Көрнекілік және үлестірме материал: Слайд, карта, тест материалдары
Ұсынылатын оқу тізімі:
1.Қазақстан тарихы, ІІ Том.Алматы, 1998ж.
2. Артықбаев, Ж. Қазақстан тарихы [Мәтін]: Оқулық Астана: Фолиант, 2013.- 360 б.: 70х90.
3.І.Есенберлин. Алтын Орда. Алматы, 1982ж.
Бақылау сұрақтары:
1.Моңғол шапқыншылығының Қазақстан аумағына тигізген зардаптары
2.Ортағасырлық мемлекеттердің саяси құрылымы
Дәріс 4. Қазақ хандығының құрылуы. ХУІ-ХУІІ ғғ. Қазақ хандығы
Дәрістің мақсаты:Қазақ хандығының құрылу процесін талдау, қазақ жеріндегі тұңғыш дербес мемлекеттің мемлекеттік құрылымын анықтау;
Түйінді сөздер: Хандық, Үш жүз, ру, Керей, Жәнібек,
Күтілетін нәтижелер: Тұңғыш қазақ мемлекетінің негізін қалаған қоғам қайраткерлерінің еңбегін біледі.ХУІ-ХУІІ ғасырлардағы Қазақ хандығының қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына тән ерекшеліктерді түсінеді.Тарихи фактілердің маңыздылығын жіктейді.
Негізгі сұрақтар:
1 Қазақ халқының қалыптасуының тарихи алғышарттары. Қазақ хандығының құрылуы.
2.ХУ-ХУІ ғғ. Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы
3.Жоңғар хандығы
Қазақ хандығы - Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. 1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері - Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді.
XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс болды. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын.
Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды.XV-XVII-ғ. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ этносының материалдық және рухани мәдениетінің негізгі сипаттары қалыптасты.
XVI-XVII ғ. Қазақ хандығының шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз кезінде “Жерді біріктіру” процесін жедел жүзеге асырып, неғұрлым көзге түскен қазақ хандарының бірі – Жәнібек ханның ұлы Қасым. Қасым ханның тұсында (1511-1523) феодал ақсүйектердің қарсылығы әлсіреп, әскери қуаты артты. “Тарихи-Рашиди”, “Шайбанинама”, т.б. деректерге қарағанда, қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген. Қасым хан алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Сол үшін, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды. Әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати Тарихи Рашиди кітабінда: «Қазақ хандары мен сұлтандары арсында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» дейді. Қасым хан өлгеннен кейін сұлтандар мен феодалдардың өзара бақталасы, қырқысы күшейді. Сыртқы саяси жағдай қолайсыз болып тұрған кезде, өзара қырқысуының зиянды зардаптары хандықты әлсіретуге әкеп соқты.
XVI ғ. – II жартысында әлсіреген хандықты біріктірерде Қасым ханның баласы Хақназар (Ақназар) (1538-1580) өз үлесін қосты.Ол 42 жыл биледі. Хақназар хан – таққа отырған соң хандық үкіметінің билігін нығайтуға қажырлы күш жұмсады. Өзінен бұрынғы Таһир хан мен Бұйдаш хан тұсындағы бытыраңқылықты қайта қалпына келтірді.
Ол билік құрған кезде сыртқы саясатта аса ірі тарихи оқиғалар болды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай іргесін кеңейтіп 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахань хандығын Россияға бағындырды. Осыған байланысты, Еділ мен Жайық арасында ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасын билеген маңғыт мырзаның арасында үкімет билігіне таласқан феодалдық қырқыс күшейді, бұл халық бұқарасын күйзелтті.Хақназар тұсында Қазақ хандығының күшеюі Ноғай ордасындағы қазақ тайпаларын қызықтырып өзіне тартты, кейіннен келіп қосылды.Қосылуға қарсылық танытқан ноғайларды күшпен бағындырды.Ол туралы 1569 жылы ноғай бектерінің Ресей патшалығына жеткізген шағымдарынан білуге болады.
Хақназар хан қаза болғаннан соң, оның орнына Жәдік сұлтанның баласы Әз Жәнібек немересі Шығай (1580-1582) хан болды.
Ол билік құрған кезінде Хақназарды өлтірген Бұхар ханы Абдолла II (1557-98) тұсында Ташкент маңын билеген Норазахмет (Барақ) ханның баласы Баба сұлтаннан өш алумен болды. Сол жорық кезінде қайтыс болды.
Шығай ханның орнына отырған Тәуекел хан (1586-1598) тұсында Ресей мемлекеті мен қазақ хандығы арасында дипломатиялық қатынас күшейе түсті. Ресейдің мұндағы мақсаты: Қазақ хандығымен одақтасып, Сібір ханы Көшімге қарсы күресу, осы одақтасты пайдаланып, Орта Азия хандарымен келіссөз жүргізу еді. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін белсене күресті.1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сырдария бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижано, Акси, Самарқанд сияқты қалаларды қазақ хандығына қаратты. Бұқара қаласын қоршауға алған кезде Тәуекел хан жараланып қайтыс болды.
Одан соң хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598-1628) билік етті. Ол 1598 жылы Бұқарамен бітім шарттын жасасты, шарт бойынша өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойындағы қалалар мен Ташкент қазақ хандығына ресми берілді.Сол сәттен бастап Ташкент 19 ғасырдың бастауына дейін Қазақ хандығының құрамында 2 ғасырдай болды.Есім хан қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. Есім ханның бұл саясатына қарсы болған сұлтандар Қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң, оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Екеуінің арасында билік үшін саяси күрес болды. Есім хан елді жуасытып бағындыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол қанға-қан, кек алу, құн төлеу, әмеңгерлікті сақтау, зекет, ұшыр жинау, айып салу, діни патриархалдық екі салтқа арқа тіреу және т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын «Есім хан салған ескі жол» деп атады.
1628 жылы Есім хан қайтыс болғаннан кейін орнына Жәңгір хан болған. Ол басы үлкен, кеудесі кең, аласа адам болған екен. Сол себепті халық арасында оны «Салқам Жәңгір» деп атаған.Оның тұсында ойрат-жоңғарларының көсемі батыр Хұнтайшының күшейген кезі еді. Олар қазақ хандығына бірнеше рет жорық жасады. Жәңгір хан Бұхара хандығымен одақтасып, Жоңғар феодалдарының шабуылына қарсы күресті.“Қазақ-ойрат” қарулы күресінің тууына мынадай жағдайлар себеп болған еді.Біріншіден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан екі жақтың билеушілері үшін көшіп-қонатын жерді кеңейту керек болды;Екіншіден Жоңғар феодалдары Сырдария бойындағы сауда орталықтарын басып алғысы келді.Жәңгір хан тұсында ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас – біріншісі 1635 ж., екіншісі 1643 ж., үшіншісі 1652 ж. болған.1643 жылы екінші шайқаста қазақтар жеңіп шықты. Осы жылдың қысында батыр Хұнтайшы қазақ жерлеріне шабуыл жасайды, ол сәтсіздікпен аяқталады. Бұл шабуылға Жәңгір 600 адаммен аттанады.Жәңгір хан екі таудың арасындағы тар жырауда ор қазып, бекініс жасайды. Өзі екінші бөлігімен таудың екінші бетіне жасырынады. Хұнтайшы ор қазып алып, ерлікпен қорғанып жатқандарға қарсы күрес жасайды. Осы кезде Жәңгір жаудың ту сыртынан соққы береді. Сөйтіп, жоңғарларды қатты жеңіліске ұшыратып, 10 мыңдай адам қырылады. Ұрыс бітуге жақындағанда 20 мыңдай әскермен Самарқан билеушісі атақты Жалаңтөс батыр Жәңгірге көмекке келеді. Хұнтайшы шегінуге мәжбүр болады. Одан кейін ол жан-жақты дайындалып 1652 жылы қайтадан қазақ даласына аттанады. Осы шайқаста Жәңгір қаза табады.
Жоңғар Хандығы – Батыс Моңғолияда 17 ғасырдың 30-жылдарына қарай төрт ойрат тайпасының бірігуі негізінде құрылған мемлекет.Ғылыми әдебиеттерде Жоңғар Хандығының негізін салған төрт тайпа – шорос, хошоут, дурвэд, хойттар аталады (торғауттар 1627 жылы батыстағы Еділ бойына қоныс аударған). Шыңғыс хан ұрпақтары құрған Юань империясы ыдыраған соң (1368 жылы) олар Батыс Моңғолияда қоныстанып қалған еді. Батыр қонтайшы кезінде (1635 – 53) хандықта қалалар сипатындағы отырықшы елді мекендер салына бастады, жер игеру біршама ілгеріледі. Осыған қарамай Жоңғар Хандығы көшпелі мемлекет ретінде тарихта қалды. 1640 жылы Тарбағатай тауларының етегінде біріккен моңғол, қалмақ және ойрат тайпалары басшылары моңғол – ойрат заңдарын қабылдайды. Жинақ “Цааджин бичиг” деп аталды. Онда моңғол-ойрат тайпаларының ішкі тіршілігі, мемлекет құрылымы, әскери қызмет атқару тәртібі, діни ұстанымдары белгіленген. Батыр қонтайшыдан кейін билік басында болған қонтайшылар Сенге (1653 – 1671), Қалдан Бошақты (1671 – 1697), Севан Рабдан (1697 – 1727), Қалдан Серен (1727 – 1745) Батырдың саясатын одан әрі жалғастырды. Олар хандықтың ішінде егін шаруашылығы мен ұсақ кәсіпшіліктер, сауда қатынастарының дамуына едәуір ықпал жасады. Қол өнері мен кәсіпшілік дамыды. Оларда соғыста қолға түскен тұтқындар да жұмыс істеді. Саудаға Шығыс түркістандықтар белсене қатысты. 18 ғасырларға қарай Жоңғар Хандығындағы адам саны 1 млн-ға жетті, басқа ұлттарды қосқанда мемлекеттегі халық саны 1,5 млн-ға жуық еді.
Достарыңызбен бөлісу: |