«Қазақстанның ежелгі тарихы» пәнінен тарих мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік кешенінің тізімдемесі



бет42/91
Дата07.01.2022
өлшемі0,91 Mb.
#20469
түріЛекция
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   91
4. Ғұндар

Б.з.б. I мың жылдықтың екінші жартысынан бастап Байкалдан Оңтүстікке және Ордосқа дейін созылып жатқан дала мен шөлейт аудандарда қарабайыр мал шаруашылығымен шұғылданған, этникалық жағынан әр түрлі тайпалар кешіп жүрді. Солардың басты бір тобы б.з.б. ІҮ-ІІІ ғасырларда Солтүстік Қытайдың шекарасына дейінгі жерді мекендеген тайпалық екі одақ - Сюнну және Дкилу бірлестіктері еді. Сюннулар (хунну немесе ғұндар деп аталады), әсіресе, б.з.б. III ғасырда мейлінше күшейді. Тайпалардың бұл тобының аты қайдан шыққаны белгісіз. "Ғұн" деген атаудың өзі кейінірек сюнну (хунну) деген аттан шыққан деп болжам жасалынды.

Ғұндардың этникалық тегі туралы мәселе әлі анықталып болған жоқ. Зерттеушілердің көпшілігі оларды түріктердің арғы аталары деп болжайды. Ғұндардың құдіреті тасып тұрған кезде, олардың бірлестігіне басқа бірнеше тайпалар косылған, сондықтан "Ғұн" атауы этникалық болудан гөрі саяси одақ атауына қарай айналыңқыраған. Ғұн тайпаларынын бір одаққа бірігуіне негізгі себеп қытайлықтардың бұларға қарсы төрт ғасырға созылған кескілескен соғысы деу керек. Хань империясы кезінде қытайлықтар ғұндарды талай рет басып алмақшы болады, бірақ ғұндар іргелес тайпалармен бірігіп, қытайлықтардың шабуылдарына батыл тойтарыс беріп отырады. Ғұн тайпаларының бірігіп топтасуы б.з.б. 209 жылы "ғұн үйінің өрлеуі" кезінде іске асты. Оларды бір одаққа біріктіру әйгілі Моде /Боғда/ батырдың есімімен байланысты. Оның туған жылы 230, ал өлген кезі б.з.б. 174 жыл.

Мөде ғұндарды күшті державаға айналдыру үшін әскери реформалар жүргізді. Мөденің басшылығымен ғұндар Саян-Алтай тайпаларына және Үйсіндерге шабуыл жасап, оларды өзіне қаратты. Мөде батыста Юечжей тайпаларына жорық жасап оны бағындырды. Б.з.б. 200-ші жылдары ғұндар Ордосты қаратып алды. Ал б.з.б. 200 жылы қытай Хань әулетінің негізін қалаушы Лю Баньмен соғысып, оны жеңді. Ұлы Қытай корғаны салуының бір себебі осы ғұндардың шабуылынан қорғану амалы еді. Қытайдың "Жылнама" атты байырғы кітабында айтылатын "тұрағы жоқ, үйі жоқ ғұндар бәле болды ғой" деп келетін жолдар ғұндардың Қытай еліне қатты қауіп төндіргенін көрсетеді. Б.з.б. 188 жылы Мөде мен Қытайдын Хань императоры "тыныштық және туыстық" жайлы шартқа қол қойды. Мөде қытай ханшасын өзіне әйелдікке алды, ал Хань империясы ғұндарға жыл сайын салық төлеп тұруға тиісті болды. Соғыстың нәтижесінде Забайкальеден Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзенінің орта бойына дейін созылып жатқан жердің бәрі ғұндардың қол астына көшті. "Ғұн державасы" орасан зор үлкен болғанымен оның осал ұрымтал жері де бар-тын. Мұның өзі олардың арасындағы берік бірліктің болмауымен байланысты еді. Осыдан келіп б.з.б. 59 жылы ғұндардың өз арасында соғыс басталды.

Б.з.б. 47 жылы ғұндар державасы оңтүстік және солтүстік ғұндар болып екіге бөлінді. Оңтүстіктегі ғұндар қытайдың Хань империясына бағынды. Ал Чжи-Чжи шаньюй бастаған солтүстіктегі ғұндар өздерінің тәуелсіздігін сақтап, Солтүстік Моңғолия және Шығыс Түркістанның Солтүстік аймақтарында көшіп-конып жүрді. Бұлардың бір бөлігі Тянь-Шаньнан өтіп, Қаңлы тайпаларымен шарттасып, олардың шығыс жағына қоныстанды.

Мұның өзі ғұндардың Қазақстан мен Орта Азия жеріне тұңғыш рет жаппай өтуі еді. Екінші бір толқыны біздің заманымыздың I ғасырында басталды. 93 жылы Хань империясының әскерлері ғұндардың күштерін ығыстырып, олардың солтүстіктегі тайпаларының бірін өздеріне бағындырып, енді біреулермен одақ жасасып, үшіншілерін батысқа қарай ығыстырды. Олар Тарбағатайға дейін келіп, Балқаш өңірінің оңтүстік шығысын жайлаған Юебань тайпалары пайда болды. Ғұндардың осы жылжуымен байланысты болса керек, кейінірек бұлар Орталық Қазақстан және Сырдариядан солтүстікке қарай созылған жерлерді алып жатты. Арал теңізі мен Каспий маңына шығып, аландар мен ассаларға шабуыл жасап, оларды батысқа қарай ығыстырды. Сөйтіп, ғұндардың Қазақстаннан Шығыс және Орталық Еуропа жеріне жеткенше үш ғасырдан астам уақыт өтті. Ғұндар Рим империясына үлкен қауіп туғызды. V ғасырдың 30-шы жылдары ғұндардың басшысы Аттила /Әділ/ Румыния және Венгрия елдеріндегі көшпелі тайпаларды өзінің қол астына жинап, Рим империясының аудандары Паннония мен Мезияны басып алған соң, Франция жеріне өтеді. Жаулап алған жерлердегі халықтарды қырып-жойып, қалаларды бұлдіріп, селоларды өртеп, бүкіл Еуропа елдерінің үрейін ұшырады. Н. А. Машкин "Ертедегі Римнің тарихы" деген кітабында, 375-376 жылдары вестготтардың Қазақстан даласынан келген ғұндармен біріккен күрестері ежелгі Рим империясының құлауына әкеп соқты деген қорытынды жасайды.

Ғұндардың басты шаруашылығы мал өсіру, соның ішінде жылқы және қой бағу. Оларда сонымен қатар отырықшылық пен егін шаруашылығы да болған, қолөнері де дамыған. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды металдан, тастан, ағаштан, сүйектен, мүйізден, балшықтан жасаған. Керамика ісі өркендеген. Олар Қытай және т.б. елдермен сауда жүргізген. Ғұндар 24 руға бөлінген. Ел басында ақсақалдар кеңесі және халық жиналысы тұрған. Жылына үш рет олардың жиналыс - кеңесі өткізілген. Елді көсемдер басқарған. Ғұндардың еңсесін көтеріп, ел болуына ат салысқан Түмен, Моде /Боғда/, Балемір, Жұлдыз, Қаратүн, Айбарыс, Оқтар, Әділ /Аттила/, Теңізек, Күнхан, Шамхан атты ерлердің есімі тарихтан белгілі. Ғұндардың ең алдымен түрік тайпалық одақтары, ал кейіннен олардан Арғын, Алшын, Үйсін, Ұйғыр, Қыпшақ, Қырғыз, Оғыз, Қарлық сияқты рулық-тайиалар ел-жұрттар тарап, тарихта өшпес із қалдырған.

Сонымен қорытып айтқанда, сақтар мен үйсіндер, каңлылар мен ғұндар және сарматтар тайпалары қоғамдық құрылымы мемлекеттік деңгейге өскен және өзіндік материалдық мәдениеті мен өнері бар, айрықша бір өркениетті жасау ісінде жоғары дәрежеге жетеді. Міне, тап сол кездері Қазақстан жерінде ежелгі түрік тілінде сейлейтін халықтар пайда болады.

Бақылау сұрақтары:

Сақтар негізгі қанша топқа бөлінді?

Сақтарға қарсы басқа мемлекеттер ұйымдастырған жорықтар туралы не білесіз?

«Үйсін» термині не білдіреді?

Қаңлылар материалдық мәдениеті қандай бөліктерге бөлінеді?



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   91




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет