§2. тарихи деректер
сабақтың мақсаты: оқушыларда дерек, жазбаша және заттай деректер,
тарихи деректер туралы алғашқы түсініктер қалыптастыру. Тарихты оқып-
білудің маңызы туралы білімдерін кеңейте түсу. Дерек көздерін салыстыра
отырып, айырмашылықтарын таба білу, біліктерін дамытуға бағыт беру.
Оқушылардың қазба жұмысын жүргізетін, ертедегі жазулар сырын оқитын,
шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамдардың еңбегін бағалауға, оларды
құрметтеу сезімін тәрбиелеуге септігін тигізу.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, қазба жұмыстары
материалдары, ертедегі жазулар бейнеленген иллюстрация, бейнефильмнен
үзінді пайдалану.
оқып-үйренген материалды қайталау.
1. Жаңа пән қалай аталады?
2. «Қазақстан тарихы» пәнін оқып-үйренудің қандай маңызы бар?
3. «Тарихтың атасы» атанған ғалымдар туралы не білесіңдер? Олар не
жайлы жазып қалдырған?
4. «Қазақстан тарихы – дүниежүзі тарихының құрамдас бөлігі» деген
сөйлемді қалай түсінесіңдер?
5. Үйде сабаққа қалай дайындалу керек?
6. Оқулықты қалай пайдаланасыңдар?
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Тарихи деректер.
2. Жазбаша деректер.
3. Заттай деректер.
4. Қазақ шежіресі.
Жаңа материалды оқып-үйрену.
Жаңа материалды оқып-үйрену мұғалімнің әсерлі ауызша баяндауы,
оқушылармен сұрақ-жауап бойынша әңгімелесу, оқулық мәтінімен жұ-
13
мысқа, иллюстрацияларды талдауға және картамен жұмыс істеуге ұш-
тастырылады.
Мұғалім оқушылар назарын тақтадағы жазуға аударады. Онда былай
жазылған: «Өте ертеде, бұдан он мыңдаған жылдар бұрын адамдар қалай
үй салған, немен шұғылданған, шапқыншыларға қарсы қалай күрескенін біз
қайдан білеміз»? Бұл проблемалық сұрақтарға оқушылар сабақ соңында
жауап беретіні атап айтылады.
Мұғалім бейнефильм, не мультимедиялық фильмнен (электронды
оқулықтан), археологиялық жұмыс нәтижесінде табылған заттар (қыш
құмыралар, ыдыстар, олардың сынған қалдықтары т.б.), ертедегі жазулар,
тастағы суреттер, көне қолжазбалар, кітаптар бейнеленген фильмдерден
үзінді көрсетеді. Егер бейнефильм не электронды оқулық болмаған
жағдайда, қазба жұмыстарында табылған заттар, көне жазулар бейнеленген
иллюстрация тақтаға ілінеді.
Оқушылар бейнефильм, мультимедиялық фильм не иллюстрациялық
материалдарды мұқият қарайды, ондағы түсініктеме жазуды дауыстап оқып
танысады. Содан кейін мұғалім оқушыларға сұрақ қояды. Қазба жұмыстары
қай жерде жүргізілді? Одан қандай заттар табылды? Олар қай жылдары
табылған? Оны тапқан қандай ғалымдар? Қандай жазулар табылды? Ертедегі
жазуларда нелер жазылған? Бізге олар қалай жеткен?
Мұғалім оқушылар жауаптарын мұқият тыңдап, толықтырады. Элек-
тронды оқулық не иллюстрациялық материалдардан жазбаша, заттай
деректерге не жататынын көрсетеді. Жоспарда қарастырылатын 4 мәселені
әңгіме түрінде баяндайды. Оқушылар тақтадан кадаскоп арқылы көрсетілген
жаңа сөздерді: тарихи деректер, сына жазу сөздерінің мағынасын жазып
алады.
Мұғалім «Қазақ шежіресі» тақырыпшасын әрқайсысы өздігінше оқып
танысып, мына сұрақтарға жауап берулерін өтінеді: Қазақ шежіресі деген
не? Онда не жазылған?
Оқушылар өздігінше оқулық мәтінімен танысып, қойылған сұрақтарға
жауап береді. Содан кейін оқушылар «Тарихи, жазбаша және заттай деректер»
деп аталатын кестені өздігінше толтырады.
Кесте: тарихи, жазбаша және заттай деректер
р/с
заттай дерек-
терге не жатады?
