«Ұшты-ұшты». Ойын бастаушы оған қатысушыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын, ұшпайтын заттарды араластырып айтады. Шарт бойынша ойнаушылар ұшатын заттарға ғана қолын көтеруге тиісті. Олар ұшпайтын затқа қолын көтеріп қалса, айыбына өз өнерін көрсетеді. Ойын бастаушы негізінен адамдарды былайша жаңылыстырады:
- Ұшты, ұшты – тарғақ ұшты! (ұшады).
- Ұшты, ұшты – жарғақ ұшты! (ұшпайды).
- Ұшты, ұшты – тырна ұшты! (ұшады).
- Ұшты, ұшты – тырма ұшты! (ұшпайды).
«Соқыртеке». Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған адамды – «соқыртекені» шығарады. Шеңбер бойынша тұрған ойынға қатысушылар «соқыртекені» түрткілейді. Ол сол кезде түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуға тиіс. «Соқыртекенің» тыныш тұрған ойыншыны да ұстап алуына болады. Ұсталынып қалған ойыншы «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді.