БАЛАНЫҢ МЕКТЕПКЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҒЫ Қазақстан Республикасының «Білім туралы » Заңында білім беру жүйесінің негізгі міндеті-баланың даралығын дамыту, тәрбиелеу және оқыту үшін жағдайлар жасау арқылы интеллектісін дамыту, бала тұлғасының рухани және дене мүмкіндіктерін ашу екендігін ерекшелейді. Сондықтан да оқушылардың даму ерекшеліктерін жетік танып білуіміз қажет.
Алты жасар баланың мектепке дейінгі және мектеп аралығындағы жағдайының өзіндік психологиялық ерекшелігін анықтау болып табылады. Танымдық іс-әрекет түрлері жас ерекшеліктеріне сай дамығанын анықтау.
Баланың танымдық қызығушылығын білу- бала жан-дүниесіне билік жүргізудің жолы.
Баланың білуге деген құмарлығын қалай дамытуға болады? Ол үшін ата-ана не істеу керек?
Баланың білуге деген құмарлығын дамыту ересектермен байланыс жасау кезінде ерекше қарқын алады. Ата-анамен қарым-қатынас кезінде бала өзін толғандырған сұрақтарға жауап алуға тырысады, бірақ психологтардың зерттеулеріне қарағанда, сұраққа бірден жауап беруге тырыспау керек, баланы әр нәрсенің жауабын өзі ізденіп табатындай жағдайға жеткізу керек.
Біз, ересектер балалардың қойған сұрақтарына көбінесе, жүрдім-бардым, жеңіл-желпі қарап жатамыз. Сұрағына жауап ала алмаған баланың ересектерден көңілі қалып, біртіндеп айналада қоршаған ортаға қызығушылықтары төмендей бастайды.
Құрметті ата-аналар, есіңізде сақтаңыз, сұрақ болмаған жерде дүниені тану да, даму да болмайды.
Сондықтан да балаңыздың білуге құштар жүрегінен шыққан әр сұраққа мұқият қарап, ойланып жауап қайтарыңыз. Бала сұрақ берген сәтте оған ұзын-сонар жауап айтудың қажеті жоқ, оның ұғымына сай қысқа әрі нұсқа жауап берсеңіз болады. Сұраққа жауап бере отырып, баланы ойлануға жетелеу керек. Шама келсе, баланы өзін қызықтыратын сұрақтарға жауапты сөздіктерден, балалар энциклопедиясынан іздену арқылы табуға жетуіне тәрбиелеу керек. Бала өзін қоршаған ортамен белсенді байланысқа түскенде ғана «Неге бұлай? Бұл қалай? Неліктен? Не себептен?» деген сияқты сұрақтар туындайды. Мұндай кездерде ата-ана баланың дамуына ықпал ететін, ол үшін жаңалық болып ашылатын сан алуан әрекет түрлерін ойластырғаны, ұйымдастырғаны жөн. Сол арқылы бала өзін тұлға ретінде таниды, өзі үшін маңызды жаңалық ашады. Ата-ана баласын табиғат аясына, хайуанаттар бағына, саябаққа ертіп апару арқылы олардың дамуын белгілі бір танымдық мақсатқа бағыттайды. Сонымен қатар ол баланы салыстыруға, талдауға, қорытуға, ой түюге итермелейді.