Жез қоңырау қағынған!
Құйрығындай ешкінің
Шолтаңдаған,
Жексұрын!
Жез қоңырау пішінін ешкі құйрығына ұқсата суреттеуі бала қабылдауына көркемдік әсерді ұлғайта түсерлік. Бала эмоциясына да әсер етерлік реңкі де бар. Ақын аш қасқырдың қомағайлығын бала қабылдауына юмормен көмкеруі де қонымды. Поэмада баланың жас ерекшелігіне сай қақтығыс бар. Қасқырдың жез қоңырауды жеп қоюы да бала үшін қызықты та тосын оқиға. Ақын сөз ойнату тәсілін орынды қолданған. “Құлыншаққа” ұқсас “жұмыршақ” сөзін қолдануы да бала тіліне жақын. Жез қоңыраудың қасқыр ішінде сыңғырлауы бала үшін қызықты, күлкілі көрініс болса баланы күлдіре отырып, қомағайлықтың, ашкөздіктің зиянын жеткізеді. Автор персонаж характерін ашу үшін, тартысты оқиғаны ұлғайту үшін диолог әдісін қолданған. Кәрі қоян мен қасқырдың, кірпі мен қасқырдың диалогы оқиға динамикасын туындатарлық. Қоянның көңілшектігін, кірпінің жаңғалақтығын танытады. Кірпі, қоян әрекеті арқылы аңқаулықты, көңілшектікті сынаса, қасқыр әрекеті арқылы ашкөздікті, қомағайлықты мінейді. Бала тіліне, ұғымына қайшы келетін, көркемдік әсерді төмендететін (“белге сын”, “ қаны құтырып”, “сайтан түрткен сорлы”) сөз қолданысы да бар.
“Өжет көжек” ертегі поэмасында “әлін білмеген әлек” деген ойды жеткізген. Персонаж – Сұр көжек. Бірі – өжет, бірі – қорқақ. Ақын ең алдымен қоянға тән тіршілікті суреттеп алады. Көжектердің аңшы мылтығымен қасқыр, түлкі, тазыны қорқытпақ болған әрекеттері – ертегі заңдылығына сай көрініс. Ақын бала қиялына ерік береді. Көжектердің аңшы мылтығының даусынан қорқып сұлап түсуі бала езуіне күлкі үйірерлік. Тағылымдық сипат та бар. Көжектердің өжетсінген кейпін юмор арқылы суреттеп, бала оқырманын күлдіре отырып, әліне қарай әрекет жасауға үндеп, ақын аңғалдықты сынайды. Сұрақ-жауап формасында оқиғаны дамытады. Оқиғаны юмормен көмкере отырып, балаларды ертегіге тартса, әрі поэманың идеясын да танытуға бағындырған. Ақын ықшамды түйін жасайды. Бала қабылдауына сай қарапайым да жеңіл, ұғынықты тұжырымдаған. Поэма оқиғасы адам бойында кездесетін олқы мінез-құлықтың бірі – аңқаулықты, “әлін білмей әлектену”тәрізді мәселені қамтиды.
Бала мінезі сан алуан қырымен танылатын поэмалар бар. Әсіресе бұл тақырыпты жырлауда Ж.Кәрбозин шығармаларының озықтығын байқаймыз. Оның кейіпкерлері қулығын асырмақшы болған өзімшіл бала, жаңғалақ бала, ісінің бәрі кері бала. “Кербақбаймен кездесу” поэмасы кейіпкердін характерін оқиға шапшаңдығымен, оқиғаларды тез алмастыра отырып суреттеуімен ашқан. Поэманың тартымдылығы кейіпкердің қимыл әрекетін сипаттау басымдығында. Кез келген тентек баланың қалыпты әрекеті болса да, шанайы суреттелуімен тартымдылығы арта түскен. Ақын Кербақбай әрекетін суреттей отырып, балаларды келеңсіз әрекеттерден сақтандырмақ. Кербақбай әрекетін бейнелеуінде юморды тартымды қолдана білген.
Солқылдаған сол шыбық
Лақтырғанда асыға,
Кербақбайдың сарт етіп,
Қайта соқты басына,
Басындағы киімі
Ұшып түсті еденге.
Бұл қылыққа күйініп
Шәпкіні алам дегенде,
Көрді қызық көкесін –
Партаға ұрды шекесін.
Партаға бас сарт етті,
Көзден оты жарқ етті.
Кербақбай тентек қана емес, сабаққа да құлықсыз. Оқуға ынтасы жоқ бала ретінде де суреттелген. Оған себепкер – оның тентектілігі, қыңырлығы. Ол сотқарлығымен ғана емес, епті, қулығымен де танымал. Атасы Әсетттің сабағын білуге келгенде парта астына тығылуына, құлақтан қысып жазаламақ болған атасына мұрынын ұстатып, сытылып кетуі қулығын көрсетеді. “Қызыл ізшілер” клубынан келген хат Кербақбайға ой салады. Себебі, бұл хатта оның әкесінің ерлігі жайлы жазылған және мектеп атын беру ұсынылған. Поэма шешімі балалардың танымына қалдырылған. Ал “Тампай деген бала бар” туындысы балдырғандардың қабылдауына жеңіл, оқиғасы қызықты. Шеберхана жұмысына көмекке келмеуі, әзіл-сықақ бұрышында Тампайдың ұйықтап жатқан суретінің салынуы, екілігін жоймақшы болып сүргі сүру әрекеті, кішкене баланың есегін тартып мінуі – сотанақ, сотқар, тентек балалардың қылықтары. Кез келген бала оқырман туындыны оқи отырып, өздерінің балалық қылықтарындағы қателіктерін сезінерліктей шынайы суреттелген.
Сүргі сүре білмейтін
Тампай айтты шалқайып.
Сүргі түзу жүрмей тұр,
Кетіп жатыр қол тайып...
Дайын затың бар болса:
Берші! – деді. Өтінді.
Неге керек ол сонша?
Жояйын мен “екімді”.
Талма түсте күн ыстық,
Көшелерде тынышпық.
Рогатка алдым қолыма,
Таппаған соң жұмыс түк.
Бұл – бала психологиясын танытатын нақты штрихтар. Оқиғада бала қабылдауына тартымды өткір сықақ бар.
Балалар өміріне арналған туындының бірі – Қадыр Мырзалиевтің “Балшықұлы Балшықбай” ертегі поэмасы. Оқиға бала әрекетімен басталады. Қуыршақ ойнау – күнделікті қыз балалардың ойыны десек, бала үшін таныс ойынға ертегілік өң бере отырып, тағылымды бірнеше ойларды бала қабылдауына ұсынады. Балалар психологиясын зерттеуші Д.Б.Эльконин сөзімен айтқанда: “Ойын арқылы бала жақсыны да, жаманды да қабылдай алады. Өйткені ол нағыз өмірде ойнайды” [42.121 б]. Поэмада кіші жастағы балалар ойыны қамтылған. Поэма кейіпкері – Айбала мен қуыршағы Балшықұлы Балшықбай. Лирикалық кейіпкер Айбаланың ойынында тағылымдық сипат бар. Баланың жас ерекшелігіне сай еңбек әрекеті де қылаң берген. Ақынның балаларды ойын арқылы еңбекке тарту мақсаты да көрінеді. Қуыршақ құлағын “қалқитып”, ернін “салпитып”, танауын “таңқитып”, аяғын “талтитып” жасауы – бейнелі сурет. Оқиғаның эмоциялық сипатына да әсер етерлік, сонымен қоса оқиға динамикасын да туындатуға ықпалы бар. Автор бала қиялына ерік беріп, оқиғаға юморлық өң кіргізген.
Балшықтан жасалған қуыршақтың сөйлеуі – ертегі нышаны. Мұнда бала қабылдауына ойнақылық сақталған. Қуыршақ пен Айбаланың бірін-бірі мазақтай күлуі – балаларға тән әрекет. Балалар бойында кездесетін осындай әрекетті персонаж әрекетімен қабыстыруы шынайы үйлесім тапқан. “Балшықбайдың денесін вазелиннмен сылауға не себеп болды?” екінші тарауында оқиға балалар өмірінің шындығына жақындатылған.