Бақылау сұрақтары:
1 «Қазақ балалар әдебиеті» пәнінің мазмұны мен мақсаты не? Қазақ балалар әдебиеті қай жылдардан бастап зерттеле басталған?
2 “Бесік жыры” мен “Тұсау кесу” жырының ерекшеліктері қандай ?
3 Жұмбақтар мен мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер танымдық, тәрбиелік мәні қандай?
4. Ертегілердің танымдық, тәрбиелік ерекшеліктері қандай?
5 Батырлар жырының бала танымы,тәрбиесінде алатын орны қандай?
6 «Күлтегін» жырының тәрбиелік мәні неде?
Негізгі әдебиеттер:
Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974.
Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976.
Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. Алматы, 1965.
Қосымша әдебиеттер:
1. Қазақ совет балалар жазушылары.А., 1987
Сералиев Н. Дәукен атайдың немерелері. А.,1978
Сөзстан. А., 1983
Дәріс –2
Тақырыбы: ХІХ ғасырдағы қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуы. Ыбырай Алтынсарин- қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы.
Жоспары:
1. ХІХ ғасырдағы қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуы.
2. Ыбырай Алтынсарин - қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы. «Қазақ хрестоматиясы» еңбегінің өміршеңдігі.
3. Ыбырай Алтынсарин өлеңдері мен әңгімелерінің танымдық, тәрбиелік мәні
Дәріс мақсаты: ХІХ ғасырдағы қазақ балалар әдебиетінің қалыптасу жолдарын көрсету. Қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы - Ыбырай Алтынсарин шығармаларының рухани құндылықтарын таныстыру, өлеңдері мен әңгімелерінің бала танымын, тәрбиесін қалыптастырудағы мәнін жеткізу.
Дәріс мәтіні:
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап балаларға арналған жаңа типті орыс-қазақ мектептерінде оқытылатын “Букварь” (1892) , “Әліппе”, “Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” (1876) “Қазақ хрестоматиясы” (1879) шыға басталды. Мұның өзі жаңа типті орыс-қазақ мектептерінің ашылуына байланысты туған игілік еді. Қазақ балалары үшін ашылған мектептер, соншама аз болса да, қазақ халқының арасында олар орыс білімінің тарауына көмектесті. Балалар ендігі жерде Діни медреселерде оқымасын, олардың бастарын Діни уағыздарын мектептеріне тартылсын деген пікірлер туа бастады. Бұл кезде Діни медреселерде оқитын шәкірттерге ислам дінін дәріптейтін өлеңдерді, түсініксіз аяттарды хормен айтқызып, еріксіз жаттауға мәжбүр ететін:
Қайрауат-ау, қайрауат,
Баймұғамет салауат.
Елімізге сәулет бер,
Бай, мырзаға дәулет бер,
Молдамызға нәубет бер,
Молдеке, бізге рұқсат бер,-деп, молда алдана иіліп тәжім беретін.
Мұның өзі бала миын жас кезінен діни сүрелермен уландырып, қай нәрседен болса да қорқып, бұқпантайлап өмір сүруге кіріптар етіп қоятын. Балалар үшін сол кездегі келелі тақырыптардың бірі хайуанаттар, жан-жануарлар жайында жазылған өлеңдер-жырлар болып табылады. Осы тұстағы қазақ балалар әдебиеті орыс әдебиетінің қазақ тіліне аударылуымен де толығып, жетіле түсті. Өз шығармаларымен қатар, Ыбырай Алтынсарин И. А. Крыловтан, И. И. Дмитриевтен, Ушинский хрестоматиясынан балаларға лайықты көптеген өлеңдер, әңгімелер аударып, өз хрестоматиясына енгізді. Ыбырай мен Абайдың орыс әдебиетінен аударған шығармалары қазақ балалар әдебиетінің өсіп, дамуына игі әсерін тигізді.
Қазақ балалар әдебиеті мен балалар фольклорына жататын бай мұраларды жинап, іріктеп алу, бір жүйеге келтіру, бастыру жағы да осы ХІХ ғасырдан бастап қолға алынған еді. Осыған орай қазақ балалар әдебиеті педагогикалық принциптерді қолдануға тиіс өрелі ойлар өріс ала бастады.
Ыбырай Алтынсарин –қазақ халқынан шыққан халық ағартушыларының бірі, ірі жазушы, тамаша ұстаз, қазақ балалар әдебиетінің атасы. Ыбырай Алтынсарин – көрнекті ақын, талантты жазушы. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқандай маңызы зор көркем шығармалар туды. Ол өзінің бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тәрбиелеу қызметіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы да сол оқу-өнер, білім мәселесімен сабақтас. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасы-қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердің қатарына қосу. Ұлы педагог-ақын өзінің өлеңдері арқылы оқудың, өнер-білімнің маңызын түсіндіріп, надандыққа қарсы шықты. Ол қазақ балаларын білімге баулып, олардан болашақтың иелерін даярлауды бірінші мақсатым деп санады.
Өнер-білім – бәрі де
Оқуменен табылған...
Кел, балалар, оқылық!-деп жар салды.
Ыбырай өлеңдері тек оқу, өнер, білім тақырыбы шеңберінде қалып қоймайды. Оның көп өлеңдері әлеуметтік, гуманистік идеяны нақтылы мәселелер төңірегінде көтеріп, өз кезінің шындығын аша түседі.
Ақынның “Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен” деген өлеңінің мәні де терең. “Әй, достарым!” деген өлеңінде “Қолыңнан келсе қыл қайыр!” деп, қайырымды , кең пейіл, адал азамат болуға шақырады.
Ыбырай – жаңашыл жазушы. Ол - ең алдымен қазақ әдебиетіне жаңа идея мен тың тақырыптар әкелуімен жаңашыл. Қазақ ақындарынан оқу, тәлім-тәрбие, мәдениет мәселелерін Ыбырайдай арнайы жыр еткен ешкім болған жоқ-ты. Өнер, еңбек, кәсіп, адалдық, адамгершілік идея, отырықшылыққа байланысты тұрмыс жаңалықтары кең көтеріліп, европалық мәдениет үлгісі уағыздалды. Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері осындай, бастан-аяқ адам тіршілігіне байланысты. Ақынның бұл өлеңдері реалистік суреттерімен ерекшеленетін, әдебиетімізге қосылған зор үлес.
Ақынның өлеңдерінің көпшілігі – тәлім–тәрбие мақсатын көздеген, дидактика сарыны басым шығармалар. Сондықтан олардың көпшілігіне публицистика стилі тән деуге болады. Ыбырай өлеңдерінің тілі қарапайым, жатық та тартымды, мақал-мәтелдерге де толы. Ақын айтайын деген ойын оқушысының көңіліне құйып, қолыңа нық ұстатқандай әсер қалдырады.
Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиеті тарихынан мәдениетті прозашы ретінде де елеулі орын алады. Ыбырайға дейін шын мәніндегі көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптасқан жоқ-ты. Ыбырай қазақ прозасының европалық шағын түрін қалыптастырды. Бұл жанрдың сырын ашты. Көркем әңгіме, новелла жазудың жақсы үлгісін көрсетті. Сондықтан қазақтың жаңа үлгідегі көркем прозасы Ыбырай әңгімелерінен басталады деу орынды.
Ыбырай әңгімелерін үш топқа бөлуге болады: оның бірі-новелла, екінші тобы-ауыз әдебиетінде қалыптасқан ертегі-аңыз үлгісіндегі әңгіме, үшінші тобы-шағын көлемді мысал үлгісіндегі өнеге сөздер.Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз кезінің келелі мәселелерін қамтиды, әділдікке, ізгілікке, адамгершілікке, талаптылыққа, өнерпаздыққа, тапқырлыққа, еңбекке, тазалыққа, ақылды іске, білімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа, зеректікке, отырықшылыққа, кәсіпқорлыққа, шынайы достыққа шақырады. Тәкаппар, еріншек, ұқыпсыз болмауға, жақсылыққа әуестеніп, жамандықтан аулақ болуға баулиды.Балаларға ақыл айтып, ой салмайтың оның бірде-бір әңгімесі жоқ. Жалпы алғанда оның әңгімелері – негізінен, дидактикалық прозаның жақсы үлгілері.Еңбек тақырыбындағы “Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш”, “Бай мен жарлы баласы”, “Дүние қалай етсең табылады”, “Байлық”, “Әке мен бала”, “Асыл шөп”, “Қыпшақ Сейітқұл”, “Киіз үй мен ағаш үй”, т.б. әңгімелері - өзінің өнегелілігімен, образдылдығымен ерекше мәнді тәлім берер күші мол көркем шығармалар.
Ыбырай творчествосында еңбекке тәрбиелейтін әңгімелерінің ішіндегі ең биік шыңы - “Бай мен жарлы баласы”. Асан – бай баласы. Ол өмірдің қиыншылығын көрмеген. Екі қолын жылы суға малып, алдындағы асын алып ішуге ерінетін ерке. Ал Үсен - кедей баласы. Ол өмір мектебінен өткен. Басына түскен қиыншылықтан құтылудың жолын да ойластыра біледі.
Ы.Алтынсарин әңгімелерінің көтеретін тағы бір өзекті мәселесі-адамгершілік. Ол әр кезде адам сабырлы, мейірімді, қайырымды, әдепті, ұқыпты болса, деген ізгі ниет білдіреді. “Шеше мен бала”, “Бір уыс мақта”, “Мейірімді бала”, “Аурудан аяған күштірек”, “Әдеп”, “Әділдік”, “Петр патшаның тергелгені”, “Тәкаппарлық”, “Таза бұлақ” әңгімелері мен аудармалары жазушының осы ниетінің жемісі еді. Ыбырай шығармаларының ішіндегі ертегі-аңыз ретінде келетін “Қара қылыш”, “Тазша бала”, “Қара батыр”, “Алтын айдар”, “Жиренше шешен” сиқты халықтың аңыз-ертегі сюжетіне құрылған әңгімелері де бар.
Ыбырай Алтынсарин - нағыз халықшыл жазушы, ағартушы, ақын, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат. Халық ағарту жұмысы саласындағы идеясын іске асыру үшін Ыбырай Алтынсарин өзіне тосқауыл келтірген діншіл фанатиктермен аяусыз , күрес жүргізуіне тура кепді. «Надан жатқан , бірақ әлі азғындық жолға түспеген , пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымызға шамасы келгенше қызмет ету біздің әрқайсымыздың да борышымыз» деп, көзі ашық еп азаматтарына үндеу сапды. Осы пікіріне байланысты Ыбырай « Әй жігіттер» деген өлеңінде
Әй, жігіттер үлгі алмаңыз ,
Азған елдің ішінен .
Алыс-алыс қашыңыздар,
Зияндасты кісіден ,- дейді.
Ұлы орыс халқының ХІХ ғасырда жасаған классикалық мол әдебиетімен танысқан Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеуде, оқытуда, олардың ой- санасына қозғау салып жетілдіруде өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін алдымен балалар әдебиетін жасауға бет бұрды. Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Оларды жас ұрпақтарға үлгі етіп ұсынды. Ыбырай балалар әдебиетіне тән көп шығармалар берді. Бұл шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қойды. « Мен қазақ балалармын ұқыптылыққа , тазалыққа , отырықшылық тұрмыстық артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін» деді. Алтынсариннің барлық өлеңдер мен әңгімелерінің мазмұнында негізінен өзі айтқан осы идея баяндалып отырады.
Халықты және олардың жас өрендерін оқуға , өнер- білімге шақыруда Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтергені, әрқашан жаңарып , оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын , ескірмейтін еңбегі « Кел балалар оқылық» , « өнер білім бар жұрттар» , « Әй достарым», « Әй жігіттер» деген өлеңдері.
Оқысаңыз , балалар
Шамнан шырақ жағылар ,
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей- ақ табылар ,
Кел , балалар , оқылық ,
Оқығанды көңілге ,
Ықыласпен тоқылық-деп ұран салады.
Бала тәрбиелеуде Ыбырай Алтынсарин ананың роліне ерекше маңыз беріп, оның аналық махаббатын , бала өсірудегі үздік қызметін тамаша суреттеген. Баланың алғашқы тәрбиесі ананың бауыр еті, соғып тұрған жүрегі деп бағалаған:
Бала, бала деп,
Түнде шошып оянған,
Түн ұйқысын төрт бөліп .
Түнде бесік таянған.
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргегін,
Қорғасын оқтай балқытқан.
Ал « Ананың сүюі» деген өлеңі бала жанын тебірентірліктей мұнан да
күшті, мұнан да әсерлірек жазылған .
Кім сендерді, балалар, сүйетғын,
Қуаныш қуанып , қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп , кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын,-деп ана қадірін биікке
көтереді. Жасөсірімдерді өнер-білімге шақырумен қатар, Ыбырай Алтынсарин балаларға отырықшылық тұрмыстық артықшылығын, белгілі мекен болудың жақсы жақтарын түсіндіруді мақсат етті. Жер , қол өнер кәсіптерімен айналысудың пайдалы жақтарын айтты. Ыбырайдың « Киіз үй мен ағаш үй», « Қыпшақ Сейітқұл», деген ықшам жазылған қысқа әңгімелерінде де дәл осындай жағдайлар суре.ттеледі.
Ыбырай Алтынсарин – қазақтан шыққан бірінші ұстаз, халық ағартушысы болумен қатар, ірі жазушы да еді. Өзі құрастырған хрестоматияға енген өлеңдер мен әңгімелердің көпшілігі Ыбырайдың балаларға арнап жазған шығармалары болатын. Ыбырай өзінің шығармаларында қазақ халқын ескі салт, әдет ғұрыптарын надандықтан құтылуға шақырды. Ыбырайдың «өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өнер-білімді қайдан үйренудің , кімнен үйренудің керек екендігі айтылды, сөйтіп нешеу өмірден құтылудың холы көрсетілді. Ыбырайдың «кел балалар оқылық» , деген өлеңі жас өспірімдерді оқуға үгіттеген жолында ұран болып қалды. Ыбырай шығармалары қазақ даласына жаыа ұғым, жаыа түсінік, жаңа сарын туғызды, ел еңсесін көтеріп, ойына қозғау салды. Ыбырай Алтынсарин ұсынысы бойынша 1889 жылы Ырғыз қаласында қыздар училищесі ашылды. Бұл бүкіл Шығыс елдері ішінде қыздар үшін ең бірінші ашылған оқу орны еді. «Мектеп-қазақтарға білім берудің басты құралы» барлық үмітіміз , қазақ халқының келешегі осы, тек мектептерде. Сондықтан біз ауыз әдебиеті балалар әдебиетінің алтын бесігі десек, «әліппе» мен «Буквар» балалар кітабының , балалар жазба әдебиетінің негізі болды дер едік. ХІХ ғасырдан бастап- ақ қазақ балалар жазба әдебиеті өзінің тұрақты педагогикалық көз қарасы анықталған және түрлі жанрларды жазылған әдебиет болып қалыптасты. Ыбырай Алтынсарин қазақ ауыз әдебиетінен балалар фольклорына жататын мұраларды да іріктеп алып көп жинаған. Оны бір жүйеге келтіріп жанр-жанрға бөліп , өз кезінде бастырып та шығарған.
|
Достарыңызбен бөлісу: |