Қаншама халық аштан қырылды. Кеңестік режимнің қолдан жасалған саясатының құрбаны болды. Қазақ халқының елу пайызға жуығы көмусіз қалыпты. Көмусіз қалған мәйіттер қаншама?! Қаншама бала мен ананың сүйегі далада шашылып қалды. Аштық құрбандарына қара тас қойып, мемориалды тақта ілу аздық етеді. Жазықсыз құрбандарға арналып, еліміздің әрбір аймағында ескерткіш тақталар бой көтеруі қажет. Деректі фильмдерден бөлек, көркем фильмдер де түсірілгені абзал. Ақиқат шындықты көрсететін нақты деректерге құрылған фильмдер жарық көрсе, қазақ өзінің басынан қандай зұлматтардың өткенін түсінген болар еді. Сонда ғана келешек ұрпақ Тәуелсіздіктің біздің халыққа оңай жетпегенін, сол жолда қаншама халықтың шейіт болғанын сезінер еді.