1 Қазіргі жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін өзінің ұстаздық ғұмырын арнайтын мамандар ғана сапалы да, жемісті еңбек ете алады деп ойлаймын.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының сөйлеу әрекетінің төрт түрін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша түйінді дағдылар оқу жоспарында «спиральді» тәсілмен берілген. Қарапайымнан күрделіге қарай, бірте-бірте білім, білік пен дағдылары кеңейтіліп қалыптасады. Оқу мақсаттары оқушылардың зерттеу дағдыларын, қарапайым бақылауға тәжірибе арқылы білімі қалыптасуына, алған білімін қайта өмірде қолдана білуіне бағытталған. Оқушы бойында әлеуметтік дағдылар, жалпы білімнің іргетасы, танымдық белсенділігі, жүйелі оқу әрекетінің қалыптасуына бастауыш сынып оқу бағдарламаларында көңіл бөлінген.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты - білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған.
Бағдарламаның міндеттері: 1. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың күрделілігініғң өсу ретімен, мазмұнымен және мақсаттарымен таныстыру;
2. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ету;
3. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз ету;
4. Мұғалімдердің бойында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы - озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттарының жүйесін талқылау барысында көз жеткіздік. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты балдары бойынша өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Критериалды бағалау, кері байланыс тәсілі ХХІ ғасырдағы қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және ынталандырады. Осы дағдыларды жоғары дәрежеде меңгеру математика бойынша білім беру бағдарламасында мәселелерді шешу, жаратылыстану бойынша білім беру бағдарламасында бірлескен зерттеу және ғылыми зерттеу жүргізу дағдыларына баса назар аударса, дүниетану пәні аясында ойлау дағдыларын дамытуды көздейді.
Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қалыптастырушы бағалау тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі және үздіксіз жүре отырып мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді. Қалыптастырушы бағалаудың мақсаты- оқу үдерісінің барысында мұғалім мен оқушы қызметін түзету.
Жиынтық бағалау – оқушылардың үлгерімін бақылау тоқсанның соңында оқу материалдарының мазмұнын игеру деңгейін анықтау және тіркеп отыру үшін тақырыптық жиынтық бағалау түрінде оқытушылар жүзеге асырады.Жиынтық бағалау -белгілі бір кезең аяқталғаннан кейін баллмен есептелетін (БЖБ) және оқу бағдарламасының бөлімдерді бойынша (ТЖБ) бағаланатын бағалау түрі.
Сөзімнің соңын қорытындылай келе, бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз!