Тірексөздер:ертегі-хикаят, фэнтези, үш әлем, сиқырлы шұғыла, жұмақ кілті, имандылық.
Негізгі ережелер
Қазіргі балалар әдебиетінде көркем мәтінді танымдық-психологиялық тұрғыдан талдауға көп мән беріле бермейтіндігін ескерген жөн. Сондай-ақ аудиторияда және аудиториядан тыс уақыттарда көркем шығарманы түсініп оқуға ынталандыруды көздеу ескерілу қажет. Көркем мәтінді оқу арқылы оқырманның дүниетанымын кеңейтуі, эстетикалық-рухани азық алуы, өзін-өзі
тәрбиелеуі назардан тыс қалмауы керектігін ескерген жөн. Ертегі философиясындағы жекеден жалпыға қарай өрілген көркем ойдың шешімін табу мақсатында логикаға құрылған түйінді сөздер мен оның түпкі мәнін түсінуге іздендіру негізгі мақсаттардың бірі болу керек. Автордың қандай нәтижеге қол жеткізгенін пайымдауда, оны әлемдік және отандық әдебиеттермен салыстыруда зерттеушілер еңбегіне сүйену маңызды. Көркем мәтінді талдау барысында сөйлеу – көркем ойлау – ойды жүйелі көркем баяндау принциптерін ескеру де басты назарда болатын қағида. Осы қағадаларды ескере отырып, Таупық Рымжановтың балалар әдебиетіне қосқан жаңалығын тұжырымдау, коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдебиетінің өткені мен бүгінін байланыстыру, бағалау маңызды.
Кіріспе
ХХ ғасырдың 80-90 жылдарының соңынан бастап-ақ қазақ әдебиетінде ежелгі түркілік сарындарды, мінәжат үлгісіндегі діни шығармаларды, батыстық үлгідегі модернистік, постмодернистік көркем туындыларды насихаттау белең ала бастады. Сонымен қатар мистикалық, мифологиялық бағытты темірқазық еткен қазақ қаламгерлері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан аңыз-әфсаналарды шығармаларына негіз етіп, шытырман оқиғалар арқылы дәуір тудырған әлеуметтік шындықты ашуға ұмтылды.
Бұл кезеңнің қаламгерлері кеңестік идеологияны насихаттайтын шығармалардан бірте-бірте қол үзе бастады да, жабық тақырыптарға көңіл бөліп, олардың философиялық астарына мән берді, ұлттық құндылықтарды жазудың жаңаша үлгісіне көше бастады. Олардың қатарына Ә. Нұрпейісовтің
«Соңғы парызы» мен М. Мағауиннің «Жармағын» жатқызуға болады. Бұл шығармалар қоғамдық санаға қозғау салып, үлкен дүмпу (резонанс) тудырды. Сондай-ақ Т. Нұрмағамбетовтің «Мешкей», Т. Әбдіковтің «Ақиқаты»,
«Парасат майданы», Адам Мекебаевтың «Жезтырнақ» повестері тұмшаланған ұлттық сананың оянуына түрткі болған туындылар еді. Бұл көркем туындылар қазақ әдебиетіне тақырыптық та, идеялық та, формалық және стильдік жағынан да тың серпін әкелген дүниелер болатын.
Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі әдебиетте ұлттық сөз өнері мен мәдениеттің негізі, қадір-қасиеті, әлемдік әдебиеттегі орны өркениет дамуындағы көркемдік сананы қалыптастыруға, дамытуға және қазақ халқының әдеби, мәдени мұрасының ұлттық ерекшелігін түсінуге бағытталды. Кеңестік кезде ашылмай қалған шынайы еркіндік рухы, ұлт-азаттық идеясы мен елдің тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихи шындығы көркем сөзбен өріліп, тұмшаланған сананы оятуға қызмет атқара бастады. Дегенмен де біз бұрын- соңды мұндай шығармалар жоқ деп те айта алмаймыз. Қазақ әдебиетінде танымдық, стильдік-формалық жағынан өзгеше жаңа туындылар да болды. Олардың қатарына М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», О. Бөкейдің
«Атаукере», «Қар қызы», «Жылымық», Т. Нұрмағамбетовтің «Кене», «Айқай»,
«Ұлттың дерті», Т. Әбдіктің «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды», Т. Шапайдың «Күлкі және көз жасы», «Үйдің иесі», Д. Амантайдың «Гүлдер мен
кітаптар», Таупық Рымжановтың «Зәйтүн қарлығаштың ерлігі», «Гүл ағашы»,
«Күн перзенттері», «Ерден батыр» сынды балалар мен жасөспірімдерге арналған он шақты туындыларын жатқызуға болады. Бұл шығармаларда өмірдің сыры, адам өміріндегі мұң мен шер бар.