Байланысты: Б Түсіпқалиев Балалар ауруының пропедевтикасы
Хайнер синдромы – сиыр сүтіне жоғары сезімталдық байқалғанда дамитын
өкпенің біріншілік гемосидерозы, өте сирек кездеседі. Ауру ерте жастағы балаларда
кездеседі және ысқырықты тыныспен, ентігумен, созылмалы жөтелмен, өкпеде кезеңді
инфильтраттардың пайда болуымен, гипохромды микроцитарлы анемиямен және
бойының өсуінің кідіруімен көрінеді. Қақырығында және асқазан аспиратында
гемосидерин тұнған (тиелген) макрофагтарды көруге болады. Науқастың жағдайы, сиыр
сүтін беруді тоқтатқанда, жақсарады. ТА-да вегатативті бұзылыстар орын алады,
баланың тәртібі мен мектепте оқуы қиындайды. ТА ауыр жайылған аллергиялық
реакцияның себебі болуы мүмкін: анафилактикалық және анафилактоидты шок,
геморрагиялық және басқада жайылмалы васкулиттер.
Диагнозы. ТА диагнозы негізінен анамнез негізінде қойылады. Шынайы тағамдық
аллергияны ажыратуда келесі жағдайларды ескеру керек:
реакция пайда болу үшін қажетті тағам мөлшері;
күдікті тағам түрі;
тағамды бұрын қолданғанда болған реакция;
тағамды қолдану мен реакцияның пайда болу арасындығы мерзім (IgE-ге
негізделген реакциялар тағам қабылдаған соң 2 сағат ішінде байқалады);
ТА-ға тән клиникалық көріністері;
тағам элиминациясынан кейін белгілердің жоғалуы және қабылдағаннан соң
пайда болуы;
белгілерінің жалғасуы;
реакцияны жою үшін қажетті дәрілер;
Бұл сұрақтарға жауапты ұзақ уақыт тағамдық күнделік жүргізу арқылы алуға
болады.
Элиминациялық-арандатушы (провокациялық) сынамалар жақсы ақпарат береді.
Күдікті тағамның элиминациясын 7-10 күн бойына жүргізеді. Элиминациялық емдәмнен
кейін науқастың жағдайы жақсарған соң сол тағамды қайта беріп, дәрігер 24-48 сағат
бойына жүйелік реакция күшін қадағалайды.
ТА диагностикасында плацебо түрінде жүргізілетін қосарланған (екі бірдей) соқыр
арандатушы тест алтын стандарт болып табылады. Аллергиялық терілік сынама
ингаляциялық сенсибилизацияға қарағанда ақпаратты аз береді.