкей орыс патшасынан ордаға хандық мәртебе сұрап, өтініш айтқанда, патша: «Мемлекет ішінде мемлекет болуы мүмкін емес!» деген жауап алған. Патшалық билік бұл ұстанымнан Жәңгір хан тұсында да айныған жоқ. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Жәңгір хан Ресей империясы жағдайында енді ғана қалыптаса бастаған «жаңа тұрпаттағы» ұлттық басқарушы топтың жинақы көрінісі еді. Жәңгір жеке билігін күшейте түсу үшін сол уақытқа дейін ел ішіндегі түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауда да аса маңызды міндет атқаратын әкімшілік тарапынан тағайындалған билік тәртібін енгізді. Дәстүрлі билер институты жойылды, онымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұлттық-демократиялық жөн-жоралғылар да құрдымға кетті.Енді би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды,бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды.Ішкі орда ханы қолына әкімшілік, сот биліктерін шоғырландырып, орданы басқару жүйесінде бірқатар өзгерістерді іске асырды. Бұған дейін бұрынғы қазақ хандарының тұрақты ордасы болмаса, енді патша үкіметі қаражатына Жасқұс деген жерде хан сарайы салына бастады. Сұлтандардан құралған "Хандық кеңес" нақты жеңілдіктерге ие болған, шын мәнінде хан саясатын іске асыратын өкілдік мекеме еді. 1827 жылы ұйымдастырылған, 12 биден құралған "Хандық кеңес" те орда әкімшілігінің басты құрамды бөлігі болды. Сонымен қатар хан тапсырмаларын орындайтын 12 старшын орда ішінде баж салығының жиналуын қадағалап, ордадан тыс жерлерде қазақтар мүддесіне байланысты мәселелермен айналысты. Иә, рас, Жәңгір хан қызметінен ағартушылық (1835ж. Жәңгірдің тікелей нұсқауымен мешіт ашылды, ол өз қаражатына діни кітаптар басып шығартты, 1841ж. Жәңгірдің бастамасымен алғашқы зайырлы мектеп ашылды, Жәңгір хан барлық жерде іс-қағаздарын жүргізу тәртібін енгізді, жеке өзінің мұрағат қызметін құрды. Денсаулық сақтау саласында жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгізді. Ішкі Ордада аурухана және дәріхана ашылды. Ол далалық жағдайда бірінші болып Ішкі Орданың топономикалық және географиялық картасын жасатты. Жәңгір хан қару-жарақ палатасын ашу жөнінде бастама көтерді, онда сирек кездесетін қару-жарақ түрлері, ер-тұрмандар, ат әбзелдері сақталды) қазақ арасында отырықшы өмір салтын орнықтыру (ағаш отырғызу ісіне көп көңіл бөлді, оның тікелей нұсқауымен 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, көгалдандырылды) сияқты бетбұрыстар байқалды. Орда жеріне нарықтық қатынастардың келіп жетуіне байланысты сауда-саттыққа (1832ж. жәрмеңке ұйымдастырылды, ол жылына үш рет өткізіліп тұрды,) қамқорлық танытып, қазақ малының тұқымын асылдандыру ісін де қолға алды. Бірақ, бұл шаралар тар ауқымда, өзін қоршаған ортамен ғана шектелді.Бөкей хандығы құрылуының алғашқы жылдарынан бастап - шұрайлы, тәуір жайылымды жерді хан өз туыстары мен хан сарайындағы ақсүйектерге бөліп берді. Өйткені Бөкей - Ішкі орданың хандары тақты ұзақ ұстап отыра алмайтындықтарын түсінді. Екіншіден, Ресей императоры Ордадағы ішкі мәселелерді шешуде Бөкей мен оның мирасқорларын орыс үкіметінің сойылын соғатын қолшоқпар ретінде ғана таныды. Жәңгірдің империя мүддесін қалтқысыз қорғауға тырысатынына Ресей билеушілерінің күмәні болмады.Империя құрамындағы қазақ қоғамы үшін билеуші тұлға қызметінің жағымды немесе жағымсыз сипатының негізгі өлшемі оның жер мәселесіне қатынасы болмақ. Бөкей Ордасында -Орда тағына отырып, өзін осы өңірдегі жердің толық құқылы иесіндей сезінген Жәңгір хан бұрынғы жерді рулық-қауымдық негізде пайдалану тәртібін жойып, оның орнына жекеменшіктік негізде пайдалану тәртібін енгізді. Мысалы, ол 6,5 млн десятина Орда жерінің ең құнарлы деген 400 мың десятинасын өз меншігіне алды, ал қалған жердің үштен екісін туыстарына және жақындарына сыйлыққа берді, сатты,ал одан қалған құнарсыз, шаруашылыққа қолайсыз бөлігін 15 рулы Орда халқына қалдырды.1830-1845жж. жоғарыда айтылған жеке отбасыларына жерге жекеменшік құқық куаландыратын 1517 грамота таратты. Соған байланысты генерал-губернатор В.А.Перовский: «Жәңгір сол уақытқа дейін халық иелігіндегі жерді кәдімгі жекеменшігіндей үлестірді», - деп жақтырмай жазды.Бөкей ордасындағы ауылдық-қауымдық жерді ірі орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың, хан туыстары мен басқа да ақсүйек топтардың иемденіп алуы, билеуші топтардың озбырлығы, патшаның және Астрахан губернаторының қолдауына арқа сүйеген Жәңгір билігінің бұқара мүддесіне қайшы келуі - жалпы хандық басқару жүйесін шайқалтты. Алым-салықтың ауыртпалығы да әлеуметтік қарсылықтың тереңдеуіне себепші болды. Жыл сайын хан сарайына ноғай, кызылқұрт, байбақты, жаппас, адай, беріш, есентемір, жетіру, серкеш, алшын рулары 10-50 мың сом аралығында ақшалай салық төлеуге тиісті болды. Сонымен қатар күзде әрбір шаңырақ хан сарайы мұқтаждығына күны кем дегенде 70 сомнан кем түспейтін бір жылқыдан беруге міндеттелді.Басқару жүйесін өзгерту, хандық билеп-төстеу саясатының күшеюі, сондай-ақ алым-салық көлемінің жылдан- жылға ұлғаюы - қазақы дәстүрлі құқықтардың әлсіреуіне, жергілікті феодалдық топтардың халықты езіп- жаншуы тереңдей түсуіне алып келді. Бұл жағдай шиеленісе келе, Ішкі Ордадағы көтеріліске әкеліп соққаны белгілі.