Қазақ рулары туралы «Кіші жүз қазақтарын сипаттау. Күшті руы – Алшын, ал Алшын екіге бөлінеді: Қаракесек және Байұлы болып. Қаракесек бәрінен де күшті, алты ру, атап айтсақ: Шекті, Қаракесек, Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал. Осы алты рудың билігі Әбілқайыр ханда болды. Кіші жүз екі Борсықта, Ор өзенінің жоғары бастауында, Елек пен Жем бойында, Жайық қаласынан Жайыққа құятын өзендердің жағасында, Гурьев пен Каспий теңізіне дейінгі жерлерде көшіп жүреді...
Орта жүзде күшті ру – Арғын, құрамында он алты ру бар. Бұл рулардың басшылары – Барақ сұлтан мен Абылай сұлтан. Орта жүзде Найман құрамында он бір ру бар. Қыпшақ тоғыз рудан тұрады. Орта жүзде Уақ пен Керей Кіші жүздің Жетіруы сияқты Тәуке ханның кезінде қосылған. Орта жүз Тобыл мен Есіл өзендерінің бойында, Ертіс өзенінің жоғарғы ағысында, Көкшетау маңында көшіп жүреді...
Ұлы жүзде он ру бар. Барлығы да Үйсін аталады. Ұлы жүзде ең күшті ру – Қоңырат...
Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы: Оқулық – хрестоматия. Астана, 2003.
Мәтінді және тарихи білімдеріңізді пайдалана отырып, қазақтардың этникалық-аумақтық бірлестіктерінің қалыптасу алғышарттарын түсіндіріңіз.
Қазақ жүздерінің құрылуы туралы Қазақ жүздерінің құрылуын қазақ өлкесінде орын алған саяси-әлеуметтік қозғалыстар тарихынан іздеу керек. Қазақ хандығы шаңырақ көтерген XV ғасырдың ортасында Шу мен Талас бойындағы Керей мен Жәнібектің қол астына, кейін Ұлы жүз құрамына енген: дулат, қаңлы, сарыүйсін, албан, суан сияқты, кейін Орта жүз құрамына қоңырат және қыпшақ атты рулар кірді. Кіші жүз құрамына бір кездері Аштархан, Ноғай, Қырым хандықтары құрамына енген қазақ рулары кірді. Ал Орта жүзге Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде-ақ дербес мемлекеттер болып үлгерген байырғы түркі рулары: найман, керей, арғын, қыпшақ рулары бірікті. Қазақ руларының бұлайша бірігуін олардың этникалық жақындастығы, антропологиялық типі немесе өмір салтының өзгешелігі емес, ең алдымен, географиялық жағынан орналасуы тұрғысынан қарастырған жөн. Кейін әрбір жүз құрамына ірілі-уақты рулар келіп қосылып, олардың қатары үнемі өсіп отырған.
Құл-Мұхаммед Мұхтар. Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994
Мәтінді және тарихи білімдеріңізді пайдалана отырып, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан экономикасының даму ерекшеліктерін түсіндіріңіз.
Қазақстан Республикасы 1990 жылдары күрделі нарықтық өзгерістерді басынан кеше отыра, экономикалық дербестікке ие болды, әлемдік және аймақтық үдерістердің белсенді қатысушысы атанды. 2000 жылдары дағдарысқа дейінгі кезеңде оның дамуының оң факторлары байқала бастады: ІЖӨ өсімі, төмен деңгейдегі инфляция, тұрақты банк жүйесі, дамыған инфрақұрылым, инвестиция мен өмір сүру деңгейінің өсуі. Бұның бәрі оң тәжірибе мен туындаған мәселелерді шешуге ықпал етті.
Қазіргі экономикалық шындықтар мынадай, экономика саласындағы мемлекеттің интенсивті қызметі нарықтық реформалар мен жекешелендіруді жүргізу үшін емес, ғаламдық экономикалық және қаржы дағдарысының салдары жағдайында ұлттық экономиканы күшейтуге бағытталып отыр. Екіншіден, дағдарыстан кейінгі экономикалық дамуға тиімді жағдайлардың барлығы дерлік қалыптасқан.
Аяған Б. Қазақстанның қазіргі заман тарихы (1991-2014): Ғылыми-танымдық басылым/ Б. Аяған, Ә. Ауанасова, А. Сүлейменов. – Алматы: Атамұра, 2014
Мәтінді және тарихи білімдеріңізді пайдалана отырып, Түрік қағанатының құрылуы Еуразия кеңістігіне қандай өзгерістер әкелгенін түсіндіріңіз.
«Біздің заманымыздың І мыңжылдығында Еуразия далаларында этникалық өзгерістер орын алды. Бұл аймақтағы үстемдік біртіндеп түркітілдес тайпалардың қолына өтті. Әлеуметтік даму және аймақтық-саяси бірігу үрдісі қарқын алып, І мыңжылдықтың екінші жартысында түркітілдес тайпалар Оңтүстік Сібір, Орталық Азия, Еділ өңірі мен Солтүстік Кавказ аймақтарында бірқатар ірі мемлекеттердің (қағанаттардың) негізін қалады... Бұл кезеңді ежелгі түркі дәуірі деп атайды».
С. Кляшторный. «Еуразия далаларының халықтары мен мемлекеттері» еңбегінен. 2009 ж.
Мәтінді және тарихи біліміңізді қолданып, Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси ойдың дамуына қосқан үлесіне баға беріңіз.