Оны сол мағынасында основоположник деуіміз керек.
Ал енді əдебиеттің өсуі бар, баспалдақтап өседі ғой
ол. Сол тұсқа Ілияс та кіреді, сол тұсқа Бейімбет те, Сəбит
те жəне Мұхтар да кіреді. Олардың жалғасы есебінде бір
онжылдық ішіне бəріміз де кіреміз. Біз де кіреміз, алайда,
əрқайсысымыз өз алдымызда, өз дəрежемізде жазушымыз.
Т.К. Əдебиеттің қызықтылығының өзі де сонда ғой.
Əркімнің əр түрлі қолтаңбасы болғаны, келбеті барлығы
қандай ғанибет.
Ғ.М. Иə-иə. Екі Толстой болса біреуі артық болар еді.
Шолохов Шолоховтығымен құнды.
Т.К. Ендігі бір сұрағым, Ғабе, мына Сəкентану ілімінің
қазіргі даму барысы жөнінде ой-пікіріңіз қандай? Сəкенді
зерттеу, Сəкенді насихаттау жөніндегі істеріміз қазір көңіл
толтырарлық па... Көңіл толтырса қандай табысымен, тол-
тырмаса қандай кемшілігімен дегендей...
Ғ.М. Сырт жағынан қарағанда Сəкен жайында бірне-
ше еңбектер жазылып қалған екен өзі. Оның ішінде сенің
«Жизнь замечательных людей» сериясында шыққан кітабың
тексеруі піскен еңбек сияқты. Мен көп нəрселерді өте терең
ұғынғаныңды байқаймын. Бұл жайында əнеукүні сендердегі
жиналыста айттым ғой деймін. Бұл документальды жақтан
дау туғызбайтын, барынша зер сала қараған нəрселердің
270
айналасында екен. Точная науканың материалындай жақсы
шыққан.
Сонымен бірге, көп зерттеулердің, көп жазылатын
мақалалардың негізінде баспадан шыққан, біреулер айт-
қан пікірлердің ізі жатады, соны төңіректеп жүру көбірек
сияқты. Басқа еңбектерден мен соны байқаймын.
Т.К. Сəкен шығармаларының мазмұнын айту, солардың
қадір-қасиетін бірі-бірімізден ауыстыра...
Ғ.М. Иə. Ауыстыра беру бар сияқты. Тіпті үлкен деп
танылып жүрген еңбектерде де сондай жақтар көп. Атын
атамай-ақ қояйын, Сəкен туралы үлкен-үлкен еңбек жазған
дегеннің өзінде де, əсіресе сондай еңбектерде жұртқа белгілі
нəрселерді, айтылған нəрселерді қайтадан баяғы ежіктей
айтып беру сияқты жайлар көп. Сəкенді творчестволық
жақтан тексеру əлі аяқталмаған ғой деп ойлаймын.
Мұнда бір жай бар. Ілияс, Бейімбет, Сəкен үшеуі енді
пісіп келе жатқан кезінде 43, жасында кетті ғой өмірден.
Қырық пен елудің арасы жазушылардың толығатын кезі,
белгілі бір прозаик не ақын болып танылатын шағы. Оған
олардың бірде-бірі жеткен жоқ. Бұл үшеуінің ішінде проза
саласында өзін-өзі толығырақ көрсете алатын Бейімбет,
поэзияда Ілияс деп білемін.
Ал Сəкеннің «Тар жол тайғақ кешу» өзіндік ерекшелігі бар
ғажайып нəрсе. Мемуар, көркем проза жанрлары ара ласып
келген, сөйте тұра бұл өзі біртұтас дүние. Екінші бір адам
«Тар жол тайғақ кешуді» қайта жазып шыға ал майды. Бұл
бір дəуірдің таңба басатын жеріне таңба басып, мөр басатын
жеріне мөр басқандай əсер етеді. Ендігі уақытта зерттеушілер
Сəкеннің ақындық жағын бажайлап тексерулері керек қой деп
ойлаймын. Мысалы, «Экспресс», «Советстан» – бұл Сəкенде
Маяковскийден келе жатқан сала, ар жағында Сəкен футуризм
де бар ғой өзі, сол кейін өсе келе «Советстанға», «Экспреске»
жалғасқан. Ал Сəкеннің «Көкшетауы» ешкімнің поэмасынан
кем емес, өте сұлу жазылған дүние.
Содан соң «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара
сырласым», сонсын əлгі «Шіркін тауық шыр айналар, жеміс
болса қолыңда» бар ғой, бұл Сəкеннің бір бағыты.
Ал «Домбырада», «Асау тұлпарда» келетін елдік ескі
поэзиялық бір сарыны бар тағы. Сол жағын өз алдына,
271
басқаларын өз алдына таза əдебиеттік, ғылымдық көз-
қараспен бір тексеріп шығу керек сияқты. Сондайларын
насихаттау керек, олардың ішінде тіпті эстрадаға шығатын
нəрселері бар Сəкеннің.
Ешбір жазушы бір жазғанда шығармасын бастан-аяқ
ойдағыдай шығармауы мүмкін. Бұлар тəжірибесі, көргені,
ойлары енді қалыптасатын кездерінде тұрып қалды ғой.
Мысалы, Бейімбетпен бірге «Қызыл жалау» романы
кетті. Мен оны бір жерде жазғаным бар. Соңғы тарауын
түзет деп Сəкен айтып еді. Бұл сонымен кетті.
Сəкеннің «Бақыт жолында» «Қызыл сұңқарлар» дейтін
шығармалары біздің советтік драматургияның алды деуге
болады. Бұған қоса революцияшыл поэзиясы бар. Ал «Тар
жол тайғақ кешудің» өзі революцияшыл роман. Ол үш
жанрда Сəкен еңбек етті. Сол уақытта «былай болу керек,
олай болу керек» дей қойған Сəкеннен басқа жазушымыз
жоқ біздің. Кейін бəріміздің ой-санамыз, біліміміз толыққан
сайын, Сəкен бастаған шаруаны кеңейтіп, тереңде-
тіп əкеттік. Мысалы, Мұхтар основоположник деп аталмаса
бір кемшілік туа ма оған? Білдіңіз бе?! Оны ыдырат-
пау керек.
Т.К. Бой салыстыратын əдет шығып қалды ғой осы күні.
Ғ.М. Сол құрғырды, бой салыстыру дегенді кішкене
тереңдете ұғынсақ, ол бір үлкен пəле.
Т.К. Пəле болып тұр ғой.
Ғ.М. Ол жершілдік дейтініміздің, жікшілдік дейтіні-
міздің тамырлас жатқан пəлесінің біреуі сол. Бірақ оған
қарамау керек.
Демек, Сəкенді шын зерттеймін деген адам, ол жөнінде
еңбегін шамасы келгенше толық етіп беруі керек. Оны
зерттей білуі керек. Ал Ілиястың поэзиясынан үйренетін
көп нəрсе əлі бар.
Кешегі жиналыста Ілиясты мақтадық-мақтадық, бірақ
Ілиястың ішіне кірген ешкім жоқ қой əлі. Меніңше, Олжас
өте жақсы баяндама жасады, бірақ ол Ілиястың ішіне
кірген баяндама емес, ол сырты, білдің бе? Қолға түскен
орысшадан алды ғой енді ол. Содан алды да, сонсын əдемі
тілменен, белгілі нысанаға қарай айтып берді. Ал Ілиястың
поэзиясынан үйренетін көп нəрсе əлі бар.
272
Т.К. Əрине, Бұлардың қайсысы болса да дəстүр жасап
кетті ғой.
Ғ.М. Дəстүр жасап кетті. Əңгіменің бар түйіні де, бар
сөлі де осында.
Т.К. Сонсын, Ғабе, мынадай пікірлер ойға оралып отыр.
Абайтану ілімін жасадық. Сəкентану аяқталып келеді.
Ілиястану, Бейімбеттану басталып келе жатыр. Осыған кей
уақытта тек зерттеу жұмыстары ғана емес, басқа салалар
да, мысалы, көркем шығарманың өзі де қатынасуы керек.
Мысалы, Абайтанудың биік өресін көтеріп Мұхаңның
«Абай жолы» эпопеясы тұр ғой.
Ғ.М. Əрине,
Т.К. Осындай салада Сіз Сəкен жөнінде «Кездеспей
кет кен бір бейнені» жазып, оқушы жұртшылықтың кітап-
ханасына ұсындыңыз.
Ғ.М. Ол енді бір-ақ саласы оның.
Т.К. Онда тағы да қандай ойыңыз бар?
Ғ.М. Өкінішке орай, араласа алмаймын ғой деймін оған.
Мен со тегінде, ішкі сырластық сияқты бағытта бола бе-
рермін деп ойлаймын. Менің араласқан адамдарым көп,
біреуінен анасын, біреуінен мынасын ұнатып ала берем ғой
баяғы. Əркімнің творчестволық қолтаңбасы деген нəрселер
əрбір фразада, əрбір подтексте бірдеңелерді бейнелеуде,
яки сөзбен теңеуде жатады. Міне. зерттеушілер соған зер
салулары керек.
Маған Ілиястың поэзиясы қатты ұнайды. Баяғыда «Тал-
пақ танауды» алғаш жазғанымда, Ілиястың «Сары атан төрт
табан, құмды үйіріп, нан илеген» деген жерлердің ұнатып
едім. Тамаша емес пе?! Ол өзі ауылдың, даланың бейнесін
жасағанда ғажап келтіретін.
Əдебиет дегеннің идеясы анау, адамдары мынау дейміз
ғой. Мұның негізі ішінде жатады.
Т.К. Əнеукүні университетте сөйлеген сөзіңізде Сəкен
жайында пьеса жазамын, киносценарий жазамын дегендей
ойыңыз бар еді. Сол қандай деңгейде?
Ғ.М. Сəкен туралы осы бұл күнге дейін қомақты,
сал мақты ештеңе жаза алмағаныма, кішкене өкінішім
де жоқ емес. Ол қазақ совет əдебиетінің негізін
қалаушы, бастаушы деген ой ғана емес, жалпы өзінің
зор адамгершілігі, іштей көп нəрсені ойлап, көп нəрсеге
273
толғана жүретіндігі жағынан сол кісі көрінбеді-ау деген
ойдамын. Сондай ой Бейімбет пен Ілияс жайында да бар.
Сəкенге жəне басқаларға байланысты бір фильм жа сау-
ға келісім берді. Осы жылы күзге дейін соның ең аз дегенде
бірінші нұсқасын беремін ғой деген ойдамын.
Мұның идеясы – Сəкен сияқты революционер адам-
дардың елді тезірек аяқтандырып, ел қатарына косу іс-
əрекетінен туады. Бірақ ар жағы Лениннің 24 сағатта деген
жарлығымен сабақтасып жатады. Сол 24 сағатта деген
идеяны мен уақыттың, сол кездегі дəуірдің негізгі идеясы,
асығудың, тездетудің, тезірек ел болудың ұраны етіп ал-
мақшымын.
Т.К. Сонда мұның сюжеті жалпылама емес, бір кезең,
бір уақыттың, бір күннің оқиғасына ғана құрылмақшы ма?
Ғ.М. Бір кезең, бір сəтті ғана аламын. Сол кезде
Лениннің 24 сағатта дегеніне барлығы да сыйып тұрған
сияқты. Оқу, өнер елдің ел болуы, өзінің тілін өркендетуі,
мəдениетін жасау, барлығын да тездету, енді ескі ауылша
отыруға болмайды деген идея – сол кездегі барлық істің
ұраны ғой деймін. Сонда Сəкен негізгі кейіпкер.
Т.К. Өте жақсы болады екен.
Ғ.М. Ол кезде РСФСР Совнаркомында орынбасар бо-
лып отырған Рысқұлов бар. Оны да ала кетейін деп едім. Əлі
де ойымда бар. Бірақ ол кісі туралы менің құлағыма тиген,
оқыған, көрген нəрселерім əлі тексере түсетін жайлар бар.
Бір кітап шығыпты деп естідім, бірақ көрген жоқпын.
Т.К. Рысқұлов жөнінде ме? Мен де көрген жоқпын.
Ғ.М. Сондай бір кітап бар сияқты. Не басылып жатқан,
не басылайын деп жатқан болуы керек. Олар не айтар екен
деп, соған да қарайлап отырған жайым бар. Қалай болғанда
да Еркебұлан сол фильмнің негізгі кейіпкері болады.
Т.К. Мұнда Еркебұлан болып атала ма, жоқ, болмаса
Сəкен бола ма?
Ғ.М. Мұнда Еркебұлан болып аталуы мүмкін, бірақ
Совнаркомның председателі. Ал «Кездеспей кеткен бір
бейнеден» келе жатқан ат, оны енді ретіне қарай көреміз
ғой, бірақ идеясы Сəкен жайында.
Т.К. Сəкеннің өз атымен аталғаны дұрыс қой.
Ғ.М. Əдебиетке сыя береді ол. Негізінде Совнаркомның
председателі Сəкен Сейфулиннің бейнесі көрсетіледі.
274
Т.К. Сөз əлпетіңізге қарағанда сценарийдің нобайы тү-
сіп қалған сияқты ғой.
Ғ.М. Аздаған андай, мұндайлар бар. Манағы айтып
отырған Көкшетау жолы, Көкшетау-Қызылжар жолы, сол
кездегі халық ағарту істері, тіл-əдебиет мəселелері бар, ол
кездің шындығы – Поволжьедегі ашаршылық та бар. Ол ана
«24 сағатта» айтылған еді ғой.
Сол Сəкеннің, мен көрген Совнарком Сəкеннің жай-
ласып, шіреніп отырған уақытын білген емеспін. Анда-
мұнда шапқылап жүретін.
Т.К. Төрағасы болып керіліп отырын Сəкенді көрген
жоқсыз ғой, əйтеуір ол кезде.
Ғ.М. Көрген емеспін.
Т.К. Жұмыс істеп отырған, ел қамын жеп жүрген
азаматтың кейпі ғой.
Ғ.М. Ол өзі қатаң тəртіптің адамы еді. Орынбордағы
Деевская, 5 деген пəтерінде өзінің екі бөлмесі болатын. Ол
екі бөлмесіне жан кірмейтін. Жұмасына бір рет Сəкеннің
елге барып келгенін газеттен оқитын едік. Талай мəселелерді
қозғап келетін.
Т.К. Манадан бері əңгіме Сəкен жөнінде ғана емес,
Сіздің творчествоңыз төңірегінде де болып отыр ғой. Бірі-
мен-бірі байланысып жатқан дүние. Дəстүрлі сұрақтар
болушы еді. Сіз «Ұлпанды» қашан бітіресіз? Ал одан кейін
«Оянған өлкенің» екінші кітабы қайда деген сұрақ тағы бар.
Ғ.М. Менің жазайын дегенім «Оянған өлкенің» екінші
кітабы еді. Мынау «Ұлпан» соның бірінші тарауы сияқты.
Шағын көлемде бір повесть жазып, арнаға түссем бе деп
едім, көптен бері үзіліс жасап алғаным бар ғой менің.
Очеркке, əңгімеге ауысқан кезім бар. Сонсын бір бүйірде
драматургия жүреді. Кино жүреді бір жағында. Менің өзім
үшін, жанрға жанр араласып кетсе, қиын болып қалады.
Т.К. Алдымен бір саланы бітріп алып барып, содан кейін
екінші салаға көшеді екенсіз ғой.
Ғ.М. Иə, мысалы «Қозы Көрпеш» пен «Ақан серіні»
жазған кезде мен бір де əңгіме жаза алмас едім. Бір жанрдан
бір жанрға ауысудың психологиялық жай-күйі əркімде əр
түрлі болады ғой. Шығарма жазғанда кісі стилистикалық
бір бағытта болуы керек. «Оянған өлкенің» баяғы бірінші
275
кітабының стилін табу үшін, яғни сол стиліме оралу үшін
«Ұлпанның» маған көп пайдасы болайын деп тұр. «Ұлпан»
10-15 күнде бітеді, екі бөлімі «Жұлдыз» журналының 6-7
сан дарында шығады да, соңғы бөлімі 10-15 күннің мөл-
шерінде біткелі тұр. Содан соң əлгі киносценарийді біті-
ремін.
Т.К. «Ұлпаныңыз» əдемі дүние. Мен басынан аяғына
дейін бір-ақ күнде оқып шықтым. Əуезов атындағы инс-
титутқа барғанымда Оразгүл Нұрмағамбетова «Жұл дыз-
дың» алтыншы нөмірін қолына алып отыр екен. Мен əң-
гімелей бастап ем, «Жоқ, айтпа, айтпа, ары қарай айтудың
қажеті жоқ, қызығы болмай қалады, онан да оқып ала-
йын», – деді.
Сондай құштарланып жатқан адамдарды көп кездес-
тірдім. «Жазушы» баспасының директоры Əбілмəжін Жұ-
мабаев: «Осы күнге дейін шабыстан танбаған мұндай ке-
ремет шығармаларды қадірлеуіміз керек қой», – деді.
Айтпақшы, Ғаббасты да кездестірдім, орысша жолма- жол
аударма жасап жатырмын деді. Қазірдің өзінде жариялан-
ған жарты дүниенің өзі қалың оқырман жұртшылығының
арасында үлкен əңгіме туғызып жатыр.
Ғ.М. Кездескен адамдар ылғи солай деп айтып жатыр.
Т.К Сондай əдемі дүние болып жатыр. Енді осыны...
Ғ.М. Жаман болмас деймін.
Т.К. Журналдағы жігіттер «аяқ жағы бітпей жатыр əлі.
Кешіктіретін ыңғайымыз бар» дегендей жайды байқатады.
Соны кешіктірмегеніңіз дұрыс болар еді.
Ғ.М. Кешіктірмегенде, əнеукүні мына жеңгең екі айдай
ауырып қалды. Бір ай ауруханада жатты. Сонсын 26 күн
санаторийде болды. Оның үстіне биылғы жаз ыстық болды
ғой өзі. Ыстықта күшеніп жазасың. Алғашқы екі бөлімін 20-
22 күнде жазып тастап едім. Мына кісі ауырып қалғанда,
қалт тұрдым да қалдым.
Т.К. Ғабе, Сіздің шығармаңызды оқып отырғанымызда
бір артық сөз кездестірмейміз, сол сөйлемнен бір бунақты
алып тастасақ, кеміп қалатын сияқты болып көрініп тұ ра-
ды. Осындай стильдік дəрежеге жеткенде, Сіз көп түзетесіз
бе, жоқ болмаса бірден жазасыз ба?
Ғ.М. Мен егер бір бетті жазып шыққан болсам, оны енді
қайтып түзетпеймін. Бірақ осы бетті жазып шығу үшін 3-4
276
бетті бүлдіремін. Менің бір бетім өзіме оңайға түспейді, ең
кемі 3-4 бет жазылып барып, содан бір бет шығады.
Т.К. Сонда оны қайтадан түзетіп, тазартып жазып
отырасыз ба?
Ғ.М. Қайта жазамын.
Т.К. Ал алғашқы қолжазбаларыңыз сақтала ма?
Ғ.М. Қалады жыртылып-жыртылып.
Т.К Расымен жыртып тастайсыз ба?
Ғ.М. Жыртып тастаймын.
Т.К. Апыр-ай көп байлық қой ол. Оның ішінде талай
дүниелер кетеді ғой.
Ғ.М. Кетеді. Соны жинайын деп талап етіп едім, жинауға
реті келмей қойды. Сонсын, мынандай, сыртына жазыла тын
кезі де болады, өйтетіні-бүйтетіні болады. Əйтеуір мен бір
бетті өмірде таза жазып шыға алмаймын. Екінші рет таза
бет шықса, үлкен табыс. Мен үстінен түзетуді білмеймін.
Бір-екі жолы сыйыспай тұрса, қайтадан көшіріп жазамын.
Т.К Ойбай-ау, онымен уақытыңыздың бəрі кетеді ғой?
Ғ.М Оның пайдасы көп. Үстінен түзетсең болмайды.
Біздің жігіттерде бір түсінбестік бар, амандық болса, жа-
зайын деп жүрмін.
Əр тілдің өзінің заңы бар. Біздің казақ тілі маған қоңыр
дауысты адамның үні сияқты естіледі. Қазақ тілінің кəдуілгі
дауысты дыбыстары бар ғой, соған обал жасамау керек.
«Боп» «кеп» дегендер «Боп қалды», «кеп қалды» дегендер,
тілімізге келтіріп отырған зияндық десең, де болады.
Əрбір тілдің тілі, оның сұлулық дүниесі дауысты
дыбыстарды толық пайдалануында, қысқартып пай-
далануда емес.
Т.К. Таза əдеби тілді қолданғанды ұнатасыз ғой.
Ғ.М. Иə, «Райкомтұғын», «сосын» дейтін сияқты сөз-
дерді естігенде, төбе шашым тік тұрады.
Тілді ауылға бөлмеу керек, тілді жүзге бөлмеу керек.
Қазақтың тілі ортақ тіл, ортақ байлығымыз. Қай жерде,
қандай жақсы мағынада пайдаланылады, сол біздің
ауылдың тілі болуы керек. Осы күні біздің қазақтың
балаларының көпшілігі орыс мектебінде оқиды. Қазақ тілін
соңынан үйренеді. Бəріміздің де балаларымыз сондай.
Прозада да ритмика бар, бір сөзді орнынан алып, былай
қойсаң, сол əдемі кұрылған фразаңның өзі бұзылып кетеді.
277
Сол сөздердің өзінен құраған сөйлемнің иін келтіру керек.
Бұл ешкімнің мен əбден шештім деген мəселесі емес. Мен
сөз құрастырғанда нені жақсы көретінімді ғана айтып
отырмын.
Т.К. Сонсын, тағы бір мəселе. Сіздің шығармаларыңыз-
дың бəрі де əдемі, сұлу болып келеді де, ал орысша аударған
уақытында ажары солғындап кетеді.
Ғ.М. Е, солай болады. Пушкинді Абай аударғанда қан-
дай, болмаса басқалар аударғанда қандай.
Т.К. Олай болғанда орыстың бір үлкен жазушыларымен
достас, пікірлес болып көрмейсіз бе?
Ғ.М. Шығармаларымның көбін мен өзім аудартпаймын,
журналдар аудартады. Өздері аудармашы тауып, менен тек
рұқсат сұрайды. Ал «Оянған өлкені» Дудинцев қайта ау-
дарып жазып шығып еді былтыр. Оныкі бұрынғылардан ана-
ғұрлым толық, анағұрлым жақын. Бірақ енді Дудинцевтің
аударуы маған қиынға түсті. Жолма-жол аударма жасаған
жігітті екі рет Москваға жіберіп алуыма тура келді. Сонда
барып, түсіндіріп отыру үшін. Бұл қиын ғой.
Т.К. Ол шықты ма?
Ғ.М. Шықты. Дудинцевтің аударуымен.
Т.К. Өзіміздің Қазақстан басты ма?
Ғ.М. Жоқ. Москва басты.
Т.К. Моквада ма? Ендеше, оны қолыма түсіре алмадым.
Ғ.М. Оның аудармасы жақсы. Ал мына «Ұлпанды»
Белянинов аударамын деп жүр. Өзі жақсы жігіт.
Т.К. Белянинов жақсы жігіт болғанмен, бірақ жақсы
жазушы ма?
Ғ.М. Кім білсін енді?
Т.К. «Кездеспей кеткен бір бейнені» аударды ғой.
Ғ.М. Иə, ол шыққан жоқ.
Т.К. Шықпады дейсіз. Енді оған тағы мына «Ұлпанды»
беретін болсаңыз, сонда не болмақ?
Ғ.М. Журнал сұрайды.
Т.К. Басқа бір жігіттерді тапқан абзал. Москвада жақсы
таныстарыңыз болса, солармен байланысқан жөн. Ғабе,
тағы бір мəселе бар. Ол тарихқа байланысты. Біздің қазақ
əдебиетінде шықпай, жарияланбай жатқан біраз дарындар
бар...
278
Ғ.М. Мысалы?
Т.К. Мысалы дейсіз бе? Орыс əдебиетінде Иван Буниннің
9 томдығы, Марина Цветаеваның, Гиппиус, Мережковский,
Бальмонт т.б. кітаптары шықты. Осылардың көбі шетелде
өмірін өткізіп, сүйектері сонда қалған адамдар ғой. Ал енді
біздің əдебиетімізде де əр түрлі себеппен əдеби мұрасы
халыққа жетпей жатқан тұлғалар бар. Мəселен, Шəкəрімнің,
Мағжанның, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларына бір
қозғау салатындай жағдайды ойластырса қайтеді.
Ғ.М. Оған козғау салынбай жүрген жоқ. Бір кезде мен,
Одақта отырғанда Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Ай-
мауытовтың мəселелерін қойып, тіпті комиссия да құр-
ғанбыз. Іріктеп алуға, жауапты бір редколлегия құрып, тү-
сін дірмелермен, алғы сөздермен басқымыз келіп еді. Оған
тиісті жоғарғы орындар ризашылық та берген. Соны енді
жүзеге асыруға келгенде, баяғы өзіміздің тарапымыздан,
жазушылардың тарапынан көлденең тұрушылар көп бол-
ды, яғни жазушыларымыздың бір жағы басамыз десе, енді
бір жағы құбыжық көріп, қарсы шықты. Сонымен бөгеліп
қалған бір жағдай бар.
Екінші жағдай, сондай жаңалықтың хабарын естіп, со-
ның абырой-атағын ала қояйық деп, осы Сіздің КазГУ-дің
жігіттері даурықтырып жіберді. Жоғарғы жақ бір қаулы алса,
солардың дегенімен алғандай етіп көрсетпекке тырысты.
Сол бір қырсық болды.
Одан соң Аймауытов туралы бір шала, шикі нəрсе бар.
Мен өзім сенбеймін оған. Аймауытов 1932 жылдары мына
Сарысуда ма, басқа жерде ме, «көтеріліңдер» деп хат жазған
дейді. Сол хат біздің қолда дейді. Тиісті бір мекеме айтады.
Сол хаттың көшірмесімен аудармасы бар да, түпнұсқасы
жоқ. Аудармаға қарағанда, тіпті соның хаты болғанда да,
кешірілмейтін күнə емес еді. Оны сот ақтады, реабилитация
болды. Шындап келгенде, мен ол хатпен айналыстым, сол
хатты Аймауытов жазды деп ойламаймын. Мен Жазушылар
одағында отырғанда соның түпнұсқасын таптырып ала
алмадым.
Т.К. Фабрикация болуы мүмкін ғой.
Ғ.М. Мен солай ма деймін. Өйткені бір кезде оның
көтеріліңдер деп жазған хаты бар деп айтқан адамдар
279
соның ізіменен барып, сұрастырғанда, ондай хат жоқ деген
еді тиісті орган дейтұғын жеріміз. Артынан сол хат сон-
да болып шықты. Одан бері неше бастық өзгерді ғой. Сол
екі арада фабрикация да болған шығар, фальсификация да
бол ған шығар деймін. Хаттың түпнұсқасын көрсем, мен,
мысалы Аймауытовтың жазуын таныр едім....
Т.К. Ахмет Байтұрсынов мұрасы, оқулықтары жөнінде
не дейсіз?
Ғ.М. Бұған ғалымдарымыз қарсы.
Т.К. Тілшілердің өздері ме?
Ғ.М. Тілшілер қарсы. Өйткені шындап алғанда, тілші-
лердің пайдаланып отырған есімдік, етістіктері, негізгі тер-
миндердің барлығы Ахметтікі ғой. Ахметтің өзіне қайта -
рып берсең, оларға не қалады? Сонсын, бұл оның соңғы
жазған кітабы болатын. Оның қолжазбасын өзімнің қо лым-
нан алып кеткен. Кітаптың аты – «Қазақ тілінің теориясы».
Т.К. Жарық көрмеген бе?
Ғ.М. Жарық көрмеген. Мен 28-жылы күзде Қы зыл-
ордаға бас редактор болып келдім. Сонда қолжазба Мем-
лекеттік қауіпсіздік мекемесінде екен. Соның Шығыс бөлі-
мінің бастығы Əбдрахман Бегишев деген жігітке Сəбит
жіберіпті. Маған дейін баспаның бас редакторы. Сəбит
қой. Бір күні сол Бегишев келіп өзі айтты. «Маған жіберген
сондай бір қолжазба бар. Менің оны шеше алатын жайым
жоқ, өздеріңе жіберейін», – деп. Ол менің таныс жігітім
емес еді. Телефон соғып, «Жіберіңіз», – дедім. Содан олар
қол жазбаны маған əкеліп берді. Сосын мен ол қолжазба-
мен та ныстым Қолжазба, кəдімгі ғылыми еңбек. Төрт жүз
беттен астам. Соны біз басу-баспаудың амалын шеше алмай
қойдық. Сол кезде Ахмет бір ұсталып шыққан.
Достарыңызбен бөлісу: |