66 Тарихи шолу Балалар білім беру ұйымдарында оқып жатқан барлық қоғамда оқушылардың мектепте
оқытылатын идеяларды игеру деңгейін анықтау үшін және/немесе оқушылар тобы үшін
барынша оңтайлы болып табылатын оқудың немесе жұмыстың кезеңдерін анықтау үшін
белгілі бір бағалау нысандары қолданылады. Осындай бағалау адамдардың тиісті кезеңдегі
білімі мен түсінігін бағалау үшін оқу бағдарламасының белгілі бір кезеңдерінде жүзеге
асырылады. Бұндай бағалауды «жиынтық» бағалау деп атауға болады, өйткені ол оқушының
алдын ала әзірленген критерийлерге (критериалды бағалау) сәйкес анықталған, болмаса қалған
оқушылардың білімімен салыстыру нәтижесінде анықталған (нормативке негізделген бағалау)
білімін жиынтықтайды. 1990 жылдан бастап Ұлыбритания мектептерінде бағалаудың екінші
түрі кеңінен таныла бастады, бұл «қалыптастырушы бағалау» немесе «оқу үшін бағалау»
(бұдан әрі - ОүБ) ретінде белгілі болды. Бұл бағалау оқуды жақсарту үшін мұғалімдерді,
оқушыларды және басқаларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін оқуды ағымдық бағалау дегенді білдіреді.
Білім беру саласындағы мұғалімдер мен саясаткерлер ортасында зерттеу нәтижелерін
таныту мақсатында 1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ұлыбритания ғалымдарынан
тұратын Бағалауды реформалау Тобы (Assessment Reform Group) 1999 жылы «Оқу үшін
бағалау» деген кітапша жариялады. Осы уақыттан бастап ОүБ тұжырымдамасы кеңінен
таныла бастады. Осы кітапшаның негізгі мәтіні Бағалауды реформалау Тобы ұйымдастырған
Пол Блэк пен Дилан Уильямның (1998a, 1998b) зерттеулеріне шолу ретінде ұсынылған. Шолу
1987-1997 жж. аралығында білім берудің көптеген аспектілері бойынша және пәндік салалар
бойынша өткізілген әлемдік зерттеулерді қарастырды. Блэк пен Уильям 250 зерттеуге талдау
жасап, оның 50 зерттеуіне айрықша назар аударған, себебі бұл зерттеулерден ОүБ тәжірибесін
пайдалануға негізделген «араласудан» кейін үлгерімнің жақсарғандығының дәлелдерін
көруге болады. Бұл жетістіктер жаңағы айтылған «араласуға» дейін және одан кейін жиынтық
тестілермен өлшеніп, әсер коэффиценті 0,4-тен 0,7-ге дейін жеткен. Бұл орайда 0,4-ке тең әсер
мөлшері орташа оқушының 2-ші кезеңнің белгіленген деңгейінің ортасына дейін жылжуына
ықпал еткен; ал 0,7 әсер мөлшері оқушылардың белгіленген деңгейдің төрттен үшіне жылжуын
қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, зерттеулерде оқу үлгерімі төмен оқушылардың көрсеткіші
айтылғаннан да жоғары болған, бұл көптеген мұғалімдер мен саясаткерлердің ОүБ тәсілінің
өзектілігі мен маңыздылығы туралы пікірлерін өзгертіп, бұл әдіске қызығушылық білдіруіне
түрткі болды.