1-нұсқасы. Ойыншылар екі жақтан жарты шеңбер жасап жиналады.
Ойыншылар саны алты адамнан кем болмауы керек (И.И.Ибрагимов). Кейде
сүйек орнына сиырдың қылшығынан құмға езіліп жасалған жүн доп
қолданған. Келісім бойынша бір ойын жүргізуші таңдалып алынады. Ол бір
таяқты кезектесіп «ұстасу» арқылы ойыншылар екі топқа бөлінеді де ойынды
бастайды. Екі топтың да ойыншылары киімдерін шешіп, екі жаққа үйіп
қояды.Содан кейін ойын бастаушы А.-ті немесе жүн допты алады да,
барынша алысқа лақтырады. Сүйек лақтырылған соң оны іздеп жан-жаққа
жүгіреді. Ойынға қатысушылар А.-ті лақтыруға оны ұстап алуға немесе
түскен жерінен тауып алып, үюлі тұрған қарсыластарының киімдеріне барып
бір-бір заттан алып кетуге тырысады. Ал, қарсыластары болса, оларға кедергі
жасап сүйекті немесе допты тартып алып, өз қарсыластарының киімдеріне
қарай ұмтылады. Қарсыластары сүйекті немесе шарды бір-бірлеріне
лақтырып беру арқылы қарсыластарының тымақ немесе аяқкиім сияқты
заттарын алып өз жақтарына қашып келуге тырысады. Осылай ойын бір жақ
жеңгенше жалғаса береді. Сөйтіп А.-ті қай топтың ойыншысы сөреге
жеткізсе, қарсы топтағыларға жеңілген есебінде айып салынады. Ойын
кезінде басқа сүйекті пайдалануға болмайды.
2-нұсқасы. Екі топқа бөлінген ойыншылар өз араларынан бір адамды
«қарақшы» ретінде сайлап алады. Ойын басшысының біреуі А.-ті алады да,
оны барынша алысқа лақтырады. Екі топтың ойыншылары теріс қарап
тұрады да, лақтырылған сүйектің жерге түскен дыбысы естілгенге дейін
орындарынан қозғалмай тұрады. Сүйек жерге түсе салысымен, сол жаққа
қарай екі топтың да ойыншылары түгел іздеп тауып әкелуге кіріседі. Сүйекті
тауып алған адам үш рет «Ақсүйек» деп айқайлайды да «қарақшыға» қарай
жүгіреді. Басқалары болса, Ақсүйекті тауып алған адамға қарай жүгіріп, онан
тартып алмаққа ұмтылады. Егер ала алмай қалса, онда ол өзі барып
«қарақшыға» тапсырады. Содан кейін екінші топтың ойын басшысы сүйекті
лақтырады. Қайсы топ сүйекті көп лақтырса, сол топ жеңген болып саналады.
Алдын ала қанша рет лақтырулары керек екендігін келісіліп алынады.
Жеңгендер жеңілген топты мазақтап, «Алай аттым, бұлай аттым, ақсүйекті
жалаттым» деп қолдарын соға мазақтайды. Ақсүйекті ойынында отқа табыну,
табиғаттың жандануы және табиғат мезгілдерінің ауысуы, осыған орай,
шаруашылық маусымның ауысуы көрініс тапты.
Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды. Ақсүйек бірін-бірі
ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер де болған. Ертеде «Ақсүйек»
ойынын той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде
алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып,
қисса-дастандар оқитын болған. Соңында, тықыршып тұрған жастардың
ойынына кезек тиеді. Ақан сері Ақтоқтысымен, Абай Әйгеріммен, Біржан
Ләйлімен ақсүйек арқылы табысқан деседі.
Ал заманымыздың белгілі композиторы Алтынбек Қоразбаев ұлттық
ойын жайлы ән де шығарды:
Қызыл бешпент үстінде,
Қынама бел шашбаулым.
Алтыбақан тебуге
Сұранайын мақтаулым, шашбаулым.
Ай толықсып аспанда
Туған кезде, шашбаулым.
Ойнаймын деп Ақсүйек
Қуана бер мақтаулым, шашбаулым.
Серек құлақ – жазда жастардың кешке зікір салғандағы ойнайтын
«Қызбөрі», «Көкбөрі» ойындарының бір түрі.
Сереқұлақ күрделі сөзі дербес мағыналы серек (серейген сөзімен
түбірлес сын есім) пен құлақ сөздерінің лексика-грамматикалық,
мағыналық жағынан үйлесіп біртұтас тұлғалануынан жасалған.
3. «Орамал тастау», «Хан жақсы ма», «Мыршым», «Белбеу соқ»,
«Ләппай тутәлә» сияқты күлдіргі ойындар да тегіс ойналды [2, 318].
Мыршым – алқа – қотан отырған қыз-бозбаланың жүзікті аузына салып,
жасырып ойнайтын ұлттық ойыны.
«Қазақ тілінің аймақтық сөздігі бойынша» од. сөйл. Ләббай – Шеше, бір
әйел, бір еркек келді ме? Л ә п п а й…Келді, қарағым (Ж.Нәжімеденов,
Кішкентай, 107). – Л ә п п а й, тақсыр, айтқаныңыз құп болады (Оңтүстік
Қазақстан, 12.07.1998, 4). Ләппай тутәлә. этногр. Балалардың күлдіргі
ойындарының бірі. Бұл түнде ұзақ әсем ән де шырқалды. «Орамал тастау»,
«хан жақсы ма», «белбеусоқ», «л ә п п а й т у т ә л ә» сияқты күлдіргі
ойындар да тегіс ойналды (М.Әуезов, Таңд. шығ. 1, 345).