Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



Pdf көрінісі
бет1/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

© Ұ.Есдəулет, 2014
© «Қазығұрт» баспасы», 2014
УДК 821. 512. 122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
Е 78
Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
 
  Есдəулет Ұ. 
Е 78    Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ.Есдəулет. – Алматы: 
«Қазығұрт» баспасы», – 2014.
  
ISBN 
978-9965-22-483-6
  
2-том.  «Киіз  кітап»:  Топтамалар.  Мистикалық  жырлар. – 
384 бет.
 
  
ISBN 
978-9965-22-484-3 
 
  Қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдəулеттiң үш томдық шы-
ғармалар  жинағының 2-томына  қалың  оқырман  қауымның  ыстық 
ықыласына бөленген «Киiз кiтаптың» толықтырылған нұсқасы ен-
гізілді.  Кітапта  ақынның 1988 – 2000 жылдары  жазылған  ел  мен 
жер, заман мен қоғам, табиғат пен махаббат туралы лирикалық, əлеу-
меттiк-философиялық жыр-толғамдары топтастырылған. Ақын тың 
iзденiстерге барып, өлең өнерiнiң соны қырларын аша түскен.
 
  Кiтапта оқырманның ойы мен сезiмiне қозғау салар əсерлi, өзек-
тi өлеңдер жеткiлiктi. 
 
  Ақынға бұл «Киiз кiтап» атты тұтас туындысы үшiн 2002 жылы 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атағы 
берiлген.
 
 
 
 
 
УДК 821. 512. 122-1
 
 
 
 
 
ББК 84 (5 Қаз)-5
ISBN 978-9965-22-484-3
ISBN 978-9965-22-483-6

3
Əбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері
ӨРКЕНІ ӨСЕР ӨНЕР, ӨРІСІ ШАЛҚАР ӨЛЕҢ
«Ақынды  шындап  түсінгің  келсе,  туған  жерін  барып  көр», – 
деген қағиданың орындылығына қай бір жылғы сапарымда көзім 
анық жетті.
Шілде ішін тартса да, күз қайратына міне қоймаған кез еді. Ал-
тай өңірі ала шабыртып тұрды. Əсіресе, Мəрмəр таудан əрі асып, 
Марқакөлге бет түзер тұста ақ қайыңды алаңқайлар көп екен. Мек-
теп бітіру кешіндегі ақ көйлекті бүлдіршін қыздардай қыпша бел 
қайыңдар қаралай билеп тұрғандай. Көз алдың ала шұбарланып, 
басың айналып бара жатқандай сезінесің. Бірте-бірте қарағай жиі-
лейді.  Əлдеқайдан  бұтақтар  сықырлап,  бұлақтар  сылдырлайды. 
Ақ  желеңді  сауыншылар  қалайы  күбілерін  тақ  толтырып  алып, 
мəймеңдей  басады.  Қалихан  Ысқақовтың  тісі  кетік  жылдарында 
тілін  жылтыңдатып,  майын  тамызып  айтатын  майда  қоңыр  əңгі-
мелері еске түседі. Ұрынқай кентінің ыс басқан бөренеден қаланған 
қара барқын баспаналарындағы қаракөлеңке кешкі дастарқан ба-
сындағы қаба сақал қожайындардың ауызымызға тосқан ашытқы-
лары мен басытқылары да сол көп естіген хикаяларымыздағыдай.
«Қалиханның  əлемі»  Мəрмəр  таудың  қасқа  құлауындағы  ал-
дыңнан  андыздап  қоя  беретін  қызыл  шағылдарды  көргенде  кө-
зіңнен бір-бір ұшады екен де, атымен басқа дүние басталады екен. 
Шаңылтақсып  қоя  берген  кеңістікте  қоңылтақсып  қоя  берген 
қажыңқы  көңіл  Жеменей  бойына  жақындай  бере  қайтадан  сер-
гиді. Көкжиектің нілі көбейіп, төңірегіңнің өңі кіріп келе жатқан-
дай. Зайсанды бірінші рет емес, бірнеше рет көргендеймін. Тəпе-
не  үйлер.  Жіңішке  көшелер.  Талдырмаш  талдар.  Қара  сирақ  ба-
лалар.  Тарамыс  шалдар.  Бала  дегеннен  шығады,  шал  дегеннен 
шығады...  Ертесіне  сəске  шамасында  қаланың  күнгей  батыс  тұ-
сындағы  қоңырқай  тауларға  бет  алдық.  Жота-жотаның  арасына 
кірген соң жіңішке жол бұралаңға басты. Сондай бұлтарыстардың 
МАҢДАЙША

4
бірінде  керенау  ілбіген  керқұла  тұғыр  жеккен  арбалы  жолықты. 
Жұпар аңқытып пішен үйіп алыпты. Тау арасының жаңа орылған 
балаусасынан əлі шық иісі шығып тұрғандай. Құйқа иек сары тіс 
шал күн жақ қапталынан киліге өтіп бара жатқан біздерге кілгіре 
қарайды.  Пішен  үстінде  торы  ала  көйлек  киген  талдырмаш  бала 
жігіт балағын тізеден асырған жалаңаш сирақтарын салбырата со-
зып жіберіпті. Жеңін шынтағынан асыра түріп тастаған білектерін 
тап көк желкесіне айқастырып, жастанып апты.
Сол арада тап осы бір шиқылдақ арба мен оның үстіндегі екеуді 
де  бір  жерде  көргендей  шырамыттым.  Тіпті  күнде  көріп  жүрген 
көз таныс жандарым секілді. «Қайда көруім мүмкін?..»
Күйген  бауырдай  құж-құж  жоталарға  өрмелеген  сайын  алды-
мыздан  бір  майса  леп  күшейе  түскендей.  Кенет  көкпеңбек  көл 
жарқ  ете  қалды.  Күнге  тотыққан  бүлдіршін  қыздың  мойыны-
на  тағылған  меруерт  алқадай.  Кемеріне  дейін  шып-шып  толып, 
шырпына  бұлқынып  жатыр.  Көз  жасындай  мөлдірей  тұнып  тұр. 
Түбінде  жатқан  малта  тастарын  бір-бірлеп  санап  шығуға  бола-
тындай. Мұншама мөлдірлік пен мұншама тұнықтыққа тамсанып 
тұрып қаппын. Бұл көлді де бір жерде көрген сияқтымын. Аты да 
қызық. Үйдене... Кейін іркілген су қоймасы. Бірақ, дүние жараты-
лып, су аққалы бар табиғи көл сияқты. Мынау өңір бір кезде бұн-
дай көлді білген жоқ десе, адам сенбестей.
Манағы бұралаң жолдармен Зайсанға қарай қайта бет түзедік. 
Қалаға жақындағанда жазыққа түскен манағы арбаны қуып жеттік. 
Шөп үстінде шалжиып жатқан жігіт басын көтеріпті. Шынтақтап 
жатыр. Тісі ақсиып біз жаққа қарап күлімсірегендей болды. Тал-
дырмаш жігіт. Аққұба болса керек. Күн жегендіктен бе – маңдай 
тұсы  қызарытып,  алаулап  көрінді.  Апырай,  ə...  Күнге  тотыққан 
Ұлықбек Есдəулетке ұқсайды. Талдырмаштығы да, ақсия күлгені 
де... Тіпті, оның тап осындай өлеңі де бар екен.
«Намаздыгерде  қолатта 
ырдуан арба ырғалып, 
қопаңдап қойып қорапта 
ылдимен үйге құлдадық.
Екеуміз: атам жəне мен, 
елеусіз ғана келеміз. 
Ен дала төсі – қара өлең, 
елтиді желге денеміз. 

5
Қыр үстін өртеп отымен, 
қырмызы жүзбен күн батты. 
Қызыға қарап отыр ем, 
қайырылып атам тіл қатты:
«Батысқа, балам, қызықпа, 
батқан күн – біздің күніміз, 
көкжиек деген сызыққа 
сіңгенше ғана тіріміз.
Уақыт зулап улы оқтай, 
уатып өтер төзімді. 
Сондықтан, балам, күн батпай, 
айтып қал айтар сөзіңді.»
Сонда  аңғардым,  Зайсанға  келгелі  бəрінің  көзіме  оттай  басы-
лып жүргені де сол Ұлықбектің өлеңдерінен екен... Сүйтсем, мынау 
өлке жаңағы Үйдененің мөп-мөлдір суындай мөлтеңдей ақтарылған 
дарынды  ақынның  шынайы  жырларына  ілесіп,  əр  бір  сөз  танитын 
қазақтың көкірегіне əлдеқашан көшіп қоныпты. Сондықтан да, мұнда-
ғының бəрі күнде көріп жүргендей көзіңе оттай басылады екен.
Талант  дегеніміз  де  адамды  өзі  жүрген  ортадан  ажыратпай, 
жатырқатпай,  қайта  табыстыра,  туыстыра  түсетін  сиқыр  қасиет 
болса керек. Ол кезде Ұлықбек – тұма бұлақтай тұнып аққан тұмса 
ақын  еді.  Одан  бері  қанша  кітап  шығарды.  Əр  кітабы  шыққан 
сайын  айдындана  түсті.  Əуелі  тау  арасындағы  Үйденедей  жып-
жинақы, моп-момақан көрінді. Кейін бір алқапты бір өзі толтырған 
Зайсандай шалқи да, толқи да бастады. Ал мынау кітабы – Ертістің 
құяр  сағасындағы  мұхит  айдынындай  айбарланып,  ақжалданып 
көрінеді. Оның толқындары қанша өршіп, өркештене түскенімен 
тұмса бұлақ тұсындағы бірден таңдайыңа татып, аңсарыңды баса-
тын шынайылығынан, тұнықтығы мен мөлдірлігінен айырылмап-
ты. Əр өлеңі – зəмзəм суы құйылған құтыдай, өртенген жаныңның 
бір дертіне дəру боп дарып жатқандай.
Киіз  кітап.  Аты  да  қызық.  Ешқашан  сырын  түгел  ақтарып 
бітпейтін дүниенің дəл өзі сияқты тылсым ұғым. Тау мен жазық-
тың, қала мен ауылдың, байырғы қыр тұрмысы мен осы заманғы 
үрдістің,  бодандық  пен  бостандықтың  бел  ортасында  туып,  ер 
жетіп, жігіттіктен жігіт ағасы жасына қарай жақындап келе жат-
қан  естияр  ақынның  ет  жүрегін  мына  дүние  мен  мына  тірліктің 

6
қай қылығы алаңдатпайды дейсіз, қай сырына қанығып, қамырық-
пайды дейсіз...
Ұлықбек Есдəулеттің «Киіз кітабы» ескі ауылдың төсек қабы 
сияқты.  Іздеген  нəрсеңнің  бəрін  табуға  болады.  Бəрінен  де  жи-
ырма ғасыр бойы талай қапысы кетіп, жиырма бірінші ғасырдың 
өзіне  қапияда  тап  болып  отырған  қазақ  тұрмысы  мен  қазақ  жан 
дүниесінің  талай  табын  таба  аласыз,  талай  қатпарына  үңіліп,  ой 
жүгірте аласыз.
Мына далада, бір қарасаң, соншама таңдай қата боп таңғалатын 
да  ештеңе  жоқ  сияқты.  Осы  күнге  дейін  көп  өңірі  осыдан  мың 
жылдар бұрын қандай қалыпта тұрса, əлі күнге дейін дəл сондай 
қалыпта  тұрғандай.  Бəлкім,  сол  даланы  жайлап-қыстап  жатқан 
түздіктер  де  бəлкім  дəл  сол  мың  жыл  бұрынғы  бабаларынан 
көп  ұзап  кете  қоймаған  шығар.  Дəл  солар  секілді  омырауларын 
өкпек  желге  ауық-ауық  аймалатып  алмаса,  қаралай  пысынап, 
қапаланып  кеткендей  болады.  Тұмсықтарына  жусан  иісі  барма-
са,  тұншығып  бара  жатқандай  сезінеді.  Дастарқанның  басында 
бөгде  біреу  отырмаса,  қалған  дүниеден  бір  жола  қол  үзіп,  айда-
лада адасып қалғандай алабұртып бітеді. Əлі күнге сол бəз-баяғы 
қалыптарынан ауытқи қоймағанына еш таңғалмайды, қайта оқта-
текте тосын бір өзгеріс төбе көрсетсе, соған таңдайларын қағып, 
бастарын шайқайды. Сүйтіп отырып, бағзыдағы бабаларынша қи-
қу сағынып, дүбір естілер ме екен деп қаралай елеңдеп отырады. 
Ал, басқа бір қырынан қарасаң, мына далаға таңғалмауың тіп-
ті  мүмкін  емес  сияқты.  Дүниенің  бəрі  өзгеріп  кеткенде  ол  неге 
өзгермеген?  Басқалардың  бəрі  басқа  кейіпке  көшкенде,  жапан 
түзді жайлағандар қалайша, бəз-баяғы жайбарақат қалып қойған? 
Космодромның  тап  іргесінде  құм  арасындағы  жер  төледен  өріп 
жатқан  жалба  тымақ  түйешінің  езуіндегі  мыж-мыж  сигареттен 
басқа не өзгере қойған? Көрші ауылдан трактормен қыз алып қа-
шып келе жатқан далаңбай бозбаланың бойында баяғыдағы Қозы 
Көрпештен не қалып, не қойған? Кеше ғана өзі қой жайып жүрген 
кең жазықта қанат жайған жаңа зауыттың түтіні будақтаған мұр-
жасына  алыстан  айран-асыр  болып  тұрған  бүгінгі  далалықтың 
баяғыда  бөтен  қалаға  басып  кіріп,  зəулім  үйлері  мен  ығы-жығы 
көшелеріне  қарап  бас  шайқаған  адуын  бабаларынан  айырмасы 
қанша? Белден түскен бес қаруы ма?!
Бір қарасаң, бəз-бəз баяғы қалпында тұрғандығымен көзіңе от-
тай басылып, көңіліңді елжіретеді.
Бір қарасаң, бəз-баяғы қалпында тұрғандығымен көңіліңді құ-
лазытып, көзіңе жас мөлдіретеді.

7
Күлеріңді  де,  жыларыңды  да  білмейтін  көріністер.  Күлеріңді 
де,  жыларыңды  да  білмейтін  қылықтар  мен  құлықтар.  Күлеріңді 
де,  жыларыңды  да  білмейтін  кептер  мен  гəптер...  Күлеріңді  де, 
жыларыңды да білмей, күйзеле кешіп келе жатқан күйікті тіршілік. 
Күлеріңді де, жыларыңды да білмей, күйіне де, күйзеле де оқитын 
киіз кітап...
Киіз  сияқты  біржолата  тозып  бітпей,  ілініп-салынып  жүретін 
де қоятын елбе-селбе тіршілік...
Киіз сияқты біржолата жанып кетпей, ұзақ бықсып, ұзақ түтін-
дейтін де тұратын күйінішті ахуал...
«Киіз  кітабында»  ақын  сондай  күйзеле  пайымдайтын  құбы-
лыстар хақында күйіне сыр толғайды. Жазған сайын жабырқай тү-
седі. Айтқан сайын апши түседі. Сөйлеген сайын сөгіле түседі.
«Өмір, саған келдім-кеттім, 
сонда нені тындырдым?
зерін теріп зеңгір көктің, 
ботананы тұндырдым.
Өмір, саған бардым-қайттым, 
таңғы шықты мекендеп, 
құдайыма қайғыңды айттым, 
құлақ түрер ме екен деп.
Шыққыр көзді аштым-жұмдым, 
шолдым биік, төменді, 
тілін жұтқан тас тұнжырмын, 
сөйлетпеңдер мені енді!»...
Бірақ, сөйлемей отыра алмайды. Өйткені, көріп жүргені, естіп 
жүргені, біліп жүргені күндіз күйзелтпей, түнде «дөңбекшітпей» 
қоймайтын  жəйіттер...  Оның  айтқанының  бəріне  бас  иземеуің 
мүмкін,  бірақ,  күйзелгеніне  күйзеліп,  дөңбекшігеніне  дөңбекші-
меуің  мүмкін  емес.  Ажары  тайған  жер,  базары  тараған  ел,  бағы 
қайтқан ер, жұлдызы жанбаған тіл, бабы табылмаған қауым... Ал, 
күйзелмей,  күңіренбей  көр?  Бірақ,  неге  бұлай?  Сенделген  сезім 
мен сандалған сана оқта-текте оның жауабын тапқандай болады. 
Бірақ, күдігіңе күдік, уайымыңа уайым жамамаса, көңіл тұманын 
сейілте алмайтын жауап. Маңайдың бəрін сағым торлап тұрғандай. 
Көз шоласындағы сағым көңіл қоймасындағы сағыныштан өрбіп 
жатқандай.  Сонда  нені  аңсап,  нені  сағынамыз?  Сағым  зорайтса, 

8
кешегі көзіміз көре қалған күйелеш күрке көк күмбез боп елестеп, 
кешегі  шалшық  шалқар  болып  шалқуы  да  мүмкін  ғой...  Сағым 
зорайтса, əлі күнге көзің көрмеген бейтаныс құбылыс беті əрмен 
құбыжыққа айналып, қаралай қорқытып бітуі де ғажап емес.
Мезгіл  бесінге  аунаған  бейуақта  сағым  арылғанмен  маңайда-
ғының  бəрі  зорайып  көрінеді.  Көлеңкелер  ұзарып,  қаралай  көз 
алданады. Кешкі ымырт қайтадан бəрін буалдырландырып, бірте-
бірте  көмескілендіріп,  тіпті  бір  жолата  ғайып  қылады.  Адам  өз 
көзіне  өзі  алданып,  өз  көңіліне  өзі  арбалып  қалмау  үшін  сара 
жауапты  хақтан  күтеді.  Хақ  білетін  ақиқаттан  ара-тұра  хабар-
дар жүру үшін ақынға құлақ тосады. Ақын Ұлықбек Есдəулетов 
ақиқаттың обалын көтермеу үшін өзі тапқан ақиқатпен қоса, өзін 
сандалтқан күдік-күмəнді де ортаға салады. Сүйтіп, бүгінгі бəріміз 
бастан  кешіріп  жүрген  ішкі  рухани  сенделісті  қазқалпында  көз 
алдымызға қайта тосады. Расында да, өлең деген, өнер деген ай-
дын көл сияқты. Түгел таусып кете алмайсың. Шетінен ауыз тиіп, 
шөліңді  қандырасың,  шындықтың  дəмін  татып  көресің.  Айды-
нына  жүзіңді  тосып,  бет-бейнеңді  көресің.  Ерсің  болса  түзейсің. 
Бірақ,  ондай  шарапатқа  тек  кəусар  тұнық  көл  ғана  ие.  Ұлықбек 
жырлары  сол  мөлдірлігі  мен  тұнықтығынан,  кəусар  дəмінен  ай-
нымаған.  Нені  көзі  көріп  тұрса,  соны  суреттейді.  Неге  көңілі 
алаң  боп  тұрса,  соған  тебіренеді.  Қандай  дəл  суреттесе,  сондай 
шынайы  толғанады.  Сондықтанда  бұл  кітабында  уайым  басым, 
мұң  басым.  Қара  басының  емес,  халқының  уайымы.  Баяғыдай 
ай  астындағы  өрістен  тоқты-торымның  аузына  тиіп,  жұмырына 
жұғым  болғанның  шетінен  ырзық  айырып  қалған  жұрттың  əлі 
күнге жылқы теуіп жер бетіне шығара алмайтын, түйе тіліне орап, 
күйсей  алмайтын,  терең  көміліп,  кемел  қордаланған  өз  ырзығын 
əлі  өзі  алып  жей  алмай,  есесін  жіберіп  отырса,  қалай  мұңайып, 
қалай  уайымға  батпассың?  Қолыңдағы  қазынаңа  ие  бола  алмай 
отырсаң, баяғыны аңсаған базынаңды кім тыңдамақ? Əуелі қайда 
жүреріңді біл... Ол үшін неден күдер үзеріңді біл... Ит көйлегімен 
жауға  шапқан  батырды  кім  көрген?  Емізігін  сорып  отырып,  ке-
сік  айтқан  кемеңгерді  кім  көрген?!  Қуыршағын  құндақтап  оты-
рып  бала  емізген  бəйбішені  кім  көрген?  Кейде  бұйырмастай 
көрінгенді  бұйырту  үшін  қимастай  көрінгенді  қиып  кетуге  тура 
келетін  шығар.  Өйткені,  болашақ  деген  бəр-бəр  уақытта  болып-
қойғандардың заңды жалғасы емес қой. Келешек деген кеп-кешегі 
көп  аңсаған  арманың  боп  кезіге  бермесі  хақ.  Бұл  дүниедегі  көп 
нəрсе тым тосын сыңайлы. Бақ та тосын, сор да тосын тəрізді. То-

9
сыннан тосылып қалмау үшін, əрдайым өзіңе өзің бекем болуың 
керек секілді. Əйтпесе,
«Уақытты кім жаратты екен өтпес қып?.. 
Сағыныштың сары өзенін көп кештік, 
күтуменен өтті біздің бар өмір, 
шыдамның да шегіменен беттестік,
тұлпарлардың тұяқтарын талдырып,
ғашықтарды бір-біріне жетпес қып... 
Біз – уақытты, уақыт бізді аямай, 
бір-біріміз етімізден ет кестік:
уақытты кім жаратты екен мұндай ғып?.. 
ешкімге де енші болмас бұл байлық, 
уақыт деген кімге – бақыт, кімге – сор, 
кімге – ғарыш, кімге – намыс, кімге – айлық, 
уақыт мені төске салып илесе, 
мен уақытты тартып жүрмін сырнай ғып, 
одан өтер екі жүзді көрмедім, 
қалыбынан кете берер күнде айнып...» –
деп  шағынғанымызбен,  уақыттың  ештеңесі  мұқала  қояр  түрі  кө-
рінбейді. Сондықтан да:
«Кешірем бəрін, иттікке етім үйренген, 
найзағайлар мен найза біткенге түйрелгем, 
бас білмес аттың құйрығына да сүйрелгем, 
бəрі бір менің қабырғам аман күйреуден...
Кешірем тіпті айырылған жанды есінен, 
айныған Күнді,
айырылған Жерді осінен,
аяйтын болса ақымақ болған пендесін
тəпсірі күшті Тəңірдің өзін кешірем.
Кешірем бүгін мазмұнның өзін шешінген, 
кешірем өртті, топан суды да есірген. 
Сені де кешем, жолынан тайған періште, 
бəрін де кешем, 
өзімді ғана кешірмен!!», – 
деп ширыққан жөн сияқты.

10
Өйткені, серпілмей, сергімей тұрып, жаңа көңіл күйіне көше ал-
майсыз.  Көңіл  өзгермей  тұрып,  пейіл  өзгермейді.  Пейіл  өзгермей 
тұрып,  пікір  өзгермейді.  Пікір  өзгермей  тұрып,  əрекет  өзгермейді. 
Əрекет  өзгермей  тұрып,  ештеңе  өзгермейді.  Кекшілдік – кешегінің 
тұтқынында  қалу.  Кешірім – жаңаға  бой  ұсыну.  Бірақ,  өзіңді  өзің 
кешірмеуің қалай? Түсінбейтін ештеңе жоқ. Кешегі кесепаттан ең ал-
дымен өзгелердің арылып біткенін күтсең, өзің сол кесір қалпыңда 
дүниеден  өткенің.  Ал,  кешегі  кесепат  үшін  ең  алдымен  өзіңді  жаз-
ғырып,  одан  ең  болмаса,  өзің  арылуға  тырыссаң,  кесір  атаулының 
кететіндігіне жұрттың көзі жететіндей көрінеді де тұрады.
Дəл  бүгін  ешқайсымыздың  кешегінің  тұтқынында  қалуға  қа-
қымыз жоқ. Еліміз үшін, жеріміз үшін шындап күйзелетініміз рас 
болса, алдымен өзімізді өзіміз қолға алып, ақыл мен сезімді өкпе 
мен бопсаға қор қылмай, үміт пен тəуекелге билетпегіміз абзал. Ет 
жүректің ең елгезек лүпілімен үндес естілетін:
«Қазақиям – азат ұям,
қоңыр жұртым, ұлы елім, 
қаңқылдаған қаз атынан
сөз саптаған сүлейім;
– қанға – қан! – деп,
– жанға – жан! – деп, 
атам қазақ үйреткен, 
өтті ғасыр сандаған көп, 
ақ сойылын сүйреткен;
шыңбысың сен – Хан-тəңірім, 
əлде Бетпақ – шөлмісің? 
қаңсыса да қан тамырың, 
қыңқ етпейтін көнбісім;
тасыдың да жуасыдың, 
түпсіз арнаң толсашы, 
дүниенің күнəсінің 
жуылатын моншасы;
аялаған азаттығым 
бұл-бұл ұшса басымнан, 
кімге керек қазақтығым 
мақтан еткен жасымнан?

11
Төбеңдегі Айды мына 
тұмарыңдай көремін, 
қапалы да, қайғылы да 
қызыр елім, өр елім;
топырақтың табын сездім, 
жүгірдім де жығылдым,
Отан деген назым сөздің 
мəнін сенен ұғындым;
Аспандай кең атамекен, 
иі қанбас көн дала, 
сені сүю қате ме екен? 
Сүйіп өтем сонда да!» –
деген жолдар имандай ұйытар мінəжат сөзіндей, кəлима қып қайы-
рар дұғалық сөзіндей.
Тағдыры  тарихтың  талма  тұсына  тіреліп  тұрған  ұлттың  ұяты 
бар ділмары онсыз да өртеніп тұрған кезеңде өз жұртын өзі шап-
тан  түртіп  шамырықтырып,  қаралай  отқа  итермей,  базына  емес, 
басу айтып сөйлесе лазым-ды.
Ұлықбек таланты – сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан 
ашуын  емес,  жан  сырын  ғана  ортаға  салады.  Бүгінгідей  күндері 
ортамызда  ондай  пəтуалы  ауыздардың  жүргенінің  өзі  қандай  ға-
нибет.
Мынау кітап тартып отырған талай тауқыметіміздің басын шал-
са да, кеудеңе үміт гүлін егіп, жігеріңе жігер қосатын, тəуекелге 
мінгізіп, тəубəңе келтіретін парасатты жырларға толы.
Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққалы бардай соншама ете-
не естіледі. Мына дүние тұрғанша тұратындай өміршең де өршіл 
ұғылады.
Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең осындай болса керек-ті.
1999 жыл

12
АНТИЖАРНАМА. ҚАЛЫ КІЛЕМ
Жоқ, 
бұл кілем сатылмайды,
сатылмайды, 
оқырман,
жұтқан кезде ақын қайғы, 
көз жасынан тоқылған.
Тағдыр
менің сезімімді
ақ сабаумен сабаған,
жүндей түтіп төзімімді
қылшықтаған сан адам.
Қан шұбырған тамырымнан
шуда есіп көп білек,
санам менен
сабырымнан
киіз басқан тепкілеп!
Жүйкемнің бар талшықтарын, 
суыртпақтап суырып, 
ашудасқа малшып бəрін, 
арқау еткен иіріп.
БОСАҒА

Кемпірқосақ – түрлі реңде, 
көзді жаулап құбылар, 
көре білсең бұл кілемде 
жүрегімнің түгі бар.
Əр өрмегі
сезімменен,
сағынышыммен боялған,
бұл кілемді
көзім дер ем,
көрмеге оны қоя алман!.. 

14
«ИМАННҰР» топтамасы
ЕДІГЕ ТАУЫ
...Сақ етер тиді саныма, 
Сақсырым толды  қаныма...
Доспамбет.
Найзағаймен тілгіленген тастарың, 
Жұлдыздармен шегеленген аспаның, 
О, Ұлытау,
Ұлар үнді дастаным,
Маған қабақ ашпадың.
Жартастарың жарақатты жүректей,
Зымыраған ғасырлар-ай
қас-қағым!
...Тамған қаннан тас өртеніп барады! 
Таңатұғын кім бар мынау жараны? 
Талқан болды тоғыз көзді кіреуке, 
Тарс айрылып дүниенің талағы, 
Қарс жабылды қаралы аспан қабағы.
...Шүу, жануар,
Қу жаны бар иеңнің,
Мен үзілсем үзеңгіңді сүйер кім?
Сөзі емес бұл көзге шыққан сүйелдің,
Мен сертім мен сар сүңгіме сүйендім.
Күнім туса –
Ескі кегім оянып,
ҚАРА ШАҢЫРАҚ

15
Керіскедей көк көбені киермін,
Тексіз жауға темірендей
1
 тиермін.
Еңлікгүлдер
Едігені емдесін,
Саралжындар
Сəйгүлікті жемдесін,
Сөнгім келмес
Сарайшықтың сыртында,
Сарыазбанға
Сүйегімді теңдесін,
Ұлар құстың
Ұясында өлейін,
Ұлытаудың
Ұшпасына жерлесін.
Мен жатайын бұлт қонақтап төсіме,
Өр кеудеме шығармайын өңгесін!
Сахарада
Сербет ішіп сағымнан,
Сарсадақтан сая таппай сабылман,
Сауырлы атты бұтқа тартып мінбен-ді,
Сарапшаңды сұлуларды
Сағынбан,
Бұғалықсыз буырлыштан асау ем,
Қапияда қирады ғой қабырғам.
Аса кəпір,
Кісəпір жау күрік бас, 
Қанжығасы қанға қалай құнықпас? 
Қарша борар қасиетсіз дұшпанға, 
Қабірімнен тас-талқан боп құлыптас. 
Ұрпақтарым ұмытса егер ұмытсын, 
Қаным тамған Ұлытауым ұмытпас!
1996
1
 Темірен – көне түрікше – жебенің ұшы.

16


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет