4. Ақпараттық технологияны қолдану әдісі бойынша «Дэльфа–142,1» тренажерын қолдану. «Дэльфа–142.1» логопедиялық тренажеры баланың ауызша және жазбаша сөйлеу тілін жан-жақты дамыту, түзету бағдарламасының кешенді түрі болып табылады. Ол кез келген дыбыс, әріп, буын, сөз, сөйлем сияқты сөйлеу тілінің бірліктерімен жұмыс жүргізуге мынадай логопедиялық міндеттерді: сөйлеудің грамматикалық-лексикалық жақтарын дамыту мақсатымен тыныс алуды және дауысты түзету, сөйлеу бұзылыстарын түзету үрдісіне ойын элементтерін қосу, сөздік материал мен жаттығу типтерін жан-жақты қарастыруға, түрлі мақсатқа сай материалдарды қолдануға (суреттер, әріптер, буындар , сөздер, сөйлемдер), баланың жеке мүмкіншіліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беруге, логопедиялық жұмыспен қатар баланың қабылдауын, зейінін, еске сақтауын дамытуға мүмкіндік береді. Жаттығудың құрылымы:
«Дыбыс» мәзірі:
«Мерекелік торт», «Алау», «Шырша», «Шалқан» және «Бүршік» ойындары дұрыс, сапалы, бір қалыпты тыныс алуды қалыптастыру үшін берілген.
«Көбелек», «Ертегілік сарай» және «Диірмен» ойындары бірлескен сөздерді немесе сөз тіркестерін айтуға ықпал етеді;
«Бауырсақ», «Сусиыр» және «Жанартау» жаттығулары экрандағы жануарлардың әрекетіне қарап, түрлі дауыстағы дыбыстарды айтуға көмектеседі. Мысалы, сусиыр аузын қатты ашқан сайын «а» дыбысы қатты шығады;
«Ғарыш атқышы» және «Отшашу» жаттығулары қысқа дыбыстарды жылдам әрі анық айтуға ықпалын тигізеді.
«Әріп» мәзірі:
«2 бөліктен әріп құрастыр», «4 бөліктен әріп құрастыр», «Әріп жина» әріптің контурын белгілеуге арналған. Олар деңгейлерге байланысты бөлінеді. Осы үш тапсырмада бала құрастыратын әріпті таңдай алады;
«Суреттер» сөздегі алғашқы әріпті табуға, анықтауға арналған. Сонымен қатар ұқсас әріптерді анықтауға ықпал етеді;
«Том және Тим» дауыссыз дыбыстардың жұмсақ-қаттылығына қарай дыбысты талдауын қалыптастырады.
«Сөз» мәзірі:
«Тығылмаш» жаттығуы арқылы сөзге дыбыстық талдау жасауға жаттығады. Стимулды материалды таңдауға байланысты (суреттер, аудио) фонемді қабылдауын жан-жақты дамытуға болады;
«Мозаика» жаттығуы сөздің жазылуын тануға және сөзді тұтас оқуға үйретеді. Есте сақтау мен қабылдауды түзетеді.
«Сөйлем» мәзірі:
«Сөйлемді қалпына келтір», «Сөйлем құрастыр», «Түсіп қалған сөзді қой», «Сөйлемді аяқта» жаттығулары сөйлеу тілінің лексика-грамматикалық жақтарын дамытуға арналған. Ол балаға сөздер мен сөйлем арасындағы мағыналық және грамматикалық байланысты қоюға жаттықтырады.
«Мәтін» мәзірі:
«Мазмұндау», «Әңгімелеу», «Сурет бойынша әңгімелеу» жаттығулары байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға арналған. «Мазмұндау» бөлімінде берілген тақырып бойынша әңгімелеуге арналған көмекші сөздер, сұрақтар, сөздіктер берілген. «суретке қарап әңгіме құрау» бөлімінде суретшілердің 21 түрлі картиналары берілген (портрет, сюжетті суреттер, пейзаж). Әр суретке, оның эмоциялық мағынасына сәйкес музыкалық үзінді таңдалған. Ол баланың суретті сипаттауына көмектеседі.
Аутизмі бар балалардың оқытуда, қарым-қатынасқа түсуін, әлеуметтік ортаға бейімделуін, сөйлеу тілін қалыптастыруда, психикалық үдерістерін дамытуда кешенді түзете-оқыту әдістерін жүйелі қолданып, пайдалану үдерісіне сараптаулар мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік беріп отыр:
Тәжірибелік топтағы балалардың психикалық функцияларын қалыптасу сапасы жоғарылады;
Аталмыш жаттығуларды, тапсырмаларды орындауда балалардың белсенділігі, қызығушылығы арта түсті;
Аутизм бар балаларға жүргізілген эксперименттен кейін балалар мен педагог арасындағы қарым-қатынас жаңа қарқын алды;
Аутизм диагнозы бар балаларға эксперимент жүргізу нәтижесінде жақсы нәтиже көрсетілді. Түйіндей келе, біз мынадай қорытындыға келдік. Аутизмі бар балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу, өзінің қатарлас құрбыларымен қарым-қатынасқа жиі түсуін бақылау, отбасымен, арнайы мамандармен қарым-қатынасын, әлеуметтік педагог, психолог, логопед тарапынан қолдау қажет. Балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету шараларын жүргізуде кешенді түзете-оқытудың, заманауи әдістердің маңызы зор. Аутизм диагнозы бар балалардың қоғамда өздерін ұстай алуын достарымен қарым-қатынасқа түсуге әзірлігін арттырудың маңызды тәсілі арнайы таңдап алынған түзету-педагогикалық көмек көрсетуді қолдану болып табылады.