Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сақ Қ. С 17 Алаш мұрасы./ Қ. Сақ. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2014


«ҚАЗАҚ» – ӨЗІН-ӨЗІ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ГАЗЕТ



Pdf көрінісі
бет12/37
Дата31.12.2021
өлшемі1,34 Mb.
#22411
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   37
«ҚАЗАҚ» – ӨЗІН-ӨЗІ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ГАЗЕТ
Апталықтың зерттеу жүзін көрмей, көлеңкеде қалып келе 
жатқан мəселелері баршылық. Соның бірі – «Қазақтың» қар-
жылық  көзі.  Бұл  турасында  біріне-бірі  кереғар  əртүрлі  пі-
кірлер ғылыми айналымда жүр. Біз соларды сын тезінен өт-
кізіп,  өз  ой-толғамдарымызды  ортаға  салғанды  жөн  көріп 
отырмыз.
Кешегі кеңес заманында жарық көрген еңбектерде «Қа-
зақ» газеті, ең алдымен, «байшылдығымен» айыпталып кел-
гендігі баршамызға белгілі. Ондай пайымдауға сенсек, бұл 
басылымды  қазақтың  жекелеген  қалталы  байлары  қаражат 
шығындап,  жарық  дүниеге  əкелген  болып  шығады.  Осы 
пікірді  алғаш  қоздатқан  белгілі  жазушы  Сəбит  Мұқанов 
екенін  қолымыздағы  дерек  алдымызға  жайып  салады.  Ол 
1932  жылы  жарық  көрген «XX ғасырдағы  қазақ  əдебиеті» 
деген кітабында: «1913 жылы февральдан бастап Орынборда 
«Қазақ» газеті шықты. Бұл газетті шығару үшін қазақ байла-
ры 7 жыл даярлық жасады. Оған мынадай дерек бар», – деп 
«Айқап» журналының 1911 жылғы 11-санында жарияланған 
басылым басқармасының ашық хатына жүгінеді. Бұл хатта 
1906 жылы 28-мамырда бірінші мемлекеттік думаға депутат 
сайлау үшін Ақтөбе шаһарында Торғай облысының сайлау-
шылары  мəслихат  құрғандығы,  осы  жиында  газет  шығару 
үшін  қаржы  жинау  туралы  келісім  болып,  бұл  іс  Смайыл 
қажы  Жаманшаловқа  тапсырылғандығы  жөнінде  мəлімет 
бар.  Осыған  арқа  сүйеген  жазушы  сонда  жиналған  қаржы 
(ол  аз  да  емес, 5000 сом  мөлшерінде)  осы  «Қазақ»  газетін 
шығаруға жұмсалынды дегенге əкеп тірейді.
1
 Песикина Е.Н. Народный комиссариат по делам национальностей и 
его деятельность в 1917 –   1918 гг. – М., 1950, стр.74.


76
Осы пікірді белгілі қоғам қайраткері, тарихшы С.Асфен-
дияровтың 1936 жылы  жарық  көрген  «Национально-осво-
бодительное  восстание 1916 года  в  Казахстане»  деген  ең-
бегінен кездестіреміз. Ол жоғарыдағы деректі қайталай оты-
рып: «Узнав  об  этом,  а  также  о  том,  что  Жаманшаловым 
(известный казахский миллионер гор. Троицк) собрано нес-
колько тысяч рублей, Сералин обратился к нему с просьбой 
отпустить ему эти деньги на издание журнала. Жаманшалов 
не дает определенного ответа и наконец, после долгих про-
волочек, объясняет, что решено издать газету не в Троицке, 
а  в  Оренбурге,  а  потому  он  денег  Сералину  дать  не  может 
(с.55)», – деп  жазды.  Рас,  мұнда  осы  қаржы  анық  «Қазақ» 
газетін шығару үшін жұмсалынды деген сөз жоқ. Бірақ солай 
болуы ғажап емес деген автор емеурінін тану қиын емес.
Бір көңіл аударарлығы – осы деректер біздің алдымызда-
ғы  зерттеушілердің  назарынан  тыс  қалып  келгендігі.  Ал 
оның  анық-қанығына  жетуді  ғылым  талап  етеді.  Онсыз 
«Қазақ» газетінің дүниеге келу тарихы мен оның сан-салалы 
қызметінің  мəн-мазмұны  ашылып,  ақиқаттың  салтанат  құ-
руы қиын. Осы себептен де жоғарыдағы пікірдің, яғни бұл 
басылымды шығаруға «Троицк қаласында тұратын қазақтың 
атақты миллионері С.Жаманшалов жинаған қаражат жұмса-
лынды» деген болжамды ойдың қаншалықты шындық екен-
дігіне тоқталмай кетуте болмайды. 
Олай десек, алдымен, ол еңбектердің жазылған уақытын 
еске түсіре өткенді артық көрмейміз. 1932 жəне 1936 жыл-
дары жарық көрген бұл кітаптардың 1928 жылдан бастала-
тын бай-кулактарға қарсы күрестің қаулап тұрған мезгілінде 
баспаға дайындалғаны бекерден-бекер болмаса керек. Бұдан 
осы  бір  саяси  науқанның  идеология  саласында  да  өрт  бо-
лып,  жалын  құшып  тұрғанын  байқауға  болады.  Осындай 
«күйіп» тұрған уақытта жоғарыдағы зерттеушілердің партия 
сойылын соғудан басқа амалдары да қалмаған. Осы себеп-
тен де өздерінің зерттеу еңбектерін 1929 жылғы Қазақстан 
өлкелік партия комитеті V пленумның шешімдеріне сəйкес 
жазып шыққандары көзге ұрып тұр. Жазушы С.Мұқановтың 
жоғарыдағы  кітабында  жазылғандай,  онда: «Қазіргі  қазақ 


77
əдебиеті – негізін де ескі байшыл, ұлтшылдардың, алашор-
дашылардың  əдебиеті.  Сондықтан  байшыл,  ұлтшыл  əде-
биеттің  сырын  ашып,  əдебиеттегі,  жалпы  көркем  өнердегі 
оның ықпалымен қатты күресу керек» – деген нақты нұсқау 
берілген-ді. Оны орындау үшін, əуелі, Қазан төңкерісіне де-
йінгі қазақ баспасөзіне тағылған нақақ жала, кінəларды (бай-
шыл, ұлтшыл деген) дəлелдеп, жұрттың көзін жеткізу керек 
емес пе? Осы мақсаттарын орнына келтіру үшін қолдарына 
түскен  деректердің  анық-қанығын  айқындамай  жатып,  оң-
ды-солды  қажеттеріне  жаратуға  асыққандары  байқалады. 
Соның  нəтижесінде  «Қазақ»  байлардың  қаражатымен  жа-
рық  көргендіктен  солардың  сөзін  сөйледі,  сондықтан  бай-
шыл басылым болды деген қорытынды келіп шығады. Оның 
соңы  «байлар,  байшыл  оқығандар  кеңес  өкіметіне  қарсы 
шыққанда таптық мақсаты қайшы келген соң қарсы шықты» 
деген  пікір  туғызбай  қоймайды. «Қазақ»  газетінің  жарты 
ғасырдан астам уақыт қараңғы қапаста үні туған халқының 
құлағына  жетпей  «құлыпталынып»  ұсталып  келген  деп 
тағылған айыптаудың бірі, міне, осы «кінəсі».
Бүгінгі  күні  де  арамызда  осындай  пікірді,  яғни  «Қазақ» 
қалталылардың қаражаты негізінде шығып тұрған деген ой-
ды  қолдап  қана  қоймай,  оны  тірілтуді  мақсат  тұтқан  зерт-
теушілер  жоқ  емес.  Мəселен, 1993 жылы  қайта  тірілген 
«Қазақтың» 266-санында жарық көрген, Оразайдың Ахметі-
нің  Мұхамедрахымы  қол  қойған  «Газеттің  шығу  тарихы-
нан»  атты  мақалаға  сенетін  болсақ, «Қазақ»  газеті «...жеке 
кісілердің  жиған  қаржы-қаражаты  есебінен  шығып  тұрған. 
Газеттің  шығуына  өзге  ел  игі  жақсылары  да  өз  шама-шар-
қынша үлес қосқан болар, бірақ оның мөлшерін нақты айта 
қою  қиын.  Ахмет  ишан  Оразайұлы  берген  қаржы  бір  мың 
сомның көлемінде», – болып шығады. Бұл – бұл ма, осы ой 
одан əрі өрбіп, екінші бір автордың айтуы бойынша, «Қазақ» 
газетін  шығару  идеясы  Ахмет  Оразаевтікі  болғанын,  сол 
Ахмет  ауылында  Міржақып  Дулатов  болғанда  осы  кісі  та-
рапынан  идеяның  мақұл  тапқанын  жəне  Оразаев  Ахметтің 
газетті  шығаруға  қаржы  беріп,  құрылтайшылық  еткенін 
газет  тігіндісі  де,  Орынбор  генерал  губернаторлығының 


78
құжаттары  да  дəлелдеп  отырғанға»
1
  ұқсайды.  Бір  əттеген-
айы,  мұны  газеттің  қайсы  тігіндісіне  жəне  қандай  құжатқа 
сүйеніп жазып отырғандығын автор нақты ашып айтпайды. 
Нəтижесінде  өзге  зерттеушілерді  де  шатастырып,  тура 
жолдан  адастырмай  қалмайды.  Осыдан  келіп «... негізінен 
«Қазақ» газетінің тікелей дайындығының ауыртпалығын кө-
тергендер Мұстафа Оразаев пен Ахмет Байтұрсынов. Газеттің 
шығаруына алғашқы дайындықтар басталып, жұмыс қызған 
шақта  Əлихан  Бөкейханов  Самараға  жер  аударылған  бола-
тын (1909), ал Міржақып Дулатов Семей түрмесінде жатқан-
ды»,
2
 – деген күмəнді қорытынды келіп шығады.
Осы пікірлер шындыққа жанаса ма? Жоқ. Қолымыздағы 
мəліметтер  оларды  құптай  қоймайды.  Əсіресе,  газеттің 
қаржы  көздері  туралы  мүлде  бөлек  тұжырым  жасауға  не-
гіз  береді.  Бір  əттеген-айы,  əлгіндегідей  «Қазақ»  қазақ 
қалталыларының  қаражатымен  жарық  көріп  тұрды  де-
ген  пікір  қазанын  қайнатушылар,  тым  болмаса,  басылым 
тігінділерінің  өзі  бұған  не  дейтініне  мəн  бермеген.  Соның 
салдарынан  газет  тігінділерінің  материалдары  мен  оны 
зерттеушілердің  (жоғарыдағы)  пікірлері,  бірінің  сөзін  бірі 
қолдамай  тұрғандығын  байқау  көп  қиындыққа  соқпайды. 
Бұған  көз  жеткізу  үшін  енді  деректерге  жүгіне  отырып 
əңгіме  өрбітейік: «Қазақ»  газеті – əуелі,  тез  ойланып, 
тез  дүниеге  шыққан  істің  бірі.  Шығаруға  бел  байлағанда 
қолдағы пұлымыз небəрі 750 сом еді», – деп жазады А.Бай-
тұрсынов  «газеттің  бірге  толып,  екіге  аяқ  басқан  күні»  ба-
сылым  басқармасының  атынан  оқырманға  арнау  сөзінде. 
Мұнда,  яғни  апталықтың 1914 жылғы 2-ақпанындағы  са-
нында жарық көрген бас мақалада жоғарыдағы қалталылар 
қосты деген қаражат туралы бір ауыз сөз жоқ. Газетке көмек 
берушілердің  əрдайым  есімдерін  атап,  алғыс  сезімдерін 
білдіріп,  қолдағы  қаржының  бір  тиынына  дейін  есеп  беріп 
отырған  Алаш  азаматтарының  оларды  ұмыт  қалдыруы 
мүмкін  емес  қой.  Олай  деуге  ешқандай  негіз  жоқ.  Мұны 
архив  деректері  де  растайды. 1916 жылы  Ресей  ішкі  істер 
1
 Оразаев Ф.М. Қазақ қайта шыға ма? //Қазақ əдебиеті, 1993, 29-қаңтар.                       
2
 Əбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақстан, 1993, 36 б.


79
министрлігі  рухани  істер  департаментінің  вице-директоры 
ерекше тапсырмалар чиновнигі Тарановский құпия қатынас 
хатында «Каспий» газетінің хабарлауына сүйеніп, қазақтар 
«Қазақ»  газетіне  өткен  жылы 1600 сом  ақша  жинап  беріп, 
материалдық  қолдау  жасаған  көрінеді  деп,  бұл  деректің 
қаншалықты  шындыққа  сəйкес  екендігін  анықтап,  депар-
таментке баяндауын өтінеді. Осы қатынасқа жауап ретінде 
жазылған құжатта: «Уведомляю Ваше превосходительство, 
что редактор газеты «Казах» Ахмет Байтұрсынов начал из-
давать  свою  газету 2-го  февраля 1913 года  имея  в  своем 
распоряжении  капитал  лишь  в  сумму 750 рублей»,
1
 – деп 
көрсетіледі.
Бұдан «Қазақ» байлардың қолдауымен, солар бөлген қа-
ражат  есебімен  шығып  тұрды  деудің  ешқандай  қисынсыз 
екендігі көрінеді. Осы пікірді газет тігінділерінің материал-
дары да тірілте түседі. Мəселен, басылым жанынан ашылған 
«Азамат»  серіктігінің  мақсаттарын  түсіндіріп,  апталықтың 
1913 жылғы 42-нөмірінде оқырмандарға газет басқармасының 
үндеуі  ретінде  жарияланған  «Алаш  азаматтарына»  деген 
мақаладан біраз жайдың сырына қанамыз. «Баспасөздің əуе-
лі керектігін түсініп, білу қажет. Екінші, білгеннен кейін бас-
пасөзбен жұрттың пайдалану жағын ойлап іс қылу керек. Бас-
қа жұрттарға қарасақ, олар мұндай істерді екі түрлі жолмен 
жүргізіп жатыр. Бір жолы – пұл міндетін пұлы барлар алып, 
жазу  міндетін  қалам  ұстаушылар  алып,  істеп  жатқан  жол. 
Екінші жолы – баспасөзбен халықтың пайдалануын ойлаған 
адамдар көп сомалы болмаған соң, аз сомаларын құрастырып, 
жиып,  біріктіріп,  күштерін  қосып,  серіктесіп  іс  қылып  жа-
тыр, – деп бір қайырып алып, мақала соңынан «Ашушылар» 
деп қол қойған Ахаң мен Жақаң одан əрмен қарай өздерінің 
жанына  батқан  біраз  шындықтың  шымылдығын  түреді. – 
Əуелгі жолмен іс жүргізуге: пұл міндетін көтерерлік қазақтан 
байлар  шықпады.  Байлар  жомарттық  қылмады  деп  қарап 
отыруға бола ма? Екінші жолмен іс жүргізуге ойлап тұрмыз. 
Қазақтың кесек сома шығарарлық байлары аз болғанмен, аз 
сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматта-
ры аз емес».
1
 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы: – Алматы: Санат, 1995, 151 б.


80
Осы  жолдарды  оқи  отырып, «Қазақ»  қазақ  байларының 
қолдауымен,  солардың  қаржысымен  шықты,  сондықтан  да 
солардың сойылын соқты дейтін пікірсымақтардың да қате 
екендігін  көреміз.  Сонымен  бірге: «А.Оразаев  газет  шы-
ғаруға  қажетті  қаржының  басым  көпшілігін  жинап  берген 
соң,  медресе  «Ғалияда»  оқып  жүрген  баласы  Мұстафаны 
«Қазақ»  газетінің  бастырушысы  етіп  тағайындады,  газет 
барлық  жағынан  түгелдей  сол  кісінің  жауапкершілігіне 
тапсырылады. Газеттің ірге теуіп орнығуына А.Оразаев ке-
йінірек  қаржысымен  де,  мақалаларымен  де  көмек  көрсетіп 
отырған»,
1
 – деген пікірдің бас-аяғы түгел шындыққа жанаса 
бермейтіндігін айтуды ғылым талап етеді.
Осы ойымызды «газеттің аяғын нық бастырып, жүргізіп 
жібермек»  мақсатында  ашылған  сол  «Азамат»  серіктігіне 
кірген алғашқылардың тізімі негізінде жандандыра түскіміз 
келеді. Осынау абыройлы да азаматтық іске қолдау көрсет-
кендер кімдер еді? «Қазақтың» 1914 жылғы 56-санында жа-
рияланған  тізім  бойынша,  олардың  ішінен  бүкіл  қазаққа 
таныс  есімдерді  тағы  да  кездестіреміз.  Олар: «М.Дулатов, 
А.Байтұрсынов, Бадрисафа Байтұрсынова, Арғынғазы Бош-
таев, Ғабдолла Нүсіпбаев, Əлихан Бөкейханов, Мұхаметжан 
Тынышбаев,  Əубəкір  Алдияров,  Бірмұхамбет  Алдияров, 
Медеу Оразбаев, Қаражан Үкібаев, Шəкəрім Құдайбердиев, 
Ғабдікен Құнанбаев, Тұрағұл Құнанбаев, Жəмила Бөленова, 
т.б.». Бұл қатардан жоғарыда аты аталған, қаржылай көмек 
беріп,  газеттің  құрылтайшысы  болды  деген  қазақ  байла-
рының  есімдерін  кездестіре  алмайсыз. «Азамат»  серіктігі 
қиналған  кезде,  қаржы  тапшылығынан  «Қазақтың»  жабы-
лып қалу қаупі артқан тұста, оны аман алып қалу үмітімен 
қолға  алынған  соңғы  амал  болғаны  дəлелдеуді  қажет 
етпейді.  Осындай  қиын  сəтте,  газеттің  өмірі  саудаға  түсіп 
тұрған  кезде  қолұшын  бермеген  байлардан  не  үміт,  не  қа-
йыр? «Серіктікке  кіретін  азаматтарға  лайықталғаны  бір 
басына  жүз  сом»  екен.  Осыны  ауырсынған  ауқаттыларды 
əкеліп  басылымның  бас  демеушісі,  жарылқаушысы  етіп 
көрсеткіміз келеді. Бұл əдеп, əділеттіліктің ауылына топырақ 
1
 Жармұхамедов М. «Қазақ» газеті// Қазақ əдебиеті, 1989,  8-қыркүйек.


81
шашқандық болып шықпай ма?! Оның үстіне, газеттің шы-
ғарушысы осы мезгілден бастап «Азамат» серіктігі деп жа-
зылады  да,  Мұстафа  Оразаевтың  есімі  аталмайды.  Оның 
«Азамат» серіктігіне мүше болып кірмеуі де ойландырады. 
Бұл болашақ зерттеушілердің назарында болуға тиісті жай.
Осы  орайда,  газеттің  қаржыландыру  көздері  туралы  өз 
ой-толғамдарымызды ортаға сала кеткенді артық көрмейміз. 
Бұлай  дегенде,  алдымен, «Қазақтың»  өзін-өзі  қаржылан-
дырған басылым болғандығын айтқан лəзім. Біздіңше, газет-
тің қаржыландырылу көзі – екеу. Біріншісі əрі негізгісі – ба-
сылымды жаздырып алушылардан түскен қаражат. Екінші-
сі – газетте жарияланып тұрған жарнамалардың төлемақы-
сы. Осы ойымызды газеттің 1915 жылғы 139-санында жарық 
көрген мына материал да растай түседі. «Газета сомасы екі 
түрлі  ақшадан  құралатын  еді:  бірі – алушылар  төлейтін 
ақша, екіншісі – ығлан (жарнама – С.Қ.) берушілер төлейтін 
ақша».
Газетке жазылу бағасы «бір жылға – 3 сом, жарты жылға – 1 
сом 75 тиын, үш айға – 1 сом» болған. Одан басқа əр саны 
көтерме  сауда  бағасымен 5 тиыннан  сатылып  отырған. 
Ал  ығлан  (жарнама)  бағасы: «Бір  рет  басуға – 1-бетте  пе-
тит  жолы 20 тиын, 4-бетте – 15 тиын.  Бір  реттен  артық 
бағасы келісуінше» болғандығын газеттің əр нөмірінің маң-
дайшасынан  тұрақты  орын  тепкен  хабарландырудан  оқып 
білеміз.  Осыған  қарап  та  газет  шығынын  қандай  қаражат 
көзі толықтырып отырғанын анықтауға болатындай. Қосып-
алуды білетін кісіге таралымы 3 мыңнан 8 мыңға дейін же-
тетін  басылымның  қаражат  жағынан  өзін-өзі  толық  қамта-
масыз ете алатындай жағдайда болғандығын есептеп шығару 
көп қиындыққа түспесе керек.
Рас,  газетті  қаржыландырудың  басқа  да  жолдары  қа-
растырылып отырған. Бірақ, олардан ауыз толтырып айтар-
лықтай жəрдем болмаған. Бұл жөнінде газеттің 139-санында 
жарияланған мəлімет былайша сыр шертеді: «Бұл екеуінен 
басқасы  (жоғарыдағы  екі  қаржыландыру  көзінен – С.Қ.
əлдеқалай түсетін, болар-болмасы неғайбыл ақша еді. Біздің 
газетіміздің  жоғарғы  айтылғаннан  басқа  «Азамат  жарнала-


82
рынан  құралған  сомасы  бар.  Ол – газеттің  «алды – дария, 
арты – жар  болған  кезінде  керек  болар  деген  қосардағы 
ат  сықылды  сома».  Демек,  бұл  да – əлгіндегідей  газет-
ке  жəрдем  қолын  созып,  қаражат  шығынын  өтеуге  пəлен 
пұл  көмек  берді  деп  жүрген  жарылқаушылардың  шын  мə-
нінде  болмағандығын,  ерен  жомарттық  жасамағандығын 
айғақтайтын дəлел. Олай болса, ондай ойдың жетегіне ерген 
зерттеушілер өзі бір шатасып, жұртты екі адастырып, ақиқат 
алдында  қиянат  жасап  жүргенін  ауызға  алмай  тұра  алмай-
мыз.
Осы  жерде  мына  мəселені  де  оқырман  назарына  ұсын-
ғанды  жөн  көрдік.  Газет  о  бастан-ақ  жаздырып  алушы-
лар  қаражаты  есебінен  жарық  көре  бастаған  деуге  толық 
негіз  бар.  Бұл  жөнінде  мынадай  дəлел  келтіруге  болады. 
«Қазақтың» 1913 жылғы 28-санында  М.Дулатовтың  «Қай 
жерде қалай?» деген мақаласы жарияланған. Сонда Жақаң: 
«Өткен  январь  жұлдызының  ақырында, «Қазақ»  шықпай 
тұрып, шығады деген хабар болған соң, Павлодар дуанын-
да  жатып  «Қазаққа»  алушы  қарастырдым; 4-5 күннен  соң 
хабарды  есіткен  Павлодар  қазақтары  өздері  келіп  жаздыра 
бастап, аз күннің ішінде 150-дей алушы болды», – деп хабар-
лайды.  Осыдан  екі  мəселенің  шындығына  қануға  болады. 
Əуелі, жарық көрмей тұрып-ақ газеттің жаздырып алушыла-
ры болғандығын, яғни «Қазақ» солардан жиналған қаражат 
негізінде  басылып  шыққандығын  айғақтайды.  Екіншіден, 
жоғарыда келтірілген газеттің алғашқы дайындық жұмысы-
на  бірі  айдауда,  екіншісі  абақтыда  жатқандықтан  Ə.Бөкей-
ханов  пен  М.Дулатов  қатыса  алмады  деген  пікірдің  шын-
дыққа жанаса бермейтіндігін аңдатады.
Əуелгі  мəселені  талдағанда  алты  жылдық  ғұмырында 
«Қазақтың»  əрқилы  кезеңдерді  бастан  өткергенін  ұмытуға 
болмайды.  Алғашқы  екі  жылында,  яғни 1913-1914 жылда-
ры жаздырып алушыларының молдығынан (3 мың дана – ол 
кездің  көрсеткішімен  жоғары  таралым)  газет  өз  шығынын 
өзі ақтап, қаржы тапшылығына душар болмағандығын бай-
қаймыз. Басылымның басына мұндай қиыншылықтың үйірі-
луі 1915 жылдың еншісіне тиеді. Осы жылдың басынан га-


83
зет аптасына екі мəрте шығуға көшеді. «Газетаны жетісіне 
екі  рет  шығарғандағы  мақсат  жұртпен  жиірек  тілдесу, 
көбірек кеңесу, тезірек хабар беру еді», – деп сыр тарқатады 
бұл  жөнінен  апталықтың 1915 жылғы 139-нөмірінде  ба-
сылым  басқармасы.  Осы  игі  қадам  басылым  қызметінің 
өрісін  кеңейтіп,  жұмысын  жандандыра  түседі  деп  күтілген 
екен.  Алайда,  өкінішке  орай,  ол  керісінше  көрініс  табады. 
Қиындықтың үлкені газетті жаздырып алушылар қатарының 
күрт  кемуінен  туындайды.  Жоғарыдағы  апталық  жарияла-
нымынан: «Бастапқы  жылдары  газета  алушылардың  саны 
үш мыңға жеткен соң, сол шамалы алушылар болып тұрар, 
бірер мың сом ығланнан түсер, екі мəрте шығаруға тəуекел 
етіп көрейік деген бір талап еді. Іс орайы ойлағандай болма-
ды. Алушылар һəм ығлан берушілер саны ойлаған шамадан 
табылмады», я болмаса «Газет алғашқы шыққан жылы алу-
шылар 3 мыңнан  астам  болды.  Келесі  жылы 3 мыңға  таяу 
болды. Биыл мың алты жүзге түсіп қалды», – деген жолдар-
ды оқып, соны ұғамыз. Осыған қоса, бұл мəліметтерден мы-
надай ой қорытындылауға да болатындай, газет алғашқы екі 
жылында өз шығынын өзі, сырттың көмегінсіз өтеп тұрған 
болуы керек. Əйтпесе, екі рет шығаруға тəуекел етпес те еді 
ғой.
Қолдағы деректерге сүйенсек, газетке жəрдем етушілер-
дің  пайда  бола  бастауы  да  осы 1915 жылдың  еншісінде. 
«Қазақтың» сол жылғы 30-қыркүйектегі 151-санында алғаш 
рет  газетке  көмек  берушілердің  тізімі  жарияланған.  Оның 
алғы сөзінде: «Ойламаған жерден «Қазақ» төтенше шығынға 
ұшырап,  халі  ауырлағанын  байқаған  азаматтар  азды-көпті 
көмек  берісті.  Бұлар  көмектерін  əрқайсысы  айрықша  əр 
уақытта жіберген еді. Біз бəрін жиып, бір-ақ жариялап отыр-
мыз», – деген түсініктеме берілген. Ендеше, газетке кім, қанша 
жəрдем берді деген даулы сұрақтың жауабын осы тізімнен 
іздеген  жөн  болар.  Оның  осындай  құндылығын  ескеріп, 
оқырманға  қаз-қалпында,  толық  ұсынғанды  жөн  көреміз: 
«Есенқұл  қажы  Маманов – 100 сом,  Ғайнижамал  Есен-
құл қажы жамағаты – 100 сом; Тəңірберген қажы Тұрысбе-
ков – 429 сом;  Айтмұхамбет  Тұрысбеков – 100 сом;  Хожа 


84
Ахмет  Маманов – 50 сом;  Баймұхамет  Тұрысбеков – 50 
сом;  Құдайберген  Тұрысбеков – 20 сом;  Егеубек  Жиенба-
ев – 10 сом;  Ғ.Əлібеков – 150 сом;  Хұсайын  Үкенов – 25 
сом 50 тиын;  Жолымбет  Тұрымбетов – 25 сом;  Ерназар 
Жауқашаров – 20 сом;  мұғалім  Нығметолла  Күзебаев – 15 
сом; Нұғман Қанатбаев – 5 сом; Өмірұлы Патешов – 5 сом; 
Тілеген Бадырақов – 5 сом... Барлығы – 1274 сом 40 тиын». 
Осы  тізім  газеттің  бұдан  кейінгі 152, 153-сандарында 
жалғасын  тауып,  барлығы 255 адамның  аты-жөні  басы-
лымның  қамқоршылары  ретінде  тарих  болып  хатталады. 
Олардың  əлеуметтік  құрамы  əртүрлі.  Бұл  тізімнің  ішінен 
байды да, қажыны да, орта шаруа мен кедейді де, ақыр со-
ңы  студенттерді  де  кездестіреміз.  Демек, «Қазақ»  белгілі 
бір  əлеуметтік  таптың  немесе  топтың  құзырындағы  емес, 
жалпыұлттық  басылым  болды  деуге  толық  негіз  бар.  Со-
нымен  бірге  бұл  дерек  те  жоғарыдағы  басылым  белгілі 
бір  байлардың  қаражатымен  жарық  көріп  тұрды  деген 
пікірлердің  қисынсыздығын  одан  сайын  дəлелдей  түседі, 
өйтпесе, ол кісілердің де аты-жөні осы тізімнен орын табар 
еді ғой.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет