«Қазақстан тарихы» пәнінен мемлекеттік емтихан сұрақтары «Қазақстан тарихы»


Қазақстандағы отарлық дәуірдің басталуы



бет3/5
Дата16.12.2022
өлшемі276,94 Kb.
#57711
1   2   3   4   5

47.Қазақстандағы отарлық дәуірдің басталуы


Қазақстанды Ресейдің отарлауы — 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылуынан басталды (қ. Әбілқайыр). Бұл процесс 130 жылдан аса уақытқа созылып, 19 ғасырдың 60 жылдарының ортасына қарай толық жүзеге асырылды. 1731 – 1860 жылдары Қазақстан Ресейге, көбіне сөз жүзінде ғана бағынып, іс жүзінде ру, тайпа билеушілері дербес саясат жүргізді. Патша өкіметі халық көтерілістерін аяусыз басып отырғанымен, елдің ішкі істеріне (сот жүйесіне, ру аралық мәселелерге) араласпады. Ел ішіндегі беделді адамдарға, ру басыларына жалақы тағайындап, әр түрлі атақтар беріп, екінші жағынан әкімшілік реформалар жасап, көнбегендерін жазалау арқылы өз билігін күшейтті. Мысалы, 1822 жылы Орта жүзде, 1824 жылы Кіші жүзде хандық басқару жойылды, қарсы шыққандар күшпен талқандалды (Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы). 19 ғасырдың ортасына қарай Батыс, Солтүстік-шығыс, Орталық Қазақстан Ресейге толық бағынды. Оңтүстік, Оңтүстік-шығыс Қазақстан Қоқан, Хиуа хандықтарына қарады. Олар жергілікті қазақтарға салықты үсті-үстіне көбейтті. Көтеріліске шыққан халық Ресей өкіметінен көмек сұрады. Бұған қоса осы кезде Орталық Азияны отарлау жөнінде Ресей мен Ұлыбритания елдері арасында бәсеке күшейе бастады. Үндістан арқылы Ауғанстан мен Иранға орныққан ағылшындар Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарын Ресейге айдап салып, оларға өз ықпалын жүргізуге тырысты. Қоқан, Хиуа хандықтарының езгісіне қарсы көтеріліске шыққан қазақтарға көмек беруді желеу етіп Ресей өкіметі оңтүстік бағытта ел ішіне ене түсті. 1854 жылы Верный (Алматы) бекінісі салынды. 1862 – 64 жылдары орыс әскерлері Әулиеата, Шымкент, Түркістан қалаларын басып алды. Оңтүстік Қазақстанды бағындырғаннан кейін Қазақстанды Ресейдің оарлауы толық іске асты. 1867 – 68 жылғы Ресей үкіметінің “Уақытша Ережесі” бойынша әкімшілік және сот жүйелері толығымен Ресей өкіметінің қолына көшіп, қазақ жері облыстарға бөлінді.

48.Абылайдың Жоңғармен, Қытаймен, Ресеймен қарым-қатынастары.


XVIII ғасырдағы қазақ билеушілерінің бірі Абылай өзін аса көрнекті мемлекет қайраткеріне тән қасиеттерімен көрсете білді. Абылай хан өзінің бүкіл ғұмырын қазақ мемлекеттілігін нығайту мен халықтың бірлігін қамтамасыз ету ісіне арнады. Ол 1711 жылы Түркістан қаласында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойылған аты Әбілмансұр болатын.

Абылайдың бүкіл ішкі саяси қызметі бір орталықтан басқарылатын тәуелсіз мемлекет құруға бағытталды. Ол шексіз билікке ие болды, оны халық қолдады. Ресей үкіметі біріккен Қазақ мемлекетінің өркендеп дамуын қолдамаса да, 1778 жылы 24 мамырда Орта жүздің ханы етіп Абылайды бекітті. Абылай ант қабылдаудың және патшаның сенім грамотасы мен тарту-таралғыларын тапсырудың салтанатты рәсіміне барудан бас тартты. Ресейдің қол астына өтуді қабыл алғанына қарамастан, ол іс жүзінде Ресейге мүлде тәуелсіз ішкі және сыртқы саясат жүргізді.


Абылай ханға бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрудың сәті түсті. 1771 жылы Түркістан қаласында қазақтың бүкіл үш жүзінің ханы болып жарияланды. Бұған оның жоңғарлар мен Еділ бойы қалмақтарын талқандаудағы үлесі игі ықпал етті. Өзінің қол астындағы халықты дұрыс басқару үшін Абылай үш жүздің әрқайсысына әйгілі тұлғаларды билеуші етіп тағайындады. Ол сот билігін күшейте түсті. Сонымен қатар белгілі қазақ билерінің және батырларының беделіне арқа сүйеді. Сондай күшті, ықпалды саяси тұлғаның бірі Бұқар жырау Абылайдың кеңесшісі болды. Абылай қазақ рулары мен тайпаларының арасындағы өзара қырқыс, алауыздықтан туындайтын қақтығыстар мен барымта алуды тоқтатты. Ол қазақтардың егіншілікпен, шөп шабумен және балық аулаумен айналасуына қолдау көрсетті.


Хан қазақ даласында ұстаханалар салуда бастамашы болды. Абылай хан ақын-жырау, әнші-күйшілер мен діни қайраткерлерге қамқорлық жасап отырды. Абылайдың сыртқы саясаты оның алыстан болжайтын көрегендігімен ерекшеленді. Абылайдың сыртқы саяси қызметі Қазақстан аумағының ешкім қол сұға алмайтын тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталды. Мәселен, Абылай Ресеймен өзара қарым-қатынасында тату-тәтті көршілік саясат ұстануға тырысты. Ресей мемлекетімен дипломатиялық және сауда байланыстарын орнатты. Қол астындағы халықты Ресей әскери қызметкерлерінің орынсыз талаптары мен әрекеттерінен батыл қорғай білді.


Абылай күш-жігерін жоңғар шапқыншылығын әлсіретуге бағыттады. Бірақ бұл ретте Ресейдің ықпалды әскери көмегі бола ма деген үміті ақталмады. Жоңғарлар Цинь империясымен бейбіт келісім жасағаннан кейін барлық күшін батысқа қарай бұрды. Сөйтіп 1741 жылы қазақтарға қарсы тағы бір ірі жорыққа шықты. Тұтқиылдан баса-көктеп кірген жоңғарларға Абылай тұтқынға түсіп қалады. Абылайды тұтқыннан босатып алудың сәті Жоңғар мемлекетімен бейбіт келісім жасалғаннан кейін ғана түсті.


Жоңғар билеушілерінің билік үшін қырқыстарын қазақ сұлтандары оңтайлы пайдалана білді. Бұндай жағдайлар қазақтарға оларды әлсіретуге және Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарын жоңғарлардан қайтарып алуға мүмкіндік туғызды. Абылай жоңғарлардың тақтан үміткер мұрагерлеріне қолдау көрсету арқылы олардан қазақ жерлерін қайтарып алды.


Абылай хан Қазақ хандығының қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін сыртқы саясатты асқан көрегендікпен жүргізді. Ресейдің қол астына сырт көзге ғана формальды түрде қарап, 1756 жылы Қытай үкіметімен дипломатиялық қатынас орната бастады. Бұл шара оған Ресейдің Қазақстан аумағындағы отаршылдық әрекеттерін тоқтатуға, сонымен қатар Қытай тарапынан туындайтын қауіпке жол бермеуге мүмкіндік берді.


Абылай хан 1781 жылы дүние салып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленді.


Абылай хан қазақ халқының тарихында ерекше маңызды орын алады. Абылайдың күш-жігері ең алдымен мықты және тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруға жұмсалды. Орыс ғалымы И. Крафттың сөзімен айтқанда «Ол қалыптасқан жағдайларға қарай бірде Ресейге, бірде Қытайға, енді бірде Жоңғарияға шын берілген болып көріне білді, ал шын мәнінде ешкімге де бас иген жоқ».


Абылай хан қазақтардың басын қосып біріктіру процесіне басшылық етті және ұланбайтақ далада бір орталыққа бағынатын мемлекет құруға зор ықпал жасады. Жоңғар және Еділ қалмақтарын тас-талқан етіп, жеңіп шығуда аса маңызды рөл атқарды. Қытай әскерінің Қазақстан аумағымен ілгері қарай ішкі аймақтарға жылжуын тоқтатып қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақтардың Тарбағатайдағы және Іле өзені өңіріндегі байырғы дәстүрлі мал жайылымдарын қайтарып алуға қол жеткізді. Алатау қырғыздарының қазақтарға шабуыл жасауын да тоқтатты.


49. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның Ресей империясы құрамына кіргізілуі. Қазақстанның Ресей империясына қосылуы.


XVIII ғасырдың 50-60 жылдары патшалық Ресей үкіметі Қазақстанды тәуелді ете түсу үшін әртүрлі шараларды іске асыруға тырысты. Ертіс, Есіл және Жайық бойындағы ғасырлар бойы көшпенді малшаруашылығының өрісі болған өңірлерге казактардың көз алартуы орыс-қазақ байланысын шиеленістіре түсті. Ресейдің билеуші топтарының көздеген мақсаты шұрайлы, суы мол жерлерден қазақтарды ығыстырып, біртіндеп казактарды осы аудандарға орналастыру еді.

Петербург билеуші топтарының арнайы нұсқауларында патша үкіметінің отарлау саясаты ашық жарияланды. 1756 жылы қыргүйек айында қабылданған шешімде Жайық жағасына жақын жерде қазақтарға мал жаюға алғаш рет ресми шек қойылды. Ал 1757 жылы желтоқсан айының аяғында Кіші жүз ханы Нұралыға тапсырылған орыс үкіметінің шешімімен қазақтарға Жайық өзенінен мал айдап өтуге тыйым салынды. Ертіс пен Жайық жағасына мал жаю үшін қазақ феодалдарына орыс әкімшілігіне аманат тапсыру міндеттелді.


Қазақ феодалдары ғасырлар бойғы жайылымдарын пайдалану құқығынан айырылды.


Осындай ауыр жағдайға жол ашқан тағы бір себеп ресейлік отаршыл әкімшіліктің жекелеген қазақ ақсүйектері арасындағы алауыздықты пайдаланып, керек болған жағдайда ахуалды өршітіп отыруы болды. Кіші жүз ханы Нұралы мен Батыр сұлтан арасындағы алауыздықты пайдаланған Петербург билеушілері Каспий теңізі мен Жайық өңіріндегі шұрайлы жерлерді казактарға оп-оңай тартып әперді. Ең құнарлы жер орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың қолында қалды. Жайық казактары Еділ мен Жайықтың аралығындағы жерде қазақтардың бұрынғыдай көшіп-қонуына мейлінше қарсылық білдірді. Олар қазақтардың малы Жайықтан Еділге қарай өткенде шепті басып, жайпап кетеді дегенді сылтау етті. Патша әкімшілігінің Орынбор өлкесіндегі өкілдері де қазақтардың өз жерін еркінше пайдалануына жасанды шек қойылып отырғанын мойындады.


Алайда 1757-1758 жылдары Орынбор өлкесін басқарған П.И. Рычков пен А.И. Тевкелев Жайық бойында қазақтарға мал жаюға шек қойған үкімет талабын іске асырудың орынсыз екенін түсінді және аманат алу арқылы қазақтарға Жайықтың оң жағасына өтуге рұқсат берді.


Далалық және құмды аудандарға ығыстырылған қазақтардың жағдайы ауырлап кетті, жұт пен қыстың суық айлары Кіші жүз қазақтарының шаруашылығы мен күнделікті өміріне бақытсыздық әкелді. Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарындағы қазақтардың жағдайы да ауырлады. Ертістің оң жағасындағы шұрайлы жерді Сібір губерниялық басқармасының қолдауымен өздеріне қаратып алған бекініс коменданттары әртүрлі айламен Орта жүз феодалдарын бір-біріне қарсы қойып, құнарлы, суы мол жерлерге қазақтардың мал жаюына қарсылық білдіріп отырды. Ресей бекіністерінен алғашында 10 шақырым, кейіннен 50 шақырым жерге дейін қазақтарға мал жаюға тыйым салған патша үкіметі жергілікті халықтың иелігін өз қалауынша пайдалануға тырысты.


Патша үкіметі орыс казактарының санын көбейту үшін осы өңірге Ресейдің әр түкпірінен қылмыскерлерді, жерсіз шаруаларды, тіпті алыстағы Доннан, Башқұрт жерінен 1760 жылы казактарды әкеліп қоныстандырды. Тек 1799 жылы қараша айында император I Павелдің жарлығына сай Орта жүз қазақтарына, 45 000 отбасыға өз иеліктеріне, яғни Ертістің оң жағасына қайтадан қоныстануға және мал жаюға рұқсат етілді.


Сонымен XVIII ғасырдың орта шеніндегі Қазақстанның саяси-экономикалық дамуында бірқатар жаңа өзгерістер қалыптасты. Патша үкіметінің отарлау саясатына қарамастан қазақ-орыс сауда байланыстары дамыды. Қазақстанның шетелдермен қатынастары өзара тиімді жағдайда өркендеді. Алайда патша үкіметінің қазақтардың өз жерін пайдалануына шек қоюы және бұл жерлерге орыс-казак шаруаларын қоныстандыра бастауы қазақ жерін басып алу шараларының бастамасы болатын.


Ресей үкіметі ХVІІІ-ХХ ғасырларда Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізді. Патша үкіметінің отарлауда қолданған әдістері – әскери, экономикалық, саяси, демографиялық, мәдени бағыттарда жүргізілді. Осыған сәйкес отарлау саясатының зардаптары барлық салаға әсерін тигізді.


50. Кіші және Орта жүздер аумағында барлық билік институттарын реформалау және аумақтық-әкімшілік басқару жүйесін енгізу.


Қазақстандағы хандық биліктің жойылуы — 1822 және 1824 жылдары патша үкіметі Орта жүз бен Кіші жүздегі хан билігін жойды. Қазақтар өзінің мемлекеттілігінен осылайша айырылды.
Басқарудың жаңа жүйесін енгізу
Басқарудың округтық жүйесі енгізілетін болды. Сөйтіп жаңа округтар құрылды. Округтар болыстарға бөлінді, ал болыстар ауыл әкімшіліктерінен тұрды. Әр округта 15—20 болыс, әр болыста 10—12 ауыл, ал әр ауылда 50—70 үй болатын болды. Сыртқы округтағылар Сібір қырғыздары (қазақтары) облысына біріктірілді. Жаңа әкімшілік бірлігі орасан зор аумақты алып жатқан Омбы облысының құрамына кірді. Томск және Тобыл губерниялары мен Омбы облысы Батыс Сібір генерал-губернаторына бағындырылды. Оның орталығы Тобыл каласында орналасты. Әкімшілік бірліктерін құру кезінде патша үкіметі өзіне қолайлы жағдайды босқа жіберіп алмай, көшпелілердің рулық бөліністерін де ұмытқан жоқ, олардың қыстаулары мен жазғы жайылымдарын да мұқият еске алды. Далалықтардың бір округтың аумағынан екінші округқа ауысуына ондағы өкімет билігінің келісімі бойынша рұқсат етілді. Округтарды сайланып қойылатын аға сұлтандар, болыстарды болыстар, ал ауылдарды - ауыл старшындары басқарды. Болыс сұлтандары мен ауыл старшындары әкімшілік, шаруашылық және полицейлік қызметтерді қоса атқарды. Әр округта аға сұлтан басқаратын Округтық приказ (мекеме) құрылды. Оның құрамына Омбы облыстық басқарма бастығы тағайындайтын ресейлік екі заседателъ және сайланып қойылатын екі «құрметті қазақ» қатысуға тиісті болды. Ішкі күзет Сібір казактарынан іріктелді.
1822-1824 жарғылар Бұл жарғылар, негізінен алғанда, алысты көздейтін арам ниетті пиғылмен жасалған еді. Соның салдарынан Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары өздерінің дәстүрлі мемлекеттілігінен айырылып қалды, Қазақстан бірте-бірте Ресей империясының отарына айналды. Жарғы жаңалықтары көші-қон шеңберін тарылтты, еркін көшу бостандығы мүмкін болмай қалды. Бұрыннан қалыптасқаң рулық ұжымдар бір-бірімен мидай араласып кетті. Бір кездегі дамыған көшпелі мал шаруашылығы тұйыққа тіреліп, күрт құлдырай бастады. Патша үкіметі мемлекеттік салықтың қатаң белгіленген мөлшерін бекітті. Елден жиналатын алым-салық шенеуніктік аппарат пен әскери күштерді ұстауға қажетті қаржы көзіне айналды. Патша үкіметінің бұл реформалары қазақ рубасылары мен сұлтандарынан іріктелген, айтқанды екі етпей орындайтын «тәртіпті аппарат» құруды одан әрі күшейте түсті. Олар бірте-бірте орыс шенеуніктеріне теңестірілді. Ендігі жерде олар сыйақы мен шен алу үшін қызмет етуге көшті. Оларды қызметке тағайындау да, қызметінен алып тастау да Ресейдің аймақтық басшылығының көзқарасы мен көңіл күйіне тікелей байланысты болды. Болыс сайлауы парақорлық, шар салушылардың дауысын, орыс шенеуніктерінің ықыласын сатып алу сияқты жиіркенішті масқара құбылыстардың етек алуына алып барып соқтырды. Неміс зерттеушілерінің бірі Ф.фон Шварц былай деп жазды:

