Б. Т. Қабатай, Д.Қ. Тлеулесова, В. А



бет5/38
Дата07.11.2022
өлшемі1,09 Mb.
#47949
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38
Мәтінді эстетикалық қабылдау мен талдау жолдары

Мәтінді эстетикалық қабылдау эмоция, сезім ұғымдарымен байланысты. Эмоция объективті шындықтың бейнелену, танылу және бағалану формаларының бірі екенін түрлі ғылым өкілдері, әсіресе философтар мен психологтар көптен бері дәлелдеп келген. Адам өзін қоршаған ортаны, оның түрлі заңдылықтарын таза өз күйінде де, әртүрлі сезімдік күйде де қабылдайды. Көктем келді деген сөйлем мен Күлімдеп көктем келді деген сөйлемнің мағыналық жігін ажырату аса қиын емес. Алғашқысы – ақпараттық, соңғысы эмоционалдық мәнде айтылып тұр. Бұл сезімдік қабылдау философияда таным процесі деп аталады. Танымдық процесс сананы дамытады, өйткені объекті мен субъектінің арасындағы күрделі қарым-қатынас адамды ойға жетелейді. Танымды анықтауда басшылыққа алынатын принциптер – оның бейнелеу мен қабылдау деп аталатын категориялары. Бұл диалектика заңынан белгілі. «Бейнелеу дегеніміз «танып білуге тиіс объекті мен танушы субъектінің арасындағы күрделі қарым-қатынас процесі» делінген психологиялық сөздікте (Қазақша- орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Педагогика және психология. Авт.: Б.Р. Айтманбетова, Ә. Алдамұратов. – Алматы: «Рауан», 2000 ж.). Осы қарым-қатынастың негізінде белсенді сезімдік таным пайда болады. Сезімдік танымға жататын сезу мүшелері: көру, есту, сезіну және ол үш формада – түйсік, қабылдау және елестету арқылы жүзеге асырылады. Түйсік сезім мүшелеріне тікелей ықпал жасайтын құбылыстардың жеке сапаларын, қасиеттерін мида бейнелеу болса, қабылдау (сезімдік қабылдау) мен елестету – белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік бейнелері, бірақ бұлардың әрқайсысы практикалық деңгейіне орай танымға әрқалай әсер етеді. Мәселен, біреуге қатты толқыныс тудырған жағдай екінші біреуге солғын әсер етуі немесе қуанғаннан жылап жіберу, қорыққаннан, тіпті қуанғаннан талып қалу, қолпаштап, қол шапалақтап жіберу т.б. жайттар – осының дәлелі. Олай болса, таным процесін сөз еткенде, осы процесс үстінде санада пайда болатын сезім мен эмоцияның қыр-сырына үңілеріміз сөзсіз.


Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымы бойынша, көркемсөз – көп қабатты құбылыс. Оның құрамында сөздің негізгі теориялық басымдықтары белгіленген: «Көркемсөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Жалаң сөз – зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркемсөз – қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркемсөз
дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, ақиқат түрінде айтады. Көркемсөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады. Жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады» (Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: «Алаш», 2003.
– 176 б.).
Осы айтылғандарға орай бастауыш сыныптарда көркем мәтіндердің қыр-сырын танытып білдіру үшін, әр сынып көлемінде бірізділікпен жүргізілетін жүйелі жұмыстар арқылы оқушылар шығарманы талдаудың қалыптасқан жүйесін меңгеруге алып келеміз. Біріншіден, мазмұндық-тақырыптық талдау, шығарманы тұтастай ала отырып, бөлім бойынша мазмұнын, тақырыбын таныта отырып талдау. Екіншіден, тілдік эстетикалық талдауға көңіл бөлу. Шығарманың тілдік ерекшелігін, сөз өрнегін, суреттемелік шеберлігін, көркемдігін, сөздер табиғатын, стильдік айырмашылықтарын таныту. Үшіншіден, кейіпкерлік-бейнелік талдау. Шығармадағы кейіпкерлерді талдау, олардың өзара сабақтастығын шығарма тақырыбы мен оқиға желісіне қатысын айқындата отырып, ажырату әрі салыстыру.
Бастауыш сынып жасындағы бала қандай әдеби шығармаларды жеңіл қабылдайды дейтін сұраққа жауап берер болсақ, бағдарламада 2-сынып оқушылары үшін ұсынылған оқу тақырыптары мыналар:

  • мысал, ертегілер, аңыздар, әңгіме;

  • өлеңдер (халық ауыз әдебиетінің балаларға арналған шағын түрлері: ойын өлеңдер, айтыс өлеңдері, өтірік өлеңдер), жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, тұрмыс-салт жырлары, бата, ән өлеңі, шешендік сөздер, табиғат лирикасы, азаматтық лирика;

  • балаларға арналған юморлық және сатиралық шығармалар;

  • балалардың түсінігіне сай ғылыми-танымдық шығармалар.

Бастауыш сыныптарда «Әдебиеттік оқу» пәні материалдарын сұрыптауда монографиялық ұстаным басшылыққа алынады. Бұл ұстанымның талабы Ы. Алтынсариннің, А. Құнанбайұлының, Ш. Құдайбердіұлының, С. Көбеевтің, С. Торайғыровтың, С. Дөнентаевтың, А. Байтұрсынұлының, М. Дулатовтың, М. Жұмабаевтың, Ж. Аймауытовтың, С. Сейфуллиннің, І. Жансүгіровтің, Б. Майлиннің, М. Әуезовтің т. б. классик ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармалары әр сыныпта қайталанып отырады. Оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай олардың әртүрлі жанрда, әртүрлі тақырыпта жазған шығармаларын оқуға мүмкіндік алады. Осындай шығармаларды қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстар мынадай:

  • мәтіндегі негізгі ойды анықтау;

  • мәтінді әңгімелеу;

  • мәтінге жоспар құру;

  • мәтіндегі оқиғаға, мәтін авторының көзқарасына өз пікірін білдіру;

  • мәтінді эстетикалық-сезімдік тұрғыда қабылдау.

Әдебиеттану ұғымдарымен практикалық түрде танысу да балалардың мәтінді қабылдауын жеңілдетеді. Атап айтсақ, мұндай жұмыс түрлеріне:

  • өлең туралы қарапайым түсінік: ұйқасқа құрылатыны, ақынның ойы мен көңіл күйі, өлең жолдары мен шумағы, өлеңнің ырғағы;

  • әңгіме туралы қарапайым түсінік: әңгіме авторы, кейіпкерлері, әңгіменің тақырыбы мен негізгі ойы;

  • мәтін түрлері: сипаттау, әңгімелеу, пайымдау;

  • халық ауыз әдебиеті үлгілерінің өзіне тән белгілері;

  • теңеу, кейіптеу, эпитет, пейзаж туралы қарапайым түсінік;

  • шығарма кейіпкерлерін сипаттау: портрет, монолог, диалог туралы қарапайым түсініктер беру жатады.

Шығарманы қабылдауда қарастырылатын аса маңызды мәселелердің бірі – шығарманың тіл ерекшелігіне көңіл бөлу. Егер оқушы көркем шығарманың тілі деп
автордың тілі мен кейіпкердің тілін ұғатын болсақ, бұл – образ, ол характерлерді танытуда, шығарманың идеясын ашып түсінуде басты қызмет атқарады. Әрбір ақын, жазушының өзіне тән, даралық сипаты бар стиль, тіл өзгешеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның лексикасынан, қолданған троптары мен фигурасының түрлерінен көрініп тұрады (теңеу, эпитет, метафора, әсірелеу, метонимия, арнау, қайталау, шендестіру, дамыту т. б.).
2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабының жаңа басылымында мәтінге тек сурет қана беріліп қоймай, оқушылардың мәтінді эмоционалды қабылдауын қамтамасыз ететін сұрақ-тапсырмалар кеңінен қамтылды.
Суретпен жұмыс – қабылдаушы кішкентай оқырманды тәрбиелеудің бір жолы. Суретпен жұмыс жасау кезінде оның мәтінмен арақатынасын анықтай отырып, баланың сезіміне әсер ету, рухани дамыту басты назарда болады. «Суретшінің көңіл күйі қандай деп ойлайсың? Оны қандай бояулар көрсетіп тұр? Ақын да өлеңде белгілі бір көңіл күйін бере алады. Осы өлеңнің түсі қандай деп ойлайсың? Оны қандай сөздер арқылы байқадың? Осы мәтін бойынша сен қандай сурет салар едің?» деген сияқты сұрақтар шығарманың сыртқы қабын – бояуын ғана емес, оның ішкі мәнін танып, ұға білуге жетелейді. Сондай-ақ ақын- жазушылардың көңіл күйін, оқушының мәтіндегі оқиғаға, кейіпкерлерге қарым-қатынасын смайликтер арқылы белгілеп, білдіріп отырулары да – шығарманы эстетикалық қабылдауға әкелетін әдіс-тәсілдер.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет