ӨМІР ТОҚТАП ҚАЛМАЙДЫ
Мамырдың алғашқы аптасында ауыл мектебінде тарих-
тан сабақ беретін Сəлмен мұғалім зейнетке шықты. Мектеп-
тің көрші ауылдан келген жаңа директоры оқу жылын
аяқтауға да мұрса бермеді. Кішігірім жиналыс жасап, жа-
санды гүл сыйлап шығарып салды. Зейнетке шыққанмен
соңғы қоңырауға дейін сабақ беріп жүре берсе, үкіметтің
ақшасы азайып қалмайтын еді. Жаңа директор өзі де түбінде
қартаятынын ойламайтын болуы керек, он бес күндік жала-
қыға байып кететіндей мұның сабағын оқытатынын айтты.
Қоштасар сəтте ренжігенін білдіргісі келмеді.
Өмір деген көзді ашып-жұмғанша зырлап өте шығады
екен. Институтты бітіріп, өзі оқыған мектепке сабақ беруге
келгені кеше ғана сияқты еді, содан бері қырық жылға жуық
уақыттың артта қап кеткенін байқамай да қапты.
Оқушылардың шуынан құлағы тұнғанда «Зейнетке шы-
ғып, миым тынығатын күн болар ма екен?» деп армандаған
кездері де болған. Дегенмен, балаларға əбден бауыр басып
қалған екен, мектептен шығып бара жатып, артына бұрылып
қарағанда жанарынан жас ыршып кетті...
Зейнетке шыққанымен құттықтап келген жақын-жуық,
көрші-қолаң екі күн қатарынан кеп, түн ауғанша отырыстың
көрігін қыздырды. Үшінші күні таңертең əдеттегіше əтеш
шақыра бастаған кезде тұрып ап, пысылдап ұйықтап жатқан
кемпірінің бүйірінен түртіп, «тұрмайсың ба?» деді. «Əй, шал,
таң атпай дірдектеп қайда барасың? Енді баратын жұмысың
154
жоқ, жатсаңшы», деп баж етті тəтті ұйқысы бұзылғанына
ашуланған кемпірі. Сол кезде өзін ешкімге қажетсіз адам-
дай сезініп кетті де, сүйретіліп далаға шықты. Дəрет сын-
дырып, жуынған соң тасқараңғыда не істерін білмей үйге
кіріп теледидарды қосты. Келін, баласы, немерелері оянып
кетпесін деп, бөлме есігін тас қып жауып ап, теледидардың
дыбысын бəсеңдетіп қойды. Əр арнаға ауыстырып көрді,
қызығып көретін ештеңе таба алмады. Уақыт өлтіру үшін
үңіліп отырғаны болмаса, тамашалап отырғаны да шамалы.
Əлден-ақ оқушылардың шуын сағына бастады. «Е-е, ол да
бір қызығы мол дəурен екен ғой, – деп ойлады мұғалімдік
кездерін есіне ап. – Базарлы шақтың бағасын білмей зей-
нетке шығуға асыққан кездерім де болған еді-ау! Жұмақтың
төрінде зəм-зəмнің суына бет жуып, құрма ағашының тү-
бінде құс жастыққа жантайып жататындай көрініп еді.
Япырмай, жұмақ та жалықтырады екен ғой, үш күн өтпей
жатып дегбірім қаша бастады-ау! Ауыл шалдары той-ме-
рекеден қалмаушы еді, қартайғанда тамақ аңдып, əр үйге
сүмеңдегенше үйінде отырса болмай ма екен деп ойлаушы
ем, зеріккеннен жұртпен дидарласуға асығады екен ғой!
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды. Мына жағында не қызық
бар дейсің? Қар шайнап, мұз түкіріп тұрсақ, үкімет қолдан
шығарар ма еді, жұмысқа жарамсыз болғасын зейнетке
шығарып тұрған жоқ па? Енді аула ішінде қыбырлап жүріп,
арғы дүниеге аттанып кеткенімізді білмей де қаламыз-ау!» –
деп ойлап, мұңға батып отырғанда:
– Ата, шайға келіңіз, – деді бірінші сыныпта оқитын не-
мересі есіктен қарап.
Жайлап тұрып, ас бөлмеге барып төрдегі орынға жайғас-
ты. Кемпірі кішкене немересін өбектеп сүт ішкізіп отыр. Ба-
ласы өздерінің ақбас сиырының сары майын нанға жағып
қылғыта асап, сүт қосылған шайды сіміріп, аузы босағанда
ауа райынан, тіпті саясаттан əңгіме қозғап қояды. Қарапайым
мал дəрігерінің білгіштігін көрсетіп, əлемнің тұтқасын ұстап
отырғандай сөйлеуі ерсі көрінді. Шай құйып отырған келіні
мектепке баратын ұл мен қызының алдына əдемі кəмпиттер
мен печеньелерді ысырып əлек. Бұған назар аударып жатқан
ешкім жоқ. Тамағынан шай өтпеді. Жанұядағы қалыпты
жағдайды алғаш рет көріп тұрғандай. Төрде қалқиып
отырғанымен, бұл үйде мүлде артықша сияқты. Ұзақ отыра
155
алмай елден бұрын алақанымен бетін сипап сыртқа шығып
кетті.
Қорадағы қызыл ала сиырға, төрт-бес қойға шөп таста-
ды. Сосын қораны тазалаған болды. Мұрнынан шаншылып
істейтін жұмыстың өзі жоқ. Кемпірі мен келіні қораны күнде
тазалап тұрғандығы көрініп тұр.
Ауладағы алақандай жерге қияр, қызанақ, жуа, картош-
ка, сəбіз егілген. Бау-бақшаның тірлігі баласынан артпайды.
Жұмыстан келген соң ермегі осы.
Не істерін білмей үй алдындағы арықтың ағаш көпірінен
өтті де, облыс орталығына баратын үлкен тас жолдың
жағасына шығып мектепке бара жатқан оқушыларды көз
ұшымен шығарып сап тұрды.
Жұмыс-жұмыс деп жүре берген екен, той-мерекеде бол-
маса, былайғы кезде құрдастарымен жөнді араласпапты да.
Дəл қазір əңгімелесіп шер тарқатар шалдың өзі жоқ. Енді
мектепте жаңа барған балаша дос арттырмақ керек. Бірақ,
қалайша?
– Ассалаумағалейкүм, – деген дауысқа ойы бөлініп, оң
жағына бұрылғанда қол ұсынған қырық жастар шамасында-
ғы кісіні көрді.
– Уағалейкүмассалам, – деп оның созған қолын қыса
амандасты. – Көрші ауылдағы Əкімбай ұстаның баласы
емессің бе? Бала-шағаң аман ба? Шаруаң нешік?
– Иə, Əкімбайдың үлкен ұлы Төлегенмін ғой. Нағашым
Рамазан көршіңіздің баласымен бірге Кендірлідегі Қайпан
қисықтың құдығын қазған ек, ақысын бөлшектеп беріп күй-
дірді. Кеше азын-аулақ ақша ап, нағашымның баласына
əкеле жатырмын.
– Ондай да өнерің бар ма еді, əкең үй соғушы еді ғой?
– Қазір жұмыс таңдайтын заман ба, табылғанын істей
береміз де.
– Оның дұрыс екен. Рамазанның баласы да құдық қаза ма
сонда?
– Көмектесіп жүр.
Төлеген төрт үй əріде тұратын Рамазанның үйіне қарай
кеткен соң Сəлменнің шекесі тырысты: «Бұл адамдар да
қызық, біреудің еңбекақысын уақытында бермеді деген не
сұмдық? Ақшасы жоқ болса бір сəрі, Қайпан қисық деген
шіріген бай ғой. Баяғыда үш мың қойы бар болатын. Негізі,
156
дүниенің соңына жалаңаяқтанып түскен адамның пейілі тар
болады-ау. Құдық деген жанның рахаты емес пе, жазда суы –
салқын, қыста – жылы. Сол болмағасын қырық жылдан бері
үш көше əрідегі Құлымбеттің құдығынан су тасып ішіп
отырмыз ғой. Жазда қиындығы біліне қоймағанымен, қыста
көкмұзға тайып құлап жатқандар қаншама?».
Қайпан қисықты іштей сыбап қойған соң құдық жайлы
ой қиялынан кетпей, айналасына зер салып қарады. Қалай
байқамаған, мына жер нағыз құдық қазатын жер екен ғой.
Облыс орталығына баратын үлкен тас жол мен үйінің ара-
сында арық ағып жатыр. Арық бойында талдар жайқалып
тұр. Бұрын елдің бəрі осы арықтан су ішетін. Арық суы лас-
танып кеткен соң шелегін алып Құлымбеттің құдығына
жүгіретін болған. Құдық қазу ешкімнің қиялына келмеген
ғой. Арық пен жол ортасындағы ашық алаңға көлігін қойып,
жолаушылар да бірер сəт дамылдап өтеді. Жолдың арғы
бетіндегі Құлымбеттің құдығына қарай сабылған жұрттың
бəрі түгел келеді. Күніне қанша адамды көресің. Ана талдың
түбінде шалдар жиылып, əңгіме-дүкен құрып, ханқамау
ойнаса да болады. Егер Төлегенге ақшасын беріп, құдық
қаздырып алса, қалайда ұтылмасы хақ. Əрі сауапқа қалады,
əрі зерігуден құтылады.
Сəлмен дегбірсізденіп бір орында тұра алмай қалды. Əрі-
бері жүріп Рамазанның үйі жаққа қараумен болды. Төлеген
тезірек шықса, жолығып ойын айтпақ. Көршісінің үйіне
жетіп барғысы да келді, бірақ азанмен тынышын бұзудан
қысылды.
Қора маңында күймеленіп жүрген кемпірін шақырып ап,
Əкімбай ұстаның баласымен келісе алса, құдық қаздыра-
тынын айтты. Бір өмір иінағаш көтеріп желкесі жауыр
болған емес пе, келіні мен немерелерінің мұндай азаптан
құтылатынын ойлап кемпірі қуанып кетті.
– Өзің білесің ғой, шал, – деді кемпірі. – Ішуге жарамды
су шықса тəуір болар еді.
– Бұйыртса, шығып қалар, – деді Сəлмен. – Біздің жердің
Құлымбеттің жерінен кемістігі жоқ шығар. Түске жақын
Төлегеннің қарасы көрінгенде Сəлмен тал астындағы қою
көлеңкеден шығып, құдық қаздырамын деген жеріне барып
тұрды.
157
– Інім, сенде бір шаруам бар еді, – деді Төлеген қарсы
алдынан өтіп бара жатқанда.
– Айтыңыз, – деді Төлеген кідіріп.
– Мына жерден құдық қаздырсақ, су шыға ма екен?
– Он-он бес метрлерден шығып қалады. Бірақ, тереңдеу
қазып, айналасына тас қалау керек. Əйтпесе, ана арықтың
суы араласып кетеді.
– Тұщы су шықса жақсы болар еді.
– Бұл өңірдің жерінде сор жоқ, топырағы құнарлы емес
пе, тəуекел етіп көру керек.
Содан екеуі ақысына келісті. Төлеген деген ұяты бар жігіт
екен, екі қойдың-ақ ақшасын сұрады. Таңертең Рамазанның
ұлы Таңатармен қазуды бастайтынын айтты.
Құдық қазушылар келген кезде Сəлмен белгіленген орын-
ды айнадай жарқыратып тазалап қойған еді. Асай-мүсейін
түгел əкелген Төлеген мен Таңатар жұмысты бастап жібер-
ді.
Үш күннен соң қазылған жерден бұлбұлдың көзінен ақ-
қан жастай сызып су шыға бастады. Сəлменнің қуанғаннан
төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Бір аптаның ішінде
құдық қазылып бітті. Біреу-міреу түсіп кетпесін деп аузына
көліктің екі-үш баллонын қатарластырып қойды. Тазарсын
деп жүздеген шелек су тартып ап төгіп тастады. Мөп-мөлдір
тұщы су бал татиды.
Сəлмен алғашқы күні қарттығын ұмытып, суға келген-
дердің шелегін тартып беріп, жас балаша ебелектеп кетке-
нін өзі де байқамай қалды. Үлкен тас жолдың құбыла
жағындағы бір қауым елдің тең жартысы суға қарық бол-
ды. Екі күн сөйтіп жүргесін талдың астына көрпеше төсеп,
құс жастыққа жантая жатып қарайтын болды. Үшінші күні
үлкен кісілер де келіп алғысын жаудыра бастады. Əрнені
əңгімелесіп жұмыссыз екенін ұмытып та кетті. Кемпіріне
шай алдырып, шалдармен апақ-шапақ бола қалады. Іші пы-
сып, бас қосатын жердің ретін таппай жүрген шалдарға да
жақсы болды.
Құлмахан қу мен Бəйкен бүкір келгенде бірінің жиен,
бірінің нағашы екенін ескеріп, үйге кіруін өтінді. «Мына
талдың астында отырайық, беретініңді осында əкеле бер»
десті олар. Үйге барып қонақ келгенін айтқан соң, кемпірі
дастархан əкеп жайды. Бір шəйнек сүт қосылған қара шəй
158
əкелді. Келіні ет асып жіберді. Үшеуі əңгіменің тиегін
ағытып отырғанда ақ есек мінген шынашақтай шал келді.
Сəлмен бұл кісінің қырда қойшы боп, ауылға жақында ғана
көшіп келген, аз уақыттың ішінде Самарбай суқит атанып
үлгерген кісі екенін аңғарды. Ол жайлы қызық əңгімелерді
естігенімен, өзін əлі көрмеген болатын.
Сəлмен алдынан шығып, амандасты. Шал түскен соң
мəстек аттан гөрі биіктеу ақ есекті əрменіректегі электр
бағанына байлаған соң күншуақта жылып тұрған шелектен
алып, қонақтың қолына су құйды. Өзі де жуынды.
Қонақ дастархан басында отырған екі шалмен амандасып
төрге озды.
– Сəлменжан, өзіңді танымасам да сыртыңнан естіп
жүрмін. Мен – Құмбел жақтан таяуда көшіп келген Самар-
бай деген ағаңмын.
– Ел үстіне ел келсе – дəулет, – деді Сəлмен. – Қоныс
жайлы болсын!
– Құдық қаздырғаның мақтауға тұрарлық іс бопты. Екі
адамның басы қосылса осы құдық жайлы əңгімелеседі.
Танысып-білісейін деп мен де келе бердім.
– Дұрыс жасапсыз.
Сəлменнің кемпірі бір шара сорпа əкеп, кеселерге құя бас-
тады. Артынша келіні буы бұрқырап тұрған тамақты əкеп
ортаға қойды. Ас табақта қамыр аз екен, нағашы-жиендер
келді дегесін етті үйіп салыпты.
Сəлмен етті турауға қамданып, үш шалдың алдына стақан
қойған кезде Құлмахан қу көзі жылтың-жылтың етіп Самар-
бай суқитқа қарады:
– Самеке, біздің Сəлмен өмір бойы мектепте мұғалім
боп миы ашып жүрген жан ғой, зейнетке шыққанына көп
бола қойған жоқ. Үнемі теледидар көріп, радио тыңдап
шалдардың сөзінен мақұрым қалған. Бұл ертең біздер
өтіп кеткен соң өзінен кейінгілерге теледидар мен радио-
ның сөзін айтып масқара боп жүрмесін. Бірдеңе деп отыр-
саңшы.
– Сөйт, сөйт, – деді Бəйкен бүкір жіліктің етін асап жа-
тып.
– Онда мен осы ақ есегімнің қалай туғанынан бастап
айтып берейін, – деді Самарбай Құлмахан қу мен Бəйкен
бүкірдің Сəлменге көз қысқанын байқамай. – Бұрын ақ ұрға-
159
шы есегім бар болатын. Ана Құмбелдің маңында қой ба-
ғып жүрген кезім. Сол есегім бір күні күйге келіп, жібін
үзді де, жұп іздеп қашып кетті. Жылқыға бергісіз жануар
еді, айырылып қалдым-ау деп қамықтым. Жоқ, талай жыл
жем жеген жерін қиып кете алмады білем, ертеңіне кеште
өзі қайтып келді. Кеше бір орында тұра алмай тыпыршып
тұрған есегімнің жуасып қалғанына қарағанда, əй... іздегенін
тапты-ау дедім.
Самарбайдың нені астарлап тұрғанын түсінген шалдар
ду күлді.
– Содан мына есегім қартайып қалды, бір қодық туып бер-
се жақсы болар еді деп күн санап жүрдім, – деді Самарбай
шалдардың күлгеніне мəн бермей сөзін жалғастырып. – Үш
жүз алпыс күн өтті, есегімнің қарны қампайып жүргенімен,
қодық туа қоймады. Үш жүз жетпіс, үш жүз сексен күн
өтті, есек əлі туар емес. Үш жүз тоқсан күн дегенде жан-
уарды толғақ қысты. Қиналып біраз жатты. Əбден қартайған
емес пе, тууға шамасы жетпей жаны шығып бара жатқанын
байқап қалдым. Содан ашуым қеліп есектің қарнын бəкімен
тіліп жібердім. Сонымды дұрыс істеген екенмін. Есектің
қарны лақ етіп ақтарыла кетті. Шарананың ішінде қодық ту-
лап жатты. Енді не істерімді білмей абыржып тұрғанымда,
қодық шарананы тепкілеп жарып шықты да қарны жайрап
жатқан енесін емуге əрекеттенді. Аяп кетіп үйге жүгіре
жөнелдім. Бір шелек сүт алып шығып алдына қойып ем,
сылқылдата сіміріп, пыр-пыр етіп сілкініп шыға келді.
Қодықты қораға қамап, күнде бір-екі шелек сүт беріп
тұрған соң тез өсе бастады. Алты ай дегенде мініске жара-
ды. Əдетте қодық деген екі жастан асып үш жасқа қараған
шағында жүк көтеруге жарайтын сияқты еді. Бұл бір ерек-
ше қодық боп шықты, бір жасында-ақ атан түйенің жүгін
көтеретін болды.
– Тап сол жері томпақтау емес пе? – деді Сəлмен.
Құлмахан қу мен Бəйкен бүкір тамақты қомағайлана асап
отыр.
– Ой, сен таңғажайып дегенді білмейді екенсің ғой, – деді
Самарбай жақтырмай қарап. – Қызығы əлі алда. Баяғыда
Бөршітаудың баурайындағы Жəутік шопан той берді. Сол
тойдағы көкпарда серкенің орнына тайлақ тартылды. Өзін
көкпаршы санап жүргеннің талайы тайлақты көтере алмай
160
масқара болды. Бірен-саран мықтысы көтергенімен, аты
жатып қалды. Елудің о жақ-бұ жағындағы қайратым тасып
тұрған кезім емес пе, ызаланып ақ есегіммен алаңға қойып
кеттім. Қаумаласқан аттылы көкпаршылардың ортасы-
нан қақ жарып шығып, еңкейе бере тайлақты көтердім. Өңки-
ген пəле тақымға басуға келмейді екен. Алдыма өңгеріп ап,
шауып барып, тоғашының аяғының астына лақтыра сал-
дым.
– Шамасы, ол кезде алысқанда Алпамысты алып ұратын
дəу болғансыз-ау, – деп езу тартты Сəлмен Самарбайдың
шынашақтай түріне қарап.
– Əрине, – деді Самарбай беті бүлк етпестен. – Жастық
шақта қандай болғанымды мына Құлмахан мен Бəйкен
біледі ғой. Үшеуміз бір ауылда өскенбіз.
– Самекең деген жігіттің төресі еді ғой.
– Адам деген жасы келген соң шөгіп қалады екен, – деді
тамақтың жартысын жеп қойған екеуі көздері күлімдеп.
– Сол жылы күзде есектің қыстық шөбін ауырсынып, ер-
тоқымын сыпырып ап тоғайға қоя беру үшін жайдақ мініп
бара жатыр ем, қарбыз жинап жүрген Сəлімбай деген тамы-
рымды кездестірдім. Жазда үйге келгенінде құнан қой со-
йып бергенім бар. Егін алқабында жолығып, үйіне шақыра
алмағанына ұялды білем, он шақты қарбыз берді. Қайтарда
ап кетермін деп қапқа салдым да, үлкен біреуін есектің
үстінде кетіп бара жатып кесіп жедім. Есекті Жиделітоғайға
қоя берген соң жаяулап қайттым. Жолай Сəлімбайдың бер-
ген бір қап қарбызын арқалап алдым. Сол жылы көктем ерте
келді. Бірақ, жаңбырлы болды. Айналаны алқызыл гүлдер
қаптап кеткен кезде есегім қайтып келді. Сауырына бірдеңе
жабысып тұрған сияқты. Жанына барып қарасам, үстіндегі
қарбыздың пəлегі. Есекті қоя берерде қарбыз жегенім есіме
түсіп кетті. Сонда бір тұқым түсіп, қысымен шаң басқан
есектің үстіне өсіп шыққан екен. Жұлып тастауға көзім
қимады. Бір айдан соң домаланған қарбызды үзіп алып
жедім.
– Құрттыңыз ғой, – деді Сəлмен, – сондай да бола ма екен?
– Болмағанда ше? Есек жерге аунағанда жүнінің арасына
топырақ жабысып қалады. Тұқым сол жерге түскендіктен
жаңбыр-қардың суынан нəр алып өніп шыққан ғой.
– Самекең айтса, дұрыс, – деді Құлмахан қу.
161
– Əрине, – деп қостап қойды Бəйкен бүкір.
Тамақ таусылып, екеуі сорпа іше бастаған еді.
– Əлемде таңғажайып бола береді екен, – деді Самар-
бай. – Сен менің бүркітім жайлы да білмейтін шығарсың.
Сəлмен «Жоқ» дегендей басын шайқады.
– Онда тыңда. Ақ есекпен біраз жерді аралап, саятшылық
құрғам. Жиделітоғайдың қоян, қырғауылына қырғидай ти-
гем. Қасқыр да атқам. Бір күні ақ есекті төменге тастап,
таудың ең биік шыңына шығып кеттім. Бүркіттің балапанын
ұстағым келді. Содан ұяда жатқан бүркітті көзім шалып,
мылтықтың шүріппесін бастым. Тигізе алмадым. Ана бүркіт
ұшып кетті. Ұясына жетіп барсам екі жұмыртқа тұрған екен.
Қалтама салып алдым. Бірақ есегімнің қасына келгесін ойла-
нып қалдым. Қыстың күні болғандықтан күрік болған тауық
та жоқ. Бұл жұмыртқаны қайтем. Есегіме қарғып мінген
кезде бір ой келді. Үстімде қалың тон бар. Оның ішінен
де қабат-қабат киім кигем. Жұмыртқаларды қолтығымның
астына қыстырып, үйге барғанша шайқап бара бердім. Үйге
жеткен соң, жылы қораға байлайын деп есектен түскен
кезімде қолтығым жыбырлағандай болды. Оң қолымды сол
қолтыққа тығып кеп жібердім. Алып қарасам, бүркіттің ба-
лапаны! Жұмыртқаны жарып шыққан екен. Үстінің суы əлі
кеппеген. Сол қолымды оң қолтыққа тығып кеп жібердім.
Одан да сондай балапан шықты.
– Инкубатор екенсіз ғой, – деп ішек-сілесі қата күлді
Сəлмен. – Одан да тауықтың жұмыртқасын салмайсыз ба
қолтығыңызға? Күніге екі жұмыртқадан бір жылда жеті жүз
отыз шөже шығарар едіңіз. Оның тең жартысы жұмыртқаласа,
ауылдағыларға сатып, өзіңізге тамақ, есегіңізге жем-шөп алар
едіңіз.
Құлмахан қу мен Бəйкен бүкірдің езуінде мысқыл ойна-
ды. Самарбайдың қымсынатын түрі жоқ. Өз сөзін дəлелдеу-
ден жалығар емес.
– Бүркіттің қос балапанынан да зиян шекпедім. Өскен
соң аң-құсқа салып, олжаға кенелгем.
– Əй, келін, – деп үйге қарай айқайлады Құлмахан қу. –
Табақты ал. Самекең бата жасасын.
– Жол Самекеңдікі ғой, – деді Бəйкен бүкір. – Қонақ де-
ген аты бар.
162
Сəлмен мына екеуінің Самарбайға тамақ жегізбегеніне
ұялып, жерге қарады.
Дереу жетіп келген келін Самарбай ұсынған табақты
алып, иіліп сəлем салды.
Самарбай таңдайының суын құлт-құлт жұтып бата жаса-
ған соң ақ есегіне мініп, үйіне кетті.
– Ойпырмай, мынадай да адам болады екен-ау, – деді
Сəлмен. – Көзіңе қарап өтірікті судай сапырып отырғанда
бетінің арам түгі қимылдайын демейді ғой.
Құлмахан қу қарқылдап ұзақ күлді.
– Бұл Самарбай бала күнінде де сау сиырдың жапасы
емес еді. Ертеректе Бөршітаудың етегінде бірге өскенбіз.
Содан ол мына біздің Қоңыраткөлге көшіп келгенше айда-
лада жалғыз үй отырып қой баққандықтан əбден қияли боп
кеткен ғой. Дегенмен, ақкөңіл адам.
– Самарбай өтірікті құдай үшін айтады, – деді Бəйкен
бүкір. – Жұрт сияқты біреуді біреуге шағыстырмайды.
Осындай зерігіп отырғанда көңіл көтеруге жарайды.
– Тамақтан құрауыз қалдырғандарың ұят болды, – деді
Сəлмен.
– Жазалағанымыз ғой, – деді Құлмахан қу. – Қонаққа
барғанда бір-екі мəрте аш қалса, көпіргенін қояр...
Сəлмен кешке дейін езуін жия алмады.
«Елмен жақсы араласам деп жүріп жын қаққандардың
арасында қалар түрім бар ғой, – деп ойлады. – Ауыл шал-
дарын дəл осындай берекесіз деп ойламаппын. Бүйте берсе,
көп өтпей өзім де əпендіге айналып кетермін».
Ертеңіне Жəдігер, Ерназар, Жетпісбай сияқты салиқалы
шалдар келді. Ата-бабалардың шежіресін түгелдеп, ұмыты-
лып бара жатқан салт-дəстүрлер жайлы əңгімелесті. Олар
айтқан ертедегі би, шешендердің ұлағатты сөздерін бей-
жай тыңдау мүмкін еместей көрінді Сəлменге. Жақсы адам-
дар жоғалып кетпегендігін ойлап көңілі жайланды. Бір-екі
жаманға бола көпке топырақ шашуға болмайды екен.
Бірте-бірте құдық басындағы талдың түбі ауыл шалда-
рының кешкілік демалатын жеріне айналып бара жатты.
Сəлмен əлдебір ойды көкейіне түйіп қойды.
Базар күні кешке жиырма шақты шал жиналды. Ішінде
əлі зейнетке шыға қоймаған, қаладағы кірпіш зауытта ди-
163
ректор боп істейтін Көмекбай да бар. Ол екі-үш күннен бері
келіп, шалдардың əңгімесін тыңдап жүр.
Бір шетте Жəдігер, Ерназар, Жетпісбайлар Əйтеке бидің
нақыл сөздерін айтса, тағы бір шетте Самарбай суқит ақ
есек жайлы əңгімесімен төрт-бес шалды аузына қаратқан.
Құлмахан қу мен Бəйкен бүкір ханқамаудың қызығына түсіп
кеткен.
– Бүгін базардағы баға маңайлатар емес, – деді Назар
соқыр сау көзін ашып-жұмып. – Бір тана алсам ба деп барып
ем, құрқол қайттым.
– Мен он марқа қозы апарып саттым, – деді Құдайбер-
ген. – Əрқайсысы бір қойдың ақшасына кетті.
– Менің бағып отырған төрт бұқам бар еді, бүгін базарға
апарсам болады екен ғой.
– Менде бір үйір жылқы бар. Күзде сатам деп отырмын.
Оған дейін тағы баға көтерілетін шығар.
– Түйе бағу қиындап кетті. Деңгене жасаймын. Жілікті
тұтас алатындарың тізімге жазылыңдар.
– Марқұм Дəрмен шалдың қаладағы дəрігер баласы
əйелін тастап, басқа біреумен əуейі боп жүрген көрінеді.
Естідіңдер ме?
– Кендірлідегі Қайпан қисық бүгін базардан машина са-
тып алған екен, үйіне келе жатқанда апатқа ұшырапты.
– Бабақұлдың қалада оқитын қызы екіқабат боп қалған
дей ме?...
Сəлмен кейбір шалдардың əңгімесі сұйылып бара жатқа-
нын байқап, тамағын қырнады. Барша жалт қарады.
– Ақсақалдар, ойласатын бір шаруа шығып тұр, – деді мек-
тепте оқушыларға дəріс беріп тұрғандай даусы саңқылдап.
– Айт, ендеше.
– Көптің талқысына салуыңа қарағанда маңызды мəселе
болды ғой.
– Бəріміздің жиі-жиі бас қосып тұрғанымыз ғанибет
қой. Бірақ, кейбіріміздің өсек соққанымыз оғаштау көрі-
нетін сияқты. Жастар бізден қандай өнеге алады? – деп
жан-жағына қарап алды да, сөзін жалғастырды. – Ана тас
жолдың арғы жағында қаншама жер бос жатыр. Неге сол
жерге мешіт салмаймыз? Ақіретті ойлайтын жасқа жеттік
емес пе?
164
– Əй, бұл сөзің дұрыс екен, – деп Жəдігер басын шұлғы-
ды. – Негізінде, оқымысты адамнан осындай жүйелі сөз
шығады-ау, біз көрші ауылдардың мешітіне тамсанып жүре
беріппіз.
– Мешіт деген төрт адам жиылып жарқабаққа жарбитып
тіге салатын киіз үй емес, – деді Құлмахан қу.
– Самарбайдың ақ есегінің сауырына күзде түскен тұқы-
мнан өсіп шыға салатын қарбыз да емес, – деп шалдарды ду
күлдірді Бəйкен бүкір. – Оған көп қаржы керек.
– Ешбірің өлер жерде емессіңдер, – деді Ерназар. – Қа-
зір ғана айтып отырған бұқа, түйе, жылқыларың қайда кет-
ті? Көп түкірсе, көл емес пе? Көңілден шығарып бірдеңе
беріңдер. Жетпесе елден жинармыз. Жұмыла көтерген жүк
жеңіл болады.
– Бұл іске басшылық етуді Сəлменнің өзіне тапсыра-
йық, – деп Жетпісбай мəселенің түйінін шешті. – Əкімші-
ліктен жерге рұқсат алсын. Тізіммен қаржы жинасын. Бірақ,
жағдайы жоқтарды қинамайық.
Бəйкен бүкірдің қалжыңмен қағытқаны шымбайына ба-
тып кеткен болу керек, əдетінше Самарбай суқит бəрінен
бұрын қомпаң ете қалды:
– Баяғыда ақ есегіммен барып ап қайтқан жұмыртқалардан
шыққан қос бүркітті қанша жылдан бері аңға салам. Үйде
түлкінің терісі тау боп үйіліп қалған екен. Өткенде жиыр-
ма шақты теріні сатып керіскедей бұзаулы сиыр сатып алып
ем, Құлмаханның балдарының малына қосып қойғам. Соны
мешіт құрылысына берем.
Жиналғандар жеңіл жымиып қойды. Егер өзі əкеп берем
десе, сенімсіздеу болуы мүмкін еді, Құлмаханның балдары-
на қосып қойған болса, ши шығуы мүмкін емес.
– Мен бір түйе атадым, – деді Құлмахан қу Самарбай
суқиттан қалғысы келмей. – Самекеңнің бұзаулы сиырымен
бірге əкеп, Сəлменге тапсырам.
Басқалар да қосар үлесін атай бастады.
– Құрылыс материалдары менен, – деді Көмекбай шал-
дар сөйлеп болған кезде. – Көгілтастай еңселі болма-
са да, кішігірім мешіт салуға шамамыз жетеді ғой. Сіздер
құрылысқа жастарды жұмылдырып, ас-суына қарап, басшы-
лық жасап жүрсеңіздер болды. Елге салмақ салмай-ақ қо-
йыңыздар.
Көмекбайдың пейіліне риза болған шалдар ертеңнен бас-
тап Сəлменнің тізіміне кіруге уағдаласып тарасты..
...Бір жұмадан соң мешіт құрылысы басталды.
Сəлмен бастаған шалдар шамасы жеткенше құрылыс-
шыларға көмектесумен əлек. Ал, Самарбай суқиттың бая-
ғыда Бөршітаудың етегіндегі көкпарда «тайлақ тартқан атақ-
ты ақ есегі» су тасуға жарап тұр...
МАЗМҰНЫ
Балуан қыз ...........................................................................................3
Шома ..................................................................................................22
Орда ...................................................................................................34
Сурет ..................................................................................................48
Жантаза ..............................................................................................67
Итмұрын ............................................................................................74
Аманат ...............................................................................................84
Желік ..................................................................................................92
Жаманат ...........................................................................................114
Аязқала ............................................................................................122
О дүниенің қақпасы ........................................................................135
Өмір тоқтап қалмайды ....................................................................153
Кітапты шығаруға жауапты –
«Қазығұрт» баспасының директоры
Темірғали КӨПБАЕВ
Бегабат ҰЗАҚОВ
ЖАНТАЗА
Əңгімелер
Редакторы Жұлдыз ƏБДІЛДА
Тех. редакторы Дарико ОМАРҒАЛИЕВА
Суретшісі Жəмилə АЙДОС
Беттеген Ниязбай ОРАЗЫМБЕТОВ
ИБ № 424
Басуға 06.08.2014 ж. қол қойылды.
Қалыбы 84×108
1
/
32
. Офсеттік басылым.
Қарiп түрi Times New Roman.
Шартты баспа табағы 8, 5.
Таралымы: мемлекеттік тапсырыс бойынша 2000 дана +
баспаның тапсырысы бойынша 120 дана. Тапсырыс №
«Қазығұрт» баспасының компьютер орталығында теріліп, беттелдi.
«Қазығұрт» баспасы, 050009, Алматы қаласы,
Абай даңғылы 143, 405-офис.
Телефон (факс): 8(727) 394-42-86
e-mail: kazygurt@list.ru
ЖШС РПБК «Дəуір», 050009, Алматы қаласы,
Гагарин даңғылы, 93. Тел.: 8(727) 394-39-22, 394-39-34, 394-39-42
e-mail: rpik-dauir81@mail.ru, rpik-dauir2@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |