2.2. Қара шаңырақ архетипінің көркем прозада көрініс табуы Қазақтың үлкен отбасы қауымы ата-ана, балалар және немерелерден тұрған. Кейде қауым мүшесіне әкенің аға-інілері мен олардың әйелдері және балалары, өлген туыстарының балалары да кіретін. Мұндай отбасындағы адамдар саны 25-30 тіпті одан да көп болатын кездері болған. Сөйтіп олар бірнеше үйленген ұрпақтардан құралып, бір жерде тұрып, бірігіп еңбек етеді, ішім-жемі, киімі де бір қазаннан ортақ болған. Үлкен отбасылардың экономикалық негізі қазақтарда мал болды. Оны мүмкіндігінше бөлгізбеуге тырысты. Дүние-мүлікті бөлу ата-ана өлгеннен кейін немесе бір-екі баласының ер балалары көп болып, олардың ер жеткендерін үйлендіру қажет болғанда ғана жасалатын. Әдетте, әке шаңырағында кенже ұлы қалатын болған. Әке шаңырағын «үлкен үй» деп атап, отау иелері құрмет тұтқан. Ал бұл шаңырақ осылай бірнеше ұрпаққа ауысса, ата-бабадан жалғасқан «қара шаңырақ» деп аталады. Көне дәстүр бойынша қазақ кемінде жеті атасынан бергі қара шаңырақты жақсы білген. Қара шаңырақ – бір әулеттің тараған түп тамыры. Оны сыйлау – ұлтын сыйлаудың алғашқы баспалдағы. Кешеге дейін қара шаңырақта отырған азамат атадан жалғасқан бақ-берекенің ұйытқысы ретінде сол әулеттің қадірлі азаматы саналатын. Барлығы құрметпен қарайтын. Жиын тойда, сый дастарқан басында сол қара шаңырақ иесі жасы кіші болса да, төрден орын алатын. Айналасындағы ақсақал, көксақалдардың өзі «қарағым, сен қасиетті қара шаңырақтың иесісің, жасың кіші болса да жолың үлкен, асқа батаны сен жаса» деп кішілік танытып жататын. Бұрын ұлдар мен келіндер қара шаңырақты басуға таласатын болса, қазіргі келіндер шамасы келсе бөлек шығуға тырысады. Оған басты себеп – ата-ананы күтуден аулақ болу. Әрине, мұндай келеңсіздіктердің көбі бүгінгі қоғамдық өмір салтынан туындаған кереғарлықтар екені шындық. Бұрынғыдай бір әулеттен тараған ұрпақ бір ортада отыру көп жағдайда мүмкін емес. Бірі — ойда, бірі — қырда, басқа қалаларда, тіпті, алыс шет елде. Тұрмыс тауқыметімен қала жағалап кеткен қара шаңырақ иесі – кенже ұлдың соңынан көп ата-ананың ере алмайтыны да шындық. Қазақтың көркем прозасындағы шоқтығы биік шығарманың бірі – Т. Әбдіктің «Қонақтар» әңгімесі осының айғағы. Әңгімеде әке мен ұлдың арасында немесе ата-ана мен бала арасында ренішті, көңілтолмаушылық пен зілді суреттеген шығарма болып көрінуі мүмкін. Алайда әңгіменің айтар ойын одан да терең, одан да биік ұғымдардан іздеуге болады. Ерғабыл қарияның жалғыз ұлы Сапабекке көңілі толмайтыны, үміті мен разылығын ақтамаған перзенті екені рас. Алайда Сапабектің өзі елге белгілі геолог, шетел аралаған, табысы мол маман. Бірақ Ерғабыл қарияға мұның керегі шамалы. Оған ұлының қара шаңыраққа ие болып, ата салтты ұстанғаны, ата-ананы сыйлап, қамқорлық танытқаны қажет.
3-сурет («Қонақтар» әңгімесіндегі архетиптік сана)
Еуропаша киініп, орысша сөйлеген, ауыл тұрмысына бейімі жоқ келіні мен қазақша түсінбейтін немересіне де шалдың көңілі толмайды. Ерғабыл қария үшін өзі өсіп өнген үйдің түтінін өшірмей, қара шаңырақты ұстап қалған ұрпақ қана адал сүт емген, ата-ана парызын өтеген бала (3-сурет). Ал жалғыз ұлы Сапабек ауылға жылына бір рет келіп, аман-саулықтың өзін жөнді бермейтін ұл болып шықты. Одан туған ұлды да ата жүрек қабылдай алмайды. Ата салтты құрметтейтін қария үшін ұлының жоғары білім алғаны емес, ұлттық құндылықтар мен салт-сананы жоғары тұтатын ұрпақ керек. Әңгімедегі оқиға өткен ғасырдың 80-жылдарын қамтыған. Бұл уақытта – қазақ халқы өзінің ұлттық құндылықтарынан, салт-дәстүрінен айырыла бастаған кезі. Төлен Әбдікұлы постмодернистік жазушы ретінде қазақ қоғамындағы бұл үрдісті ерте байқай білді. Әрі мұны шығармашылық метафорамен "Қонақтар" атты әңгімеге айналдырды.
Жазушы әңгімеге ата салтты ұстанған қария бейнесіне еніп, қоғамда болып жатқан жат дүниелерге көңілі болмайды. Әсіресе, еуропалық беймағлұм мәдениетке бас сұққан жас ұрпаққа өкпе-назын жеткізеді. Олардың ата мұраны, қазақ түсінігіндегі іргелі ұғым – қара шаңырақты сыйламайтынын бетіне басады. "Қонақтар" әңгімесі – әлі күнге дейін өзегін жоймаған шығарма.[5] Қазіргі қоғамы да осы дерттен айыға алмай отыр. Ұлттық мұраны, халық салт-дәстүрі мен ата жолды ұстануды ұмытып барамыз. Әңгіменің "Қонақтар" аталуында да сыр бар. Ерғабыл қарияның қара шаңырағына келген өзінің туған ұлы мен немересі емес, оның аман-саулығын біле келген, жүре соққан құдайы қонақ қана. Олардың қария үшін қадірі қонақтық қана. Өз үйіне өзі қонақ болып отырған ұрпақ, шын мәнінде, өте ауыр әрі қасіретті жағдай. Төлен Әбдіктің кейіпкерінің аузынан айтылатын сөз бүкіл халықтың ұрпақ тәрбиелеуге деген аса зор жауапкершілігін танытады. Тек ата-ана емес, туған, туыс, әулет, ауыл-аймақ тұтас елдің оң ниетінде болып, мейірім мен ізгілік құндағында өскен бала ешқашан қаталдық танытпасы анық. Авторлық ой осы мазмұнды меңзейді.
Адам баласы ұрпағының өсіп-өнуіндегі қара шаңырақтың орны көне фольклордан бүгінге дейін түрлі дәрежеде бейнеленіп келеді. Жазушы осы туындысында «Қара шаңырақ» ұғымына архетип тұрғысынан келген. Себебі, кейіпкер қазақтың бүкіл болмысы, ауылдағы ағайынның іс-әрекеті, көзқарасы, санасы ерте замандарынан бастау алатын ұрпақты сақтау, көбейту, дүниеге тек қайырым мен мейірім төгу мазмұнынан нәр алған. Қаншама қайғы-қасірет көрсе де, ошақтың отын өшірмей, қазақи болмысты сақтау мәселесі маңызды екендігін анық ұғындырады. Дулат Исабековтің де шығармасы қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселенің өткірлігін сөз етеді.
Жазушының «Қара шаңырақ» әңгімесі - ұлттық мінездің негізі ауылмен байланысты екенін тағы бір аңғартатын туынды. Жаппай қалаға көшу, ауылда қалған ата-баба қонысы, үлкен үй саналатын қара шаңырақты күзетіп шал мен кемпірдің қалуы қазақ даласына енген рухани және материалдық өзгерістердің ұлттық менталитетке тиген әсерін айқындай түскендей. Қазақы қара шаңырақтың қасиетті белгісі – бесіктің жастар қолданысынан шығып бара жатқанына деген қынжылысты сезінесіз. Немесе ұлттық мінездің заман өзгеруімен түрленгенін Есіркептің әкесіне: « Көке, сіз демала беріңіз, біз тамақ даярлап жіберейік,» – деуінен тағы бір аңғаруға болады. Қазақ халқында қашан да ер-азамат қазан-аяққа араласпаған, бұл отбасы анасының еншісіндегі дүние екені ықылым заманнан белгілі. Міне, қаламгер осындай кішкентай эпизодтарды шым-шымдап әңгімеге енгізу арқылы қазақы ұлттық мінездің өзгерісін көз алдыңызға әкеледі. Қазір біздің қоғамда үйреншікті болып кеткен әрбір іс-әрекеттің тарихи салт, әдет-ғұрып емес, кейіннен таңылған құбылыс екенін үнемі есіңізге салады. Атақонысқа ие болу, қасиетті қара шаңырақтың отын өшірмеу ер-азаматтың міндеті емес пе еді? Әңгіменің «Қара шаңырақ» аталуы да тегін емес. Қара шаңырақтың иесі саналатын үйдің кенжесі Есіркептің: «Кішкентайды бала бақшаға орналастырамыз», - дегені Шөмішбай қарттың үмітін үзіп, жігерін құм қылды. Бұның өзі – қазақ ұлтындағы ұрпақ тәрбиелеп, өсіруде ата – әже орнының жоғалып бара жатқанының көрінісі. Жастайынан әже әлдиін, ата ертегісін, ұлағатты сөзін тыңдамай өскен ұрпақтың бойында ұлттық менталитеттің, қазақша айтқанда, ділдің берік болуы – екіталай нәрсе. Бұл да – «балаларын өскенше, немерелерін өлгенше бағатын» қазақтың ата-әжелерінің бейнесін толықтыра түсетін әңгіме». [6]
Қазіргі қазақ әдебиетінің прозалық туындыларындағы жалпы фольклорлық заңдылықтар жазушы таланты мен оның алдына қойған мақсатына байланысты әрқилы сипат иеленіп жатыр. Бұл кезеңдегі шығармаларға тән басты ерекшелік: ешбір саяси, әдеби шектеулер мен қысым қыспағында қалмай, образ, ұғым-түсініктерді мейлінше еркін пайдалана білуінде. Қаламгер тарапынан да ғасырдан ғасырға сұрыпталып, екшеліп жеткен рухани құндылықтарға қайта оралу мен қызығушылықтың басымдығы көңіл аудартады. Қазақтағы әке рөлінің биіктігі оның отбасы, жалпы әулет, туған-туыс ішіндегі беделіне ұласқан. Ал, ол мәртебе отбасындағы ұлдарға беріліп, ұл балалардан да отбасына, әулетке деген жауапкершілік талап етілген. Көп балалы отбасындағы үлкен ұл әкенің көмекші серігі ғана емес, өзге отбасы мүшелеріне ықпалды тұлға болған, барлық балалары онымен ақылдасып, көпшілік жағдайда айтқанын екі етпеген. Өз алдына енші алып, бөлек-бөлек тұратын ағайындылардың басын үлкен үй «қара шаңырақ» мәртебесіндегі әке үйінде жинап тұру да үлкеннің міндетіне тиген. Бұл жөнінде Х.Арғынбаев:«Үлкен үйдің шаруасын әрбір отау иелері өзінікіндей санап, ол үйден көмек дәмететін, жетпегені болса, алып тұратын. Кенже бала қазақ дәстүрі бойынша әкенің мұрагері есебінде әкесінен бөлінбейтін де, оның шаңырағына, мал-мүлкіне ие болып қалатын», – дейді [4, 34]. Шығармада ұрпақ мәселесіне аса жауапкершілікпен қараған халықтың көзқарасы көрінеді.
(4-сурет)
Әке мен ананың перзент жайлы кезектесе келетін толғаныстары қазақ жан дүниесінің тереңіне бойлап, перзент жайлы ұғымдарды кестелейді. «Балаң – бауыр-етің» дейтін қазақтың перзентке, ұрпағына деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы жайлы ойлар әңгіменің бүкіл сюжеттік жүйесіндегі негізгі арқау (4-сурет).