Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба


Ы.Алтынсарин мен Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қазақ даласында оқу ағарту саласын дамытудағы үлестеріне баға беріңіз



бет32/93
Дата17.02.2022
өлшемі1,1 Mb.
#25739
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   93
Байланысты:
o aza stan-tarikhy -2018

2. Ы.Алтынсарин мен Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қазақ даласында оқу ағарту саласын дамытудағы үлестеріне баға беріңіз.

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушы дарының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады. "Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім, – деп жазды ол. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды". Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.

Жәңгір хан (1801-1845) - Бөкей Ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы. Генерал-майор, Шын аты - Жиһангер. 1815 жылы әкесі мұрагерлік салтқа сәйкес хандық тақты Жәңгірге берген. Алайда, Жәңгір хан жас болғандықтан, Бөкейдің тапсыруы бойынша хандықты Бөкейдің інісі Шығай сұлтан басқарады.1823 жылға дейін Жәңгір Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, еуропаша білім алады.Сол жерде хандықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін үйренеді. 1823 жылдан бастап билік хан тағының заңды мұрагері Жәңгірдің қолына көшеді.1823 жылы Жәңгір ішкі Бөкей ордасында хан сайланғаннан бастап қазақтың ұлттық мәдинетінде, оның ішінде ұлттық білім жүйесіне ерекше мән берді. Оның басты себептерінің бір: Жәңгірдің өзі орысша білім алған және осындай білімнің Қазақстанға, оның ішінде Ішкі Бөкей Ордасында өте қажет екенін түсінді. Ол Ресей империясының Еуропалық білім жүйесі арқылы көптеген салаларды жетістіктерге жеткенін жақсы білді. Жәңгір хан қазақ халқының сауаттылығын, ұлттық мәдениетін дамытатын әрі толықтыратын жаңа білім жүйесі «Еуропалық үлгідегі жаңа мектептер мен орта және жоғарғы оқу орындары» деп түсінді. Оны Жәңгір ханның осы білім жүйесінде қазақ балаларын оқытуды арман етіп, білім саласын дамытуға бағытталған саясатынан көруімізге болады. Жәңгір хан алғашқы болып Қазақстанда оның ішінде «Ішкі Бөкей Ордасында ұлттық білім жүйесін » қалыптастырумен айналысқан. Ол алғашқы ұлттық мектепті 1841 жылы 6 желтоқсанда Хандық ордада (ставкада) ашқан болатын.Оның мұсылман мектептері мен медреселерден үлкен айырмашылығы сол, бірінші қазақ-орыс мектебі болды. Оқу жылы қазан айында басталып, мамыр айының аяғында аяқталатын. Жыл сайын 6 желтоқсанда оқушылардың ата-аналары шақырылып, олар ханның басшылығымен жүретін емтихандарда оқушылардың алған білімінің нәтижелерін бағалауға қатыстырылатын. Бұдан біз хан ставкасындағы (Ордасындағы) білім беру ісі тікелей Жәңгір ханның басшылығымен жүргізілгенін көреміз. Оған қоса мектепте өткізілетін әр түрлі шараларға міндетті түрде хан қатысатын еді. Мектептегі сабақтардың жүргізілуін, оқушылардың білімін бақылау істерін, емтихандарды, оқу бағдарламаларын, оқу жоспаларын хан қадағалап отырған. Жәңгір хан мектебінде оқытылған пәндер: татар, араб, орыс тілі, арифметиканың алғашқы ережелері, жазу, сызу, тарих, географияның қысқаша жинағы, алғашқы дәрігерлік көмектің ережелері. Осы пәндерге қоса негізгі пән-мұсылмандық имандылық сабағы жүргізілген. Хан кейін ұлттық мектепті училище деп атап, білім саласы үшін арнайы ғибрат үй салған және мұғалімдерді байқау қазіргіше айтсақ конкурс арқылы таңдалатын әдістемелік орталыққа айналдырылған. Мектептерді бітірген оқушылар Орынбордағы Неплюев кадет корпусында одан әрі оқуын жалғастырған. Бұл білім ордасында мектептің арнайы бекітілген оқу жоспарлары оқыту бағдарламалары, жүйелі оқыту әдістемесі болған. Осылардың бәрі Жәңгір хан ашқан ұлттық мектеп қазіргі кездегі Қазақстан білім жүйесінің бастауы болғандығын көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет