Тақырыбы: Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүіров шығармашылығының көркемдік ерекшелігі
ХХ ғасырдағы қазақтың ұлттық әдебиетінің жаңа жолмен дамуына зор үлес қосқан, Қазақстанның қоғамдық тарихында көрнекті орын алатын қайраткер Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысының Нілді болысының бірінші ауылында орта шаруалы, өз еңбегімен күн көрген Сейфолланың шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Сейфолла мен анасы Жамал ұлдарына азан шақырып қойған Садуақас деген есімін еркелетіп, Сәкен деп атап кеткен.Сәкеннің әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы, ал шешесі Жамал әңгімеші, ертегіші адам болған. Осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген Сәкен де жастайынан ел ішіндегі ақын-жыршылардың, әншілердің өлең-жырларын қызыға тыңдап, құмартып өскен. Әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таныған Сәкен 1905 жылы Нілді мыс қорыту зауытына келіп кісі қолында жұмыс істей жүріп, орысша үйренеді. Тырнақалды қадамын Нілді зауытында қалжың өлең жазудан бастаған болашақ қаламгер «Айқап» журналына хат-хабар, сын мақала, бірнеше өлеңдерін бастырған. 1914 жылы Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жиырма жасар Сәкеннің «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шыққан. 1916 жылы семинарияны бітірген Сәкен Сілеті-Бұғылы деген жерде ауыл мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталған. Ақмола қаласындағы әр түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген Сәкен 1918 жылы ұсталып, Ақмола. Петропавл түрмелерінде, атаман Анненковтың «Азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде ауыр азап шегеді. Тоғыз айға созылған ауыр азаптан 1919 жылы наурыз айында қашып шыққан Сәкен «Дүйсенбі» деген жалған атпен Әулиеата жеріне келіп, кеңес өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысқан. Сәкен бұл азапты күндер мен көрген қиыншылығын «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романында жан-жақты баяндаған.
Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты алғашқы жыр жинағына кірген өлеңдері ағартушылық, демократтық бағытта жазылған. Ақын өзінің «Кім басшы аға халыққа», «Жетімге», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Оқымаған қазақ», «Інішегіме» атты өлеңдерінде халықты өнер-білім үйренуге, мәдениетті болуға, ғылым игеруге шақырса, «Туған»ел», «Нұра», «Жайлауға көшу», «Айт күні», «Жайлауда қымыз ішу» сияқты өлеңдерінде елге сағыныш, туған жерге деген махаббат, ауыл көрінісі, ел тұрмысы, этнографиялық жайттар суреттелген.
С. Сейфуллиннің әдеби-шығармашылық мұрасын төмендегідей топтап көрсетуге болады.
Поэзиялық шығармалар жинағы
|
Драмалық шығармалары
|
Прозалық шығармалары
|
Зерттеу еңбектері
|
«Өткен күндер», 1914 ж.
«Асау тұлпар», 1922 ж.
«Домбыра», 1924 ж.
«Экспресс», 1926 ж.
«Көкшетау», 1929 ж.
«Альбатрос», 1933 ж.
«Қызыл ат», 1934 ж.
«Социалстан»,1935 ж.
|
«Бақыт жолына», 1917 ж.
«Қызыл сұңқарлар», 1920 ж.
|
«Тар жол, тайғақ кешу», 1927 ж.
«Жер қазғандар», 1928 ж.
«Айша», 1922 ж.
«Жемістер», 1935 ж.
«Бандыны қуған Хамит»
«Жұбату»
|
«Қазақ әдебиеті», 1932 ж.
«Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», 1933 ж.
|
С. Сейфуллиннің 1922 жылы Орынборда басылып шыққан «Асау тұлпар» жинағы қазақ поэзиясына жаңалық әкелген туындылардан құралған. Жинаққа енген «Асығып тез аттандық», «Қызыл ерлер», «Жолдастар», «Жұмыскерлерге», «Біздің тұрмыс – экспресс», «Қара айғыр» өлеңдерінде өмірге енген жаңалықтарды, жаңа заманның көрсеткіші болып табылатын: пойызды, ұшақты, экспресті, жұмысшы табын ерекше шабытпен жырлаған. Жинаққа енген «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Қашқынның ауылы», «Шөлде» өлеңдерінде Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкеннің туған жерге, кең далаға деген сүйіспеншілігі, еркіндікті, бостандықты аңсауы жырланған.
С. Сейфуллиннің шығармаларында символға айналған: асау тұлпар, қызыл сұңкар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын бейнелері бар. Осылардың ішінде Сәкеннің «Көкшетау» поэмасында, «Жемістер» повесінде, «Аққудың айырылуында» шығармасында сұлулықтың, тазалықтың идеалы ретінде алынған бейне – аққу. Әсіресе, Сәкеннің гуманистік көзқарасын көрсететін «Аққудың айырылуы» шығармасында бірінсіз-бірі тірлік ете алмайтын аққу құстардың барша қасиеті махаббаттың, сүйіспеншіліктің идеалы ретінде асқақтата суреттелген.
С. Сейфуллиннің ақындық поэзиясының биік шыңы – «Көкшетау» поэмасы. Поэма «Көкшетау», «Қалмақ қызы», «Әнші ақындар», «Қазіргі Көкшетауда» деген төрт бөлімнен, 47 тараудан тұрады. Поэманың тоғыз шумақтан тұратын прологы эстетикалық көркемдігімен, мағынасының тереңдігімен ерекшеленсе, таудың аңызын баяндайтын «Жеке батыр» тарауы үш шумақтан тұрады. Поэманың ең негізгі бөлімі қазақ-қалмақ қарым-қатынасының бір оқиғасын суреттеуге арналған.
Ұрыста қолға түскен қалмақ қызының портретін ақын:
Сол қыздың он жетіге келген жасы,
Оралған аш беліне қолаң шашы.
Қап-қара қарлығаштың қанатындай
Иілген ақ маңдайда екі қасы, –
деген жолдармен кескіндесе, поэманың негізгі кейіпкері Адақ бейнесін:
Қара сұр, ұзын бойлы, емес талпақ,
Денесі көк құрыштай, өркеш – шалқақ,
Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,
Қақпақтай қобы жауырын – топшы жалпақ, –
деп, мүсіндік портретін жасаған. Сыртқы мүсініне ішкі жан дүниесі сай келген, адамгершілікті ту етіп ұстаған Адақ үлесіне тиген қалмақ қызына өзінің тұлпары Керкөжекті мінгізіп, еліне қайтарады.
Поэмада қолға түскен қалмақ қызының тағдырын жұмбақ тәсілмен жаза отырып, шығарма сюжетіндегі драматизмді үдете көрсетіп, шығарманың трагедиялық сипатын қоюлата түсу ақынның суреткерлік шеберлігінің бір қыры болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |