№1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжінің “Бастауыш білім беру” мамандығының 41«Б» топ білім алушысы Қуандық Әсемнің «Бастауыш мектептегі шетел тілі практикасына»
ЕСЕБІ 23.01.2023-04.02.2023 жж. аралығында «Бастауыш мектептегі шетел тілі» практикасынан өттім. Тәжірибе барысында берілген күндер аралығында атқарылатын жұмыс мазмұнымен таныса отырып, тәжірибенің мақсаты, мазмұны және міндеттерімен таныстым.
Маған 3 «Е» сыныбы берілді. 3 «Е» сыныбына сабақ беру, оқушыларды өз ережеме үйрету, балалардың сабаққа деген қызығушылықтарын ояту бастапқыда қиын болды, сол себепті де бірден сабақ өтіп кетпей, алғашқы күндер балалардың темпераментін, психологиялық жағдайларын зерттеп, қай баламен қандай жұмыстар атқару керектігін түсіндім. Барлық сабақтарды өту барысында түрлі әдіс-тәсілдерді, көрнекі құралдарды, бейнематериалдарды пайдаланып балалардың сабаққа деген, жаңаны білуге деген ынтасын, қызығушылығын ояттым. Ұйымдастыру кезеңінде «Шаттық шеңбері», «Ыстық алақан», «Жүректен жүрекке» әдіс-тәсілдері қолданылса, жаңа сабақты меңгерту кезінде «Семантикалық карта», «Миға шабуыл», «Қара жәшік» секілді әдістерді пайдаланды. Ал, кері байланыс жасау үшін «Бағдаршам», «Алма ағашы», «Жетістік баспалдағы», «Бес бармақ» әдістерін қолданып, сабақтарды қорытындылап отырдым. Тіпті, бағалау түрлері де балаларға жаңаша бір дүние болған сияқты, «Жұлдызша» , «Смайликтер» , «Гүл күлтелері», «1 ұпай» секілді таратпа қағаздарын таратып отырып, балаларды бір-бірімен жарыса сабақ оқуға үйреттім.
Мұғалімнің негізгі құжаттары ҰМЖ, ОМЖ, ҚМЖ мен танысып, ҚМЖ-ны толықтай қалай жасау керектігін, оқу мақсатын, сабақ мақсатын қалай құру керектігін, дескриптордың қалай жүзеге асатынын, тапсырмаларды қалай құру керек екендігі туралы осы күнге дейінгі алған білімімді толықтырды.Сонымен қатар, күнделік кz қалай кіру керектігін, қалай толтырып, қалай баға қоюды пән оқытушысы тәжірибелі мұғалім болғандықтан сол кісіден үйрендім. Толықтай сыныпты өз еркімізге беріп, өзі тек бақылап қана жүрді. Педагогтың стилі, сөйлеу мәнері, эстетикалық-эстикалық жағдайлары қандай дәрежеде болу керектігін үйрендім. Алғашқы күндерден балалар туралы барлық мәліметтерді біліп, балалармен тығыз қарым-қатынаста болдым. Балалардың сенімдеріне кіріп, ұрсатын кезде ұрсып, дос болатын кезде дос болдым. Балалардың ағылшын тілінен деген қызығушылықтары мен білімдеріне қарап, болашаққа деген сенім бердім. Тіл білген баланың болашағының қандай жарқын болатыны туралы әңгіме жүргіздік.
Студенттердің педагогикалық практикасын өткізу кезеңінде оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын кешенді жүргізуге, оқу мен тәрбие жұмыстарының бірлігін іске асыруға, сонымен қатар оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, еңбек сүйгіштікке баулуға, оларға эстетикалық, экологиялық және дене тәрбиесін беруге бірден бір ерекше көңіл бөлінетінін тәжірибе барысында ұғындым. Педагог мамандығы бір баланы ғана емес, бүтін бір елді тәрбиелейтін, жауапкершілікті, ізденімпаздықты, коммуникативтілікті, жаңашылдықты талап ететін мамандық екенін ұғындым.
Практика әдіскерлері Султанова М.А Турганова Г. А Білім алушы Қуандық.Ә.Қ