69. 1917 жылғы желтоқсанындағы ІІ - ші жалпы қазақ съезі. «Алашорда» өкіметінің құрылуы.
Екінші жалпықазақ съезі — 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында XX ғасыр басындағы қазақ қайраткерлері Алаш Орда үкіметін жариялаған съез.
Бұл съез Ресейде Қазан төңкерісі болып, большевиктер билікке келгеннен кейінгі тарихи алмағайып кезеңде ұйымдастырылды. Съез шақыру жөніндегі комиссия мүшелері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, С.Досжанов оны ұйымдастыруда айрықша белсенділік танытты[1]. Төрағасы — Б.Құлманов.
Құрылтайға қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан — 58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан — 8 делегат және арнайы шақырумен — 15 адам қатысып, барлық жиын-терісі 81 делегат келген. Құрылтайдыдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды:
Сібір автономиясы;
Түркістан автономиясы және Оңтүстік-шығыс Одағы туралы;
Қазақ-қырғыз автономиясы;
Милиция туралы;
Ұлт кеңесі;
Ұлт қазынасы;
Мүфтилік мәселесі;
Халық соты;
Ауылды басқару және
азық-түлік мәселесі.
Алғашқы баяндаманы Ә. Бөкейхан жасап, ол жөнінде қаулы қабылданады. Қаулыда — қазақ аутономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов аутономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.
70.Қазақстан азамат соғысы жылдарында. (1918-1920жж.). «Әскери коммунизм» саясаты.
Әскери коммунизм саясаты — 1918–1921 жылдары азамат соғысы кезіндегі Кеңес одағының ішкі саясатының аты.
Азамат соғысы жылдарындағы қалыптасқан қиындықтармен байланысты Кеңес өкіметі 1918 жылдың орта кезінде елдегі барлық материалдық ресурстармен, адам күштерін барынша жұмылдыру, қалаларды, өнеркәсіп жұмысшыларын, Қызыл Армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, елде қатал еңбек тәртібін орнату мақсатында «әскери коммунизм» саясатын енгізді. Бұл төтенше саясат экономикалық күйзеліс, Кеңес мемлекетін шетел интервенттері мен ішкі жаулардан қорғаудың қажеттілігінен туған еді. «Әскери коммунизм» саясаты негізінде азық-түлік мәселесін шешу үшін төтенше шара азық-түлік салғырты енгізілді. Ол бойынша елдегі байлар мен кулактардың қолындағы тауарлы астықтың көп бөлігі ешқандай қайтарымсыз алынды, бұқара халықты азық-түлікпен бір орталықтан қамтамасыз ету көзделді, ауыл шаруашылық өнімдерін өз еркімен сатуға тиым салынды.
«Әскери коммунизм» саясаты бойынша елде жаппай еңбек ету міндеттілігі талап етілді. Қазақстанда «әскери коммунизм» саясаты негізінде өнеркәсіпті кеңес органдарының қолына шоғырландыру, оны Қызыл Армияны қару-жарақ және жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмылдыру шаралары жүргізілді. Бүкілресейлік Атқару Комитетінің 1918 жылғы мамырдағы жарлығымен әскерге өз еркімен бару ісі жалпыға бірдей міндетті әскери борышты орындаумен алмастырылды. 1918 жылдың жазында өлкеде Қызыл Армияның құрамында ұлттық әскери бөлімдер құрыла бастады.
Өнеркәсіптің национализациялауымен пайда болған басқару жүйесі бірден шамадан тыс орталықтанғандық белгілерге ие болып, бюрократизмге жол ашты. Маманданған жұмысшылар жеткіліксіз болды. Басқару аппаратының жеке буындары арасындағы үйлесімсіздік, шикізаттың тапшылығы, транспорттың берекесінің кетуі, көп жағдайда саяси және әскери органдардың өндірістік істерге кәсіби емес араласуымен ұштасып жатты. Төтенше шаралар қолдану, билікті шамадан тыс пайдалану әдеттегі іске айналды.
71.Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің аумақтық шекарасы мәселелерінің әкімшілік-әміршілдік тұрғыда шешілуі.
Елдің шығысындағы алғашқы Кеңестік республика 1918 жылы 30 сәуірде жарияланған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Түркістан АКСР-і) болды. Қазақстанның оңтүстік облыстары (бұрынғы Сырдария, Жетісу) Түркістан АКСР-інің құрамына енді. Түркістанда құрылған алғашқы ұлттық мемлекет көп өмір сүрген жоқ.
1919 жылы 10 шілдеде В.И. Ленин «Қазақ (қырғыз) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декретке қол қойды. Қазақ ревкомының басшысы болып ұлты поляк, кеңестік тұңғыш комиссар С. Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В. Лукашев, Ә. Жангелдин, А. Байтұрсынұлы, М. Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев енді. Кейін оның құрамына А. Авдеев, Ә. Әйтиев, Ә. Әлібеков, С. Арғыншиев, Х. Ғаббасов, Т. Седельников, С. Сейфуллин, В. Радус-Зенькович тартылды.
Қазревком мен оның жергілікті жердегі органдары қазақ даласында Кеңестерді ұйымдастыру, ұлттың зиялы өкілдерін Кеңес құрылысына тарту, қазақ жерін біріктіру жұмыстарын жүргізді. Қазревком атынан «Ұшқын» газеті шығарылды.1919 жылдың аяғы мен 1920 жылдың басында Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құруға дайындық қызу жүріп жатты.1920 жылы 26 тамызда РКФСР құрамындағы «Автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданды.Съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды.
Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары және Каспий облысы мен Астрахан губерниясының қазақтар тұратын аудандары енді. Астанасы Орынбор қаласы (1920-1924 жж.) болып белгіленді.Жаңа әкімшілік бөлік бойынша Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Орал (құрамына Бөкей облысы уезд дәрежесінде кірді) облыстарынан және үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі, сондай-ақ Қарақалпақ автономиясы кірді. 1924 ж. 5-10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңесінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды.
Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының жариялануы ел тарихындағы зор тарихи маңызы бар оқиға болды. Қазақ халқы бұл тарихи жағдайды отаршылдыққа қарсы ғасырларға созылған күресінің нәтижесі, ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деп қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |