Кіріспе бөлім
Әбіш Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас. Әбіш жайында сөз қозғау, оның шығармашылығын зерттеу, оған үңілу көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние» - деп Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында айтып өткен болатын. Әбіш әлемі - өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем. Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді. Әбіш Кекілбаев - барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы.
Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы. Қаламгердің алғаш жарыққа шыққан шығармасы «Бір шөкім бұлт» болатын. Осы шығармасының өзі оның үлкен сөз зергері екенін көрсеткен-ді. Көп ұзамай, 1967 жылы «Күй» жарық көрді. «Күй» классикалық туынды болатын. Әрине, кезінде оны өз дәрежесінде бағалағандар аз еді. Сол аздың ішінде Г. Бельгер: «…«Күй» стиліндегі эпиктерге тән байсалды баяндау, философиялық, психологиялық тереңдіктерге бару, кең тынысты, бейнелі, иірімді тілдік құралдарды пайдалану секілді ерекшеліктерімен құнды", – деген болатын. «Күй» артынан «Ханша дария хикаясы» жарыққа шықты. Осы еңбегі алдымен орыс, сонсоң басқа тілдерге аударылып жарық көрді. Жазушының тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының бірі – Ақсақ Темір туралы. Одан соң – «Үркер» романы. Демек, оның шығармаларындағы тарихы тұлғалар – Абыл, Бекет ата, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр хан, Қарабура әулие, Шотан, Сүйінғара батырлар, Әйтеке би – біздің тарихымыздағы аса көкейкесті мәселелер болғандықтан, оларды кеңінен жіктеуге міндеттіміз. «Үркер», «Елең-алаң» романдарының тақырыбы мен идеясы туралы әдебиеттану ғылымында кеңестік дәуірде қалыптасқан пікірлер бар. Ол пікірлер бойынша, «Үркер» мен «Елең-алаң» тақырыбы — Қазақстанның Ресейге қосылуы, идеясы — Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы. Романда суреттелетін оқиғалардың қалың тобын саралағанда, бұл пікір дұрыс. Бірақ мынаны ескеру керек: «Үркер» мен «Елеңалаң» — тарих шындығын, адам сырын, халық тағдырын кеңінен, тереңнен толғайтын кең құлашты күрделі романдар. Ал тарих шындығын, адам сырын, халық тағдырын, қоғам болмысын тереңнен толғайтын кең құлашты, күрделі романның бір ғана тақырыбы, бір ғана идеясы болуы шарт емес. Шығармада негізгі тақырып пен идеяны толықтырып тұрған басқа да көптеген жеке тақырып, қосымша идеялар бар. Қазақстанның Ресейге қосылуы — сол тақырыптардың бірі, Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы — сол идеялардың бірі. Күрделі шығармадағы әр алуан жеке тақырыптардың басын біріктіріп, бір бүтін күрделі болмыс деңгейінде тұтасқан өмір құбылыстарының тобы — оның негізгі тақырыбы. Осы тұрғыдан келгенде, мынадай тұжырым жасауға болады: «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарының негізгі тақырыбы — қазақ халқының XVIII ғасырдың басында ел тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі, ал негізгі идеясы — ел мен жердің тұтастығы мен тәуелсіздігі.
Достарыңызбен бөлісу: |