Балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, рухын биіктетуге үлес қосып, жаңашылдықтың туын көтергендердің бірі Таупық Рымжанов болды. Оның ертегідегідей жын-шайтан, пері сияқты жаратылысы тұманды кейіпкерлері мен шытырман оқиғаларға толы шығармасы – «Гүл ағашы» ертегі-хикаяты. Оны өмірдің сыры мен жұмбағын ертегі әлемі арқылы қабылдап, тануға бар ғұмырын арнаған жазушы десек те болады.
Ертегіге бай елдердің бірі – қазақ халқы. А. Байтұрсынов «Ертегі қиялмен қисынын келтіріп, қызықты ету мақсатпен шығарған әңгімелер» [1,54 б.],- десе, М. Әуезов «Бұрынғы елдің қиялы өзіне таныс емес жат бір нәрсені құрдан-құр жанынан шығарып әңгімеге кіргізген емес, қайта бұрынғы заманда сол ертегіге кірген нәрсенің барлығы да даусыз шын сияқты көрінетін. Ол кездегі ертегі, бүгінгі елдің өмірінен алған шын әңгімелер сияқты, даусыз шын оқиға болып көрінген» [2,170 б], - деген еді. Қазіргі кезде ертегіні өз ойымен көркем баян, әсерлі хикая, шын оқиға сияқты жазып шығаратын жазушылар бар. Солардың бірі – Т. Рымжанов.
Бұл қазіргі қазақ қоғамының дамуына сай ертегі жанрының жаңарып келе жатқанын көрсетеді. Ертегі жанры өзінің ұзақ тарихында әр түрлі дәуірдің, қоғамның болмысы мен түсінік-пайымдарын біздің заманға жеткізіп келді. Ол фольклордың барлық жанрымен араласа дамыды. Өзінің өміршең жанры екенін көрсетті. Қазіргі қаламгерлер оны өздерінің шығармаларындағы негізгі оқиғаны суреттеуге қазық етіп алды. Сөйтіп ертегі-хикаят сынды жаңа жанр қалыптастырды.
Жазушы Т. Рымжанов «Гүл ағашы» ертегісін әдеттегідей дағдылы сөздерден емес, автордың негізгі қазығын білдіретін түйінді сөзінен бастайды.
«Егер адамның бойындағы адами және перілік қасиеттерді алып тастайтын болсақ, ол толық мағынасында шайтанға айналар еді. Бұл ертегі кейіпкерлеріне берілетін мінездеме. Екінші:
Біз өмірге не үшін келдік? - деп сұрады Қарабек. Өмірге өмір сүру үшін келдік, - деді перінің қызы. Өмірге бүлдіру үшін келдік, - деді Шайтан.
Өмірге өлу үшін келдік, - деді Зарлыхан [3,11б.].
Бұл адамзат баласының танымында болатын үш қасиет, жазушы оны үш кейіпкердің арасындағы өмір үшін күрес барысында ашады. Үш кейіпкер – үш патшалықтың өкілі. Бірі – адамзат патшалығы, екінші – пері патшалығы, үшіншісі – шайтан патшалығы. Осы ертегі кейіпкерлері арқылы ертегі-хикаят қазақтың кешегісін еске түсіреді, ертеңгісіне бағыт береді. Әдеттегі ертегідей кемпір мен шалдың жалғыз баласы емес, кейіпкерлер – үш патшалықтың ұрпағы. Байқап отырсақ, диапозоны кең. Адамзат патшалығының өкілі –
Бәдиғұл атты сұлу, пері патшалығының өкілі – Битаңба атты жас патша. Шайтан патшалығының өкілі – Иланшы патша.
Жазушы фольклордың көркем тілімен, ұлттық өзгешеліктерді, бояуды ертегінің өн бойында өрбіте отырып, түрлі бейнелі, образды мағынаға ие сөздер мен көркемдегіш салыстырулар, алмастыруларды, негізгі ойды кейіпкерлерінің диалогы арқылы, бірде суреттеу, баяндау тәсілдері арқылы дамытады. Жаратушы ием адамзат пен пері затына ортақ қасиет беріпті. Олардың өмірге икемділігі де, білім танымының ауқымы да, тіршіліктегі шама-шарқы да әр түрлі. Бірі – хас сұлу, бірі – батыр. Ортақ қасиет – сұлулықты құрметтеу, батырлықты қастерлеу. Оқиға желісі Бәдиғұл сынды сұлу мен Битаңба сынды тепсе темір үзетін, шойын білек сұқсұрдай жігіт бір-біріне ғашық болыпты деп, желі одан әрі өрбиді.
Адамзат патшасы қызының бақытына араша түсе алмағанына қапаланып, жапа шегіп, запыран жұтып, қалған өмірін өкінішпен өткізеді. «Шайтан жүрген жерде адам баласының өзегі өкінішпен өртенумен болатынын айтқан патша өмірінің соңында:
– Адам баласының ғұмырын қысқартып, бойын өсірмей жүрген де осы өкініш! Өкініш деген пәледен құтылам десеңдер шайтан жұртымен күресудің жолын іздестіріңдер![3,20 б.], - дейді. Азалы халқына, ұрпақтарына патшалықты шайтандардан аман сақтап қалу үшін олар бара алмай жүрген киелі Ұлар шыңы маңына көшуді өсиет етіп қалдырады.
Мақала жазу барысында әдеби-теориялық, әлеуметтік-психологиялық, салыстырмалы-зерттеу әдістері қолданылды.