“ Округ басшылары неғұрлым тиімді де пайдалы болыс лауазымын параны кім көп берсе, соған сатудан тіпті де тартынбайды. ”


Сайлаудың мұндай сиқы бір руды екінші руға қарсы қойып, өзара өшіктірді. Әркім өз руының құрамына дауыс беруге тырысты. Ал аға сұлтандарды сайлауға қара сүйек өкілдерінің де қатысуына рұқсат етілген кезде сұлтандар мен рубасыларының бір-біріне қарама-қарсылығы күшейе түсті. Округтық приказдар империяның қазақ даласындағы және Орта Азия иеліктеріндегі әскери-отаршылдық әрекеттерін одан әрі өршітудің әзірлік алаңдарбіна айналды. Сұлтандардың бір бөлігі, әсіресе жаңа қызмет лауазымдарын бөлу кезінде ескерусіз қалған бөлігі, патша үкіметінің реформаларына қарсы шықты. Ондай наразылықтардың бірқатары қарулы көтеріліске ұласты. Дегенмен де, XIX ғасырдың 20-жылдарындағы реформалардың отаршылдық сипаты мен мәні күшті болғанына қарамай, олар қазақ даласында сауда-саттықты, денсаулық сақтау ісін және халыққа білім беруді едәуір дамытуға оң ықпалын тигізді.

51. ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы әкімшілік реформалар


1867-1868 жылдардағы реформалар отаршылдық езгіні тереңдетті. Жерді патша үкіметінің мемлекеттік меншігі етіп жариялады. Жаңа бекіністер салуға шаруалардың жері тартып алынды. Шаңырақ салығы 1 сомнан 3 сомға дейін өсірілді. Земство салығын қосқанда 3 сом 50 тиынға көтерілді. Осы ауыртпалықтар қазақ шаруаларын азаттық күреске көтерді.

1868 жылдың желтоқсаны мен 1869 жылдың қазаны аралығында болған Орал мен Торғай облыстарындағы көтеріліс отаршылдыққа қарсы жəне антифеодалдық сипатта болды. Көтерілісті басқаруға артықшылықтарынан айырылған ру басылары қатысып, кейін көтерілістің бұқаралық, таптық бағытынан сескеніп ауытқыды. 1869 жылғы 6 мамырда Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі Жамансай көлі маңында фон Штемпельдің 200 атты және бір рота жаяу әскер тобына көтерілісшілер шабуылдады. 20000 көтерілісші фон Штемпельдің тобын 7 күн бойы қоршап, жазалаушылар шайқаспай əскери шепке қайтып кетті. 1869 жылғы наурыз, маусым айларында 3 мың шаруа феодалдарға қарсы 41 рет шабуылдады. Орал облысындағы азаттық күресті басуға ірі әскери күш жіберілді. Ақсүйектер опасыздығынан, нашар қаруланған, ауыз бірлік болмаған, түпкі мақсаттарын жете түсінбеген көтеріліс талқандалды.


1870 жылы Маңғыстау түбегінде шаруалар көтерілісі басталды. 40 мыңдық шаңырақтан тұратын адай руы екі жылда 160 000 сом салық төлеуге тиіс болды. Бұл адайлықтардың қарсылығын туғызды.


Жазалаушылардың адайлықтардың мекендеріне жақындауы көтеріліске түрткі болды. 1870 жылы наурыздың ортасында Маңғыстау өлкесінің приставы подполковник Рукин тобы “Ережелерге” қарсылық білдіріп көшуге бел байлаған адайлықтарды күшпен тоқтатуға тырысты. Бозащы түбегінде Досан Тəжіұлы, Иса Тіленбайұлы бастаған 200-ге жуық көтерілісші жазалаушыларды қоршап алып талқандады. Подполковник Рукин атылып өлді. Жеңіс көшпелілерді рухтандырып, қозғалыс бүкіл Маңғыстауға тарады. Шаруалардың көтерілісін басқа да әлеуметтік топтар қолдады. Николаевск станицасы мен Александровск форты cлободкосының балық аулау кəсіпшілігіндегі ауқаттылардан тартып алынған қайықтардан “флотилия” құрған көтерілісшілер тобы 10 мыңға жетті. 1870 жылғы 5 сəуірде қазақ шаруалары мен жалдамалы жұмысшылар тобы Алексанровск фортына шабуылдады.


1870 жылғы мамырда Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкі, Терек казактарының тобы жеткізіліп, көтеріліс талқандалды.


Əскери министр Милютиннің “бұларды келістіріп жазалау керек” деген нұсқауына сəйкес Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский көтерілісшілерді 3 ай бойы қудалады. Қозғалыс басшылары И.Тіленбайұлы, Д.Тəжіұлы, И. Көлұлы бастаған 3000-ға жуық шаңырақ жазалаушылардан ығысып, Хиуа хандығына өтіп кетті. Кавказ әкімшілігінің талап етуімен Маңғыстау қазақтарынан 57 901 сом қосымша салық жиналды. Адайлықтар соғыс шығыны ретінде өкіметке 90 мың қой өткізуге міндеттелді.


Маңғыстау көтерілісінің ерекшелігі қазақтың жалдамалы жұмысшыларының тұңғыш рет күреске белсене қатысуы болды. Көтерілістің антифеодалдық сипаты əлсіз болу себебі, адайлықтардың өзге аймақтардан алшақ орналасуына байланысты рулық-патриархаттық құбылыс әлі де болса күшін сақтап қалған болатын. Көтерілістің жеңілуі халықтың жағдайын бұрынғыдан да шиеленістіріп жіберді.


52.Әскери-казактық отарлауы: Орал, Орынбор, Сібір казак әскерлері.


Малшаруашылығымен шұғылданған қазақ елінің XIX ғасырдын бірінші жартысындағы дамуында 1822 жылы қабылданған «Сібір қазақтарының жарғысы» елеулі рөл атқарды. Бұл реформаның тарихи алғышарттары Қазақстандағы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында қалыптасқан әлеуметтік-саяси өзгерістерге байланысты қалыптасты.

Қазақтардың 1773-1775 жылдары Пугачев басқарған шаруалар соғысына қатысуы, батыр Сырым Датұлының көтерілісі Қазақстандағы хандық билеу жүйесінің әлсірей бастағанын көрсетті. Халық арасында ықпалы кеміген қазақ хандары патша үкіметінің билеп-төстеу саясатына ойдағыдай қарсылық ұйымдастыра алмады. 1781 жылы Орта жүз ханы Абылайдың дүние салуына байланысты таққа отырған оның үлкен ұлы Уәлидің катыгездігі халықтың наразылығын туғызды. 1815 жылы патша үкіметі оған қосарлап екінші ханды – Бөкейді тағайындады. 1817 жылы Бөкей, 1819 жылы Уәли қайтыс болғаннан кейін Орта жүзге хан тағайындалмады.


Бұл жағдай Орта жүздегі билеу жүйесінің жаңа тәртібін кажет етті. Сібір генерал-губернаторы М.М. Сперанскийдің Г.С. Батеньковтың мәлімет-кеңестеріне сүйене отырып дайындаған «Жарғының» басты мақсаты – Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіпті әлсірету еді.


Орта жүз әкімшілік жағынан ауыл, болыс, округ болып бөлінді. Ауыл 50-70 шаңырақтан, болыс 10-12 ауылдан, округ 15-20 болыстан құралды.


Батыс Сібір генерал-губернаторлығына Тобыл, Том және Омбы облыстарымен бірге Сібір қазақтарының облысы да кірді. Орталығы Тобыл, кейін 1839 жылы Омбы болды.


Жарғы бойынша батыс шегарасы Орынбор даласына, оңтүстігі Шу өзеніне дейін созылған Сібір қазақтарының округі сыртқы және ішкі округтерге жіктелді. Бұлар – Қарқаралы, Көкшетау (1824 ж.), Баянауыл (1826 ж.), Аякөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Үшбұлақ (1833 ж.), Аманқарағай (1834 ж.), кейінгі 40-50-жылдарда құрылған Көкпекті, Құсмұрын, Алатау округтері еді.


Округтер Омбы облыстық басқармасына бағынды, оларды басқару округтік приказдарға жүктелді. Патша үкіметі хан тұқымынан шыққан сұлтандардан және халық арасында ықпалды билерден қолдау табу үшін сұлтандардың әкімшілік қызметке сайлануын қолдап отырды. Бірақ мұндайда сұлтанның хан тұқымынан шығуы міндетті болған жоқ, ең бастысы патша үкіметіне адал қызмет көрсету болды. Осылайша қазақтың хан тұқымынан шыққан сұлтандары енді патша үкіметінің шенеуніктеріне айналды.


Сөз жүзінде округті билеу аға сұлтанның қолына берілсе де, патша үкіметінің іс шешуде көпшілік пікір алысу жүйесін енгізуі, аға сұлтандардың рөлін әлсіретіп, оларды сырттай бақылап отыруға мүмкіндік берді. Аға сұлтанды тек сұлтандар ғана сайлады, оларға ресейлік майор әскери шені, ал он жылдан кейін дворяндық атақ берілді. Аға сұлтанды хан сияқты ақ киізбен көтеретін. Біртіндеп аға сұлтан бар болғаны Омбы облыстық басқармасының сойылын соғушы отаршыл биліктің тірегіне айналды. Аға сұлтандар үш жылға сайланды. Болыс мерзімі өмірлік болды. Болыстық билік мұрагерлікпен берілді. Егер болыс сұлтанның мұрагері болмаса, оның орнын інісі немесе Облыстық басқарма бекіткен туысы басатын.


Болыстық сұлтандар Ресейдің әкімшілік сатысы бойынша 12-класқа жататын шенеуніктерге теңестірілді.


Ауыл старшындары да аға сұлтан секілді үш жыл сайын сайланып отырды. Болыстық сұлтандарға бағындырылған болыстық старшындар құқықтары жөнінен Ресейдегі селолық старосталарға тең болды.


«Жарғы» бойынша сот істері үшке бөлінді: қылмыстық істер, талап ету, болыстық басқармаға шағым айту. Қылмыстық істер империя заңдары негізінде округтік приказда каралды. Істі алдын ала тексеруге қазақ биімен қатар бір орыс шенеунігі қатысып, қазақтардың талап етуі бойынша қаралатын істер жергілікті ескі заң бойынша шешілетін. Округтік приказ шешімдерді қайта қарауға құқылы болды.


Кейін Сібір казақтарын билеу Шегаралық басқармаға жүктелді. Оның төрағасын тағайындау үшін арнайы жарлық шығарылатын. Шегаралық басқарма Батыс Сібір губернаторына бағынды, оның төрағасы шетелдермен келіссөз жүргізу құқығына ие болды.


Жалпы алғанда 1822 жылғы «Жарғы» патша үкіметі үшін Қазақстанның бай өлкесін шаруашылық жағынан игеруге қолайлы алғышарт жасады; екіншіден, патшалы Ресейдің отаршыл саясатын кеңейте түсуге жол ашты. Енді қазақ даласындағы хандық басқару жүйесі біржолата күйреп, оның орнына Ресейдің отаршылдық үкімет органдары берік орнықты.


53.ХІХ ғ. 60-90 жылдарындағы көші-қон мәселесі: орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру


Егер XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанға көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Ресей шаруаларын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аудару ісі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды.

Мұның бірқатар себептері болды:


Біріншіден, 1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Шаруалар басыбайлы тәуелділіктен құтылды. Бірақ олар жаппай жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзі шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өрши түсуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады.


Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті.


Үшіншіден, патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аудару арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкіндігі туар еді.


Төртіншіден, патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын.


Бесіншіден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді. Өлкені казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағыдай онды нәтиже бермеді. Әскери қызметте жүрген казактар өлкедегі әскери гарнизондар мен шенеуніктер тобының өзін де азық-түлікпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ.


Оның үстіне Ресейдің жерсіз шаруаларын жаңа жерде емін-еркін тамаша өмір сүруге болады екен деген хабарлары мен хаттары ол жақта қалғандарды еліктіре елеңдетті. Мұның өзі орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түсті.


54. Мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттарының қазақтың жайылымдық жерлерінің талан-таражға салынуы туралы пікірлері.


Бірінші Мемлекеттік Дума– Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монархиялық жолға түсуін әйгілеген заң шығарушы жоғары өкілетті билік органы. 1906 ж. 27 сәуірден 9 шілдеге дейінгі аралықта, 72 күн қызмет етті. 1905 ж. 11 желтоқсандағы Сайлау заңы бойынша Думаға 524 депутат қатысуы керек еді. Сайлаудың шет аймақтарда кеш өткізілуіне байланысты оның жұмысына 499 депутат қатысты. 1-Мемлекеттік Думаға қазақ өкілдерінен 4 депутат: А. Бірімжанов (Торғай облысы), А. Қалменов (Орал облысы), Ә. Бөкейханов (Семей облысы), Ш. Қосшығұлов (Ақмола облысы) сайланды. Алайда, қазақ депутаттарының ішінде Бірімжанов пен Қалменов қана дума жұмысына қатыса алды. Дума мүшелері қатарында қазақ жерінен тысқары өңірлерден сайланған С. Жантөрин (Уфа губ.) мен Д. Тұндыт (Астрахан губ.) сияқты қазақ азаматтары да болды. Қазақ депутаттары думадағы мұсылман фракциясы құрамында қызмет етті. 1- Мемлекеттік думада ірі фракцияны кадеттер құрады. Кадеттерді ұлттық аймақтардың депутаттары да қолдады. Думаның құқын кеңейту, саяси кешірім жариялау жөніндегі кадеттердің ниеті Ресей патшасы тарапынан қолдау таппады. Оған жауап ретінде дума патша билігін тоқтатуды талап етті. Жер мәселесін талқылау өте тартысты жүрді. Жағдай осылай шиеленіскен соң, 9 шілдеде дума патша жарлығымен таратылды.

55. Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы


1. Қазақ көшпелі қоғамының материалдық өндіріс жүйесі. Кеңейтілген және минималды қауымдастық. Көші-қон бағыттары. Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы. Қазақ сұлтандары мәртебесінің эволюциясы. Жергілікті басқару жүйесіндегі қазақ шенеуніктерінің қалыптасуы. Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік ұйымдастыру тәртібінің өзгеруі: жаңа таптар (шенеуніктер, дворяндар, құрметті азаматтар).
2. Қазақ халқының ауызша шығармашылығы. Қазақстанды еуропалық және ресейлік ғалымдардың зерттеуі. Қазақстандағы экспедициялар.
3. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлт-азаттық күрестегі халық ақындарының рөлі. Махамбет Өтемісұлының, Тәттімбет Қазанғапұлы және т.б. шығармашылығы. Жер аударылған орыстардың (Г.С.Карелин, М.М.Муравьев-Апостол, Ф.М.Достоевский және т.б.) Қазақстан мәдениетіне қосқан үлесі. А.И. Левшин, В.И. Даль және тағы басқа орыс ғалымдарының Қазақстанның өндіргіш күштерін, өмірі мен мәдениетін зерттеуі. Еуропалық саяхатшылар Қазақ даласы туралы. Ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов және оның Қазақстанның тарихы, географиясы, экономикасы мен мәдениетіне қатысты ғылыми мұрасы. Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметінің маңызы. Абай Құнанбаевтың қазақ халқының мәдениетіндегі тарихи рөлі. Абай және Е.П. Михаэлис.
4. Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889), Дәулеткерей Шығайұлы (1829-1882), Біржан сал Қожағұлұлы (1832-1895), Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913), Жаяу Мұса Байжанұлы (183-1895) және т.б. музыкалық шығармашылығы.
Әдістемелік нұсқаулар: Практикалық жұмыстың жоспарымен танысқан білім алушыларға сұрақтарды талқылау үшін дайындалу ұсынылады. Тапсырма толық орындалуы керек, білім алушыларға толық көлемде әдебиеттер ұсынылып отыр.
56. Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік инженерингі: қазақ жастарын Ресей империясының кадет корпусында, гимназияларында және университеттерінде оқыту.
Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы
Қазақ көшпелі қоғамының материалдық өндіріс жүйесі. Кеңейтілген және минималды қауымдастық. Көші-қон бағыттары. Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы. Қазақ сұлтандары мәртебесінің эволюциясы. Жергілікті басқару жүйесіндегі қазақ шенеуніктерінің қалыптасуы. Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік ұйымдастырутәртібінің өзгеруі: жаңа таптар (шенеуніктер, дворяндар, құрметті азаматтар).
Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік инженерингі: қазақ жастарын Ресей империясының кадет корпусында, гимназияларында және университеттерінде оқыту. Қазақ зиялы қауымының қалыптасуы: әлеуметтік құрамы, білімі. Қазақ көпестерінің, саудагерлерінің пайда болуы.
Орынбор Мұсылмандары Діни Жиналысы және Қазақ даласы. Муфтияттағы қазақтардың діни істерін шығарып алу. Мешіттер салынуы және қазақ молдалары. Жәдидшілдік ағартушылық идеяларының ықпалы және Далада жаңа әдістемемен істейтін мектептер мен медреселердің ашылуы.
Діни конфессиялардың Қазақ даласындағы миссионерлік қызметі.

57.Жәдидшілдік ағартушылық идеяларының ықпалы және Далада жаңа әдістемемен істейтін мектептер мен медреселердің ашылуы.


Жәдидшілдік (араб.: طريقة جديدة‎— жаңа әдіс) — 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс.[1] Алғаш 19 ғасырдың 80-жылдарында Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасты. Кейіннен Жәдидшілдік Орталық Азиядағы барлық дерлік түркі халықтары (қазақ, қырғыз, өзбек, т.б.) арасында жалғасын тауып, өрістей түсті. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері қатарында И.Гаспралы, Ш.Маржани, А.Ибрагимов, М.Абдурашидханов, М.Бехбуди, А.Фитрат, Ф.Ходжаев, т.б. болды. Ағартушылық сипатта жүрген Жәдидшілдік қозғалыс қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алып, оны жаңғыртуды көздеді. Жәдидшілдік патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталды. Түркі халықтарының ерікті әрі өркениетті болуын қалады. Мұсылмандық хадими (ескіше) мектептердегі ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып келген оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесін жаңа заман талабына сәйкестендіріп, қайта құруды ұсынған ілгерішіл бағыт ұстанды. Мектеп-медреселердегі өз беделдерінен айырылып қалғысы келмеген кейбір дін иелері Жәдидшілдікті шариғатқа қарсы әрекет ретінде бағалады. Жәдидшілдікке патша өкіметі тарапынан да қысым көрсетілді. Жәдид мектептері оқушыларының басым көпшілігі Қазан, Орынбор, Уфа қалаларында білім-тәрбие алған татар, башқұрт және қазақ жастары болды. Олардың арасында Стамбұл, Мысыр, Бағдат оқу орындарының түлектері де кездесетін. Патша өкіметі оларға өзінің Орталық Азия мен Қазақстандағы отаршылдық саясатына зиянын тигізетін саяси сенімсіз адамдар ретінде қарады. 19 ғасырдың соңында Ресей мұсылмандары хадимшілдер және жәдидшілдер болып, іс жүзінде бір-біріне қарсы екі топқа бөлінді. Хадими бағытты қолдаушылар “Сират әл-мустақим” (“Тура жол”) атты партия құрып, 1907 жылы Орынбор қаласындағы баспахана иесі, бай Ұ.Хұсайыновтың қаржысына “Дін уа мағишат” (Дін және өмір”) деген журнал шығарды. Бұл журнал Гаспралы басшылық еткен, Бақшасарайда (Қырым) 1883 жылдан бастап шығып отырған “Тәржіман” газетінің Жәдидшілдік көзқарасына қарсы күрес жүргізді. Жәдидшілдік бағыт пен хадимшілдер арасындағы тартысты патша өкіметі әдейі қоздырып, біріне-бірін өшіктіріп, айдап салып отырды. Мұндай кедергілерге қарамастан, Жәдидшілдік қозғалысы екпін алып, жер-жерлерде аталмыш бағыттағы мектеп-медреселер ашыла бастады. Мұндай оқу орындарында жаратылыстану пәндеріне, түркі халықтарының төл тарихы мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлінді. Уфадағы “ұалия”, Орынбордағы “Хусеиния”, Қазандағы “Мұхаммедия”, Қырғызстандағы “Шабдания” секілді мектеп-медреселер Жәдидшілдіктің ірі ошақтарына айналды. 1913 жылы бүкіл Түркістан өлкесінде Жәдидшілдік бағыттағы 92 мектеп-медреселер қызмет етті. Қазақстандағы Жәдидшілдік бағыттағы мектептердің ең ірілерінің бірі — “Мамания” мектебі болды.

58.Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздің ұлт-азаттық қозғалысы: көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы.


Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы — 1783—1797 жылдары Сырым Датұлының басқаруында болған Кіші жүзінің қазақтарының қозғалысы.

Емельян Пугачёв бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін патша үкіметі Кіші жүз қазақтарының көшпелі қауымына отаршылдық езгіні күшейтіп жіберді.


Сондықтан да қазақтардың көтеріліске шығуы тіпті де кездейсоқ нәрсе емес еді. Оның өзіндік себептері болды.


Біріншіден, шекара шебінің ішкі жағына уақытша өткен қазақтарға қойылатын талаптар тым қатайтыла түсті. Онда кез келген қазақты оның кездейсоқ басқа бір руласы жасаған құқық бұзушылық әрекеті үшін ұстап алып, айыптауға болатын еді.


Екіншіден, Орал казак әскерлері тарапынан бұрынғысынша дала төсіндегі «әскери іздестірулер» тоқтатылмады.
Үшіншіден, Нұралы ханның және оның төңірегіндегілердің беделі жыл өткен сайын төмендей берді. Ол бірте-бірте патша үкіметінің қолындағы қуыршақ қолшоқпарға айнала бастады.
Мәселен, Нұралы хан Орынбордан жыл сайын жалақы алып тұрды. Олардың тарапынан халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлінбеді. Ханның отбасындағылар мал жайылымдарын өздерінше және өз пайдаларына қалай қаласа, солай бөліске салды.

Көтерілісті халыққа кеңінен танымал батыр Сырым Датұлы басқарды. Ол Кіші жүздің ішіндегі он екі ата Байұлы бірлестігінің байбақты руынан шыққан ірі тұлға болатын. (Датұлы Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің барысында өзін шебер дипломат, әскери қолбасшы әрі көрнекті ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Көтерілісшілердің жетекшісі әрі шешен, әрі би ретінде өз даңқын асырған еді. Асқан ақылдылығы мен тапқырлығы үшін бала кезінде-ақ «Бала би» атанған болатын.Сырым Датұлының дене күші де зор еді. Жеке өз басының ерлігі мен қайыспас қайсар батырлығы, ерекше ерік күші таңғалдыратын. Өз замандастарының арасында ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен де ерекшеленетін. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағылшын журналисі Д.Ч. Бульжер былай деп жазды: «...Сырым батыр — жігерлі, терең ойлы, қайратты, батыл, тапқыр, айлалы ерекше тұлға. Ол халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, халық оған табынған десе де болады».


Көтеріліске қарапайым көшпелі қазақтардың едәуір бөлігі, старшындар, билер және батырлар белсене қатысты. Олардың бәрі де Кіші жүздегі барлық рулық бірлестіктердің, әсіресе Ресеймен шектес жерлердегі рулардың өкілдері болатын. Өйткені жайылым тапшылығының ауыртпалығын көтерген де, Орал қазақ әскерлерінің шектен шыққан озбырлығын көрген де солар болатын. Көтерілісшілердің арасында сұлтандар тобынан шыққандар да бар еді. Мәселен, атақты батырдың жақын серіктерінің бірі Айшуақ сұлтанның ұлы Жантөре болды.


Көтерілісшілердің қойған ең басты талабы патша үкіметінің қазақ жерлерін тартып алуын тоқтату, сұлтандардың, ханның және олардың айнала төңірегіндегілердің озбырлығына тыйым салу болды.


59.Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтардың көтерілісі (1836-1838 ж.): көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы.


1801 жылғы 11 наурызда император І Павелдің жарлығымен Кіші жүз қазақтарының Жайық пен Еділ аралығында көшіп-қонуы заңдастырылып, Бөкей Ордасы (Ішкі орда) құрылды. Бөкей Нұралыұлы Кіші жүздің белді сұлтаны. Саяси күреске 18 ғасырдың соңынан араласа бастаған. 19 ғасырдың басында Хан кеңесіне төраға болды, тәкаппарлығы оның бағыныштылығына жол бермеді. Бөкей орыс өкіметіне жағымды болды. Баласы Жəңгір Астрахан губернаторының үйінде тəрбиеленді. Орыс, парсы, араб тілдерін білді. Патша үкіметі қаражатына 1827 жылы Жасқұс деген жерде хан сарайын салғызды. Хандықтағы шұрайлы жайылым жерді хан өз туыстары мен сарай ақсүйектеріне бөліп берді. 1827 жылы 12 биден құралған хандық кеңес ұйымдастырылды. Хан тапсырмаларын орындайтын 12 старшын баж салығының жиналуын қадағалады.

Бөкей Ордасындағы қауымдық жерлерді орыс помещиктерінің, хан туыстарының иемденіп алуы, феодалдардың озбырлығы жəне Жəңгір билігінің халық мүддесіне қайшы келуі хандықтың басқару жүйесін шайқалтты. Салықтың ауыртпалығы да әлеуметтік қарсылықтың тереңдеуіне себепші болды. 1833 жылы Жəңгір ханның қайынатасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы көтеріліске түрткі болды. Бөкей Ордасындағы шаруалар көтерілісі 1836-1838 жылдары болды.


Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – шаруалар, сонымен бірге оған старшын, билер де қатысты. Көтеріліс басшылары – Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы. Көтерілістің басты мақсаты – хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын жақсарту, жер мəселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту болды. 1836 жылы ақпанның басында басталған көтеріліс халық-азаттық сипатта болды. Көтеріліс басшылары Қарауылқожаны биліктен тайдыруға, ханның жарлықтарын мойындамауға шақырды.


1836 жылғы қазанда Исатай маңына қосымша 20 ауыл көшіп келді. 1836 жылдың соңында Бөкей Ордасындағы оқиға Петербург сарайына əбден белгілі болды. I Николай "бүлік" басшыларын қатаң жазалауды тапсырды. 1837 жылғы 15 қазанда Теректіқұм шайқасында көтерілісшілер Жәңгірдің сыбайласы, хан кеңесшісі Балқы бидің ауылын ойрандады. Бұл жеңіс сарбаздар қатарының өсуіне əсер етті. 1837 жылғы қазанның аяғында саны 2 мыңға жеткен көтерілісшілер хан сарайын қоршады. Қоршауды бұзуға 600 адамдық тобымен подполковник Геке жəне Меркулов топтары талпынды. Старшындар мен билердің бір бөлігі Гекенің үндеуіне сеніп, көтеріліс қатарынан кетті. 1837 жылғы 15 қарашада Тастөбе шайқасында 3000-нан астам адамнан тұратын көтерілісшілер өздерінен қаруы басым күшпен тайынбастан шайқасты. Исатай 500 сарбазымен кенеттен шабуылдап, жазалаушыларды шегіндіруді жоспарлады. 60 сарбаздан айырылған Исатай тобы бірнеше топқа бөлініп кетті. Казактардан 3 адам жараланды. Қазақ шаруалары өз ауылдарына тарап кетті. Губернатор В.А.Перовский жарлығымен Исатайды тірідей ұстағандарға 1000 сом, басын алғанға 500 сом тігілді. 1837 жылғы 13 желтоқсан батыр Жаманқала бекінісі маңында жазалаушылардың торын бұзып, Жайықтан шығысқа қарай өтіп кетті. Исатайдың Кіші жүзге өтуі осы өңірде Кенесары көтерілісі әсерімен тарала бастаған халық қозғалысымен тұспа-тұс келді. Жоламан Тіленшіұлы жасақтары Кенесарыға қосылды. Кенесары көтерілісінің Кіші жүзді шарпуы Исатай көтерілісін басу қажеттігін тездетті. Кіші жүздің батысында Хиуа ханымен байланысты болған сұлтан Қайыпқали Есімұлы көтерілісінің кең таралуы да Исатай қозғалысын тездетіп басуды күн тәртібіне қойды. Байбақты руының старшыны Жүніс Жантелин тобы Исатаймен байланыста болды.


1838 жылғы 12 шілдеде Ақбұлақ шайқасында зеңбіректер оғынан шегінген көтерілісшілер екі жақты қоршауда қалды. Ауыр жараланған Исатайды казактар қылышпен шауып, атып өлтірді. Көтерілісшілерден 80-дей сарбаз өліп, 6 адам тұтқынға түсті. Айшуақұлынан бірнеше жүз, казактардан 4 адам жарақаттанды. Бас сауғалап қашқан көтерілісшілер, Ақбұлақ шайқасында Исатайға көмекке келмеген сұлтан Қайыпқали тобына қосылудан бас тартты.


1838 жылғы шілдеде Махамбет тобы Нұртазғали Өзбекұлы жəне Табылды Шерғазыұлы сұлтандардың ауылдарына шабуылдады. 1846 жылы қазанда хан жендеттерінің қолынан қайтыс болды.


Исатай көтерілісі бойынша жазалау ісін басқару негізінен Гекеге тапсырылды. Көтерілісті қанға бояған қазақ феодалдары жəне казак офицерлері мен солдаттары марапатталды.


1836-1838 жылдардағы көтерілістен кейін де шаруалардың ауыр жағдайы өзгермеді. Бұл жағдай 1842 жылы жаңа қозғалыстың басталуына себеп болды. Қозғалыс жетекшілері – ноғай руынан Аббас Қошайұлы жəне масқар руынан Лаубай Мантайұлы. Қозғалыс антифеодалдық бағытта болды. Олар хан мен сұлтандарға бағынбау, алым-салықты төлемеу, жер тапшылығын шешу, Жайықтан Кіші жүзге өтуге рұқсат алу талаптарын көтерді. Жəңгір ханға қарсы наразылығын білдіру мақсатында көтеріліс жетекшілері патша шенеуніктеріне барып жолықты. 1844 жылы наурызда екеуі де Жəңгірдің талабымен тұтқынға алынып, Оралда əскери сотқа берілді. 1847 жылы Лаубай түрмеде қайтыс болып, Аббас Лифляндияға қара жұмысқа айдалды.


1836-1838 жылдардағы көтерілістен кейін салық мөлшеріне шек қойылды. Патша үкіметі қазақ старшындарымен санасатын болды.


Бұл оқиға Ішкі Ордадағы хандық биліктің əлсірегендігін дəлелдеді. Ал көтерілістің жеңілу себептері үстем тап өкілдерінің опасыздығы, көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі жəне Ішкі Ордадағы көтерілістерді біріктіре алмауы болды. Бұл қозғалыс 19 ғасырдың 30 жылдарындағы әлеуметтік езгіге де, отаршылдыққа да қарсы бағытталған көтеріліс болды.


60. Кенесары Қасымұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы (1837-1847): қозғаушы күштері, барысы, негізгі кезеңдері және жеңіліс себептері.


Көтерілістің алғышарттары. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы және қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің басты ерекшелігі оған үш жүздің толық қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.


Көтерілістің мақсаты:


Ресейдің отарлау саясатына шек қою;


Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау;
Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату;
Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.
1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.

1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің бастауы болды. 1838 жылы 26 мамыр күні Кенесары бастаған көтерілісшілер Ақмола бекінісін шабуылмен басып алып, өртеп жіберді. Ақмолаға иелік еткен Карбышев пен сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бекіністі тастап, қашып кетеді. 1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.


1841 жылы тамыз айында Кенесары сарбаздары Ташкентке аттанып, бірақ жұқпалы аурудың таралуынан жорықты тоқтатады. Бұл жолы Кенесары қолы қоқандықтардың билігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршайды және бірнеше бекіністі алады. Қоқан ханы Кенесарыға одақ құруды ұсынады, бірақ батыр оны қабылдамайды.


Көтерілістің кеңеюінен сескенген патша үкіметі көтерілісті тезірек басуға тырысады. Орынбор губернаторы Обручев пен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков көтерілісті басуға әскер жібереді. 1842 жылы Кенесары қолына қарсы бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтіреді.


1843 жылы 27 маусымда старшын Лебедев басқарған, 300 адамнан тұратын казак отрядтары көтерілісшілерге қарсы аттанады. 1843 жылы тамызда көтерілісшілерге қарсы Жантөреұлы, Айшуақұлы, Бизанов, подполковник Генс басқарған 5000 адамнан құралған жазалаушы топ ұйымдастырылды. Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.


1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді. Кенесарыға қарсы күресте дәрменсіздігі үшін старшын Лебедев Орынборға шақырылып, жауапқа тартылды.


1844 жылғы Кенесарының жеңістері Орынбор әкімшілігін Кенесарымен келіссөз жүргізуді бастауға мәжбүр етті. 1838 жылғы желтоқсанда Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков пен I Николайға арналған хатты тапсыруға жіберген елшілігінде Кенесарының қойған алғашқы талаптары мынандай болды:


Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою;


Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру;
Салық жинауды тоқтату.
Бірақ Кенесары жіберген елшіліктің бес өкілі тұтқынға алынып, жазаға тартылады.
Кенесарының қойған екінші талабы әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірлерді Ресей билігінен босату болды.

Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптарымен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскері «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патша тарапынан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.


Көтерілістің жеңілу себептері:


Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады;


Қазақ халқы арасында рулық алауыздық пен руға бөліну болды;
Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады;
Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды;
Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады.
Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.
1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.

Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.


Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты. Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Ол бойынша мал өсірушілер зекет, ал диқандар ұшыр төлейтін болды. Патша әскерімен соғысты одан әрі жалғастыру үшін қосымша қаржы қажет болды. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау басталды. Салық жинауда әр отбасының жағдайы жеке-жеке ескерілді. Малы 40 бастан аспайтын үйлер алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан малы көптер болса 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болды.


Қарулы күштердің құрылуы. Кенесары хан 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті, тұрақты әскер жасақтады. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздар жүзбасы, мыңбасы болып тағайындалды. Сондай-ақ Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды.


Кенесары сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары хан сарбаздарына әскери өнер үйретті. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Ал әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.


Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдалана алды. Олар патша әскерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жем-шөппен қамтамасыз етті.


Кенесары Қасымұлы – үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұра білген, қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан, қазақтың соңғы ханы.


61. 1868-1869 жылдардағы Торғай, Орал облыстарындағы және 1870 ж. Маңғыстау қазақтары көтерілістерінің себептері, сипаты мен барысы.


1867-1868 жылдардағы реформалар отаршылдық езгіні тереңдетті. Жерді патша үкіметінің мемлекеттік меншігі етіп жариялады. Жаңа бекіністер салуға шаруалардың жері тартып алынды. Шаңырақ салығы 1 сомнан 3 сомға дейін өсірілді. Земство салығын қосқанда 3 сом 50 тиынға көтерілді. Осы ауыртпалықтар қазақ шаруаларын азаттық күреске көтерді.

1868 жылдың желтоқсаны мен 1869 жылдың қазаны аралығында болған Орал мен Торғай облыстарындағы көтеріліс отаршылдыққа қарсы жəне антифеодалдық сипатта болды. Көтерілісті басқаруға артықшылықтарынан айырылған ру басылары қатысып, кейін көтерілістің бұқаралық, таптық бағытынан сескеніп ауытқыды. 1869 жылғы 6 мамырда Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі Жамансай көлі маңында фон Штемпельдің 200 атты және бір рота жаяу әскер тобына көтерілісшілер шабуылдады. 20000 көтерілісші фон Штемпельдің тобын 7 күн бойы қоршап, жазалаушылар шайқаспай əскери шепке қайтып кетті. 1869 жылғы наурыз, маусым айларында 3 мың шаруа феодалдарға қарсы 41 рет шабуылдады. Орал облысындағы азаттық күресті басуға ірі әскери күш жіберілді. Ақсүйектер опасыздығынан, нашар қаруланған, ауыз бірлік болмаған, түпкі мақсаттарын жете түсінбеген көтеріліс талқандалды.


1870 жылы Маңғыстау түбегінде шаруалар көтерілісі басталды. 40 мыңдық шаңырақтан тұратын адай руы екі жылда 160 000 сом салық төлеуге тиіс болды. Бұл адайлықтардың қарсылығын туғызды.


Жазалаушылардың адайлықтардың мекендеріне жақындауы көтеріліске түрткі болды. 1870 жылы наурыздың ортасында Маңғыстау өлкесінің приставы подполковник Рукин тобы “Ережелерге” қарсылық білдіріп көшуге бел байлаған адайлықтарды күшпен тоқтатуға тырысты. Бозащы түбегінде Досан Тəжіұлы, Иса Тіленбайұлы бастаған 200-ге жуық көтерілісші жазалаушыларды қоршап алып талқандады. Подполковник Рукин атылып өлді. Жеңіс көшпелілерді рухтандырып, қозғалыс бүкіл Маңғыстауға тарады. Шаруалардың көтерілісін басқа да әлеуметтік топтар қолдады. Николаевск станицасы мен Александровск форты cлободкосының балық аулау кəсіпшілігіндегі ауқаттылардан тартып алынған қайықтардан “флотилия” құрған көтерілісшілер тобы 10 мыңға жетті. 1870 жылғы 5 сəуірде қазақ шаруалары мен жалдамалы жұмысшылар тобы Алексанровск фортына шабуылдады.


1870 жылғы мамырда Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкі, Терек казактарының тобы жеткізіліп, көтеріліс талқандалды.


Əскери министр Милютиннің “бұларды келістіріп жазалау керек” деген нұсқауына сəйкес Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский көтерілісшілерді 3 ай бойы қудалады. Қозғалыс басшылары И.Тіленбайұлы, Д.Тəжіұлы, И. Көлұлы бастаған 3000-ға жуық шаңырақ жазалаушылардан ығысып, Хиуа хандығына өтіп кетті. Кавказ әкімшілігінің талап етуімен Маңғыстау қазақтарынан 57 901 сом қосымша салық жиналды. Адайлықтар соғыс шығыны ретінде өкіметке 90 мың қой өткізуге міндеттелді.


Маңғыстау көтерілісінің ерекшелігі қазақтың жалдамалы жұмысшыларының тұңғыш рет күреске белсене қатысуы болды. Көтерілістің антифеодалдық сипаты əлсіз болу себебі, адайлықтардың өзге аймақтардан алшақ орналасуына байланысты рулық-патриархаттық құбылыс әлі де болса күшін сақтап қалған болатын. Көтерілістің жеңілуі халықтың жағдайын бұрынғыдан да шиеленістіріп жіберді.


62.Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ даласы: 1916 жылғы 25 маусымдағы «Тыл жұмыстарына бұратана халықтарды реквизициялау туралы» Жарлық.


Ресейдегі 1905 жылғы күздегі шаруалардың жаппай көтерілісінде жұмысшы табының беделі мен азаттық қозғалысындағы басшылық рөлі артты. Сондықтан,патша өкіметі жиі толқулар ошағы болған аймақтардан Қазақстанға 1907 - 1912 жылдары Еуропалық бөліктерінен 2 млн 400 мың адамды қоныстандырды. 1917 жылға дейін 45 млн. десятина ең құнарлы дейтін жерлерді қоныс аударшыларға жергілікті тұрғындардан тартып алынып, оларды таулар мен құнарсыз жерлерге ығыстырды. Суы жоқ, мал жаятын шабындықтың болмауынан қазақ - қырғыз халқының кедейленген тобыры пайда болды. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтармен орыс - украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды одан әрі шиеліністіріп, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады. Сонымен қатар 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Одан әрі патша чиновниктері және жергілікті әкімдердің, байлардың зорлық - зомбылығы күшейіп, Қазақстанда отарлауды күшейте берді:

Жергілікті халықтан алынатын салық 3 - 4 есе көбейді;


Шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді;
Әскерлердің қажетін қамтамасыз ету үшін киіз алынды;
Жығып - құруға өте ыңғайлы киіз үй т.б;
Әскери салық ретінде әрбір отбасы 1 сом 84 мөлшерінде төлеуге міндетті болды.

63.1916 жылғы Орта Азия ұлт-азаттық көтерілісі, оның себептері, қозғаушы күштері, басталуы, барысы және негізгі кезеңдері.


Қазақстан мен Орта Азиядағы он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліс патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс болды. 1914 жылы басталған І дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді.

Ең алдымен өзінің шаруашылық ерекшеліктеріне қарай қазақ елінің майданды және елді шикізат, азық-түлікпен қамтамасыз етудегі рөлі мейлінше күшейді. 1914-1916 жылдардың арасында тек Түркістан өлкесінен 2089 мың тонна мақта, 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй алынған. Соғыстың бірінші жылында тек Жетісу облысынан майданға жіберілген мал мен малшаруашылығы өнімдерінің құны 34 миллион сомға жетті.


Соғыстың ауыр зардаптарының бір көрінісі шаңырақ салығының артуы болды. 1914 жылы қазақтан жиналатын осы әлеуметтік ауыртпалықтың мөлшері 600 мың болса, 1917 жылға қарай 1 миллион 200 сомға ұлғайды.


Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Отаршылдық езгінің күшеюі, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халқының жерлерін тартып алудың жалғасуы, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюы, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуі көтерілістің басталуына себеп болды.


Көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы «Реквизициялау туралы» жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің «бұратана халықтарының» ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен жолдар салу, окоп қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтан 240 мыңға жуық) алу белгіленді.


Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 жылы шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімшіліктердің басқа да қызметкерлері ұшырады, өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді. Әкімшілік жүйе ол кезде қазақтарда тууы туралы куәліктің болмағанын пайдаланып, тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізіп, ал ауқатты әулеттерден пара алып, оларды шақыртудан босатты.


Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласты.


Көтерілістің негізгі қозғаушы күштері – отарлық езгіден күрт кедейленген шаруалардың қалың тобы мен сол кезде қалыптаса бастаған жергілікті жұмысшылар болды. Көтеріліске сондай-ақ қазақ халқының басқа әлеуметтік топтарының (байлар, болыстар мен билер, интеллигенция) өкілдері де қатынасты. Соңғылары кейбір аймақтарда жетекші рөл атқарды.


Қазақ зиялыларының кейбір өкілдері (Т. Бокин, Ж. Ниязбеков, Ә. Жүнісов, Т. Рысқұлов, С. Меңдешев, Б. Алманов, Ә. Жангелдин және т.б.) патша жарлығына батыл қарсы шықты және халықты қарулы қарсылыққа шақырды.


Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, т.б.) патша әкімшілігінен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, керісінше дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады, көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға қарсылық көрсетпеуге шақырды.


Түркістан генерал-губернаторы бірнеше жазалау отрядын жасақтап, көтерілісшілерге қарсы жөнелтті. Көтерілісшілер Самсы төңірегінде отрядқа шабуыл жасап, оларды Верныйға (Алматы) қарай шегінуге мәжбүр етті. Т. Бокин бастаған көтерілісшілер (10 мыңнан астам) тамызда шабуылға шығып, Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзді. Көтерілісшілер арасынан Бекболат Әшекеұлы, Нұқа Сатыбеков сияқты басшылар шықты. Бұл кезде Жаркент және Лепсі уезіндегі көтеріліс күшейе түскен еді. Жетісу облысындағы ірі көтерілістің бірі Қарқара жайлауында болды.


1916 жылы шілдеде Қарқаралы (Семей облысы) мен Өскемен уезінің, Көкпекті мен Зайсанның көтерілісшілері майданға жіберілетін адамдардың тізімін тартып алып, болыстарға күш қолданды.


Әбдіғапар Жанбосынұлы пен Амангелді Иманов басқарған Торғай көтеріліс ошағы ең табанды және ұзаққа созылған азаттық үшін күрес аймағына айналды. Он алтыншы жылғы көтеріліс Қазақстанның барлық аймақтарында қатаң басып-жанышталды.


Бұл көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Ол Ресейдегі әскери-әкімшіл және отаршыл басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және шығыстағы отар халықтарда ХХ ғасырдың басында өріс алған ұлт-азаттық қозғалыстардың құрамдас бір бөлігі болды.


64.Қазақтардың Қытайға (Құлжа аймағы, Қашқария), Ауғанстанға үдере көшуінің бірінші толқыны.


Жаңа заманда қазақ халқының бір бөлігі өздерінің тарихи отанынан тыс жерлерде тұрып жатты. Олар бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора саналды. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде дәстүрлі өмір сүріп отырған біртұтас халықтың бір бөлігін айтады. Алайда өкінішке қарай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан басқа мемлекеттің құрамында болып шықты. Ал диаспоралар халықтың бір елден екінші елге лажсыз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады.

Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге лажсыздан қоныс аударуы ХІХ-XX ғасырлар шебінде жиі орын алды. Ол кезде қазақ даласын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген шаруалар арқылы отарлау жаппай жүріп жатты. Қазақтардың ең жақсы, құнарлы да шұрайлы жерлерін күшпен тартып алу жалғаса берді. Міне, мұндай жағдайда қазақтардың өздерінің ежелден отырған, дәстүрлі көшіп-қонып жүрген жерлерін лажсыздан тастап, қайдағы бір құнарсыз, сусыз жерлерге қоныс аударудан өзге амалы қалмады.


Көптеген ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басып-жанышталғаннан кейін қазақтар басқа мемлекеттердің аумағына көшіп кетуге мәжбүр болды. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң 300 мыңға тарта қазақ Қазақстан аумағын тастап Қытайға көшіп кетті.


65.Отандық және әлемдік тарихи әдебиеттегі 1916 жылғы көтерілістіке берілген баға.
Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі
Е.Пугачев көтерілісіне қазақтардың қатысуы. «Көзге көрінбейтін» Көктемір көтерілісі. Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздің ұлт-азаттық қозғалысы, Қаратай мен Арынғазы сұлтандардың қозғалысы (1816-1821 ж.). Старшын Жоламан Тіленшіұлының (1822-1824 ж.) наразылық қозғалысы. Бөкей хандығындағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтардың көтерілісі (1836-1838 ж.): көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы. Сұлтандар Қасым Абылайханұлы, Саржан Қасымұлы бастаған Сібір ведомствосы қазақтары жеріндегі қозғалыс. Сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы (1837-1847): қозғаушы күштері, барысы, негізгі кезеңдері және жеңіліс себептері. Тарихи әдебиеттегі Кенесарыхан. Жанқожа Нұрмұхамедұлымен Есет Көтібарұлының көтерілістері. 1868-1869 жылдардағы Торғай, Орал облыстарындағы және 1870 ж. Маңғыстауқазақтары көтерілістерінің себептері, сипаты мен барысы.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ даласы: 1916 жылғы 25 маусымдағы «Тыл жұмыстарына бұратана халықтарды реквизициялау туралы» Жарлық. 1916 жылғы Орта Азия ұлт-азаттық көтерілісі, оның себептері, қозғаушы күштері, басталуы, барысы және негізгі кезеңдері. Амангелді Иманов, Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Әбдіғафар Жанбосынов және т.б. көтерілісшілер әскерлерін ұйымдастырудағы рөлі. Үкіметтің репрессиялық шаралары және жазалаушы әскерлердің әскери әрекеттері. Көтерілісшілердің әскери өнері. Жеңіліс себептері және көтерілістің тарихи маңызы. Қазақтардың Қытайға (Құлжа аймағы, Қашқария), Ауғанстанға үдере көшуінің бірінші толқыны. Отандық және әлемдік тарихи әдебиеттегі 1916 жылғы көтерілістіке берілген баға.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет