454
Ақын бір тұлпар, домбыра бейне шабандоз,
Арқасында жүр, төбесінде жүр ойнақтап.
Содан соң ашты өлеңнің түпсіз сандығын,
Ақынның сондай кім көрген шапшаң, алғырын.
Тақырып берсең жырлауға дайын құлпыртып,
Жаралғандар мен жасалғандардың барлығын.
Осындай болған алғашқылардың екпіні,
Өнерін бұлдап, кергуді білмес ешбірі.
«Бәйбіше-тоқал», «Қарагөзде» олар ойнады
Күйіп-жанғанды, күңіренгенді, кектіні.
Әйелдер әртіс болғанда тұр деп қораш не,
Әншімен бірге қатысты жары Оразке.
Әміренің де зеректігін ел мақтады,
Рөлдің сөзін ұмытпайды екен ол әсте.
Әртістер тобы аралап жерді қаншама,
Сусаған елге концерттер қойды жан сала.
Құшағын ашты Қарсақбай менен Түрксіб,
Риддер, Кеген, Тарбағатай мен Қарқара.
Дауылдан кейін дамылдап тұрған шақ-тын ол,
Өнерлі қауым халқынан қолдау тапты мол.
Әміре, иса, Қанабек, Күләш, Құрманбек...
«Айман – Шолпанмен» операға да ашты жол.
Әншіні сонау Майнның жағасындағы
Байырғы Герман жұрты да сүйіп тыңдады...
«Әміре мынау қалайша дара туған» деп,
Даңқына бәрі қызықты биік шыңдағы.
Достарыңызбен бөлісу: