Қазақтың зергерлік бұйымдары Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Кез келген қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, онда бейнеленген ою-өрнек әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі. Олай болса, сұлулықтың нышаны болған ұлттық әшекейлерімізге қысқаша шолу жасап өтейік. Алқа – омырауға тағатын, көбіне күмістен жасалатын көркемдік бұйым.Білезік – күмістен, алтыннан соғылады. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік т.б. түрлері бар. Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина түрі. Оның еркектер де, әйелдер де салатын түрлері болады. Отау жүзік, құдағи жүзік, қарала жүзік, ақық жүзік деген атауы бар. Қапсырма – әйел камзолына, шапан сияқты киімдеріне тағылатын түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым. Кейде әдемілік үшін бірінің астына бірі, бірнешеуі қатар тігілетін болған. Кейбір жерлерде қаптырманы ілгек деп те атайды.Сырға – құлаққа тағатын сәнді асыл бұйым. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрі болады: ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға т.б. Тұмар – сәндік үшін немесе Құран сүрелері жазылған қағаз салынатын омырауға тағатын жұмыр түтікше тәрізді жасалған салпыншақты бұйым. Тұмарша, бойтұмар деген түрлері бар. Зергерлік бұйымдарының тағу ерекшеліктері Қазақ зергерлері (зер-зар – парсы тілінде алтын дегенді білдіреді) әрқайсысы жеке-дара жұмыс істеп, өз ұсталығын атадан балаға мұра етіп қалдырып отырды. Әйелдердің әшекей бұйымдары да, киімге тағатын түрлі қосымшалары да, тазалыққа қажетті бұйымдар да, ас жабдықтары, киіз үйдің ағаш қаңқасының, жиһаздардың, ағаштан және теріден жасалған ыдыстардың, саз аспаптарының, қару-жарақтардың, ат әбзелдерінің бекітпелері де осы зергерлердің қолынан шықты. Зергерлік бұйымдардың стилистикасы да географиялық жағдайға, ең бастысы, қазақтардың тұрмысының көшпелі салтына орай соншалықты сан алуан болды.Азияның далалық аймағының алып кеңістігіндегі көшпенділердің тұрақты түрде көшіп қонған атмосферасында, түрлі халықтармен араласуында, олармен мәдени құндылықтарды алмасу кезінде қазақтардың зергерлік өнері дамып, байи түсті.
Жаңа терминдер
Ажырамас бөлігі-неразделимая часть
Қыз-келіншектер - девушки-невестки
Зергерлік бұйымдар-ювелерные изделия
Асыл тастар-драгоценные камни
Алқа-ожерелье
Білезік-браслет
Жүзік-кольцо
Қапсырма,ілгек-пряжки для одежды
Сырға-серьги
Тұмар,бойтұмар,тұмарша-амулет,талисман,оберег
Сан алуан-разнобразный
Ат әбзілдері-конское снаряжение
Тапсырмалар; 1)Қазақтың зергерлік бұйымдары дегеніміз не? 2)Сен қандай зергерлік бұйымдарды білесің?Сипаттап бер. 3)Зергерлік өнердің қандай түрі ұнайды,қандай түрімен шұғылданғын келеді? 4)Берілген сөздіктермен мәтін құрап жаз. 5)Соңғы абзацты (последний абзац) орыс тіліне аудар.