2.3 Қазақстанда психологияны оқытудың дамуы Қазақстанда психологияны оқытуды дамуы Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары елде мамандарды дайындау міндетін шешумен байланысты жүзеге асып отырды. Қазақ зиялыларының ішінде тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелері саласында сындарлы, терең мағыналы ғылыми еңбектерді өндіре жазған Жүсіпбек Аймауытов 1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап «Тәрбиеге жетекші» еңбегін, 1926 жылы «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау», 1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары» мектеп оқушыларына арналған «Жаңа ауыл», «Сауатсыздықты қалай жою керек?» т.б. еңбектерін жариялады.
1928 жылы жалпы білім беру мектептері мен техникумдары үшін ең алғашқы қазақстандық мамандарды даярлайтын Педагогикалық институт өзінің білім беру қызметін бастады. 1930 жылы қазақ мемлекеттік университеті қазақ мемлекеттік педагогикалық институты (ҚазПИ) болып өзгертілді, ал 1935 жылы оған ұлы Абайдың есімі берілді. Ұзақ уақыт бойы халықты жаппай сауаттандыру мен әлемдік мәдениетке қол созу осы жоғары оқу орнының басты идеясы болып келді.
1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Осы жылдары Қазақстан республикасын зерделі әрі ғылыми зиялы қауыммен қамтамасыз еткен Қазақ мемлекеттік университеті болатын.
1945 жылы КазПИ-де республика бойынша тұңғыш психология кафедрасы құрылды.
1946 жылы Орталық комитетінің орта мектептерінде логика мен психологияны оқыту жөніндегі қаулысына сәйкес Қазақ КСР ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаевтың басшылығымен 1947-1953 жылдарда Қазақ университетінде логика және психология мұғалімдерін даярлайтын бөлім ашылды. 1951-1953 жылдар арасында осы бөлімде жүзге жуық адам бітіріп шықты. Оның көпшілігі психологиядан мамандық алып шығып, республиканың жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарына мұғалімдік қызметке жолдама алды. Республика үшін психолог кадрларды дайындауда профессор Т.Тәжібаевпен бірге соғыс жылдары Саратовтан келген профессор И.Л.Стычинский (1896-1969) зор үлес қосты. Т.Тәжібаев ҚазПИ мен ҚазМУ-де психология пәнінен қазақ тілінде дәріс оқиды. Ғылыми жағынан мазмұны терең осынау дәрістері студенттер мен мұғалімдердің психология саласында тиянақты да жүйелі білім алуына кезінде біраз көмегін тигізді. Өз еңбектерінде Т.Тәжібаев бұрын әр жерде шашырап, белгілі жүйеге түспей жүрген ұлттық психологиялық терминдерін саралап, бұл ғылымның төл тілімізде тамыр жая түсуіне жағдай жасады. Т.Тәжібаевтың «Жалпы психология» атты үлкен еңбегінде (1933) психология ғылымының теориялық негіздері баяндалады. Бұл 1940, 1946 жылдары жарық көрген профессор С.Л.Рубинштейннің «Основы общей психологии» атты кітабының ғылыми принциптерімен астарлас дүниежүзілік классикалық психологияның іргелі теориялық қағидаларынан мол мағлұмат беретін, Ж.Аймауытов кітаптарынан кейінгі кезектегі психологиялық еңбек еді. Осы кезде КазПИ мен КазМУ-де психологиядан аспирантура ашылды.
1937-1940 жылдары Қазақ университетінде, Абай атындағы педагогикалық институтта Сұлтанбек Қожахметов педагогикадан, оның тарихынан, психологиядан дәрістер оқыды. Сұлтанбек Қожахметов (1910-1945) дидактика мәселелерімен жан-жақты айналысқан педагогтардың бірі өзінің "Педагогика мәселелері' (1940 ж.), - деген атпен шыққан кітабында шәкірт меңгеретін білімнің саналылығы мен жинақтылығының өлшемдері баланың өз бетімен оқу дағдысын қалыптастыру, оқушының эстетикалық (сұлулық) талғамдарын дамытып қалыптастыру, оның алған білімі мен дағдысын, іскерлігін бағалай білудің ғылыми негіздерін қарастырады. Осы жылдары Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының ғылыми зерттеу институтында педагогика бөлімінің меңгерушісі болды. Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде Қазақстанда педагогика, психология ғылымдарын жұртшылықққа кеңінен насихаттаушылардың алдыңғы қатарында жүрді.
1944 жылы қазақ қыздарын Қазақ Қыздар Педагогикалық институты өз қабырғасында білім алуға шақырды. Мұнда кең ауқымдағы гуманитарлық білім болашақ мұғалімдерге, музыканттарға, психологтар мен логопедтерге ұсынылды.
Қазақстанда психология ғылымының қалыптасуына қолайлы жағдай жасаған басқа факторлар да аз болған жоқ. Соның бірі Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыда, сондай-ақ республиканың кейбір облыс орталықтарында Ресей, Украина т.б жерлерден уақытша көшіп келген белгілі ғалымдар қызмет еткені мәлім. Бұлардың арасында психология ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі де бар еді. Мәселен, КазПИ-де профессор психолог М.П.Рубинштейн, Қызылордада белгілі Украина психологі, кейін академик болған Г.С.Костюк, Қостанайда профессор В.Я.Резник т.б. жұмыс істеді. Олар жергілікті ғалымдармен бірлесіп еңбектер жазды. Мәселен, М.П.Рубинштейннің «Батылдық психологиясы» атты зерттеуіне кезінде баспасөз беттерінде жылы лебіз білдірілді. Республикадағы психология ғылымы, әсіресе соғыстан кейінгі жылдарда елеулі қарқынмен дами бастады. Оған да бірнеше сәтті жағдайлар себеп болды.
Қазақстандағы психологияны оқытуға және осы ғылымның өркен жаюына шама - шарқынша үлес қосқан ғалымдардың алғашқы тобына Абдолла Темірбеков (1904-1972), Сәлкен Балаубаев(1902-1972), Елеш Суфиевті (1919-1980) жатқызуға болады. А.Темірбеков 1930-1940 жылдары Орал, Қызылорда пединституттарында ректор қызметін атқарды. 1962-1972 жылдары Алматы шет елдер институтының педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Студенттерге психологияны орыс, қазақ тілдерінде сабақ береді. А.Темірбеков пединституттар мен университеттер үшін С.Балаубаевпен бірлесіп «Психология» оқулығын жазды.
Балаубаев Сәлкен — алғашқы қазақ психологтарының бірі. Ол Қазақ педагогика училищесінде (Ташкент), Қазақ педагогика институтында (Алматы) психология пәнін оқытушы, Орта Азия еңбек қорғау ғылым-зерттеу институты лабораториясында, Қазақ АКСР Оқу халық комиссариаты жанындағы Әдістемелік кеңесте ғылыми қызметкер болып істеді. Балаубаев Сәлкен 1937 — 1938 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. 1939 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды педагогика институтында психология пәнінен дәріс беріп, ұстаздықпен айналысты. Жоғары оқу орындарына арналған “Психология” оқулығында Балаубаев Сәлкен жеке тұлғаны қалыптастыру, адам өміріндегі идеалдың маңызы, қажеттіліктің орны мәселелерін зерттеді. Темперамент типтеріне сипаттама беріп, оның мінезбен байланысын ашып көрсетті.
Республикада психология саласында диссертация қорғаған алғашқы ұлт кадрларының бірі Е.Суфиев болды, ол «Қазақ мектептерінің орыс тілінің меңгеруінің психологиясы» атты тақырыпта диссертация қорғады. Е.Суфиев 1946-1980 жылдары Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарында психологиядан сабақ береді. Өмірінің соңғы жылдары Қазақ қыздар институтында психология кафедрасын басқарады. Е.Суфиев психология саласында жазған біраз еңбектердің авторы.
Қазақстанда психологияны оқытуға әрі осы ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдардың бірі - Мәжит Мұқанов ( 1920-1985). Ол Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін Ленинградтың Н.И.Герцен атындағы педагогикалық институтын бітіріп, кейін Қазақ университетінде психология мамандығы бойынша аспирантураны тәмәмдайды. 1953 жылы Т.Тәжібаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғайды. Ол болашақ мамандарға жас және педагогикалық психологиядан дәріс берді. Профессор М.Мұқановтың қазақ психологиясына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол өзінің артынан 10-нан астам жеке кітап (оқу құралдары, монография, әдістемелік жинақтар т.б.) қалдырды. Ғалым тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезінде-ақ ешкімнен тайсалмай, жасқанбай қазақтардың ұлттық психологиясын зерттеуге алды. Өзінің 20 жылға созылған этнопсихологиялық еңбектерінде қазақ халқының сонау ерте замандардың өзінде-ақ ой өрісі өте жоғары болғанын эксперимент арқылы дәлелдеп берді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында психология пәнін оқыту қарқынды жүзеге аса бастады. Көптеген жоғары оқу орындарында психология дербес кафедра болып ашыла бастады. Мәселен, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде 1954жылы психология, психиатрия және наркология кафедрасының негізі қаланды.
Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің психология кафедрасы дербес кафедра ретінде 1973 жылы құрылған. Кафедраны әр жылдары доцент Е.Суфиев, (1973-1976 жж.), доцент Қ.Рақымбеков (1976-1989 жж.) басқарды. 1989 жылдан бүгінгі уақытқа дейін психология ғылымдарының докторы, профессор Х.Т.Шерьязданова басқарып отыр. Университетте кафедра ашылғанға дейін әр жылдары академик Т.Тәжібаев, доценттер Қ.Р.Рахымбеков, С.М.Мусин, А.Х.Темірбеков сынды республикаға белгілі ғалым-психологтар дәріс берген.
Ресейде сияқты Қазақстанда да ТМД-ң басқа елдеріндегідей соғыстан кейінгі жылдарда психологияның жеке салалары дами бастады. Олардың көбісі тәжірбиелік практикаға негізделді. Соғыстан дейін де республикада педагогиканың психологиясы дами бастаған. Ал егер психологияның қолданбалы салаларына келетін болсақ, ол жылдары олардың дамып, қолданылуына кадрлардың болмауынан және қоғамның тарапынан сұраныс болмауынан ешқандай мүмкіндік болмады.
Соғыстан кейінгі жеке қолданбалы салаларға сұраныс арта түсті. Мысалы заң мен сот психологиясының мәселелерін қолданысқа түсіруде. 60-70 жылдарда республикада ең бірінші психологияға байланысты хабарлар шыға бастады. Бұл жерде мынандай монографиялардың авторы профессор Г.Доспулатовты айта келген жөн. «Куәгерлер мен жәбірленушілердің куәлендіру сөздерінің психологиясы» (1975ж), «Алдын-ала жасалған тергеудің тергеу психологиясы» (1976), «Қылмыстық процестегі тергеу психологиясы» (1996) және т.б. монографиялар жарық көрді.
Адам туралы ғылымдардың жүйесінде спорт психологиясы ең елеулі орындар алды. Әртүрлі спорт шындарына көтерілу үшін бұл психология индивидуалдық тәрбие мен дайындық жүргізді. Қазақстанда спорт психологиясының негізі 1945 жылы 1 науырызда бірінші дене тәрбиесі оқу орнынының ашылуымен байланысты болды. Осы педагогика және психология кафедрасында дене тәрбиесінің жалпы және спорт психологиясы оқытыла бастады. Осы жерде ең алғаш ғылыми зерттеулер мен алғашқы еңбек тәжірбиесі жүргізілді. Одан кейін спорт психологиясы Ф.А.Гребустың институтқа келуімен екінші рет туғандай болды. Осы ғалымның тәжірбиесі мен зерттеулеріне сүйене отырып, дене тәрбиесін оқыту орындарында психологияның берілу деңгейі жоғарылады.
50 жылдардың ортасынан бастап қана Қазақстанда медициналық психологияға жеке ғылыми сала ретінде қарала бастады. Бұл саладағы ең алғашқы монографиялық еңбек Қарағандылық психолог А.М.Свядотанікі болатын Бұл еңбектің аты «Жүйке жүйесінің бұзылу аурулары және оларды емдеу», 1959 жылы жарық көрген. Өз еңбегінде А.М.Свядота жүйке ауруларының патологиясын қарастырады. Психопатиялық ауру ерекшеліктерін зерттей отырып, науқастың мінез-құлығынан аурудың қандай арнада өтіп жатқандығын хабардар етеді. Бұл еңбекте көптеген психикалық, патологиялық аурулардың түпкі әсер ететін жағдайлары көрсетіледі. Бұл ғалымның 1966-1979 жылдар арасында жарық көрген басқа де еңбектері үлкен болашағы бар монографиялар.
Бiзде психология кадрларын даярлаудың екiншi кезеңi 35 жыл үзiлiстен кейiн әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде 1988 жылы қолға алынды. Онда да тек орыс тобы ғана болған едi. 1988 жылдан бастап Қазақ, кейінен Қарағанды, Қазақ педагогикалық, Шығыс Қазақстан университетінде, Ақтөбе пединститутында психолог кадрларды даярлана бастады. Ал қазақ тiлiнде психологтарды даярлау республиканың оқу министрлiгi шешiмiне орай 1991 жылы, яғни тәуелсiздiкке ие болумен тұспа-тұс келдi.
Қазiргi кезде республикамыздың мемлекеттiк 14 университеттерiнде қазақ тiлiнде психолог кадрлары дайындалып жатыр. Олардың әрқайсысында 100-ден астам қазақ студенттерi оқиды. Психологияға қазiргi кездегi сұраныстың көптiгiнен мемлекеттiк емес оқу орындарында психолог кадрлар даярлануда.
Пысықтау сұрақтары 1.Ресейде ХҮІІІ-ХХ ғасырларда психологияны оқыту қалай жүрді?
2.Кеңес дәуірінде психологияны оқытудың негізгі ерекшеліктері неде болды?
3.Қазақстанда психологияны оқыту қалай дамыды?
4.Қазақстанда психологияны оқытуға үлес қосқан психологтар кімдер?