Үшінші сыныптан сахнада ән айтып, домбырада ойнады. Сахналық қойылымдарда 11 сыныпқа дейін, әндерді ер балаша киініп айтатын, кілең ер балалардың рөлін сомдады. Себебі бауырына басып тәрбиелеген әкесі Қарынбек пен анасы Бейсекүл қыз бала деп қарамай, ұл бала ретінде тәрбиеледі. Достарының барлығы ұл балалар болды, қыз балалардан жалғыз Зульфия деген досы болған. 12 жасына дейін шалбар киіп ұлша жүрді. 13 ке толғанда ауылға той беріп Ұлбосын апайымызға қыздың көйлегін кигізеді. Жастайынан ат жалында ойнады. Ауыл адамдары «Шабандоз қыз» деп атайтын. Алматыдағы ЖенПИ-ге түскеннен бастап қыздармен достасып, осы күндерге дейін араласып тұрады.
Оқуға түсіп жатақхана алғанға дейін ол, өздеріне туыстығы бар, Қазақстанның Халық суретшісі – Әбілхан Қастеевтің үйінде тұрды.
Ұлбосын Қарымбекқызы алдымен ЖенПИ-дің филология факультетіне құжаттарын тапсырған болатын, бірақ табиғи талантына тәнті болған, атақты композитор Бақытжан Байқадамов, тікелей өзі барып, құжаттарды «Музыкалық білім» факультетіне ауыстыртады.
Осылайша, Қазақ халқының біртуар, талантты композиторы Бақытжан Байқадамовтың батасымен, Ұлбосын Қарымбекқызына қиындығы мен қызығы мол өнер әлемінің сырлы да нұрлы жолы ашылады. Қыздар Педагогикалық Институтының (ЖенПИ) музыкалық білім беру факультетінде: Бақытжан Байқадамовтан – музыка теориясы мен сольфеджио, Ошлаков Константин Кирилловичтен – сырнай, Өмірбек Бәділдаевтен – музыка тарихы, Шара Жиенқұловадан – би, Ескендір Хасанғалиевтан – дирижерлік, Марат Балтабаевтан – оркестр, Дүкенбай Ботбаевтан, Смановтан, профессор Тень Чудан – күйсандық аспабы т.б. киелі өнеріміздің тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған өнер саңлақтарының өздерінен тікелей дәріс алады. Жеке ән айтудан басқа, сырнай , контрабас, бас гитара, күй сандықта нотамен суатты ойнап үйреніп, өзінің талантын шыңдай түсті. «Шаңқобызда ойнауды туған анам Теңгештен үйренгенмін. Анам жарықтық асқақтата ән де салушы еді. Кейіннен, анашымның рухын сыйлап, «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің тұңғыш әншісі Тұрсынбекова Жазираға, аяулы анамның сүйіп айтатын «Шиелі өзен қамысы-ай» әнін үйреткен едім»,- деп тебірене еске алады, ұлағатты ұстаз.
«Менің мамандық таңдауыма тікелей себепші болған – Бақытжан Байқадамовтың «Су тасушы қыз» әні еді»,- дейді Ұлбосын, бір үзік сырдың шетін ағартып: «Абитурент кезімізде, студенттер ауылға демалысқа кеткен кезде, Алматыға Новая Зелландиядан келген, түсі қап-қара, тістері аппақ, еріндері қызыл-көк болып көрінетін негрлерге – біздер, абитуренттер, сахнаға шығып, білген өнерімізді көрсеткенбіз. Мен «Су тасушы қыз» әнін орындадым. Сол концертке қатысқан Бақытжан Байқадамов ағамыз ризалығын жасыра алмай «Айналайын, сен өнер үшін жаратылған жан екенсің»,-деп, ағынан жарылып, ақ батасын берген еді.
Профессор Марат Балтабаевтың басшылығымен 1967 жылы, Институттың халық аспаптар оркестрі құрамында контрабаста ойнаған Ұлбосын, Германияға өнер сапарымен барады, әрі «Первая Казашка Контрабастистка» деген аты ЖенПи-дің тарихи кітабына жазылды.
Әлемге аты жайылған «Айгүл» ансамблі алғаш ұйымдастыру кезеңінде – бас гитарист ретінде қабылданған болатын. Ал «Айгүл» ансамблі Ұлбосынның жан достары Ағайша Шермұқанбетова, Гулнар Бегалиева, Галина Қарамолдаевалардың бесене қатысуымен, профессор Марат Балтабаевтың жетекшілігімен дүние жүзінің көптеген елдерінде өнер көрсетті.
Қайталанбас студенттік шақ кезінде, Ұлбосын оқуды үздік оқумен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Ізбасар Өтешов жетекшілік ететін «Қазақтың ән-би ансамблінде», Анатолий Молодов пен Гүлжазира Ахметова басқаратын «Қазақтың хор акапелласында» қатар жұмыс істеп, екі жыл бойы, Институттың беретін степендиясына, қосымша айлық алып жүрді.
1973-1979ж. оқу жылында М.О.Ауезов атындағы Педагогикалық Институты «Тарих және педагогика» факультеті ашылып, оның құрамында «Музыкалық білім» кафедрасын ұйымдастыру мақсатында, осы білім ордасының білікті басшысы профессор Сарсенбаев Мырзахан Сарсенбайұлы, жас мамандар: Ұлбосын мен Мухамедғалиева Бақыт Нығметқызын арнайы шақырады. Ұлбосын Мәдениет Институтының «Халық аспаптар» кафедрасында 1968-1973 жылдар аралығында қызмет істейді.
Осы құтты мекен – М.О.Ауезов атындағы Педагогикалық Институтында, Ұлбосын күні бүгінге дейін , қырық жеті жылдан астам уақыт – табанды, жемісті, абыройлы еңбектің үлгісін көрсетіп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |