Біріншіден, жалпы білім берудің информатиканы оқытудағы басты мақсаты ойлаудың операциялық стилін қалыптастыру болса, ол орындалды.
Екіншіден, бастауыш мектепте информатика курсын өткізу көптеген пәндер бойынша мектептің оқу бағдарламасын айтарлықтаи өзгертуге алып келеді. Бұл жерде мынаны ұққан жөн: "информатика" мектеп пәндерінің бірде-бірін алмастыра, мектеп пәндері жалпы жүйесіндегі оқулықтарының бірде-біреуінің рөлін атқара, мектептегі гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің ара қатынасын қайта бөліске сала алмайды. Ол тек қана мектепте оқытылатын әрбір пәнге жаңа, әрі жетілдірілген сипат беріп, мұғалімнің қолына кілт ұстатады. Осы кілтті дұрыс пайдалана білген мұғалім оқушыларының алдында өз пәнінің мәнін терең әрі тиімді түрде аша түседі.
Информатиканы ерте жастан оқытудың мүмкіндігі мен мақсаткерлігі әлемдік эксперимент, зерттеу нәтижелерімен де нақтылана түседі. Осыны назарға алған В.Буциктің зерттеулерінде ерте жас кезеңіндегі оқушыларға компьютерлік сауаттың алғашқы элементтерін беріп қана қою жеткіліксіз, оларға компьютер негізінен бастауыш білім және түбірлі түсініктер, іс-әрекет әдіс-тәсілдері жөнінде нақты сауат беру жайы айтылады. Атап айтқанда, В.Буцик кіші мектеп жасындағыларға бастауыш компьютерлік сауат берудің мынадай әдістемесін ұсынады: бірінші және төртінші сынып аралығында сызбалық және мәтіндік редакторлардың көмектері арқылы орындалатын тапсырмаларды біртіндеп күрделендіріп беру, яғни, ақпаратты өңдеу (компьютер сурет салады, есептейді, жазады); ақпаратты сақтау (компьютер суретті, сандарды, мәтінді есте ұстайды); ақпаратты беру (адамнан компьютерге, компьютерден адамға) салаларынан компьютердің мүмкіндіктері жөнінде түсінік пен сауат қалыптастыру.
Қазір компьютер заманы, әрине, көпшіліктің үйінде бұл техника бар, әсіресе балалар оны өте тез үйренеді. Мектепте үйінде компьютер бар және жоқ баланың айырмашылығы кәдімгідей білінеді. Кішкентайынан компьютерде істеп, ойнап өскен баланың көңіл-күйі, ойлауы мен білім қабылдауы сергек екені бірден көрінеді. Ал басқа бала ауырлау қабылдайды, ойлау-сөйлеуі де баяулау.
Компьютермен өскен бала қатты білімдар болып кетпейді, тек білім алуға, яғни оқу-тәрбие процесіне ыңғайланды және оған дайын деген сөз. Оқу-білім алуға ең қажетті алғашқы бейімділіктер - сергек ойлау, ақыл-парасатпен әрекет істеу, ақпарат қабылдау, шыдамдылық пен сабырлылық - компьютер арқылы тез қалыптасады.
Жалпы, бала мектеп қабырғасында 1-2-ден бастап 6-7 сыныптарға дейін-ақ компьютер сыныптарында өз дағдыларын жылдам қалыптастырып алады. Бұл осы жастағы балалардың тез үйренгіштігінің арқасында. Олардың неге болса да қызығып, қағып алып тұратын кезі. Ал жоғары сыныптарға келгенде балалардың көңілі әр саққа түсе бастайды, айналадағы өмір-тірішілікке қарайды, адамдарды тыңдайды, ойынға беріледі, неге болсын қызығушылығы күрт төмендейді. Қызығады, бірақ бір нәрсеге тиянақтап, тоқтап, соңына түспейді. Тереңдеуге мұршасы жетпейді. Сондықтан информатиканың да күрделі мәселелеріне, теориясына көбіне жасөспірімдерде зауық жоқ. Тіпті компьютерді жақсы меңгерген деген баланың өзі күнделікті практикада ғана мықты, яғни компьютерді ортан қол қолданушы деңгейінде қалып қояды. Ал информатика саласының маманы болу үшін өте терең білім керек, өте үлкен ізденіс пен ой еңбегі қажет. Қазіргі замандағы ақыл-ой еңбегін ең көп талап ететін сала бұл, ең жылдам дамып, күнделікті ақпарат-білім көлемі еселеп өсіп отырған ғылыми-технологиялық сала бұл.
Білім алу процесі, түбінде, жеке тұлғалық құбылыс. Тарихтан білуімізше ғұламалардың әрбірі дерлік білім алумен жекедара, оңаша тыныштықта шұғылданған. Өзіміз де бір мәселені тереңірек білгіміз келгенде еріксіз өзімізбен-өзіміз ғана қалуға ұмтыламыз. Өйткені білімге тереңдеудің бір-ақ жолы бар: ол өзіңе-өзің тереңдеуің керек. Міне, сондықтан - білімді тұлғалық деңгейде ұйымдастыру керек. Өмір бойғы ұстаздық тәжірибем мені осындай берік сенімге алып келді. Ол дегеніңіз, оқушыларды баяғы топтап, сынып түрінде оқыту деген таза формальды тәсіл. Мұндай жүйе кезінде қажет те болған шығар, ол өзінің негізгі мақсаттары мен функцияларын орындаған да шығар. Мақсаты - жалпы сауаттылыққа жету. Және тез арада.
Электрондық оқыту жүйесі ең алдымен оқытушы мен оқушыға үлкен еркіндік береді. Бұл екеуінің де тұлғалық мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қолайлы. Тұлға болып қалыптасуына қолайлы. Тұлға деген өз-өзіне нақты мақсат қойып, өздігінен жүйелі әрекет ете алатын, өз тірлігіне өзі жауап бере алатын адам. Тұлға деген адами да, кәсіби де деңгейі өте жоғары, толыққанды өмір сүретін адам.
Электрондық оқыту оқу процесіне ешқандай шектеу қоймайды. Бұл процесс оқытушы мен оқушының кеңістіктегі орнына да, уақыттық мүмкіндіктеріне де, көңіл-күйіне де байланысты емес. Оқу барынша объективті құбылыс ретінде өтеді. Қазіргідей мұғалімнің оқушыларды қорғаштап, басқарып, жетектеп, ізін кесіп жүруі қажет емес. Олармен тек адам сияқты қарым-қатынас жасау керек. Бала сияқты емес, кәдімгі ақыл-есі бүтін адам сияқты құрметпен және тең сөйлесу керек. Оқу-тәрбие жауапкершілігін ең алдымен оқушының өзіне жүктеу керек. "Қалаған уақытыңда, қалаған жерден, қалағаныңша оқы, өз әрекеттеріңе өзің ғана жауап бер". Ал оқытушы бағыт-бағдар береді, қажет кезінде кеңес береді, қажет кезінде сүйеу болады. Күнделікті сенің өміріңді басқармайды, тірішілігіңе жөнсіз араласпайды. Өз мүмкіндіктеріңмен өмір сүр, ішкі мүмкіндіктеріңді және өз мінез-құлқыңды жүзеге асыр. Міне, осындай қағида.
Қазiр бiлiм жүйесiндегi кез келген мәселе арнайы зерттеу арқылы, әлемдiк тәжiрибемен салыстыру арқылы жүзеге асады. Заманауи ақпараттық жүйе заманында бiлiм мен ақпаратты оқулықпен ғана емес, интернетпен де игеруге болады. Бiр мезетте жан-жақтан келген ақпарат ағыны қарапайым оқушыға да әсер етуi мүмкiн. Ақпараттың агрессивтi түрiнен қорқу керек. Сондықтан да оқушының виртуалды кеңiстiкте де бiлiм алуына жағдай жасау үшiн жұмыс iстеп келемiз.
Бүгiнде тәрбие жұмысы адамгершiлiк тұрғыда жүзеге асу керек. Бұрын жастар компьютер пайда болған кезде тек ойынмен отыратын едi. Қазiр интернет арқылы бiлiмiн жетiлдiрiп, әлеуметтiк желiлерге енiп, арнайы пiкiрталастарға қатыса алады.
Әрине, электрондық оқыту барлық қиындықтан құтқарады десек жалған айтармыз. Көп мәселе адамға келіп тіреледі. Адам тұлғасын өсіру одан да маңызды шаруа. Бальзактың "қоғамның шексіз дамуына емес, адамның шексіз дамуына сенемін" деген сөзі есіме таңба болып басылып қалыпты. Ең алдымен оқытушының тұлғасын биіктету керек. Қай оқу жүйесінде болсын, оқу ресурстарында болсын, ең алдымен оқытушы тұлғасының биіктігі, адами рухы, кәсіби шеберлігі айқын білініп, алға жетелеп тұруы маңызды. Ұстаз тұлғасы, менің ұғымымда, өзіндік адами, өмірге жалпы адамзаттық биіктен қарайтын нық дүниетанымы бар, орнықты кәсіби стилі қалыптасқан, үнемі жан-жақты ізденісте өмір сүретін, өмір мен адамды терең түсінетін, өзіндік ой-пікірі және үлкен азаматтық жауапкершілігі бар, өз ісіне шын берілген адам.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалім имиджін көтеру, оның жағымды бейнесін қалыптастыру және тұрақтандыру өзекті мәселе ретінде қарастырылған. Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін арттыруға қатысты көптеген шаралар атқарылып жатқанымен, оны дамыту мен жетілдіру педагогтік қауымдастықтың үлесінде екендігі сөзсіз. Сол себепті мұғалім мәртебесін көтеру үшін ең алдымен мұғалім имиджін қалыптастыру шараларын жоспарлау, оның нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында озат педагогикалық тәжірибелерді жинақтау, тарату және насихаттау жұмыстарын күшейту қажет. Мұғалім бейнесінің кәсіби сипаты мен қызметінің қажеттілігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты қамтамасыз ету, халықаралық баспа беттерінде жарияланымдар жасау қызметтерін жүйелеу жұмыстары аса маңызды. Электронды оқулықтарды, ақпараттық технологияны пайдалану заманның талабы екенін ұмытпауымыз тиіс.
Қысқасын айтқанда, цифрландырудың сиқырлы әлеміне ену жөніндегі Қазақстанның қазіргі ынта-жігері және ұмтылысы көптеген бағалаулар бойынша жаман емес. Дегенмен қол жеткенге тоқмейілсудің ешбір реті жоқ. Керісінше, үдерісті одан әрі үдете түсу қажет.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында цифрландыру мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен әркімнің цифрландыру мақсат емес екенін түсінуін қалаймын, ол жаһандық бәсекелестікке әкелетін біздің абсолюттік артықшылығымызға қол жеткізудің құралы. Онсыз өзін құрметтейтін ел қалыпты өмір сүре алмайды. Бәсекелестік болмаса, біз артта қаламыз және алда келе жатқан мемлекеттердің шаңын жұтатын боламыз. Пайданың, өнімділіктің және капиталдандырудың күрт артуы – мәселе осында. Цифрлы экономика осыны береді», деп ескертті.
Демек, тәуелсіз еліміз болып, Үкіметіміз болып, алға қарай талпынған жастарымыз болып, заманның қайда, қалай бет алғандығын ұқтық, осы жолда басты бәйгеге тіктік. Өйткені стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда әлемде бейбіт және бәсекелестік жағдайда дамудың бұдан ауқымды басқадай басты бағыты да жоқ. Халықтар мен елдер және олардың дәстүрі әртүрлі болғанымен, прогрестің бағыты – біреу және ол айқындалып отыр. Цифрландыру қазіргі әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығына ортақ. Демек алдағы бес-он жылдың ішінде әлемнің барлық елдері осы жолға түсетін болады.