62-сұрақ. Ф.И. Голощекиннің «Кіші қазан» идеясы: мәні мен салдары. Қазақ зиялыларына қуғын-сүргіннің басталуы 1927 жылы ақпанда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Ұлы дала еліне тұтқа болмаққа жіберілген Голощёкин Филипп Исаевич жеріміздегі тарихтың бағытын демде бұрып жіберді. Солақай саясатшыл Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты.
Алайда, қазақ жеріне келіп әлі де рулық бөлініс, байдың билігіне куә болған Голощекин ауылды кеңестендіру жұмысы әлі де әлсіз, оны күшейту керек деген тоқтамға келіп, "кіші қазан" идеясын ұсынды. Яғни, сонау 1917 жылы кеңестер билік басына келген кезде, қазақ даласына жетпей қалған идеологияны орнатып, бай мен кедейдің теңсізідгін жойып, ұжымшарды орнату мүддесі көзделді. Ал анығын айтқанда, бұның мәні көшпелілерлің ежелден келе жатқан шаруашылығын, тұрмыс-салтын тұншықтырып, отарлауды күшейтіп, қанау саясатын бүркемелеу еді.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды.Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты.
63-сұрақ. Қазақ ауылын кеңестендіру саясаты – қазақтың дәстүрлі қоғамының жойылуы.Ұжымдастырудың әдістері мен қарқыны. Ашаршылық салдарлары. Компартияның 1927 жылы өткен XV съезі ауылшаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Осылайша «өркениетті кооператорлар қоғамын» құру идеясы КСРО-дағы социализм құрылысының құрамдас бөлігіне айналды. Ауылда кооперативтік қозғалыстың дамуы барысында шаруаларды кооперативтендірудің жоғары формаларына кезең-кезеңмен өту ұстанымдары жарияланды. Оны бір жағынан мемлекеттің қарамағына алынған жерлерде совхоздар (кеңшарлар), МТС-тер (машина-трактор стансалары), екінші жағынан колхоздар (ұжымшарлар) құру арқылы шешу көзделді.
Қазақстанның астықты аудандарында колхоз құрылысының негізгі формасы – ауылшаруашылық артелі, ал малшаруашылығымен айналысатын аудандарында жерді бірлесіп өңдеу мен шөп шабу жөніндегі серіктестік болуы тиіс еді. Онда жарғы бойынша мал қоғамдастырылмай, тек жеке мал мен құрал-жабдықтарды пайдалануға ақы төленуі керек болды.
1928 жылы 1 шілдеде Қазақстанда 41 кеңшар мен 1881 ұжымшар болды. Ұжымдық шаруашылықтардың 76-ы ауылшаруашылығы коммунасы, 1215-і ауылшаруашылығы артелі, 590-ы жерді бірлесіп өңдеу серіктестігі еді.
1928 жылдың маусым айында болып өткен колхозшылардың Бүкілодақтық І съезі жоғарыдағы сталиншілдер бағытына жол ашып, ауылшаруашылығын жаппай ұжымдастыру жолымен әміршіл-әкімшіл басқару арнасына түсіріп, жекеменшіктің орнына қоғамдық меншікті орнықтыруға күш салды.
Осының нәтижесінде Қазақстандағы колхоз қозғалысы едәуір екпін алды. 1929 жылдың 1 қазанында Қазақстанда 117,7 мың жеке шаруашылық ұжымдастырылды. Келесі қараша айында өткен БК(б)П ОК-нің пленумы осы жұмыстарды қорытындылап, жекелеген облыстар алдына жаппай ұжымдастыру міндетін қойды.
Бұл міндетті шешу жолдарын белгілеу үшін ОК-тің Саяси Бюросы арнайы комиссия ұйымдастырды. Оның құрамына Қазақстаннан Ф.И. Голощекин кірді.
Осы комиссия дайындаған жоба Саяси Бюро мәжілісінде қаралып, соның негізінде БК(б)П ОК 1930 жылғы 5 қаңтарда «Коллективтендірудің қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек беру шаралары туралы» қаулы қабылдады.
Онда Қазақстан коллективтендіруді 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтауы тиіс болып белгіленді. Бірақ Қазақ өлкелік партия коммитеті 1929 жылдың желтоқсан айында-ақ ұжымдастыруды егіншілік аудандарда ғана емес малшаруашылығымен айналысатын аудандарда да жеделдетуге нұсқау беріп қойған еді.
Жаппай коллективтендіру науқаны басталардан бұрын 1926-1928 жылдары Қазақстанда «Кіші Қазан» науқанын, яғни ауылды кеңестендіруді, шабындық және жайылымдық жерлерді қайта бөлуді, мал тәркілеуді қатыгездікпен белсенді жүзеге асырған Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин жаппай ұжымдастыруда да Қазақстанға тән өлкелік ерекшеліктерді ескермеді.
Бүкіл Одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтың 80 пайызға жуығы (4236 мың адамды біріктіретін 706 мың жеке, ұсақ шаруашылық) Қазақстанда болатын. Ұжымдастыру үшін оларды алдымен жерге орналастыру және жаппай отырықшыландыру керек еді. Бұл екі күрделі процесс (отырықшыландыру мен ұжымдастыру) шұғыл түрде және қатар жүргізілді.
1928 жылы Қазақстандағы барлық қожалықтың 2%-ы ұжымдастырылған болатын. Ал 1930 жылдың 1 сәуіріне қараған тұста ұжымдастыру көрсеткіші 50%-ға, қазанда 65%-ға жетті.
1930 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында ғана ұжымдастырылған шаруа шаруашылықтарының саны бұрынғыдан екі есе асып кетті.
Қазақстан басшылығы отырықшыландыру процесін ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі малшаруашылығына, ұлттық салт-дәстүрлерге қарсы қойды.
Қазақстан Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі 1928 жылы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декрет шығарды. Жаппай ұжымдастыру кезінде байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты да жағдайды одан әрі ауырлата түсті. Осындай қатал шаралар және ет, астық дайындау науқандарындағы асырасілтеушілік, қазақты дәстүрлі даму жолынан күшпен тайдыру әрекеті халықтың жаппай қарулы наразылықтарын туғызды.
Ресми мәліметтер бойынша 1929-1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтеруі болды. Тоталитарлық жүйе бұл көтерілістерді аяусыз, әскер күшімен басып отырды.
Көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларды зорлап отырықшыландыру жоспары алғашқы бесжылдықта (1932 жылдың соңына дейін) сәтсіздікке ұшырады. Қазақстанда 400 мыңның орнына 70,5 мың шаруа қожалығы ғана отырықшыланды.
1933 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан шаруашылықтарының 67,3 пайызы, ал 1937 жылдың 1 шілдесінде 97,5 пайызы ұжымдастырылды. Күштеп ұжымдастырудың және жоспарлы түрде жаппай отырықшыландырудың зардаптары өте ауыр болды. Қазақ халқы бәрінен көп зардап шекті.
Ұжымдастыру қарсаңында республикада 40,5 млн. мал басы болса, 1933 жылғы 1 қаңтарда небәрі 4,5, млн. ғана мал қалған еді. Мұның соңы қазақ халқының ашаршылыққа және жаппай босқыншылыққа ұшырауына ұрындырды. 1929-1933 жылдары миллионға жуық адам Қазақстаннан ауып, Қытайға, Ауғанстанға, Иранға және т.б. елдерге көшіп кетті. Олардың 600 мыңы тарихи отанына оралмады. Аштық құрбандары болғандардың саны 1798,4 мың адам болып, сол кездегі қазақтың 46,8 пайызын құрады.
1932 жылғы шілдеде республика қайраткерлерінің бір тобы – Ғ. Мүсірепов, М. Ғатаулин, М. Дәулетқалиев, Е. Алтынбеков, Қ. Қуанышев аштық және оның себептері туралы БК(б)П өлкелік комитетіне, тікелей Ф. Голощекинге ашық хат жазды. Бұл хат тарихта «Бесеудің хаты» деп аталды.