Жазбаша дерек-
терге не жатады?
тарихи дерек-
терге не жатады?
14
Оқушылар тақтаға шығып, кестені толтырады.
Оқушылардың біреуі білімпаздарға арналған «Авеста – ең көне кітаптар
жинағы» деп басталатын мәтінді дауыстап оқып шығады. Оқушылар
оқулықта берілген сұрақ-тапсырмаларға ойланып жауап береді.
Оқушылар сабақ соңында төмендегідей қорытындыға келеді. Тарихты
оқып-үйрену үшін заттай, жазбаша және тарихи деректер аса маңызды. Онда-
ғы материалдар өте ертедегі біздің ата-бабаларымыздың өмір-тіршілігінен
құнды мәліметтер береді. Өткен замандағы адамдардың тіршілігі жайында
біз деректерден, әңгімелерден, көне кітаптардан, халықтың ертегілері мен
аңыздарынан білеміз.
Үйге тапсырма: §2. «Тарихи деректер» тақырыбын оқып, сұрақтар мен
тапсырмаларға жауап дайындап келу тапсырылады.
§ 3. археология
сабақтың мақсаты: археология ғылымы, археологтар қазба жұмыс-
тарын қалай жүргізеді, археологиялық білімнің маңызы, еліміздегі қазба
жұмыстарының нәтижесі туралы мәселелерді ашып көрсету. Археолог
ғалымдар жұмысының маңызды әрі жауапты екенін ашып көрсету арқылы
ғалым адамдарға деген құрметтеушілік сезім қалыптастыру. Оқушылардың
әр түрлі тарихи деректермен өздігінше жұмыс істеу біліктерін дамыту.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, сұрақ-тапсырмалар жа-
зылған карточкалар, оқулықтағы суреттер.
оқып-үйренген материалды қайталау.
Қазба жұмыстары не үшін жүргізіледі? Еліміздің қай өңірлерінде қазба
жұмыстары жүргізілуде, атап, картадан көрсетіңдер. Жазбаша және заттай
деректерге не жатады? Қазақ шежіресі бізге қалай жетті? Деректерді оқып-
үйренудің қандай маңызы бар?
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Археология.
2. Археологиялық ескерткішке саяхат.
3. Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеулер.
Жаңа материалдарды оқып-үйренер алдында тақтада ілінген түрлі
түсті иллюстрациялық материалдарға оқушылар назары аударылады.
Археологиялық жұмыс нәтижесінде табылған түрлі жазба және заттай
ескерткіштер бейнеленген иллюстрациялар: ежелгі қоныстар, тас мүсіндер,
жартастағы бейнелер, молалар, керамикалық заттарды суреттейді. Ескі
қолжазбалар жайлы оқушылар сұрақтар бойынша ауызша баяндап, талдау
жасалады.
15
«Археология ғылымы туралы не білдіңдер? Археолог ғалымдардың
жұмысын суреттеңдер. Археологтар немен шұғылданады? Өздерің тұратын
жерде қандай археологиялық ескерткіштер бар? Олардың тарихы туралы не
білесіңдер?» деген сауалдар бойынша әңгіме өткізіледі.
Оқушылар жауаптары тыңдалып, қажетті түзетулер мен толықтырулар
енгізіледі. Археология ғылымы, археолог-ғалымдар, археологиялық ес-
керткіштер туралы түсіндірмелі оқуға негіздеп әңгіме құруға болады.
Археология, археолог, археологиялық ескерткіш сияқты жаңа терминдердің
мәні ашып көрсетіледі. Оқушылар жаңа сөздерді, олардың анықтамаларын
дәптерлеріне жазып алады.
«Археологиялық ескерткішке саяхат» тақырыпшасын мұғалім археолог
ағай болып және бірнеше оқушылар дауыстап оқиды. Басқа оқушылар
мәтінді іштей оқып, мазмұнын талдайды. Содан кейін оқулықтың соңында
берілген 1–3 сұрақтарға жауап береді.
«Елімізде жүргізілген археологиялық зерттеулер» туралы тақырыпты
картамен жасалатын жұмыспен ұштастыруға болады. Бұл тақырыпшаны
мұғалім түсіндіреді, оқушылар картадан ескерткіштер табылған жерлерді
көрсетеді. Елімізге белгілі археолог ғалымдармен таныстырылады.
4–5-сұрақтар бойынша талдау жасалады.
Оқушылар назары тақтаға не кадаскоп арқылы ватманға жазылған
«Алтын ережелер» деп аталатын жаднамаға аударылады.
алтын ережелер
Қымбатты оқушылар!
1. Сабақта басқа оқушы сөйлеп жатқанда, сөзін мұқият тыңда, ойын
бөлме. Өзіңнің кезегіңді күтуге үйрен.
2. Егер осы мәселе туралы толықтырғың келсе, не қосымша
айтатындарың болса, не түзейтін ойың болса, қолыңды көтер. Мұнда кімнің,
қашан сөйлейтінін мұғалім анықтайды.
3. Әркімнің өз ойын айтуға, пікірін білдіруге құқығы бар. Сондықтан
өз ойын айтушы оқушыны емес, оның пікірін, көзқарасын, ойын, идеясын
сына. Оқушының жеке басын сыйла, тіл тигізбе.
4. Сөзің нақты, қысқа, түсінікті, дәлелді болсын, өте ұзақ сөйлеп,
берілген уақыттан шықпа.
5. Оқушының пікірі не ойы сенің пікіріңмен сәйкес келмеуі мүмкін,
сондықтан кез келген ой-пікірді (не көзқарастарды, идеяларды) дұрыс қарап
қабылдауға үйрен.
16
6. Кей жағдайларда ең жақсы ойлар, тамаша пікірлер, не тың пікірлер
талқылау барысында пайда болуы мүмкін. Оны қабылдауға дайын бол.
7. Біздің ұстазымыз бізге көмектеседі, біздің жауабымызды түзейді,
біздің құқығымызды қорғайды және біздің жұмысымызда бағыт беріп,
бағалайды.
«Қазақстан тарихы» пәнін жақсы меңгеруде сәттілік тілейміз.
Оқушылар үш топқа бөлініп, төмендегідей кесте-сызбалар толтырады.
Бірінші топтың оқушылары «Археологиялық ескерткішке не жатады?» деген
кестені толтырып, тақтаға жазып талдайды.
Екінші топтың оқушылары «Еліміздің қандай жерлерінде археология-
лық зерттеулер жүргізілді?» деген кестені толтырып, талдайды.
Үшінші топтың оқушылары «Елімізге белгілі қандай тарихшы, археолог
ғалымдар туралы білесіңдер?» деген кестені толтырады.
Үйге тапсырма: §3. «Археология» тақырыбын оқып-үйрену, сұрақ-
тапсырмаларға дайындалу. «Білімпаздар үшін» материалы бойынша 2 оқу-
шыға хабарлама дайындап келу тапсырылады.
елімізге белгілі қандай
тарихшы, археолог
ғалымдарды
білесіңдер?
еліміздің қандай
жерлерінде
археологиялық
зерттеулер
жүргізілді?
17
§ 4. Этнография
сабақтың мақсаты: оқушыларға этнография ғылымы, этнограф-
ғалымдар туралы алғашқы түсініктер беру. Тарихшы, археолог, этнограф
ғалымдарға деген құрметтеушілік сезімді тәрбиелеу. Оқушылардың тарихи
материалдардан негізгі ойды таба білу біліктерін дамыту.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: этнографиялық материалдар
бейнеленген иллюстрациялар, қазақ халқының салт-дәстүрі бейнеленген
иллюстрацияларды пайдалану.
оқып-үйренген материалды қайталау барысында §3 соңында берілген
сұрақтар мен тапсырмалар бойынша жұмыс жүргізу керек.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Этнография дегеніміз не?
2. Этнографиялық зерттеу қалай жүргізіледі?
Жаңа материалды оқып-үйрену түсіндірмелі оқу арқылы жүзеге
асырылады. Түсіндірмелі оқудың барысында халықтың тұрмысын, киімін,
салт-дәстүрін көрсететін иллюстрациялық материал пайдаланылады.
Иллюстрациялық материалға байланысты төмендегідей сұрақ-тапсырмалар
бойынша талдау жасалады. Әңгімелесуге арналған сұрақтар: Этнография
қандай ғылым? Этнограф ғалымдар немен шұғылданады? Археологтар мен
этнограф ғалымдар қандай ортақ мәліметтер жинақтайды? Осы ғалымдардың
зерттеу жұмыстарында ерекшеліктер не айырмашылықтар бар ма? Қазақ
халқының қандай салт-дәстүрін білесіңдер? Халықтар бір-бірінен: тілі,
киімі, ұлттық тағамдары және тағы қандай белгілері арқылы ерекшеленеді?
Оқулықта берілген суретке қарап ойларыңды дәлелдеңдер.
Жаңа материалды оқып-үйрену барысында сөздік жұмысы жүргізіледі.
Этнография, этнограф, дәстүр сөздерінің мәні түсіндіріледі.
Сабақтың соңында қысқаша жинақтап әңгімелесу жүргізіледі. Оқу-
лықтағы жаңа сөздер мен олардың анықтамасын тауып жазуға арналған
тапсырманы оқушылар жұп болып орындайды.
Оқушылар төрт топқа бөлініп жұмыс істейді. Топтағы оқушыларға
мынадай тапсырма беріледі. «Тарих», «Қазақстан тарихы», «археология» және
«этнография» ұғымдарының анықтамасын айтып, оларға тән ортақ белгілер
мен айырмашылықтарды табыңдар». Бұл тапсырма тақтаға жазылады.
Оқушылар өз қалауы бойынша осы ұғымдардың қайсысын таңдаса, сол
топта жұмыс жасайды. Оқушылар алдымен оқулықты пайдалана отырып
ұғымдардың мәнін, ортақ және айырмашылық белгілерін анықтайды. Содан
кейін әр топтан бір оқушы тақтаға шығып, кезектесіп ұғымдардың мәнін
анықтап, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын дәлелдейді. Соңында
мұғалім толықтырулар мен түзетулер енгізіп, жұмысты қорытындылайды.
18
Кесте: «тарих», «Қазақстан тарихы», «археология», «Этнография»
ұғымдарының анықтамасын жазып, ортақ және айырмашылық
белгілерін табыңдар.
ұғымдар
анықтамасы ортақ белгілері айырмашылықтары
Тарих
Қазақстан
тарихы
Археология
Этнография
Үйге тапсырма: §4. «Этнография» тақырыбын оқып-үйрену, сұрақтар
мен тапсырмаларға ауызша дайындалып келу. «Білімпаздар үшін» материалы
бойынша 2 оқушыға әңгіме дайындап келу тапсырылады.
§ 5. өлкетану
сабақтың мақсаты: оқушылардың «өлке», «өлкетану» туралы түсі-
нігін, бастапқы ұғымын нығайту және кеңейте түсу. Бұл түсініктердің
мазмұнын оқушыларға түсінікті және көкейіне қонымды мысалдар арқылы
жеткізу олардың өлкеге деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге септігін
тигізеді.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: «Туған өлке», «Туған жер» туралы
бейнефильм, иллюстрациялық материалдар, «Біздің өлке» кестесі, карта.
оқып-үйренген материалды қайталау жұмысы үйге берілген
сұрақтар мен тапсырмалар бойынша жүргізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Өлке.
2. Өлкетану.
3. Өлкетану мұражайы.
Жаңа материалды оқып-үйрену өлке туралы иллюстрациялық мате-
риалдар бойынша әңгімелесумен және оқушылардың оқулықпен жұмысы-
мен ұштастырылады.
Оқулық мәтіні оқушылардың тапсырманы орындауына және ойларын
дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан оқушылар оқулық мәтінімен
танысып шыққан соң, жұптасып, топта немесе барлық сынып болып төменде
берілген сұрақтарға жауап беру үшін ізденіс жасайды.
19
Тақтаға төмендегідей сұрақтар жазылады:
1. Тақырыпта қандай мәселе қарастырылады?
2. Өлке тақырыпшаларында сендерге қандай нәрселер жаңалық (тың)
болып табылады? «Өлке» тақырыпшасының қай тұстары сендерді таң
қалдырады?
3. Осы тақырыпшада айтылғанның барлығымен келісесіңдер ме? Жоқ
әлде келіспейтін мәселелер бар ма?
Оқушылар осы сауалдар бойынша жауап іздейді, сөйтіп, тақырыпша-
дағы жалпы идеяны анықтайды.
Әрбір оқушы топпен жұмыс істей отырып, осы оқып шыққан тақырыпша
бойынша өздігінше сұрақ құруы керек. Әр оқушы сұрақ дайындайды. Осы
сұрақты ол бүкіл сыныпқа не жанындағы серігіне қояды. Осыдан кейін
барып олар өздерінің сұрағына өздері жауап береді. Мұғалім оқушылардың
дайындап келген сұрақтарына және оны басқа оқушыларға қойған кезде
әрдайым қолдау жасап отырғаны жөн. Оқушыларға өздігінен қорытынды
жасауды үйретуге, мәтіндегі негізгі ойды табуға көмектесу қажет.
«Өлкетану» тақырыпшасын оқып-үйренуде оқушылар рөлдік ойынға
қатысады. Әр оқушы оқулық мәтінін кезектесіп дауыстап оқиды. Ал мәтінді
оқымаған басқа оқушылар бақылаушылар рөлінде болады. Оқушылардың
әрқайсысы оқулық мәтінін оқып болған соң, талдау жасайды. «Өлке –
мемлекет иелігіндегі жер» дегенді қалай түсінесіңдер? Өлкетану дегеніміз
не? Мұнда оқушылардың өзара қарым-қатынасы мен өзара әрекеттеріне
назар аударамыз.
Мектепте өлкетануға арналған мұражай болса, сонда барып, 10–15 ми-
н ут өлкетану туралы оқушылар білімін тереңдетуге мүмкіндік бар. Мұндай
сабақтар оқушыларды туған өлкеге, оның адамдарына деген сүйіспеншілікке
тәрбиелеуге және туған өлке жайлы білімдерінің тереңдей түсуіне септігін
тигізеді.
Мұғалім «Өлкетану мұражайына» саяхатты ойша елестету арқылы
әңгімелеп береді. Содан кейін тарихи және мәдени ескерткіштер: тарихи,
археологиялық, өнер, тарихи ескерткіштер туралы мәтінді оқушылар
оқулықтан іштей оқып танысады.
Сабақ соңында мұғалім сабақты қорытындылап, оқушылар білімін
бағалайды.
Үйге тапсырма: §5. «Өлкетану» тақырыбымен танысу, ондағы сұрақтар
мен тапсырмаларға дайындалып келу.
20
§ 6. тарихи уақыт
сабақтың мақсаты: тарихи уақыт өлшемі, күнтізбелер жайлы
алғашқы түсінік қалыптастыру жұмысын бастау. Оқушылардың тарихи
құбылыстарды салыстыра білу біліктерін дамыту. Оқушыларға уақыттың
қадірін біліп, дұрыс пайдалану қажеттілігін түсінікті тілмен жеткізу.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, карточкалар, кадаскоп.
оқып-үйренген материалды қайталау оқулықта берілген сұрақтар
мен тапсырмалар бойынша өткізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
Уақыт – тарихи өлшем.
Күнтізбелер: Ай және Күн күнтізбелері.
Юлиан күнтізбесі.
Григориан күнтізбесі.
Қазақ күнтізбесі.
Бұл тақырыпты меңгеру оқушылар үшін қиындық туғызады.
Уақыт ұғымымен жұмыс бастамас бұрын оқушылар назары тақтаға
немесе кадаскопқа аударылады. Кадаскоп арқылы онда жазылған қазақ
халқының мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын оқушылар кезектесіп оқиды.
Мақалдардың мәнін түсіндіреді. «Уақыт тас екеш тасты да тоздырады», «Әр
адам өз заманының баласы», «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын
жоқ», «Мезгіл жетсе, мұз да ерір», «Адамды заманы билейді», «Заманына
қарай заңы, тоғайына қарай аңы», «Әр айдың аты басқа», «Заманың қалай
болса, бөркіңді солай ки», «Әр заманда бір көреген», «Ескіні еске алмай,
жаңа жадыңа түспейді» (Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы: Қазақстан,
1990)
Мұғалім: Иә, балалар, сонымен, біз бүгін қандай тақырыпты
қарастырамыз? Ойланыңдар, бұл тақырыпта не туралы сөз болады?
Мұғалім оқушылардың жауаптарын толықтырып, күнделікті өмірде
уақытты өлшеу үшін сағат пайдаланатынымызды айтады. Содан кейін
оқушылар оқулықты ашып, «Ойланайықшы! Бізге дейін адам баласының
өмірінде қандай маңызды тарихи оқиғалар болды? Әл-Фараби қай жылдары
өмір сүрді? Отырар қаласы қашан салынды? Талғат Мұсабаев қашан, қай
жылы ғарышқа ұшты?» деген сұрақ-тапсырмаларға жауап іздейді.
Мұғалім тарихи өлшем туралы түсінік береді. «Ал, қане, ойланып
жауап беріңдер. Секунд дегеніміз не? Минутта қанша секунд бар?» деген
сауалдарға ауызша жауап береді. Сонымен қатар қосымша сұрақтар бойынша
әңгіме өткізіледі. Тәулік, жыл, ай дегеніміз не? Бір жылда қанша күн бар? Бір
айда қанша күн бар?
21
Күрделі тақырыпты жақсы түсіну үшін, мәтінді оқымас бұрын,
осы тақырып бойынша «ой шабуылын» өткізген тиімді. Осы мақсатта
оқушыларға мынадай сұрақтар қоюға болады: «Сендердің ойларыңша, бұл
тақырыпшада не жайлы айтылатын болады?» Оқушылар түсініксіз жаңа
сөздерді дәптерлеріне жазып алады. Содан кейін жанындағы парталас
көршілерінен таныс емес жаңа сөздердің мағынасын сұрап, талқылайды.
Сөйтіп, оқушылар бір-бірімен өздерінің білгендерімен бөліседі және сөздік
қорларымен алмасады.
Мұғалім Ай, Күн күнтізбелері туралы материалды түсінікті тілмен
әңгімелейді. Содан кейін Юлиан, Григориан және қазақ күнтізбесі туралы
мәтінді үш оқушы дауыстап оқып шығады. Ал басқа балалар оқулық мәтінін
көз жүгіртіп оқиды.
Мұғалім оқушылар жауаптарын тыңдап, толықтырады.
Үйге тапсырма: §6. «Тарихи уақыт» тақырыбын оқу, сұрақтар мен
тапсырмаларға жауап дайындап келу.
§7. Жыл санау
сабақтың мақсаты: оқушыларға жыл санау қалай пайда болғаны және
қазіргі жыл санау қашан басталғаны туралы мәселені ашып көрсету. Жыл
санауды білудің маңыздылығын түсінікті тілмен жеткізу. Оқушылардың
тарихи құбылыстарды салыстыру, дәлелдей алу біліктерін дамыту жұмысын
жалғастыру.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, электронды оқулық,
бейнефильм.
оқып-үйренген материалды қайталау оқулықтағы сұрақ-тапсырма-
ларға арналған сауалдар негізінде жүргізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
Ертедегі адамдар уақытты қалай есептеген?
Қазақша жыл санау.
Хижра.
Қазіргі жыл санау.
Біздің заманымыз және біздің заманымыздан бұрын ұғымдары.
«Жыл санау» тақырыбы бұның алдындағы «Тарихи уақыт»
тақырыбының жалғасы болып табылады. Бұл тақырыптың мазмұны да
оқушылардың меңгеруіне қиындау келеді.
«Жыл он екі ай» деп аталатын мультфильмнен үзінді көрсетіледі.
Мұғалім: Қымбатты оқушылар! Сендер қалай ойлайсыңдар, бұл
тақырыпта не туралы оқып-үйренеміз?
Оқушы: Жыл мезгілі.
Оқушы: Жыл он екі ай.
22
Оқушы: Жыл санау.
Күрделі тақырыпты оқушылар түсінуі үшін мұғалім осындай «ой
шабуылын» өткізгені пайдалы.
Мұғалім: Иә, балалар, біз бүгін «Жыл санау» туралы оқып-үйренеміз.
Содан кейін тақтаға не кадаскоп арқылы көрсетіледі, не үлкен қағазға:
«Ертеде жыл санау қалай жүргізілген? Естеріңе түсіріңдер! («Дүниетану»,
3-сынып). Біздің заманымыз – б.з., біздің заманымыздан бұрын – б.з.б. деген
сөздерді қалай түсінесіңдер? Қазақтардың жыл санауы қалай болған?» деген
сұрақтар жазылады. Бұл сұрақтарға оқушылар сабақ соңында жауап береді.
Оқушылар үш топқа бөлініп, оқулық мәтіні негізінде күнтізбелерді
салыстырып, ортақ белгілері мен ерекшеліктерін табады.
Кесте: күнтізбелерді салыстырып, ортақ белгілері мен ерекше лік-
терін табыңдар.
күнтізбелер
ортақ белгілері
ерекшеліктері
Юлиан күнтізбесі
Григориан күнтізбесі
Қазақ күнтізбесі
Әр топтан 1 не 2 оқушыдан шығып, тақтадағы не ватмандағы кестені
толтырады. Басқа топтың оқушылары жауаптарға мұқият қарап, түзетулер
енгізіп, талдайды. Мұндай тапсырмалар оқушылардың түсінуіне қиындық
келтірмей, мәтіннің мағынасын тереңірек ашуға көмектеседі.
Көп жылғы зерттеу нәтижесінде оқушылардың бірқатары біздің
заманымыздан бұрын болған оқиғаларды есептеуде екі тоқсандай, кейде
одан да көп уақыт, көбінесе осы мәселені дұрыс түсіне алмай, қателесіп,
даталарды айыруды қиындықпен игеретінін байқадық.
Оқушылар қиын мәтінді жақсы түсіну үшін «ой шабуылы» ұйым-
дастырылады. Оқушылар назары тақтаға аударылады. Тақтаға сызық
сызылып, ол үш бөлікке бөлінеді.
өткен / Бүгін / келешек
Мұғалім өмірде болған әрбір оқиға, не болып кетті, қазір не болып жатыр
және болашақта не болатынына бөлінетінін атап өтеді. Тақтада жазылған:
«Өткен/ Бүгін/ Келешек» деп бөлінген сызықтар сендерге қандай бояуда,
не түсте көздеріңе елестейді?» – деген сауал қойылады. Оқушылардың бұл
жұмысқа қатысуына психологиялық жағынан әсер етіп, қиялын дамытыңыз.
Оқушыларға әр бөлік түрлі бояуда қандай түстерде көрінеді. Осы түстер
бойынша олар жаңа материалдарды қандай деңгейде қабылдау қабілеттері
23
және көзқарастарына қарай мұғалімге қызықты мәліметтер береді. Адам
баласы әрқашан уақытты дұрыс анықтап, бағыт алуға ұмтылады. Ол үшін
адам уақытты есептейді, бөледі және алып тастайды.
Осы үш сөзді тақтаға жазған дұрыс. Оқушылармен төмендегі сұрақтар
бойынша әңгіме жүргізіледі. Уақыттың қандай өлшемдерін білесіңдер?
Адамзат тарихын оқып-үйрену үшін қандай уақыт алынады? Қалай
ойлайсыңдар, адамдар алдымен қандай уақыт өлшемін ойлап тапты?
Неліктен?
Оқушыларға сұрақ қойылады: Адамға неліктен дәл жыл санау қажет
болды? Қандай оқиғалар түпкі жыл санау нүктесі болып табылады? Мұ-
ғалім оқушылардың ойын тыңдаған соң, оларға оқулық мәтінін оқып
шығу тапсырылады. Оқушылар ғасырдың бірінші және соңғы жылдарын
шатастырмау үшін оларға мына мәселелерге ерекше назар аудару керек.
Біздің заманымыздағы ғасырлар әрдайым 01 жылымен басталып, 01 жылы-
мен аяқталады. Осыған байланысты б.з.б. 1 ғасыр б.з.б. 100 жылы басталады
да, б.з.б. 1-жылы аяқталады. Оқушылар қателесіп, көпшілік жағдайда б.з.б.
соңғы жылды б.з.б. «нөлдік» жылы деп есептейді. Мұғалім б.з.б. жылдың
соңғы 1-жылы аяқталып, «нөлдік жылы» жоқ екенін түсіндіруі қажет.
Оқушылар біздің заманымыздан бұрын болған оқиғалардың даталарын
есептеуде жиі қателесетіндіктен, басқа алдағы тақырыптарды (мысалы,
сақтар, ғұндар туралы тақырыптарды оқу барысында) оқып-үйренгенде
тарихи даталармен жұмысты ұдайы жүргізіп отырғаны жөн.
Содан кейін мұғалім оқулықтағы және тақтада көрсетілген уақыт
сызығымен жұмысты түсіндіреді. Түрлі уақыт сызығына байланысты
есептер шығарып көрсетеді. Есептер шығаруда оқушылар қатыстырылады.
Сабақты пысықтау барысында тақтада не үлкен қағазда жазылған
проблемалы сұраққа оқушылар жауап береді. Сабақ барысында оқулықтағы
қосымша есептер бойынша жұмыс жүргізіледі және үйге осы тапсырмаларды
аяқтап келу тапсырылады.
Үйге тапсырма: §7. «Жыл санау» тақырыбымен танысу және оған
берілген сұрақтар мен тапсырмаларға дайындалып келу.
Достарыңызбен бөлісу: |