Б. Майлин-қазақ тұрмысының шебер суреткері



Дата22.04.2023
өлшемі17,88 Kb.
#85710

Б. Майлин-қазақ тұрмысының шебер суреткері

Балмағамбетова Айгүл Жақсыбекқызы-


Есет батыр атындағы Ақтөбе облыстық
мамандандырылған көпсалалы лицей-
интернатының II санатты қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақ әдебиетінің негізін салушы көркем сөз шеберлерінің бірі-


Б. Майлин. Әдебиетіміздің поэзия, проза, драматургия саласында бірдей қажырлы да, жемісті еңбек еткен Б. Майлин көркемдік жағынан құнды, көлемі жағынан мол, тәрбиелік мәні зор мұра қалдырды.
Б. Майлиннің өлеңдері мен поэмаларында, әңгімелері мен очерктерінде, новеллалары мен фельетондарында, повестері мен романдарында қазақ кедейлерінің, еңбекші бұқараның бұрынғы ескі өмірі мен кеңестік дәуірдегі жаңа тұрмысы, өткені мен келешегі шынайы суреттелген.
Б. Майлин шығармашылығындағы үзілмес арқау, күретамыр-қазақ кедейінің өмір өткелдерін жырлау. Сондықтан да: «Жырлағаным-кедейдің жыры, сырлағаным-кедейдің сыры»,-дейді ол.
Қатардағы еңбек адамына, кешегі малай, жалшыға кеңес заманы не берді, кедейлер өз теңдігін қандай күресте жеңіп алды, ескінің жаңамен арпалысы қандай шиеленісте өтті-бұл құбылыстардың бәрін да ақын реалистік тұрғыдан бейнелеп, өзіндік өрнегі мол поэзиямен жауап береді.
Б. Майлинің ақындық асқан шеберлігі белгілі сюжетке құрылған қысқа өлең-новеллалар үлгісін орасан жетілдіруінен көрінеді. Ол-өлеңмен жазылған әңгіменің үздік шебері. Саяси өткір сатира да, жұмсақ әзіл де, қып-қысқа, жұп-жұмыр әңгімелі өлеңмен тұрмыстық суреттеме жолдарынан да жарқ етіп, әртүрлі сезімді шертеді. Еңбекші бұқараның келелі істерін бейнелеуде Б. Майлин қаламы жүйрік те тапқыр. Лирикалық кейіпкері кедей, еңбекші болып келетін сан алуан өлеңдерімен қатар, оның бірсыпыра өлеңдері мен поэмаларында сол кедей шаруа образы дараланып, нақтыланып сипатталған.
Б. Майлин-оннан астам поэманың авторы. Оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі: әйел тағдыры, әйелдің бас бостандығына ұмтылуы жолында кездескен трагедиялық оқиғалар толғанатын «Байдың қызы», «Қашқан келіншек», «Рәзия қыз», «Маржан» поэмалары. Екіншісі: ауылдағы тап тартысы, азамат соғысы, кеңес үкіметін орнату тақырыбын арқау еткен «Кемпірдің ертегісі», «Сағындық», «Қанай», «Досалыдан бір дастан» аталған поэмалар. Ақынның алғашқы шағын поэмасы «Байдың қызы» ғашықтық, махаббат пен опазыздық сияқты мәңгілік құбылысты толғайды.
Трагедиялық сюжетті хикаялаған «Қашқан келіншек» поэмасы қазақ әдебиетінде көп жырланған қыз басын саудаға салып, мал алу, қыздың бас бостандығын аяққа таптау, сүймесіне қосу сияқты сүреңсіз дәстүрді әшкерелейді.
Аңсаған армандарына, бақытты өмірге қоғамдағы теңсіздік, әілетсіздік жеткізбеген қыздар трагедиясы «Рәзия қыз» бен «Маржанда» бұрынғы осы тақырыптас поэмалардан кеңірек, тереңірек алып жырланады. Бұл шығармалардан әділетсіздіктің мәңгі еместігі, жарық таң атары сезіледі.
«Қанай», «Кемпірдің ертегісі», «Досалыдан бір дастан» поэмалары өткен күрес күндерінің құрбандықтарын еске түсіру тәсілімен жазылған, кедей теңдігі орнап, еңбегі жанған шақта сол бақытты тұрмыс үшін күрескерлер рухы авторға шежіре беттерін қайта аудартады, енді ертегі, дастанға айналған өткен қанды оқиғалар шындығын әрі сабақ, әрі ерлік дәстүрі етіп жас ұрпаққа айтып беруге міндеттейді.
Б. Майлин әңгімелерінің тақырыптық шеңбері кең, оларда қазақ аласы өміріндегі түбегейлі өзгерістер әр қырынан егжей-тегжейлі баяндалады. Жазушы кркем әңгімелерінде қазақ даласындағы еңбекші халықтың сана-сезімінің ояну, жетілу құбылыстары, өмірде ескі мен жаңаның арасындағы қайшылық тереңнен алынып суреттеледі.
Б. Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көтеретін реалистік тегеурінімен, кркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол-көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматыч», атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар», атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол - ірілі-уақты 25 пьеса, либеретто, сценарийлердің авторы. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913) , «Айқап» журналында(1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық, теңдік тақырыбын тілге тиек етеді.
Б. Майлин шығармаларында халық өмірінің сан торабы қамтылған. Оның шығармалары жазушылық өнер үшін халықпен күшті байланыста болудың, ел өмірін бес саусағындай біліп отырудың қаншалықты маңызды шарт екенін айқын танытады.
Қаламгердің тырнақалды әңгімелерінің бірі-«Болған іс», «Айқап» журналының 1915 жылғы 10-санында жарияланған. Б. Майлин прозасының бастау бұлағы деп танылған «Шұғаның белгісі» де «Ғалия» медресесі шәкірттерінің қолжазьба «Садақ» журналында осы 1915 жылы жарық көрді. Бірақ ол тұста бұл шығарма көпшілік оқырманға белгілі болған жоқ еді. «Шұғаның белгісін» Б. Майлин өңдеп, 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 10-санында жариялайды.
«Шұғаның белгісі»-махаббат трагедиясын толғайтын шығарма. Мұнда феодалдық қоғамда әйелдің бас бостандығы мен махаббат қалауы аяққа басылғаны, бірін-бірі сүйген Әбдірахман мен Шұғаның қосылып бақытты өмір кешуіне ескі салт-сана, дәстүр қарсы шығып, қырсығын тигізіп, ақыры ару Шұғаның ғашықтық қасіретінен мерт болғаны баяндалады.
Б. Майлиннің суреткерлік шеберлігінің еркше өрннектері осы «Шұғаның белгісінің» бітімінен анық байқалады. Ол- оқиға желісінің ширақ өрілуі, кейіпкерлерінің айқын даралығы, портрет бояуларының сараң болса да келістілігі, адам психологиясының иірімдерінің терең бейнеленуі, қысқа да мағыналы диалогтер, нағыз халықтық тіл оралымдар. Мұндай сипаттар жазушының кейінгі шығармаларына да дарыған.
Революциядан бұрынғы ауылдағы теңсіздік, қайшылық, кедей шаруаның сүреңсіз тұрмысы, бай мен кедей арасындағы тартыс, қанаушы таптың кедейге мейірімсіздігі автордың «Күлпаш», «Айт күндері» әңгімелерінде шынайы әшкереленеді. «Кедей теңдігі», «Айранбай», «Күлтай болыс», «Шапайдың хаты», «Ақталған еңбек» әңгімелерінің бәрінде де, тап күресінің шындығы бейнеленген.
Сюжеттік желісі күрделі, тартыс арнасы кең «Раушан-коммунист» повесі Б. Майлиннің проза жазудағы шеберлігі мен ұнамды қаһарман образын жасаудағы реалистік дәстүрін кәміл танытарлық көркем туындының бірі. Мұнда өткен ғасырдың басындағы қазақ ауылының өміріндегі елеулі өзгерістердің қандай бөгеттерден өтіп өзіне жол салғанын қалтқысыз шыншылдықпен суреттелген.
Жазушының отызыншы жылдардың екінші жартысында жарық көрген прозалық шығармаларынан «Әміржаның әңгімесі» мен «Берен» ауылдағы елеулі әлеуметтік өзгерістерді, ел басынан өткен маңызды өткелдерін көп қырымен алып, шыншылдықпен суреттейтін шығармалар.
«Әміржанның әңгімесінің» композициялық құрылысы үйлесімді қиыстырылған. Едәуір ұзақ хикаятты талай сюжеттік тарамдарды жүйелеп, өрбітіп айтып берушінің рөлі зор. Шығарма бірыңғай сарынмен баяндалса да оқушыны жалықтырмайды. Өйткені Әміржан хикаясының кезеңді тұстарында кідіріс жасалып, қазіргі болып жатқан өмір көріністері баяндалып отырады.Әміржаның ғұмырнамасының мазмұны бай, берер өнегесі мол. Шығармада ескілікпен күрес, ұжымдық еңбкке ұйымдасқан ауыл шаруаларының жаңа тұрмыс құру жолындағы алғашқы қадамы шынайы көрініс алады. Ауыл өмірінде ескіліктің іргесі сөгіліп, жаңалық өркенін жая бастағаны келісті баяндалған.
Отызыншы жылдардың бірінші жартысында Б. Майлин ұжымдық шаруашылықтың өмірінің әр кезеңдегі шындығын баяндайтын «Он бес үй», «Қырманда» хикаяттарын жазған. «Он бес үйде» жаңа ұйымдасқан шаруашылықтың егістікке тың жерін көтеру кезіндегі қауырт еңбек пен бірлескен шаруалар ынтымағы, ұжымдық еңбектің адам психологиясын өзгертудегі игі ықпалы суреттелген.
Көп қырлы суреткер Б. Майлиннің драмалық шығармаларының тақырыптары оның поэзиялық, прозалық туындыларымен сабақтас.Қаламгердің драматургиялық шығармашылығын тұтас алғанда, ол әр кезеңнің көкейкесті мәселелерін көрсетуге ұмтылды. Қысқа сюжетті тұрмыстық комедиялардан бастап, күрделі драмалық пьесаларға қарай ауысып отыруы, бірден-бірге драматургтік шеберлігін арттырды. «Шаншар молда», «Неке қияр», «Ауыл мектебі» сияқты күлдіргі шағын пьесаларда автор өзінің біраз өлең, әңгімелерінде сықақ етілген жемқор, қарау, дүмше молданың бейнесін театр сахнасына шығарады, халық ағартушысы, ескілікпен күресуші мұғалімді өнеге етеді. Майлинде көп жырланған кедей теңдігі тақырыбы «Қос қақпанда» негізгі тартыс болып алынады. Қай жанрдағы шығармасында да Б. Майлин өмір ағыстарын, адам мінезін бір жақты алмай, түрлі қырларын, қалтарыстарын қамтып, шындықтың шырайын ашуға ұмтылған. Сондықтан оның көркем туындылары замана келбетін, әрі қаһармандар тұлғасын нанымды ашатын дәуір куәлігіндей қымбатты.
Қазақ ұлттық әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин-халық тудырған тарлан талант. Оның кркем шығармалары халық арасына кең тараған. Әддебиетіміздің барлық жанрындағы шұрайлы шығармалары оның жомарт дарыны мен жаңашылдық ізденімпаздығының тамаша жемісі. Жазушының әдеби мұрасы-халқымыздың аса бағалы мәдени игілігі, әлі талай ұрпақтың қызыға оқитын рухани қазынасы болып қала бермек.

Пайданылған әдебиеттер:


Б. Майлиннің шығармалар жинағы. Алматы. 1958 жыл
М.Әуезов «Би аға» естеліктер жинағы. Алматы. «Жазушы» 1991жыл
Б. Майлиннің шығармалар жинағы, Алматы «Жазушы», 1986 жыл,
З. Қабдолов «Сөз өнері», «Қазақ университеті», 1992 жыл
Б. Наурызбаев «Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы», 1967 жыл
І. Омаров «Бейімбет хақында бірер сөз». 1988 жыл
«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, 2004 жыл,
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет