Бағдарламасы бойынша шығарылды Құрастырған және алғы сөзін жазған Қанипаш Мәдібаева Қанайұлы Ш. Қ 34



Pdf көрінісі
бет27/40
Дата26.12.2023
өлшемі3,79 Mb.
#144373
түріБағдарламасы
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   40
Ханғали Сүйіншәлиев 
ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ
1
(1818–1881)
Шортанбай – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы-
нан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегі бар өнерпаз. 
Туған елінің тарихи тағдырын болжап, халқының басына 
түскен ауыртпалықтарды көкірегі қарсы айрыла жырлаған 
өз дәуірінің тамаша жырау- ақыны; замана құбылысының 
шындығына өз түсінігі тұрғысынан үкім шығарып, іргесі 
сөгіліп, реңі кетіп бара жатқан қоғамдық құрылыс пен ата- 
баба салтының жоғын жоқтап, зар шеккен ақ ниетті адал 
жан. Ол тереңнен тебіренген, әйгілі, сырлы толғауларымен 
түгел қазақ жұртына танылған. Сонымен бірге сол кездегі 
қоғамдық қайшылықтардың бет пердесін ашып, оған қарсы 
саяси күрес жүргізе де білген қайраткер. 
1
Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. – Алматы, 
«Санат», 2006. – 904 бет.


261
Шортанбай Түркістан жерінде Қаратауды жайлаған ша-
руа Қанайдың отбасында дүниеге келген. Жас шағынан 
мұсылманша оқып, замандастары қатарлы білім алған. 
Бұрыннан қазақ халқының қасиетті астанасы есепті Түркістан 
қаласы, оның сол тұстағы шар тарапқа жайылған даңқы 
жас талапқа әсерсіз болмаған. Яссауи атасының аспан-
мен таласқан заңғар құрылысының көкке самғаған 
ғажайып мұнарасы қиялына қанат бітіріп, өнер білім биігіне 
талпынтқан алғашқы тәлім тәрбие ұясындай ізгі әсер еткен. 
Өзі туған топырағында оқып білім алған зерделі жас өнерлі, 
өнегелі өлке мәдениетін жете игеруге талаптанып, парасат-
ты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте 
ілескен. Көзі ашық, сауатты, білімге құштар жасқа үлгі өнеге 
боларлық ойлы орта, тәлімгер ұстаздар да кезіксе керек ті. 
Отырар мен Саураннан Түркістанға ауысып, өз жалғасын 
тауып жатқан көне түркі мәдениеті, даналық даңқын асырған 
орта ғасыр данышпандарының еңбектері кейде ауызекі, кей-
де қолжазба кітап жолымен ізденімпаз шәкірттің қолына 
бақыт құсындай қонуы да ғажап емес. Қазақтың әрі астана 
жұрты, әрі әулиелік орны ретінде танылған Түркістанның бе-
рер тәлімі де, әсері де мол еді. Көкірегі ояу, көркемдікке әуес 
сезімтал жас естіген, естілер сөздерін құлағына құйып, көрген 
ғажайыптарын ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға 
салып, санамен салмақтайды. Әсіресе, мұсылман қауым түгел 
тізе бүгіп, бас ұрып жатқан Яссауи әруағы деген не? Оның 
қандай ғажайып киесі бар? Ескерер ісі, есте ұстар уағыздары 
бар ма? Болса, оның сырына жетуге, құдіретін білуге бо-
лар ма? Осы сияқты сан сұрақтар Шортанбайды толғатпауы 
мүмкін емес. Аталмыш сұрақтарды жас талап тұстастарының 
бірі алла тағала әмірімен, діни түсініктермен байланыстыр-
са, Яссауи қалдырған парасат сөздерін тақпақтап, уағыз-
өсиетке негізделген «Диуани Хикметтен» үзінділер келтіріп, 
көкейге ой салар сырлы сөз жинағын ауызға алар еді. Жалғыз 
ғана олар емес, одан бергі Түркістандық өнерпаздар, Яссауи 
мүриттері: Ахмет Иүгнеки, Сүлеймен Бақырғани еңбектеріне 
кезігіп, сөз мөлдірінен сусындар еді. Асылы, кейінірек (ер 
жете келе) болса да Шортанбайдың аталмыш адамдар 
шығармаларына қанық болғаны талассыз шындық. Білім 
мен өнер жолын мансұқ еткен жас талап Түркістанға жалғас 


262
жатқан Бұхар, Самархан сияқты мәдени ошақтарымен де та-
ныспай қалмайды. Олардың да жас Шортанбайдың діни 
білімін көтеруге, өнер ордаларын көріп жетілуіне ерекше 
әсері болғаны сөзсіз.
Мұсылманшылдық жолындағы оқудың нәтижесі оның 
қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет 
атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарқаралыға қарасты Бе-
сата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға 
тура келеді. Одан кейін Аюлы – Ақсу бойын қоныстанған 
Жанғұтты бидің қарамағынан шағын мешіт салдырып, ме-
дресе ашады. Өле-өлгенше осы биді төңіректеп, өмір кешеді. 
Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы 
қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына 
кезігеді. Арқаның кең жайлауы үйір-үйір жылқы, қоралы 
қой, қотанды қара малға ғана толы емес еді, соған қоса, 
жері құнарлы, егіні бітік шаруалар өмірі думанды, ел еңсесі 
көтеріңкі көрінетін. Адамдары шетінен ділмар, сауыққой, 
әнші, жыршы, өлеңші келетін. Сонау Қаз дауысты Қазыбектің 
ізін басып жалғасып жатқан билер тобының өнерлерінің 
өзі қандай?! Бұл өлкеде Ақан мен Біржанның, Мәди мен 
Ыбырайдың әндерін салмайтын қыз бен жігітті кездестіру де 
қиын. Тәттімбет пен Қазанғаптың күйлері қандай ойлы, сыр-
лы? Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбайлардың ақтарылған 
ақпа жырлары ше? Ғажап дүние! Не деген байлық? Өмірдің 
қызығы, мән-мағынасы деген осы емес пе!
Жас ишан үшін бұл – ерекше өмір болатын. Ол бұрын, 
Орта Азия орталықтарында болған кезде бұл сияқты сауық-
сайранға кезікпеген еді. Қайда барса да мешіт пен медресені 
басына көтере азан шақырып, жүгіне отырып, аят оқып, 
дін хадистерін жаттап, жайнамаз үстінде мүлгіп, бір сарын-
да сарнап отырғандарға кезігетін. Соған бой алдырған да 
еді. Байқап қараса, өмірдің сыры әр алуан екен, екеуі де 
еліктіреді. Әрқайсысының өзінше берер тәлімі бар. Бірі – 
құдайға құлшылық, екіншісі пенденің жан рақаты.
Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашып, діни жұмыс 
атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды тіршіліктің 
талабы, өмірдің рухани азығы, дүниенің қызығы оны 
тәубасынан жаңылдырады. Қызойнақ пен Алтыбақан 
кештеріне бірден барып, жастарға араласып кеткісі-ақ келеді. 


263
Амал не? Ауызда алла, баста сәлде... Сонда жас өмір осы-
лай, құранға қарап мүлгумен өтпек пе? Халықтан оғаш, жеке-
дара не бітірмек? Елден бөлек, жалғыз өзі жұмаққа шығып, 
ол дүние мархабатын күтіп өткен қандай тіршілік болады. 
Не істеу керек?! Ойланады. Толғанады. Батыл әрекет істеу 
мүмкін емес. Өмірден, өнерден қол үзу, дін жолынан бас тар-
ту да жөнсіз. Ақылға салған адам ондай оғаш мінезге бар-
майды. Амалын тапса, екеуін де қолданып, өзі де елден шет-
темей, жастарға да, үлкендерге де үйір болып, солардың 
ортасында өмір сүру, мүмкін болғанынша сезімге бой ал-
дырмай, ақыл мен парасатқа жүгіну қажет. Осылайша ой 
түйген Шортанбай өзін еркін ұстайды. Жиын топтың әуеніне 
қарай әрекет қылады. Діни рәсім керек жерде тақуалықпен 
көрініп, оның иман-шартын бұзбайды. Маңына шәкірттер 
жиып, медреседе тәлім береді. Бозбалалар тобына осы-
лайша бір табан жақындайды. Жастық шақтың қызығы оны 
ойын-сауыққа жетелейді. Елдегі әр қилы дәстүрлі той, жиын, 
келін түсіру, қыз ұзату салттарына байланысты думандарға 
еліктемеу мүмкін емес. Ел толған төкпе ақындардың айтыста-
ры, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге 
әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына 
жағады. Біраздан кейін өзін-өзі билей алмай, бойын кернеген 
ақындық өнердің аузын қалай ашып жібергенін өзі де сезбей 
қалады. Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден гөрі төкпе 
ақын деп атап кеткен. 
Міне, ғажап! Қазақтың бір өлкесі Шортанбайды тақуа 
ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп 
шығарады. Асылы, адамды − өмір сүрген ортасы тәрбие-
лейді − дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, 
жетілу жолы бірден-бір куә. 
Еліне ақын болып танылған Шортанбайдың шығарма-
шылық жолын шолар болсақ, онда да өзіндік сыр жоқ 
емес. Қазақта, бұрын-соңды, не көп десе, ақын көп деп жа-
уап берілер еді. Бұл жауаптың екі мағынасы бар. Ақынның 
көптігі, ең алдымен, халықтың талантқа бай екенін көрсетеді. 
Екіншіден, не нәрсе көп болса, онда құнсыздық та орын алып, 
яғни, ақын емес, елде ақындыққа жақындар да көбейер еді. 
Кез келген ұйқас сөз өлең емес, өлең ол − Абайша айтқанда, 
«сөз сарасы» немесе «өлең сөздің патшасы». Ал оны жасаушы 


264
«Ер данасы» − шын мәніндегі ақын. Ойын-сауықта екінің бірі 
елдің алты аузын айта алады. Бірақ ол нағыз ақын ба, жоқ, ол 
сөзге әуестердің бірі ғана. Нағыз ақын өзінің ішкі жан сезім 
дүниесін нәзік те, нәрлі сөздермен суреттейді. Ішкі сезімге 
құрылған тамаша лирикалар жасайды. Бұл − жеке адам-
дар өміріне, сезіміне байланысты лирикалық туындылар. Сол 
адамдар сезімін әсем табиғат құбылыстарымен де көмкеріп, 
жыр төгеді. Табиғат лирикасын дүниеге әкеледі. Тылсым 
табиғатты қыз-бозбала ғашықтығымен ұштастырса, тамаша 
сурет туындайды. Осылайша лириканың нәзік те әсерлі тағы 
бір саласы дамиды.
Ақынды да, ақындық өнерді де қоғамдык өмір 
қалыптастырады. Өмір шындығы көркем өнердің өзегі. 
Ақын талантына дем беріп, дабыл қақтыратын оның 
шығармаларының әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық өзгеріс-
терге қарым-қатынасы; болған не болып жатқан тарихи 
құбылыстарды тап басып танытарлық бейнелер жасай білуі. 
Әрбір ақынның тарихи оқиғалар мен қоғамдық өзгерістердің 
халықтық санаға сай келу, келмеуін анықтап, ол жағдайларға 
өз бағасын беріп, тұжырым жасауы абзал. Ол ел тілегіне 
жат іс-әрекет, мінез-құлықты сынап, үлгі алар өрелі бейне 
ұсынуға тиісті. Асылы, заман талабы. Дәуір тілегі әрбір қалам 
қайраткерінің мойнына түсетін салмақ. Ол салмақ ең әуелі 
халықтың иығына түседі. Ал ел-жұртына қамқор қаламгер 
ол ауыртпалықтарға бейтарап қарай алмайды. Халқымен 
бірге белін қайыстырады, елімен бірге қайғырады. Зарығады, 
қасірет шегеді.
Шортанбай халқының басына түскен қасіретке қапа бо-
лып, зарыға, тарыға жыр шертті, шын мәніндегі қамқор ақын 
болып, әдебиетке өзінің өшпес ізін салды.
Шортанбай − өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй 
шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық 
көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы 
зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы XIX 
ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей-кепшік, мо-
мын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Жан-
жақты талан-таражға душар болып жатқан туған елінің ауыр 
тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген білгір жа-
зушы.


265
Шортанбай ақындығының дәуірлеген тұсы қазақ елі 
дағдарысқа душар болған аса ауыр кезең болатын. Ең ал-
дымен, туған ел Ресей патшалығына отар, тәуелді, бұратана 
өлке болып, өзінің иелігінен мүлде айрылған-ды. Отаршылар 
өктемдігі күн санап өршіп, ел еңсесін зар мен шерге толы мұң 
басты. Қазақ ең әуелі ел билігінен айрылды, одан соң жер-су, 
қоныс қысымына ұшырады. Мал-жан есепке алынып, оған да 
қауіп-қатер көбейді. Алым-салық, пара-пәлелер ел еңсесін 
көтертпеді. Қазақ елін билеп-төстеуді өз қолына алған пат-
ша үкіметі еш нәрседен тайсалмай, заң үстіне заң шығарып, 
әскери күш қолданды, қол үстіне қол шығарып, әкімшілікке, 
қарулы қара күшке салды. Бергенін қолынан, бермегенін 
жолынан алды. Халық басына ауыр күн туды. Қасіретті 
күннің бүгінгісі тұрсын, болашағы одан да қараң болып елес 
берді. Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын қазақ 
жұртының құнарлы қонысы біржола қолдан шығып, өрісті кең 
жайлауға көше алмай, тынысы тарылды. Зорлық-зомбылық, 
талан-тараж ел берекесін кетірді, күн көріс тіршіліктерін 
тұйыққа тіреді. Елдің елдігі, бірлік-тірлігі күн санап кеми 
берді. Бұл сияқты қорлық пен зорлыққа шыдай алмай атқа 
мінген талай боздақтар оққа ұшты, ұсталды, тұтылды, Сібір 
айдалды. Бастарын жойды. XIX ғасырдағы тарихи ұлттық 
қозғалыстардың қандай қасіреттерге ұшырағаны мәлім. Иса-
тай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, Есет пен Бе-
кет, Жанқожа мен Құлбарақ, Науша мен Сүйінқара, Саурық 
пен Сұраншы, т.б. батырлардың бастарын отаршылардың 
қанжығалары қандады. Жоңғар шапқыншыларынан жадап-
жүдеп, бірлігі мен тірлігін қалыптасыра алмай, ыдырап 
жатқан әлсіз өлкені патша өз қарамағына оп-оңай көндірмек 
болған еді. Бірақ ол ойлары бірден орындалмады. Қазақ 
жеріне аттаған басқыншылар қадамдары қызыл қанға бо-
ялды. Отарлау саясаты екі ғасырдан астам мезгілге созыл-
ды. Патшаның озбыр пиғылы жыл өткен сайын тереңдей 
түсті. Басып алынған жерлерді игеру, иемдену керек бол-
ды. Ол үшін казак станицалары салынып қоймай, ішкі Ресей-
ден жер тапшылығын көрген орыс шаруалары қазақ жеріне 
көшірілді. Олар қазақтың нулы-сулы өлкесіне қоныстанды. 
XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей крепостнойлық 
тәртіппен қоштасып, жаңа қоғамдық өмірге бет бұрыс жаса-


266
ды. Енді елде іскер топ, алыпсатар алаяқтар, ақшалы сұм сау-
дагердер бой алып, қоғамдық құрылысты өзгертіп жіберді. 
Жергілікті халық бұл өзгерістерді қабылдауға даяр емес 
еді. Ақша мен саудаға негізделген қарым-қатынас табиғи 
айырбасқа үйренген ел үшін оңай шаруа болмады. Он-
сыз да езіліп, күйзеліп қалған қазақ елін бұрығыдан да жа-
ман жағдайға душар етті. Бұл жағдай казақ жеріне қанаудың 
жаңа түрін әкелді. Капитализмнің алғашқы қорлану саясаты 
өзінің барлық сипаттарымен өрістей берді. Олар өрістеген са-
йын шаруалар күйзелісі күшейе түсті. Қазақ өлкесінде әр түрлі 
жаңа адамдар тобы: кәсіпшілер, табысқорлар, сәлемі түзу 
сәнді киінгендер, сырты бүтін, іші түтін жып-жылмағай, сұм 
сымпыстар көбейіп жатты. Олар ата-бабасының дәулетімен 
белгілі болған байлар да емес, текті төре-қожалар да емес, 
кәдуілгі қарапайым жандар еді. Сөйлессең сөзге, істес болсаң 
іске даяр. Олар көріне көзге тонаушылар да емес, әрекеттері 
келісілген, заңдастырылған. Арғы сырлары бірден көзге 
ұрмайды, бүркелген. Бірақ түпкі ниеттері — өзімшіл жеке 
бастың қамы. Келісіммен жалдап, ашық базар арқылы неме-
се несие, өсім алу сияқты бұрын естіп білмеген әдіс, амал-
дар арқылы жүретін қанаудың жаңа, жасырын формасын 
өмірге келтірушілер еді. Бұл, әсіресе, қазақ қауымы үшін то-
сын да, қауіпті көрінетін. Бұрынғы атам заманнан үйренген, 
бойға сіңген кәсіпке ұқсамайтын, ел байлығын білдірмей, 
иемденетін, қарапайым қара бұқараға қауіпті, аңқау елдің 
дәулетін сүлікше сорып, бойындағы күш-қуатынан тез айы-
ратын арамзалыққа негізделген қоғамдық құбылыс бола-
тын.
Отарланған қазақ жерлеріне өндіріс орындары да ор-
наласа бастады. Өндіріс күші мен тасымал-көліктері тегін 
қазақ өлкесі бұл саладағы кәсіпкерлерді тез байытты. 
Сондықтан отаршылдар үшін ақын туған сахара қазыналы 
қойма болды да кетті. Тап осындай әлеуметтік жағдайда өмір 
сүрген жазушының халқына берер кеңесі қандай болуға 
тиіс еді және оны Шортанбай дұрыс танып, тап басты ма, 
еліне-жұртына қамқор бола алды ма? Міне, енді біз ақын 
шығармаларын талдай отырып, көрсетілген сұрақтарға жа-
уап іздейміз. Иә, біздіңше, Шортанбай – өз заманының 
шындығын ақтара ашып, оған өткір сын айта білген көреген 


267
суреткер. Бізге жеткен шығармаларының жалпы сарыны 
бұған толық куә бола алады.
Шортанбайдың шығармалары еткен ғасырдың соңғы 
ширегінде кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 
1882 жылдардан бастап өлең, толғаулары жинақталып, 
бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға 
ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды құдай 
атқаны», «Атамыз Адам пайғамбар», «Өсиет-насихат 
сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға», т.б. енген. Қазан 
қаласының өзінен Шортанбай шығармалары әр түрлі ат-
пен жарық көріп жатты. Оның шығармаларын, әсіресе, 
патша отаршылығына қарсы қауым, ұлттық тәуелсіздікті 
жақтаушылар, мұсылманшылықтың сойылшылары құшағын 
жая қарсы алды. Шортанбай кітаптарының негізгі сары-
ны олардың көкейіне бірден ұялады. Қаналып, тоналып, 
қорлық көріп жатқан басқа тәуелсіз халықтар да Шортанбай 
шығармаларына құлақтарын түрді. Өздерінің ойынан шыққан 
ақын сөздері жатталып, елге жайыла түсті.
Шортанбай шығармалары жиі-жиі қайталанып, баспа бетін 
көргенімен, жалпы көлемі көп емес. С.Мұқановтың есебі бо-
йынша, бар болғаны 1500 жолдай.
Шортанбай шығармаларыныц лейтмотиві — заман, 
қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отар-
шылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-
қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел 
билеушілер, бұзақы топтар, т.б.
Сорлы қазақ қамалып,
Тарылды кең қоныстар...
Апыр-ау, елге болыс, би
Дұрыс бастық болар ма.
Ұрлықтың етін қақтаған
Жығып салар дүреге,
Қызыққан соң параға.
Ең алдымен, Шортанбай – өз дәуірінің шынайы сыншы-
сы. Қазақ қоғамын билеп-төстеушілер, отаршылар билеген 
заманның бет алысына наразы ақын. Ақынның бағалауынша, 
ол жасаған заман бұзылған, шерлі тар заман.


268
Мынау заман қай заман –
Азусызға тар заман.
Азулыға бар заман... –
деуіне қарағанда, жұрттың бәріне бірдей «тар заман» емес.
Момындар үшін тар, жоқ-жітіктер үшін зарлы заман. Ал 
азулы, тырнақты жыртқыштар – болыс, билер, алыпсатар са-
удагерлер үшін тар емес, бар байлық пен билік солардың 
ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Сондықтан олар 
білгендерін істеп жатыр. Оларда ешбір адамгершілік мінез-
құлық жоқ. Ар-намыстан ада, нағыз имансыздар, жерді тоз-
дырып, елді аздырып, ақырзаман туғызып жатқан сол сым-
пыстар деп, қазақтың өз арасынан шыққан азулылардың 
жаңа тобын әшкерелейді. Қазіргі адамдар жақсылық, әділет 
дегеннен жұрдай. Олардың барлық ойлары – қалайда мал, 
ақша тауып тезірек баю. Баю жолында еш нәрседен тайын-
бау. Арамды арам демей, зорлықты күнә демей, қиянатты ұят 
демей, еш пәле-жаладан шімірікпей, көзді жұмып қылғыта 
беру.
Залым туған сұмырайлар,
Осылай жұртты еміп тұр!
Бұл сияқты реңсіз әрекетпен ел түгел әуестеніп, бай да, 
кедей де, әкім төре, қожа, молда, билер мен старшын, бо-
лыс, чиновниктер де осыған түгел беріліп кетті, сондықтан да 
адамдар азды. Қазақ қоғамының барлық тобы түгел өзгеріп, 
осындай азғындық сипатқа ие болып алды. Бұлардың бәрі 
ақыр заманның белгілері. Алда сол ақыр заман күтіп тұр де-
ген қорытынды жасайды. Шортанбай түсінігіндегі ақыр заман 
ол дүниеде душар болатын емес. Адам баласының күні бітіп, 
өлуі. Кешегі құс тістеп жүрген сұңқар жігіт күні келген шақта 
лажсыз, пақыр. Өлім — адам үшін заман ақыры. Ал ажалдан 
құтылатын пенде жоқ. Жазмыштан озмыш болмақ емес.
Өлшеулі күнің жеткен соң,
Бұйрық дәмің біткен соң,
Төстіктей қазған бір жерге
Қырыңнаң кіріп сыйғаның.
Ей, момын пенде,
Құлшылдық қылсаң не етеді,


269
Ажал болдырмай қуып жетеді.
Тақуа болған ғалымдар
Бұл жалғаннан өтеді.
Баяны жоқ шіркінді
Бір күні тастап кетеді.
Тіршілік өмірдің санаулы екенін ескертіп, өлмей тұрғанда, 
басыңа заман ақыр төнбей тірі жүргенде адам баласы 
жақсылық, ізгілік жолында аянбай іс қылып, адамдық пары-
зын, құдай алдындағы құлшылық міндетін атқаруға тиісті. 
Адам баласын құдай санаулы мерзім мөлшерін өткізу үшін 
жаратты. Жер, ай, күн, су сияқты байлықты оған қаратты. 
Бәріне бірдей ортақ етіп жаратты. Ол үшін адам аллаға мәңгі 
риза, өмір бойы қарыздар сезінуге тиісті. Тірі пенде үшін иман 
парыз.
Алақандай ай мен күн,
Әлемнің ортақ жарығы...
Құдай деген момынның
Аузынан кетпес тобасы.
Иманы бардың белгісі
Тілінен тамар шәрбаты...
Иман жанның жарығы...
Байлықтың алды иманда
Тәңірім сөйтіп берген-ді.
Ақынның түсінігінде алла мен иманның арасы алшақ 
емес. Иманы бар адам алласына жуық. Иман деген ұғымның 
бұл бір жағы, яғни, дінге сабақтас түсінігі. Көпшілік ұғымын 
танытарлық иманның екінші ұғымы бар. Ол: ар, ұят, ождан – 
деген ұғымдарды беретін иманның нағыз халықтық ұғымы, 
оның кең мағынасы. Тіпті, қазіргі біздің дәуір адамдарының 
түсінігі де осылай емес пе?
Шортанбай өз тұстастарын оларда иман жоқ, ұятсыз, ар-
сыздар, құдайға да күнәһарлар деп сынайды. Патша үкіметіне 
берілген қазақтың опасыз би-болыстарын, елубасы стар-
шындарын, дүниеқоңыз қайырсыз байларын, ақшаның құлы 
жылпостарды өткір сөзімен түйрейді.
Қасиет кетті төреден,
Әділдік кетті билерден.


270
Немесе:
Асылық азған заманда
Алуан-алуан жау шықты,
Арам, араз хан шықты.
Шортанбайдың қатты сынына ұшырағандардың ішінде 
құдай жолына қызмет етіп жүрген қожа, молдалар да бар. 
Олардың сырты бүтін, іші түтін. 
Асылық азған заманда,
Қожа, молда көбейіп,
Отырар төрде шөмейіп,
Сәлдесін үлкен орасып,
Жауған қардай борасып,
Жамандығы ішінде,
Жан-жағына қарасып,
Үлкен молда десін деп...
Қазақ арасында етек алған жаңа топ – тілмәш, адвокат 
сияқты патшалық үкіметтің чиновниктері. Орыс мектебінен 
білім алған олар халықтың мұңын қолға алу орнына оған 
қарсы қанаушылар тобын құрап, әкімдерге қызмет етіп, ел-
ден алым алып, пара-пәлені көбейтіп, елге жексұрын атанып 
жүр. Олардың жымысқы екіжүзділіктері, халыққа қиянат жа-
сап, қайғысын зорайтып жатқаны шебер бейнеленеді. Олар-
ды пара үшін туған-туысын сатуға да даяр, нағыз залымдар 
деп дұрыс сынайды:
Құныққан соң жалаға
Көшеде жүрген көп тілмәш
Мініп шабар шанаға...
Өңкей арам залымдар
Зәремізді алады.
Арам берсең жымиып,
Қалтасына салады.
Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, 
алыпсатар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді, олар-
ды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан ара-
ны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты 
елдегі қайғы-қасіреттің де шынайы суреті жасалады.


271
Арам арсыз жан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ, 
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Бұрынғы айырбас саудасына үйренген көк тиыны жоқ 
ел ақшалы саудаға бірден үйреніп кете алмайды. Ақшаның 
құнын, есебін біліп болмаған елді алдау-арбау – онай іс. Бұл 
сияқты зұлым қылықтар алаяқ іскерсымақтарға көп пайда 
түсірді. Сондықтан қарапайым халық ілкіде ақшаны бірден 
қабылдай алмады. Сататын мал-мүлкі тегін сатылып, алары 
қымбатқа түсіп жатты.
Қайыр кетіп байлардан 
Бұзауға ақша беріп тұр
Пәлен теңге торпақ боп,
Тиынға тиын өніп тұр.
Ал сауданың нәтижесі кейде күтпеген жағдайға ду-
шар етеді. Ебін тапқан екі асайды. Жөнін салса, ақшасы 
мол, ақылы азға кезіксе, саудагердің қалтасы семіріп шыға 
келеді. Аумалы-төкпелі дәулет бір адамды байытса, екіншісі 
жоқшылыққа ұрынады.
Біреулердің дәулеті
Тасқан судай ағып тұр...
Сауда қуғандардың адамгершілігі ақшамен ғана өлшенеді. 
Ал ақша үшін олар ешкімді аямайды, жақын туыс па, 
беделді пенде ме? Олар үшін маңызы жоқ. Ең жоғары бе-
дел ақшада. Ақша көбейсе, кісілікті сатып алады. Оның үстіне 
ақша байлығында шек жоқ. Бірінен-бірі ақшасын асырып, 
жолындағыны баса, жанша ілгері басады. Бірінен екіншісі 
асып, байлығын көбейтуден өзге арманы жоқ.
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Алас ұрып өліп тұр.
Ақшалы адамға әкімшілікті сатып алу да қиын емес. 
Сондықтан билік те осылардай «сымпыстардың» қолына 
көшуде. Онсыз да ақшаға құл бола бастаған қазақ байла-


272
ры енді бар ынта-жігерін саудаға салып, ақша табуға құмар. 
Ол жолдан тайынар ешкім жоқ. Ақын осындай қоғамдағы 
өзгерістердің ішкі сырын ақтарады. Ол өзгерістерден туын-
дап жатқан қайшылықтарды көрегендікпен танытады. Осы 
жолда қаналып, тоналып жатқан момын елге жаны ашып, 
барлық жасырын сырға халықтың көзін жеткізгендей бола-
ды.
Сайлауға салып ынтасын
Байлар қалта қағып жүр.
Сыр бойында шаяндай,
Бірін-бірі шағып жүр.
Байлар тапқанын параға беріп, ақшадан ада болып, 
керегіне жаратпай пайдасыз іспен шұғылданып жатыр деп 
сынайды.
Бұл сияқты қайшылығы көбейген жаңа заманда басы-
на қиямет-қайым орнайтын ең алдымен кедей-кепшік, мо-
мын шаруа екені сөзсіз десек, пейілсіз байлардың қараулығы, 
жоқ-жітіктің көбеюі, ел-жұрттың тозуы, оған сол жаңа қоғам 
өкілдерінің кінәлі екені реалистікпен танытылады. Айтыл-
мыш жағдайды Шортанбайдай дәл танытқан оның заман-
дастарынан ешкім болмағанын ескерте кеткен жөн. Біз бұл 
тұста Шортанбайдың нағыз еңбек адамдарының, кедей-
кепшіктің жоғын жоқтаушы болғанын көреміз.
Байды құдай атқаны,
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедей қайтіп күн көрер,
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазғаны,
Күздей пішен шапқаны, 
Ішіп-жемдік болмайды,
Оны-мұны тапқаны.
Тек қана сауда адамдары емес, еңбекші елдің дәулетін 
иеленіп жатқан жаңа қоғамның барлық тобы, би, болыс, 
ұлық, тілмәш және басқаларының халық дәулетіне келтіріп 
жатқан кесапаты аз емес. Халық дәулетін теспей сорып, 
қуатынан айырып жатқан топ – осылар. Бұл сияқтыларға 
ақын өз сынының барлық күш-қуатын жұмсай біледі.


273
Аш жалаңаш бейнеттен
Жүдеп арып талады.
Бір ешкісі бар болса,
Шығын деп тілмәш алады,
Төбесін ұлық ояды.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды.
Кедейге салып шығынын
Араны бидің тояды.
Қағаздатып бұзауын, 
Ноғайына қояды.
Кедей қайтіп күн көрер,
Борышқа белден батады,
Жалғыз сиырын сатады.
Немесе:
Жарлы кедей, жоқ-жітік,
Қайтіп күнді көрер деп,
Сол себепті қорқамын.
Қазақ қоғамын билеп-төстеген сол тұстағы әкімдер тобы – 
халыққа қарсы болып, елдің басына зобалаң орнатып жатқан 
қу мен сұмдар. Халықтың бұрын-соңды болған дәстүрлі билігі 
жойылды. Елдің өзіндік салты, өнегелі басшы адамдары 
ығысты. Ел билігінде титтей де адалдық қалмады деп өз сы-
нын күшейте түседі.
Байлар зорлық қылады,
Малы көзіне көрінбей,
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріндей.
Ойлағаны жамандық
Жарадан аққан іріңдей.
Заман түрі бұзылды,
Текеметтің түріндей.
Ақсақалдан әл кетті.
Алмады оның кеңесін.
Старшын қойған болыпты,
Қайда пысықсыған немесің.
Үлкенді кіші тыңдап, көпті көрген ақсақалының ақылын 


274
алып, әділеттікке бір табан жақын билік айту дәстүрі бұзыл-
ғаны ақынға да, елге де қатты батады. Ендігі старшын мен 
болыстан ондай көреген, әділ ақсақал билігін көре алмай-
ды. Себебі олар – ел басқарар ақыл иелері емес, жай көштің 
бірі – өзінің құлқынын ғана ойлайтындар, ақшалы, мал-
ды пысықсымақтар. Бұлардан елге қамқорлық та, әділ 
төрелік те шықпайды. Қоғамды аздырып, елді кедейлендіріп 
жатқан солардың іс-әрекеті, – деген қорытынды жасайды. 
Сондықтан бұл – бұзықтар билеген заман. Одан сақтанбасқа 
амал жоқ. Әлгі алааяқ басшылар ел билігін алып болды. 
Себебі, олардың сүйеніші мықты. Патша өкіметінің отар-
лаушы күшіне, озбыр заңдарына арқа сүйеп отыр. Қаналған, 
тоналған, құқықсыз қазақ халқының барар жер, басар 
тауы қалмай қойды. Мұндай жағдай ақынды ойлантады, 
толғантады.
Енді еркіндік заман жоқ,
Дұшпанның құрған торы бар.
Ендігі туған жігіттің
Маңдайының соры бар.
Халық қайғысының қалындауына негізгі себеп – отаршыл 
патша өкіметінің озбыр саясаты және оны жүргізіп жатқан 
жергілікті әкімдер, генерал, майор, князь, тілмәш, дуанба-
сы, оның соты, әскері, түрмесі, т.б. Бұлар елді еркіндіктен 
айырған, дәулетін судай шашқан аждаһа іспетті. Халық 
қайғысының негізгі себепкерін «Жалмауыз болды ұлығың», – 
деп әкімдерден көреді.
Заман қайтып оңалсын,
Адам қайтіп қуансын.
Жанарал болды ұлығың,
Майыр болды сыпайың.
Айырылмайтын дерт болды,
Кедейге қылған зорлығың,
Князьді көрдің піріңдей,
Тілмәшті көрдің биіңдей.
Дуанды көрдің үйіңдей.
Абақты тұр алдыңда 
Қазылып қойған көріңдей.


275
Немесе:
Өңкей арам залымдар
Зәремізді алады.
Арам берсең жымиып,
Қалтасына салады.
XIX ғасырдың көптеген ақындары қазақтың тәуелділікке ду-
шар болып, қоныс қысымына ұшырағанын күйіне жырлады. 
Қолынан шығып кеткен мекендеріне іштері қазандай қайнап, 
жоқтау айтып, зар жылады. Патшалықтың ең ілкі тырнағына 
ілінген Сарыарқа, Еділ, Жайық, Есіл, Ертіс жер-суларының 
шұрайлы бойларынан айрылу шымбайына қатты батты.
Әр нәрсенің болжалы
Бірте-бірте тарайды.
Адыра қалғыр Сарыарқа
Болмайын деді баянды.
Жер-судан, қоныс жайдан айрылуға негізгі себеп – ел 
тізгінінен мүлде айрылып, дәрменсіздік дәрежеге душар болу, 
елдегі берекесіздік, ездік, жігерсіздік деп біледі ақын.
Еділді алды, елді алды,
Есілді алды, жерді алды.
Енді алмаған не қалды.
Айнала қоршап малды алды,
Әуелі бастап ханды алды,
Қараны санап малды алды, – 
дейді. Ақын елді қоршаған патшаның әскери қамалдары бас 
көтертпей жатқанын шындықпен күйіне жырлады. Енді жер 
ғана емес, мал-мүліктен де халық айрылатыны хақ. «Көшіп 
кетер жерің жоқ, жау айбынар ерің жоқ, қамалып қазақ сан-
далды», – дейді.
Ендігі ел жағдайы жаман. Ол тарихтың тұйығына тірелген. 
Одан азат болар күн – кемде-кем. Үміттің шоғы сөніп, аспан 
тарылып, қара бұлт қаптап кетті, сондықтан «Су түбіне кеттің 
жұрт, тал табылмас қармауға», – деп ашына сөйлейді.
Қамсыз жүріп қамалған
Жасын иіп тәңірім,
Өзің оңда халқымды,


276
Құрық түсті мойынға.
Тарылып тыныс алқынды,
Зармен бітті өмірім,
Жарылқа енді артымды.
Қамсыз жүріп торға түскен халқына айтар ақын ақыл-
дарының ішінде жігерге, қайратқа үндейтін ілгерішіл пікірлер 
де жоқ емес. Ақын елді құр жабырқап жата бермей, жау 
тұзағынан құтылар амал-айла іздеуге, құр жабырқап қайғыра 
бермей, тағдырдың басқа салғанын көріп, батыл қимылдар 
жасап көруге үндейді. Қазіргі күніңнен де алдыңда ауыр за уал 
тұр деп ескертеді.
Күйіп күймей немене,
Құр қозады делебе.
Сақтасын жалғыз қайғыдан
Көппен көрген – селебе...
Бұдан кейін патшаның одан әрі зобалаң туғыза беруі 
мүмкін. Алған малы мен жеріне қанағат қылмас, баламыз-
ды да солдатқа алар. Сондықтан тірлік көрсетіп, болашақтың 
қамы үшін батыл қимыл көрсет деп ақыл айтады.
Халқы менен баланы
Бір алған соң аузына
«Алмады» –деген немене?
Аға бер жайылып құйыла.
Айдамай тұрып солдатқа,
Ұзын аққан Сарысу
Зар қылмай тұрып жалды атқа,
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің бір мініп жебеле.
Жалаңаш барып жауға шап,
Ажалдан бұрын өлер ме?
Ноқталы басқа бір өлім
Өлмей де адам жүре ме,
Қатын, бала қамы үшін
Қарсы шап та мылтыққа ұш
Құр жабырқап жүдеме.
Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер 
оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны 


277
деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның 
бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік 
емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім 
екенін көрсетеді. Шортанбай жасаған заманда бұдан артық 
елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екіталай. 
Біздіңше, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ 
құлағы жастыққа тиген жоқ. Ел жұртының қасіретін арқалап, 
бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы 
қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет жасап, жатпай-
тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішіндегі әр түрлі 
жетесіздіктерге, талан-таражға, алауыздыққа, берекесіздікке, 
ойсыз опасыздыққа қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, 
мінін түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аян-
бай күресуге шақырды. Асылы, бұл ақын жасаған заманның 
бірден-бір талабы. Оны ақын өте жақсы түсінді. Отаршы-
лар мен оның қазақ жеріндегі сыбайластары билеген заман-
ды ол халық басына түскен ақырзаман, елдің береке-бірлігін 
кетірген тар заман, жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар за-
ман деп өзінше қорытты. Бұл заманның енді бір кесапаты ол 
халықты өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған кәсібінен, 
тіршілік қамынан, үйреншікті, сүйегіне сіңген әдет-ғұрпынан, 
наным-сенімінен, иманынан, дағдылы ел билеу салтынан 
айырды. Осылайша халықтың ұлттық тұрпаты, елдік сипаты 
бұзылды. Адамы, азаматы, олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті 
өзгерді. Олар тәуелсіздігінен айрылды. Құлдық тәуелділік 
қамытын киді. Өзіндік дербестігі жойылды. Міне, осының 
бәрі ақынның зарлы-шерлі толғаулары арқылы сыртқа 
шықты. Ол халқының мұңы болып қалыптасты.
Екі үлкен егесіп,
Қошқардай басын теңесіп,
Сол жерде заман оңалмас.
Оңалар заман дер едім,
Жауға алдырдың әуел бас.
Іс асқынды болмастан.
Мейір, шапқат кем болып,
Шын сөз кеті сырластан,
Ойын кетті құрдастан,
Жастар үміт үзіпті,
Жұрт тосынған жолдастан.


278
Ақынның түсінігі бойынша адам ең алдымен өзінің үй іші, 
бала-шағасы қамын қарастырмақ. Сол үшін ол кәсіп етеді, 
мал өсіреді, дала кезеді. Ұрпағын адалдыққа тәрбиелейді:
Қатынымның қолы тоңар деп,
Қар жауғанда үй қақтың.
Балам адам болсын деп,
Ұйқыдан безіп, мал бақтың.
Асыраймын деп баланы 
Желіп бір жортып аулақта 
Балаң халал болмаса,
Азаматтар, жігіттер,
Пайдасы жоқ шырақтың.
Елің, жерің аман болып, ұрпағың халал (адал) өссе, ол 
азамат үшін ғанибет, үлкен жақсылық. Ол үшін жағдай, 
құнарлы өлке, тәлімді орта, ел-жұрт тыныштығы, береке-
бірлігі қажет-ақ. Қазақтың бұрын-соңды ел болып, жауларын 
бетіне қаратпай, тәуелсіздігін сақтап келгені де осыдан еді, – 
дейді.
Ертістің басы қара дөң, –
Еңкейе біткен қара адыр.
Арқа деген құба жон,
Аядай біткен қол екен.
Атты кердең өсірген,
Арқаның шүйгін шөбі екен.
Жігітті кердең өсірген,
Ат пенен малдың демі екен.
Асылы, мұнда халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты 
айтылатын кеңестер емес. Кейбіреулер парықсыздыққа салы-
нып, алды-артын ойланбайды. Өзімшілдікке бой алдырады.
Алмаған неме қоймадың,
Ешнәрсеге тоймадың.
Азуы қарыс алаштың
Айтқанына болмадың.
Болмағанның белгісі 
Бұлғақтап едің алаудай,
Бойыңа жанды теңгермей,
Басыңа бір тас тиіп тұр,


279
Би қалмады шүйделі...
Біз айтқандай не қалды,
Не қылайын дүниені
Қай ғақыл бар жүйелі?!
Шортанбайдың шығармаларының негізгі арқауы деп, 
оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. 
Адамгершіл ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің 
зор мақсаты санағандықтан болса керек. Ақын әр тұста терең 
толғап, өрнекті де, өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, 
нақылдар қалдырады. Шортанбайдың өлерде айтып кеткен 
өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның бас-
шы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз аты-
нан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады. 
Бір мысал:
Сәлем айттым бәріңе 
Қызмет етіп жүріңдер.
Басшы, біткен кәріңе...
Үлкендер саған айтайын,
Дүниенің боғы үшін,
Сірә тіпті азбаңдар...
Және сәлем айтайын,
Бауырлас туған ініме,
Жұрт тамаша болушы еді,
Жалғыз ауыз сөзіме
Дүние ыстық көрінді,
Құрғыр менің көзіме...
Дұғай сәлем айтайын,
Тобықтыда Құнанбай.
Кімнің тағы қалады,
Өлгеннен соң суалмай...
Азғана қорған болып өт
Ағайын менен туғанға...
Дұғай сәлем айтыңыз,
Шорман менен Мұсаға!
Дәулетінің барында,
Қорқынышты жер алдында,
Тәубесіз өтіп кетпесін,
Бес күндік жалған қызыққа.


280
Дұғай сәлем айтыңыз,
Қатын менен балаға...
Қастық қылмасын жақынға,
Қайырлы болсын халқына.
Келтірілген ақынның қоштасу сөздері, өсиеттері мәнсіз 
емес. Елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, 
дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет 
етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, са-
налы, салиқалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен 
адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, 
қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді.
Билер пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер.
Кісі хақын алмаңдар
Аузыға харам салмаңдар.
Әрбір адамға үлгі боларлық нақылдар тізбектеліп, өзінің 
өмір тәжірибесін жинақтайды. Тойымсыздыққа, опасыздыққа 
қарсы күресуге, қанағат, рақым сияқты адал жан айналысар 
істерге меңзейді...
Шортанбайдың толғаулары, біз келтіргендей, шетінен 
афористік сипатта. Сондықтан ақын стиліне дидактизм тән. 
Өлеңіндегі өсиетшілдікті, нақыл-ақыл сипатын ақынның өзі 
де ескертеді.
Бәйіт айтып, баян қып,
Жанастырдым әр неге. 
Мәселе кітап шығардым,
Кейінгі қалған пендеге...
Жеті ғалам астында, 
Даусым кетті алысқа.
Өзімнен өрнек жайылды, 
Жақынға, туған, қалысқа...
Шындығында да ақын туындылары әсерлі, мәңгі жасар-
лық мәнді. Көп жылдар өтсе де жырау сөздері өзінің құнын 
жоймай, халық мақсатына қызмет етіп келеді. Әсіресе, 
адамгершілік, ақыл, өнегелі өсиет сөздері, шебер де шешен 
тұжырымдары құнды. Басына қайғылы, ауыр күн туған аза-
мат, ел-жұрт Шортанбай толғауларынан өз ойына үндес сөз 


281
табады. Оның өлең жолдарын жиі қайталайды. Күйзелген жа-
нына жай тауып, көкірегін кернеген қасіреттерді жеңілдетіп, 
рухани күш табады. Шортанбай сөздерін тек қасіретті адам-
дар үшін пайдалы туынды деп біржақты түсінікке жетелеу-
ден аулақпыз. Керісінше, оның шығармалары – алуан салалы, 
өміршең, адамның бойына жігер, қуат құярлық оптимизге де 
толы, оқушысын өз ырқына бірден көндіріп, ілестіріп кетерлік 
логикасы мықты туындылар. Сондықтан да әрбір дәуір ол ту-
ралы әр түрлі пікірлер айтып, кейде айтыстар туғызып келеді. 
Шортанбай туралы осы соңғы жылдарға дейін етек алып кел-
ген кереғар пікірлердің орын алу негізі де оның талғамының 
күрделілігі, күштілігі демекпіз. Шортанбай – бір топтың не бір 
таптың ақыны емес. Ол жалпыға ортақ өз елінің, халқының 
жырауы. Сонысымен де құнды.
Шортанбай шығармашылығы да әдебиетіміздегі ақтаң-
дақтар қатарында жөнді зерттелмей, жабулы тақырыптар 
қатарында келді.
Бұрын-соңды зерттеулерден Шортанбай туралы біркелкі 
пікір айтып, орта мектепке оқулық жазған немесе очерк ре-
тінде танытпақ болғандар – С.Мұқанов пен Қ.Жұмалиев. 
Олардың алғашқы зерттеу еңбектері 1940-1942 жылдары 
баспа бетін көрді. Шортанбайдың өз туындылары «XVIII—XIX ғ. 
ақындары шығармалары» (1962) мен «Бес ғасыр жырлай-
ды» (1989) жинақтарында, «Жұлдыз» журналында (1991, 
№ 3) басылды. Кейінгі жылдары (1994) өлеңдер жинағы 
шықты, кандидаттық диссертация жазылды. Қ.Мәдібаева оны 
«Зарзаман» әдебиеті ағымын негіздеуші деп қорытты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет