Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту
Тәрбиеленушілердің шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, музыка ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, күн сайын ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде іске асырылады.
Мақсаты: тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, шығармашылық дағдыларын, зерттеу қабілеттерін, көркем-эстетикалық талғамын дамыту үшін ұлттық мәдениетке баулу.
Міндеттері:
музыкаға, бейнелеу өнеріне қызығушылықты қалыптастыру, шығармашылық ойлауы мен қиялдауын дамыту;
бейнелеу процесі мен нәтижесіне эмоционалды жағымды қарым қатынас орнату;
бейнелеу әрекетін балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, ұйымдастыру, балаларға бейнелейтін заттарды өзбетінше зерттеуге мүмкіндік беру;
қарапайым заттарды, құбылыстарды, пішіндерді, түстерді, бөліктердің орналасуын бере отырып, бейнелеу дағдыларын қалыптастыру, көз бен қолдың үйлесімін дамыту;
балалардың қалауы бойынша материалдарды, бейнелеу техникасын (саусақпен, алақанмен, мақтамен, сазбалшықпен, ермексазбен, қағазбен және т. б.) таңдауға мүмкіндік беру;
қазақ халқының өнер туындыларымен, сәндік-қолданбалы өнерімен таныстыру;
өнер туындыларына, қоршаған шынайы әлемнің эстетикалық жағына қызығушылықты тәрбиелеу;
бейнелеу әрекеті барысында қауіпсіздікті сақтауға және еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа баулу.
Сурет салу
Көлденең және тік сызықтарды салу, олардың қиылысуын жүргізе білу, әр түрлі пішіндегі (көкөністер мен жемістер, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, жануарлар), дөңгелек пішінді (шарлар, бұлттар, күн) заттарды бейнелеу, бірнеше көлденең және тік сызықтардан тұратын заттарды бейнелеу.
Сурет салу кезінде қарындашты, қылқаламды қатты қыспай дұрыс ұстауды үйрету. Қылқаламмен бояуда оны бояуға ақырын батыруды, алынған артық бояуды құтының шетіне қылқаламды ақырын басынан басып, ағызып жіберіп бояуды, бояудың келесі түсін қолдану үшін қылқаламды басқа түске салмас бұрын жақсылап суға шайып алып қолдануды, жуылған қылқаламды жұмсақ матамен немесе қағаз майлықпен сүртіп кептіруді үйрету.
Бір заттың немесе түрлі заттардың суретін салуды қайталай отырып, қарапайым сюжеттік композициялар жасауға үйрету, тұтас қағаз парағына бейнені орналастыру, қызыл, сары, жасыл, көк, қара, ақ негізгі түстер мен олардың реңктерін (қызғылт, көгілдір, сұр) қолдану.
Қазақ ою-өрнектерінің қарапайым элементтерін қайталап салуға баулу.
Құмға таяқшалармен, асфальтқа бормен, өз бетінше ойдан сурет салуға мүмкіндік беру.
Сурет салуда қауіпсіздікті сақтауға, ұқыптылыққа баулу.
Күтілетін нәтижелер:
сурет салу техникасының бастапқы дағдыларына ие;
сызықтарды, штрихтарды, дақтарды, бояуларды ретімен қолдана біледі;
негізгі түстерді дұрыс атайды;
қарапайым сюжеттік композицияларды құрайды;
тұтас қағаз бетіне бейнені орналастыра алады;
пішіндерді бояудың бастапқы дағдыларын игерген;
сурет салудың дәстүрден тыс техникасына қызығушылық танытады;
сурет салуда салуда ұқыптылық танытады, қауіпсіздікті сақтайды.
Мүсіндеу.
Сазбалшықтан, ермексаздан мүсіндеуге қызығушылыққа баулу. Сазбалшық, ермексаз кесектерінен бөліп алу, домалату, ширату, созу, жаю тәсілдерін пайдалана отырып, көкөністер мен жемістерді, кейбір заттарды, азық-түлік тағамдарын мүсіндеуге үйрету.
Кесектерді алақандарының арасында домалату, есу, жаю тәсілдері арқылы заттарды мүсіндеу (ыдыстар, ойыншықтар).
Бірнеше бөліктерді қосу, қысу, біріктіру арқылы өсімдіктерді және жануарларды мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру.
Қазақ халқының әшекей бұйымдарымен (білезік, жүзік, балдақ, сырға, тұмар және т.б.) таныстыру. Мүсіндеу тәсілдерін қолдана отырып, өзіне ұнаған бұйымдарды мүсіндеу, оларды таяқшамен безендіру.
Жеке жұмыстарын ұжымдық композицияларға біріктіру дағдыларын қалыптастыру.
Мүсіндеу барысында қауіпсіздікті сақтауға, ұқыпты болуға баулу.
Күтілетін нәтижелер:
заттарды мүсіндеуге қызығады;
сазбалшықтың және ермексаздың қасиеттерін біледі;
мүсіндейтін затты зерттейді;
мүсіндеудің әртүрлі тәсілдерін пайдаланады;
мүсіндеуге қажетті негізгі техникалық дағдыларды игерген;
бірнеше бөліктерді қосу, қысу, біріктіру арқылы өсімдіктерді және жануарларды мүсіндейді;
қазақ халқының әшекей бұйымдарын біледі;
заттар мен бұйымдарды өзбетінше мүсіндей алады;
жеке жұмыстарын ұжымдық композицияларға біріктіреді;
мүсіндеу барысында қауіпсіздікті сақтайды;
жұмысты ұқыпты жасауға тырысады.
Жапсыру
Балалардың жапсыруға қызығушылығын арттыру. Қағаз бетінде көлемі, түсі, пішіні бойынша әртүрлі дайын пішіндерді белгілі реттілікпен орналастыра отырып, ойдан немесе берілген тапсырма бойынша заттардың бейнесін жасау, содан соң пайда болған бейнені қағазға жапсыру.
Желімдеудің техникасын үйрету: желімді қылқаламға, мұқият жағып алу, жаймадағы дайын үлгіге жағу, желімнің қалдықтарын сүртуге майлықты қолдану.
Қазақ халқының ұлттық ыдыс-аяқтарымен, тұрмыстық заттарымен таныстыру. Ұнаған дайын заттардың пішіндерін қазақ оюларының қарапайым элементтерімен безендіру. Заттардың пішіні мен олардың түсі туралы білімді бекіту.
Жапсыруда табиғи материалдарды және қағазды түрлендіру әдістерін қолдану (жырту, умаждау, бүктеу, қатпарлау).
Балаларды ересектер дайындаған ірі және ұсақ элементтерді қағаз бетіне орналастыру және жапсыру арқылы ұжымдық композиция құрастыруға баулу.
Геометриялық фигуралардың (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш) ортасына, бұрыштарына дайын ою-өрнектерді жапсыру арқылы киіз, кілем, көрпе, алаша орамал және т.б. жасау.
Жапсыру барысында қауіпсіздікті сақтауға, ұқыпты болуға баулу.
Күтілетін нәтижелер:
желімдеу техникасының бастапқы дағдыларын игерген;
бейнеленетін заттарға сәйкес түрлі-түсті қағаздардан дайын пішіндерді таңдай алады;
ересектер даярлаған ірі және ұсақ элементтерді орналастырады және желімдейді;
оюдың әсемдігін, оның орналасуын байқайды, олардың элементтерін бөліп көрсетеді;
қазақ халқының ыдыс-аяқтары мен тұрмыстық заттарын біледі;
ұжымдық жұмыстарға қатысады және оларды қызығып жасайды;
геометриялық фигураларды ажыратады, оларды ою-өрнектермен безендіреді;
желім қалдықтарын сүрту үшін майлықты пайдаланады.
Құрастыру
Балалардың құрастыруға қызығушылығын арттыру, конструкторлардың түрлерімен таныстыру.
Құрастыру дағдыларын дамыту, негізгі құрылыс бөлшектерін: текшелер, кірпіштер, цилиндрлер, үшбұрыштар, призмаларды ажырата білуге, атауға және қолдануға үйрету, бұрын алынған дағдыларды: төсеу, бекіту, қою қолдана отырып, жаңа ғимараттар салу.
Құрастырылатын құрылысты қарапайым сызбаларға, суреттегі үлгісіне қарап зерттеуге және кірпіштерді, тақтайшаларды тігінен қатарға орналастырып, бір-бірімен мықтап бекіту тәсілдерін қолданып, өзбетінше құрастыруға мүмкіндік беру, өзінің тұрғызған құрылысын талдауға баулу. Құрастырған құрылыспен сюжетті ойыншықтарды қолданып ойнату.
Ұжымдық құрылыс жасауға баулу, алдын-ала келісе отырып, құрылыс бөліктерін жеке дайындау, өздерінің құрастырған бұйымдарын біріктіре отырып, дайын болған құрылыспен бірге ойнату.
Құрастыруда бөлшектерді орналастыру және кірпіштерді қалау, пластиналарды тік бағытта және көлденең орналастыру тәсілдерін қолдану, ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, үлгі бойынша, ойдан құрастыру.
Ойнап болғаннан кейін бөлшектерді жинауға, қауіпсіздікті сақтауға, ұқыптылыққа баулу.
Күтілетін нәтижелер:
құрастыруды қызығушылықпен орындайды;
құрастырылатын құрылысты қарапайым сызбаларға, суреттегі үлгісіне қарап, зерттейді;
құрылыс бөліктерін ажыратады және атайды;
әртүрлі түстегі және пішіндегі бөлшектерден қарапайым құрылыстар тұрғызады;
ұжымдық құрылыс жасауға қатысады;
өзі құраған құрылысымен ойнайды;
ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, үлгі бойынша, ойдан құрастыра алады;
ойнап болған соң құрылыс бөлшектерін жинайды.
Музыка
Музыканы эмоционалды көңіл-күймен қабылдауға баулу. Музыкалық жанрлар ән, би, маршпен таныстыру.
Музыка тыңдау
Достарыңызбен бөлісу: |