2. Сақтар
Біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдың 40-шы жылдар аяғында грек тарихшысы Геродоттың "Тарих" деп аталатын еңбегінде және басқа да қол жазбаларда біздің заманымыздан бұрынғы I-мың жылдың орта шенінде Орта Азия мен Қазақстан жерінде сақ деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одағы болғаны айтылады. Бұл одақ массагеттер, каспийшілер, исседондар, кейініректе аландар, сарматтардан тұрған. Персия патшасы I Дарийдің Нақширустамдағы /Персопольға жақың/ тас жазуларында Сақ тайпалары үш топқа: Сақ-хаумаваргаларға /хаома сусынын дайындайтын сақтар/, Сақ-тиграхаудаларға /төбесі шошақ бас киімдері бар сақтар/, Сақ-парадараяндарға /теңіздің арғы бетіндегі сақтар/ бөлінеді делінген. Бірінші топтағы сақтар Ферғана жерінде мекендесе, екіншілері Сырдарияның орта аймағы және Жетісу жерін жайлап, үшіншілері - еуропалық скифтер немесе Арал теңізі және Сырдарияның арғы бетіне орналасқан.
Геродоттың айтуынша, сақтар, скиф тайпалары, бастарына тік тұратын төбесі шошақ тығыз киізден істелінген бөрік және шалбар киген. Олар садақ, қысқа семсер және айбалтамен қаруланған. Тамаша атқыш жауынгерлер болған.
Сақ тайпаларында көпке дейін матриархаттық ел билеу тәртібі сақталып, әйелдер ерекше жағдайда болған. Мәселен, олардың көсемдерінің бірі - тамаша сұлу, әрі жігерлі, елге әйгілі патша ханым Заррине ел билеп, қалаларды салуға және әскери жорықтарға өзі қатысқан. Персия мемлекетінін патшасы Кир - Мидия патшасы Крезбен б.з.б. 558-529 жж. соғысқан кезде - сақтармен одақ жасасып, олардан әжептеуір көмек алған. Кейін Кир сақтар мен массагеттерді өзіне бағындыруды ұйғарады. Сөйтіп, Мидия патшалығын жеңгеннен кейін Кирдің әскерлері сақтардың жеріне басып кіреді. Сақтар парсылардың басқыншылық әрекетіне қарсы қайсарлықпен қарсылық көрсетеді. Кирдің әскерлері өздерінің жеңісін тойлап жатқан кезде, сақтардың жауынгерлері тұтқиылдан лап қойып, парсыларды қырып салады. Осы шайқаста олар Кирдің өзін де өлтіреді. Осыған байланысты Геродот жазбаларында мынадай аңыз бар: Парсыларды жеңгеннен кейін Сақтардың әйел патшасы Томирис: "Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын",— деп үлкен торсыққа толтырып қан кұйғызып, оған Кирдің басын салдырады.
Кирдің Орта Азиядағы басқыншылық жорықтарын I Дарий /б.з.б. 521-486 жылдар/ жалғастырады. Жеке-жеке отырған Сақ тайпаларын бір-бірлеп бағындырған ол аз уақыт болса да, оларды басып алды. Сақ тайпаларының біраз бөлігі оларға салық төледі және парсы патшасына жасаққа жігіттер беріп тұрды. Тіпті сақтардың біразы парсы патшасының "өлмейтін он мың" деп аталатын ұланының құрамына кіріп қызмет етті. Б.з.б. VI ғасырдың аяғы V ғасырдың басында /500-449 жж./ ежелгі Шығыстағы грек-парсы соғысында сақ тайпалары парсылар жағында болды. Мәселен, б.з.б. 490 жылғы грек-парсы әскерлерінің Марафон жеріндегі болған соғыста сақтар парсылар жағында болып, гректерге қарсы соғысты.
Б.з.б. IV ғасырдың 30-шы жылдарында мақедониялық гректер Александр Мақедонский басшылығымен соңғы Ахеменид, III Дарий Кодоманның әскерлерін талқандап, Орта Азияға баса көктеп кірді. Олар Марақандты /Самарқандты/ алып, Сырдарияға бет алды. Сырдария бойына бекініп алу үшін кішігірім "Александр Крайный" немесе "Шеткі Александр" деген қала салдырды.
Александр Мақедонскийдің басқыншылық әрекетіне қарсы көшпелі Сақ тайпалары асқан ерлікпен, табан тіресе соғысты, кескілескен ұрыстарда катапультпен қаруланған гректер оқтың күшімен сақтарды кейін шегіндірді. Соғыста сақтар мыңдаған адамынан айрылды. Гректер сақтардың біраз жерін басып алды. Бірақ Александр Мақедонскийдің әскерлері сақтардың жерінде көп тұра алмады. Ыстық күн, жолсыз шөл дала, ержүрек сақтардың, тынымсыз шабуылы, Александр Мақедонскийдің сырқаттанып қалуы гректерді қашуға мәжбүр етті. Олар Сыр бойындағы "Шеткі Александрді" тастап, Самарқанд қаласына шегінді. Сөйтіп, Сырдария сыртындағы Сақ тайпалары грек басқыншылығына қарсы күресте өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Александр Мақедонский б.з.б. 323 жылы сүзектен қайтыс болды. Ол өлгеннен кейін, оның ұлан-байтақ империясы ыдырай бастады. Өйткені ол берік экономикалык және саяси байланыс бірлігі жоқ әр түрлі тайпалар мен халықтардан құрылған мемлекет еді.
Сақ тайпалары көшпелі және жартылай мал шаруашығымен айналысты. Оның себебі, біріншіден, бұл тұста климат жағдайы өзгеріп, құрғақшылық болып, күн ысып, өзен, көл сулары тартылып, шөп шықпайтын шөлейт жерлер пайда бола бастаған еді. Екіншіден, бұл жерлер бұрынғы теңіздің табаны болғандықтан, оның біраз бөлігі құнарсыз, сусыз, сортаң болып келді. Мұндай жерлерге өсімдік, шөп шықпайды, егін егуге де жағдай болмады. Сондықтан бұл жердегі адамдар мал өсірумен шұғылданып, оны өзінің тұрақты кәсібіне айналдырды. Малдың жайылымына қарай олар көшіп-қонып жүрді.
Көшпелі мал шаруашылығымен айналысу далалы және шөлді жерлерді мекендейтін тайпалардың өміріндегі ірі жетістік еді, мұның өзі алғашқы қоғамның өндіргіш күштерінің дамуын ілгері бастырған қадам. Мал өсіруге маманданған адам еңбегі неғұрлым өнімді бола түсті де ет, май, тері, жүн т.б. өнімдерді көп өндіруге мүмкіндік берді. Мал шаруашылығы өнімдері неғұрлым көп өндірілген сайын олардың құны артып, мал өсірушілер мен егіншілер арасындағы айырбастың дамуына жағдай жасады. Сақтардың мал шаруашылығының негізгі бағыты қой өсіру еді. Оның еті мен сүті ғана емес, сонымен бірге киіз басу, арқан есу үшін жүні де іске асты. Б.з.б. I мың жылдықтың орта шеніндегі грек авторы Харил Сақ тайпаларын қойшылар тайпасы деп атаған. Сақтардың тұрмысында жылқы да үлкен рөл атқарады, өйткені ол мінсе - көлік, жесе - тамақ, ішсе - сүті сусын қымыз. Сақтардың заманында жылжымалы арба да болған. Гиппократ скифтердің тұрмысын суреттей келіп, былай деп көрсетеді: "Арбалар өте шағын, төрт доңғалақты. Басқа бір алты доңғалақты арбалар киізбен жабылатын үйге ұқсас екі және үш қабат киіз жабылған арбалар жасалып, олар жаңбыр мен желден пана болды... бұл арбаларда балаларымен әйелдер отырып, ал ерлер қашанда ат үстінде жүретін".
Оңтүстік Қазақстан жеріндегі /Сырдария аңғары, Арыс, Келес т.б. өзендер бойы/ сақ тайпалары егіншілікпен де айналысқан. Олар тары, арпа, бидай еккен. Кейбір жерлерде /Сырдария/ суармалы егін шаруашылығы дамыған. Сақ тайпалары мал шаруашылыгы мен егіншіліктен басқа аңшылықпен, балық аулау кәсіптерімен де шұғылданған. Олар таутеке, арқар, қабан, бұғы, бұлан, дуадақ аулайтын. Жартастағы суреттер таулы-далалық тайпалардың аңды салт атпен қоршап аулайтыны бейнеленген. Б.з.б. I мың жылдықтың орта шенінде, яғни сақ заманында өндірістің мамандандырылған түрлері болды. Бұлар руданы өндіру және өңдеу, темір ұсталығы, темірді құю және зергерлік істер еді. Бірақ сақтардың колөнер кәсібі жетілмеген болатын.
Б.з.б. I мың жылдықтың басында Қазақстан жерінің ежелгі тайпалары қызыл және қоңыр темір тасты, магнитті, темір жылтыры сияқты тез балқитын рудаларды жақсы білген. Мұны Қарқаралы қаласына жақын Суықбұлақ қоныс жұртын қазу кезінде табылған оңды сұрыпталған темір рудасының үйіндісіне карап білуге болады. Орталық Қазақстан мен Жетісу обаларынан б.з.б. ҮІІ-ҮІ ғасырларда темірден соғылған заттар - темір қанжарлар, пышақтар, жүген әшекейлері табылған.
Ежелгі Қазақстанда мыс-қалайы өндіру басым болды. Сақ заманында кен ісі мен руданы алғашқы өңдеу техникасы Андронов дәуірімен салыстырғаңда едәуір ілгеріледі. Сақ шеберлері, әсіресе, қола құю ісінде елеулі табыстарға жеткен. Шаруашылыктың жаңа түрлері өздеріне лайықты еңбек құралдарын жасауды қажет етті. Осыған байланысты ертедегі шеберлер ат тұрманын, қару-жарақ, ауыздық жасауды үйретіп, соғыс құралдарын, қару-жарақтарды, жебенің ұштарын, кысқа семсерлер (ақинақ), қанжар, ұзын семсерлер, найза, түрлі балталар жасады.
Метал өңдеумен бірге қолөнердің тұрмыстық ыдыс-аяқ жасау, тас қашау, сүйек ою, тері илеу, жіп иіру және тоқымашылықтың түрлері де болды. Темірден пышақ, металдан ыдыс, темір ілгектер, қашаулар, т.б. заттар жасалынды. Сақтар Алтай, Сібір, Шығыс және Батыс Еуропа халықтарымен тығыз байланыс жасап тұрды. Бұл жөніндегі қазылған ескі молалардан табылған заттар сақтардың өмірі туралы көптеген мағлұматтар береді. Сақтардың әлеуметтік қоғамы жөнінде айтқанда, олардың басты үш топқа белінгенін көрсетуге болады. Біріншісі - әскери топтар, екіншілері - ауқатты бай топтар, діни адамдар, жрецтер, үшіншілері - жай қатардағы сақтар, бұлар - кедейлер, оларға соқа және екі өгіз тән. Сақтардың молалары кең, биік болған. Сондай молалардың бірі — 1969 жылы қазіргі Алматы облысы, Есік қаласының жанынан табылды. Б.з.б. V ғасырда бой көтерген бұл қорған ағаштан қиылған, биіктігі 7 метр, оның ішінде жерленген бай жас сақ жауынгерінің барлық киімі алтынмен қапталған. Оның басындағы телпегінен бастап аяқ киіміне дейін атты, жолбарысты, тау ешкіні, құстарды бейнелейтін 4 мың алтын алқа қадалған. Мұны "Алтын адам" деп атайды. Ол - сол кездегі сақ тайпаларының тұрмысы, мәдениетінің қандай болғандығын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |