Азат рухтың күрескері



Pdf көрінісі
Дата03.03.2017
өлшемі199,58 Kb.
#6479

Азат рухтың күрескері 

 

Өткен ұрпақтардың жалпы ұлттық биік мұраттар жолында жүріп өткен 



жолын,  осы  жолда  жиған  мол  тәжірибесін,  жеткен  жетістіктері  мен  жіберіп 

алған  қателіктерін ой  таразысынан өткізу  –  отандық  тарихтану  ғылымының 

негізгі міндеттерінің бірі.  Өмір сұранысына сай, жоғары ғылыми-теориялық 

және  әдіснамалық  тұрғыдан  жазылған  тарихи-зерттеу  жұмыстарының 

қоғамның  тарихи  санасы  мен  тағылымының  қалыптасуына,  мемлекеттік 

идеологияға ықпалы зор болмақ.  

«Отан  тарихының  тағылымдары  және  Қазақстан  қоғамының  қайта 

жаңғыруы» атты ғылыми сессияда: «Үшінші мыңжылдыққа аяқ басарда бізге 

өткен-  кеткенімізді  қайтадан  сараптамасқа  жағдай  жоқ.  Өйткені,  тарихи 

жадымызды 

қалпына 

келтіріп, 

тағдырымызды 

қайта 


таразылау 

тәуелсіздігіміздің  де  мән-мағынасын  ұғындыра  түседі»  делінген.  Отан 

тарихында  еш  уақытта  өзектілігін  жоймайтын  тақырыптардың  бірі  –  ұлт- 

азаттық  және  әлеуметтік  теңдік  үшін  қозғалыстар  тарихы.  1836-1838 

жылдары болып өткен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған 

көтеріліс ұлт тағдырына тікелей қатысы бар осы екі бірдей, яғни ұлт-азаттық 

және  әлеуметтік  теңдік  тоғыстырған  қозғалыс  болды.  Бұл  қазақ  халқының 

XIX  ғасырдағы  қоғамдық  өміріндегі  жаңа  құбылыс  болатын.  Сондай-ақ, 

оның  түп-тамыры  осы  тарихи  мезгілдегі  Бөкей  Ордасының  қайталанбас, 

нақты саяси- экономикалық және әлеуметтік өмірінен туындап жатты. Яғни, 

Ресей  әкімшілік  орындарының  Бөкей  Ордасына  тереңдеп  еніп,  оның  ішкі 

өміріне  араласа  бастауы  және  соның  салдарынан  бұл  аймақтағы  елдің 

шаруашылық  және  қоғамдық  өміріндегі  әлеуметтік  қайшылықтардың 

шиеленісіп кетуі өзара қарсы тұрған күштер арасындағы қарулы қақтығысқа 

алып келді.  

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Ә.Назарбаев  Махамбет 

Өтемісұлының  туғанына  200  жыл  толуына  арналған  мерекелі  жиында: 

«Қазақ  халқының  өзінің  жер  бетінен  жоғалып  кетпей,  іргелі  ел  ретінде 

сақталып  қалғаны  оның  еркіндік  сүйгіш  ерік-жігерінің,  асқақ  рухының 

арқасы.  Осы  жолда  арғы-бергі  замандарда  орын  алған  бас  көтерулердің, 

қозғалыс,  көтерілістердің  арқасы.  Елі  мен  жері  үшін  жанын  пида  еткен 

боздақтардың  арқасы.  Исатай  мен  Махамбет  басқарған  халық  қозғалысы 

солардың бірі емес, бірегейі» деген болатын.  

