Орта ғасырлық саяси идеялардың ерекшеліктері неде?
Саяси ой тарихында орта ғасырлардағы феодалдық қоғамның орны ерекше. Батыс Еуропада феодализм мың жылдан артыққа созылды /V – XVI ғасырлар/. Бұл дәуірде рухани өмірде дін түгелдей үстемдік етті. Христиан діні феодалдық қоғам көзқарасының өзегі, біртұтас христиан мәдениетінің негізі болды.
Орта ғасырдағы Батыс Еуропаның саясат тарихында римдік католиктік ширкеудін, папалықтың және ақсүйек феодалдардың арасында қоғамдағы басқарушы рөл үшін киян-кескі қүрес болып тұрды. Үкімет басында дін иелері ме әлде ақсүйектер болуы керек пе деген сұрақ сол кездегі саяси білімнің негізгі мәселелерінің бірі болды.
Бұл заманда христиан дініне көп еңбек сіңірген Аврелий Августин /354 - 430/ еді. Ол христиан фәлсафасының негізгі қағидаларын зерттеп, жетілдірді. Оның саяси көзқарастары «Қудай қаласы туралы» деген еңбегінде баяндалған. Августин барлық әлеуметтік, мемлекеттік және құқықтық мекемелер мен заңдарды адамның қүнәсінің нәтижесі деп санады. Оның ойынша, құдай адамға еріктің еркіндігін береді, яғни ол өз бетімен /күнәhар болып/ немесе құдай жолымен өмір сүруге мүмкіндігі бар.
Христиан дінінің саяси теориясын жасап, шыңына жеткізген монах Фома Аквинский /1225 - 1274/ болды. Оның саяси көзқарастары «Билеушілердің басқаруы туралы», «теологияның жиынтығы» деген еңбектерінде қаралды.
Аквинский өз шығармаларында Аристотельдің көзқарастарын католик дінінің қағидаларына бейімдегісі келді. Атап айтқанда, ол Аристотельдің адам қоғамдық және саяси тірі жәндік деген пікірін пайдаланды. Жалғыз адам өз мұқтаждығын, қажеттілігін жеке-дара қанағаттандыра алмайды. Сондықтан мемлекет болып бірігіп өмір сүру адамдардың пешенесіне әуел бастан жазылған деп түсіндірді. Мемлекеттік биліктің мақсаты – «ортақ игілікке» жету лайықты, ақылға сыйымды өмір сүруге жағдай жасау. Ол үшін феодалдық-сословиелік жіктелудің сақталуы шарт. Жоғарғы сословиеге бәрі бағынуы тиіс.
Осыған ұқсас саяси көзқарас мұсылман дінінде де орын алды. Ислам саяси билік дін басшыларының қолында болуын көздеді. Құранның талабы бойынша қай мұсылман болмасын Аллаға, оның өкіліне билік иесіне бағынуы тиіс.