Ашаршылық куәгерлерінің әңгімелері ұрпақтарының естеліктерінен
«Атам Шәкен Ерейментаудың Торғай ауылында тұрыпты. 1929 жылы кәмпескеде бүкіл мал-мүлкін тәркілеген екен. Сол жылы жұбайы Гүлзағи әжеміз қайтыс болып, баласы жетім қалады. Шәкен 2 жастағы баласы Саттарды Омбыдағы жетімханаға апарып өткізген.
Ондағы себеп, Қазақстанда жетімханадағы балалар да аштықтан қырылып жатқан кез екен. 1930 жылы өткізген баласын 1934 жылы барып алып қайтады.
Атамыз қайтыс болардан бұрын ертіп барып, ауыл шетіндегі бір төбені көрсетті. Осы жерде 25-30 мыңға жуық ашаршылық құрбандары мен атылғандардың мүрдесі жатыр. Бұл жерді баспаңдар деп айтып еді» дейді ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейі қызыметкері Тұрар Саттарқызы.
Жазушы, сценарист Ерлан Төлеутай:
«Тағы бір айтайын дегенім, ашаршылықтан қазақтың жартысы қырылды деп жатыр. Мен өзім Арқаның (Қарағанды облысы) қазағымын. Мысалы, Қарқаралы ауданында шамамен ашаршылыққа дейін 50 мың адам тұрады да, ашаршылықтан кейін 15 мың адам қалады.
Менің ауданым Жаңаарқада ашаршылыққа дейін 25 мыңнан аса халық болған екен. Кейін бес-ақ мың адамды санаған. Шет ауданында да ашаршылыққа дейін 26 мың халық болса, кейін бес-ақ мыңы қалған.
Иә, ашыққан адамның психологиясы өте қатты өзгереді. Қанша қиналса да, ең соңғы мүмкіншілікке дейін баласын жемейді ғой. Бірақ әбден өлуге айналғанда алдымен қыз баласын жейді екен. Ұлым тірі қалса екен деген ой. Бірақ бәрі өледі.
Сосын босып келе жатқанда, әбден қажыған аштар алқа-қотан отырып бір-біріне «сенің балаң бітті, енді адам болмайды, соны жейік те» деп ақылдасады екен. Осындай келісімге келеді екен. Бұл масқара ғой».
Достарыңызбен бөлісу: |