2003  жылы  1836-1838  жылдардағы  көтеріліс  идеологы  Махамбет 

Өтемісұлының  туғанына  200  жыл  толуына  байланысты  ЮНЕСКО-ның 

шешімімен  мерекелік  шаралардың  жүзеге  асыры-  луы  да  біз  атап  өткен 

құндылықтардың  әлемдік  сипатын  ескеруден  туындаған,  сонымен  бірге 


көтеріліс тарихнама- сын кешенді түрде, жаңа әдіснамалық тұрғыдан зерттеу 

қажеттілігін  дәлелдейді.  Қазақстанның  батыс  өңіріндегі  қазақтардың  1836-

1838 жылдары орын алған қарулы көтерілістерінің тарихына 175 жылға тарта 

уақыт  өтіп,  сан  алуан  еңбектердің  пайда  болуына,  ол  жөнінде  түрлі 

көзқарастар  айтылып,  оның  тарихнамалық  проблемаға  айналғанына 

қарамастан арнайы сараптамалық еңбектер жарық көрмеді. Қазан төңкерісіне 

дейін жарияланған көтеріліс жөніндегі арнаулы еңбектер саусақпен санарлық 

болды, бірақ олардың өзінде тарихнамалық ізденіс жоқтың қасы. Бұл жағдай 

Н.Ф.  Савичевтің  еңбегіне  де  қатысты.  Аталмыш  төңкеріске  дейінгі  1870-80 

жылдар  аралығында  жарық  көрген  нарративтік  әдебиеттер,  этнологиялық, 

географиялық  шолулар  Бөкей  Ордасының  әлеуметтік,  экономикалық 

дамуына арналды да, ондағы саяси ахуалға сипаттама бергенде ғана Исатай 

Тайманұлы  мен  Махамбет  Өтемісұлы,  оларға  ерген  қараша  халық  «заңды 

өкіметке» қарсы шыққан «бүлікшілер» ретінде көрсетілді. Бірақ осының өзін 

де  тарихнамалық  ізденістің  бір  белгісі,  авторлар  көзқарасын  анықтауға 

қажетті  элемент  ретінде  қарастыруға  болады.  Ол  кезеңдегі  әдебиеттің 

көпшілігі  Жәңгір  ханды  ұлықтауға  арналды,  себебі  орыс  отаршылдығының 

басқару жүйесіндегі шенеуніктер, тіпті ресми көзқарастағы тарихшылар мен 

этнологтар  оған  Бөкей  Ордасындағы  патша  үкіметінің  сенімді  өкілі  ретінде 

қарады.  Тарихнамалық  талдау  тұрғысынан  қарағанда  бұл  бағыттағы 

ізденістер  де  қарсы  жақтың  көтеріліске  қатысты  ұстанымдарын,  оның  алғы 

шарттарын анықтауға септігін тигізетінін мойындау керек.  

Қозғалысқа 

объективтік 

баға 

қазақ 


авторларының, 

ақын-


жырауларының  еңбектерінде  кездеседі,  бірақ  олар-  да  да  тарихнамалық 

талдау  ұшыраспайды.  Оның  есесіне  бұл  сипаттағы  шығармалар  оқиға 

барысын және оның заңдылықтарын, көтеріліс жетекшілерінің мінез-құлқын, 

саяси  көзқарасын,  халық  мүддесіне  өмірін  қиған  тұлғалар  ретінде 

баяндаудағы  шыншылдығымен  және  дәлдігімен  ерекшеленеді.  Олардың 

ішінде  ауызша  тарихнаманың  құнды  ескерткіші  ретінде  Ығылман 

Шөрекұлының  (1876-  1931)  «Исатай-Махамбет»  дастанын  ерекше  атауға 

болады.  С.  Бабажанов,  М.  Бекмұхамедов  еңбектерінде  де  тарихнамалық 

ізденіске  қажетті  сыни  көзқарастардың  нышаны  байқалады.  1917  жылға 

дейінгі еңбектер проблеманың тарихнамасын қалыптастыра қойған жоқ. Тек 

патшалық  Ресейдегі  және  дәстүрлі  қазақ  қоғамындағы  «қоғамдық-

экономикалық  формацияның»  ауыстырылғанынан  кейін  ғана  Исатай 

Тайманұлы  мен  Махамбет  Өтемісұлы  бастаған  көтерілісті,  жалпы  алғанда 

Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын әдіснамалық және әдістемелік 

тұрғыдан қайта қарастыруға жол ашылды.  


Тарихнамалық зерттеудің маңызды бөлігі болып табылатын теориялық- 

әдіснамалық  мәселелер  қазақ  көшпелі  қоғамының  формациялық  табиғаты 

және  Ресейдегі  азаттық  қозғалыстың  бірлігі,  оны  құрайтын  орыс 

пролетариатының әлеуметтік күресінің шаруалардың аграрлық және орыстан 

басқа  халықтардың  ұлт-азаттық  қозғалысының  бір  арнада  дамығаны, 

олардың тұтастығы туралы концепция эволюциясына сәйкес өзгеріп отырды.  

Совет  дәуірінің  бар  кезеңінде  де,  Исатай  Тайманұлы  мен  Махамбет 

Өтемісұлы  бастаған  көтеріліс  қазақ  қоғамында  таптық  қайшылықтардың 

болғандығының  айқын  белгісі,  яғни  Қазақстанда  кеңес  өкіметінің  орнауына 

берік алғы шарттары болғандығы туралы идея аясында баяндалды.  

Көтеріліс тарихнамасының қалыптасуында өткен ғасырдың 20-жылда- 

ры  жарық  көрген  Г.  Сербаринов  пен  А.Ф.  Рязановтың  еңбектері  үлкен  рөл 

атқарып, кейінгі зерттеу барысына елеулі ықпал етті. Бұл еңбектер алғаш рет 

мұрағаттық  деректерді  пайдаланып,  іске  қосуда  екендігі  тарихнамалық 

ізденістерде  аталып  өтілді.  Бұл  кезеңдегі  ғана  емес,  жалпы  алғанда  бұл 

көтеріліс тарихнамасында Х. Досмұхамедұлының шығармалары ерекше орын 

алады.  Ол  Қазақстандағы  ұлттық  қозғалыстардың  барлығы  да  патшалық 

Ресейдің  отарлық  саясатына  қарсы  бағытталғандығын,  олардың  бірін 

«прогрессивтік»  деп,  екіншілерін  –  «феодалдық-монархиялық  қозғалыстар» 

деп  бөлуге  болмайтындығын  айта  келіп,  оларды  «бірыңғай  ағым  теориясы» 

тұрғысынан  қарастыру  керектігі  туралы  пікірді  ұсынды.  Бұл  тұжырымның 

әлем  елдерінің  тарих  ғылымында  танылғанына  және  тарихи  шындықтан 

туындағанына қарамастан, қазақ зиялыларының бұл секілді концепцияла- ры 

марксистік-лениндік  әдіснамаға  көше  бастаған  зерттеушілер  тарапы-  нан 

қарсылыққа  ұшырады.  Ғылыми  ізденістер,  сессиялар  мен  конференция- 

ларда орын алған пікірталастар барысында 1836-1838 жылдардағы көтерілісті 

шаруалар  көтерілісі  ретінде  көрсетуге  тырысушылық  үстем  жағдайға  ие 

болды.  


С.Ж.  Асфендияровтың,  М.  Ақынжановтың,  М.  Якуниннің,  М. 

Вяткиннің,  В.Ф.  Шахматовтың  еңбектерінде  көтерілістің  «бүлікшілік» 

сипаты да, «бірыңғай ағым» теориясынан туындайтын тұжырымдар да сынға 

алынып,  оның  таптық  сипаты  баса  көрсетілді.  Тарихи  ой-пікірдің 

эволюциясындағы  бұл  межелік  кезеңді  А.И.  Зевелев  пен  Ш.Абдуллаевтың 

1951  жылғы  «Отарлық  кезеңдегі  Орта  Азия  мен  Қазақстандағы  ұлттық 

қозғалыстың  сипаты  туралы  пікірталастар»  деген  мақаласы  көрсетті.  1950 

жылдардан  толық  үстемдік  құрған  осы  концепция  тарихи  ой-пікірдің 

дамуының  кейінгі  кезеңдеріне  де  тән  болды.  Ол  өткен  ғасырдың  60-80 

жылдары  дүниеге  келген  Е.  Бекмахановтың,  С.З.  Зимановтың,  Ф. 

Дахшлейгердің, С.Е. Толыбековтың, И. Кенжалиевтің, Ж. Қасымбаевтың т.б. 


ғалымдардың  нақтылы  еңбектерінде,  алғы  сөздері  мен  ғылыми 

түсініктемелерінде көрініс тапты.  

1970-80  жылдарда  көтеріліс  тарихын  зерттеуге  арналған  еңбектерді 

жүйелеу  қысқа  шолуларда  эмпирикалық  түрде  жүргізілумен  қатар,  бұл 

бағытта  біршама  ілгерілеу  байқалды.  Көтеріліс  тарихының  кейбір  қырлары 

Қазақстандағы  ұлт-  азаттық  қозғалысының  барысы  мен  сипатына  арналған 

Д.И.  Дулатованың  «Революцияға  дейінгі  Қазақстан  тарихнамасы»  деген 

еңбегінде,  осы  тақырыптағы  докторлық  диссертациясында,  түрлі  ғылыми 

жинақтар  мен  конференциялардың  материалдарында  баяндалды.  Олар 

көтерілісті  зерттеудегі  жоғарыда  аталған  концепциялық  тұжырымға  күрделі 

өзгерістер енгізе қойған жоқ. 

Қазақстан тарихын, оның ішінде қарастырылып отырған тақырыпты да 

зерделеуде, тарихи ой-пікірдің дамуында тарихнаманың құрамдас бөлігі және 

теориялық  негізі  болып  табылатын  әдіснамалық  ізденістердің  орнын  атау 

керек. 1980 жылдардың аяғында 1990 жылдардың бас кезінде бұл салада Ж. 

Қасымбаевтың,  Н.Е.  Бекмахановтың,  А.К.  Бисенбаевтың  мақалалары 

жарияланды.  Бұл  авторлардың  ізденістері  кеңірек  түрде  З.  Алдамжаровтың 

«Тарих:  пайым  мен  тағылым»  деген  2003  жылы  жарық  көрген  түрлі 

мақалалар жинағында жалғасын тапты.  

Дегенмен,  бұл  сала  Отан  тарихының  терең  де,  жан-жақты  зерттеу 

нысанына  айнала  алмай  келеді.  Соңғы  кезеңде  жарық  көрген  еңбектердің 

ішінде  К.  Есмағамбетовтың  монографиясы  дүниежүзілік  тарих  ғылымының 

жетістіктерін,  Ресей  және  Қазақстан  мұрағаттарындағы  материалдарды 

кеңінен  пайдалануымен,  көтерілістің  нақтылы  тарихын  тарихнамалық 

ізденістермен  ұштастыруымен  ерекшеленеді.  1836-1838  жылдары  Бөкей 

Ордасында,  кейін  Жайық  өзенінің  азиялық  бетінде  орын  алған  Исатай  мен 

Махамбет  бастаған  көтерілістің  барысы,  заңдылықтары  мен  ерекшеліктері, 

сипаты  мен  оның  қазақ  қоғамына  тигізген  ықпалы,  ұлт-азаттық 

қозғалысындағы  орны  мен  рөлін  бір  жарым  ғасырдан  астам  уақыт  зерттеп 

келе  жатқан  тарихшылар,  этнологтар,  географтар,  жазушылар  мен  басқа  да 

авторлардың  еңбектерін  бір  арнаға  түсіріп,  олардың  ізденістерінің 

теориялық-әдіснамалық  негіздерін  анықтауды,  арнайы  жүйелі  зерттеуді 

қажет етеді. 

 

Лесқали  Бердіғожин,  тарих  ғылымдарының  докторы,  Халел 



Досмұхамедов  атындағы  Атырау  мемлекеттік  университеті  Зейнолла 

Қабдолов атындағы гуманитарлық сала ғылыми орталығының директоры  

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет