ӘӨЖ 5-057.874
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНДА «ЖАРАТЫЛЫСТАНУ» ПӘНІНЕН ЗЕРТТЕУШІЛІК ҚАСИЕТТЕРІН ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ Қосанбай Л.С. – 102-23 тобының студенті
Ғылыми жетекшісі: Аяшев О.А. – п.ғ.д., профессор
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент
Резюме Методика развития исследовательских способностей у учашихся начальных классов по предмету естествознания Summary The methodology for the development of research abilities of pupils of initial classes on the subject of natural science
Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекеті оқу пәндерінде маңызды рөлге ие. Мұның себебі зерттеушілік іс-әрекетті бала қабілетін ашу, үйлесімді тұлға етіп тәрбиелеу мен дамытудың мықты құралы деп тануда деп білеміз. Зерттеушілік іс-әрекет - алдын-ала шешімі белгісіз және ғылым саласындағы зерттеулерге тән мәселені қою, тақырыпты теориялық зерттеу, зерттеу әдістерін таңдау, практикада жүзеге асыру, өз бетінше ақпарат жинау, оны талдау және қорытынды шығару сияқты негізгі кезеңдерден тұруды болжайтын оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік міндетті шешумен байланысты іс-әрекеті.
Зерттеушілік іс-әрекеті біліктіліктерін дамыту үшін қойылған мақсатқа қол жеткізерліктей жағдай табу және орнату керек. Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік біліктіліктерін қалыптастыру шарттары:
1. Мотивациялау. Оқушыларға өз шығармашылық зерттеушілік іс-әрекетінің маңызын түсінуге, оны жүзеге асырудағы өз таланты мен мүмкіндіктерін, өзін-өзі жүзеге асыру жолдарын көре алуға көмектесу керек.
2. Мақсат көздеу және жүйелілік. Зерттеушілік біліктілікті дамыту мақсатындағы жұмыстар сабақтық және сабақтан тыс іс-әрекет түрінде өтуі тиіс. Мұғалім әдебиеттік оқу, қазақ тілі, математика, дүниетану пәндерінің материалдарын қолдануы қажет.
3. Шығармашылық орта. Мұғалім шығармашылық орта жасап, зерттеушілік іс-әрекетке қызығушылығын тудырып отыруы тиіс.
4. Психологиялық жайлылық. Мұғалім міндеттерінің бірі - оқушылардың шығармашылық ұшқындарын көріп, шығармашылық ізденіске ұмтылысын бағалап отыруы тиіс. Олар қателік жіберуден қорықпауы маңызды. Әрбір оқушыға өз күшін байқап, өзіне сенуге мүмкіндік беру керек.
5. Мұғалім тұлғасы. Зерттеушілік іс-әрекетті дамыту үшін шығармашылықпен жұмыс жасайтын, шығармашылық орта құруға ұмтылатын, зерттеушілік іс-әрекетті жүргізу үшін белгілі бір білім мен дайындығы бар мұғалім қажет.
6. Жас ерекшелікті ескеру. Зерттеушілік іс-әрекет баланың қабылдауына, жасына сай, қызықты және пайдалы болуы керек [1, 17 б.].
Зерттеу әдісі – өзіңнің жеке шығармашылық және зерттеушілік дағдылары арқылы білім алу жолы. Оның негізгі салыстырмалылары – проблемаларды анықтау, болжамдарды жасау және тізбектеу, бақылау, тәжірибелер, сонымен қатар солардың негізінде жасалған ойлар мен талқылаулар. Оқыту кезінде зерттеушілік әдістерді қолдану барысында ауыртпалық ортасы шынайылықтың деректері мен оның талдауларына ауады. Осы орайда, дәстүрлі оқытуда қолданылатын сөз әдісі кейінге шегіндіріледі. Біз «зерттеушілік оқыту» мен «оқытудың зерттеушілік әдістері» біздің заманымызда танымдық әрекеттің бірі болып табылатын жаңа білім алуды шығару үрдісі деген қорытынды шығарамыз. Зерттеуге қызығушылық оқушылар өздігінен кейбір қиындықтарды үнемі шеше алмау салдарынан жоғалып кетуі мүмкін. Осы жерде оларға көмекке мұғалім келе алады. Мұғалімнің міндеті нені қалай жасау керектігін айтып беру емес, пайда болған мәселені оқушының өзі шеше алатындай жол көрсету. Ол оқушының мотивациясын ғана сақтап қоймай, тіпті оны жоғарылатуға ықпал етеді [2, 23 б.].
Жаратылыстану пәні бастауыш сынып оқушысын оқудың алғашқы сәтінен бастап өзін-өзі оқыту субъектісі ретінде көрсетеді. «Мен зерттеушімін» деген сұрақтан бастау алатын оқыту үдерісі бала бойында әлемді танудың, оны ғылыми тұрғыда ұғынудың және қоршаған ортаны тұтастай қабылдаудың дамуына көмектеседі. Төменгі жастағы оқушы негізгі мектептегі «Биология», «География», «Химия», «Физика» пәндерін зерделеуге негіз қалайды. Оқулық мазмұны алты-жеті жастағы балалар бойындағы табиғи білмекке құмарлықты дамытады. Оны қоршаған күрделі әлемді қарапайым тәжірибе, бақылау жасай отырып түсінуіне мүмкіндік береді. Жаратылыстану пәні арқылы оқушылар гипотеза құрады, оны тексерудің жолдарын ұсынады. Өз зерттеуінің жоспарын құрады. Түрлі дереккөздерден зерттеу проблемасына қажетті ақпараттар іздейді. Жаратылыстану пәні оқушыны жас зерттеуші мәртебесіне көтереді.
«1 сынып оқушысы өзін зерттеуші ретінде сезіну үшін не істеу керек?», «Қоршаған ортадағы күрделі құбылыстарды қалай түсіндіру керек?» деген сұрақтар туындары анық. Оқулықта берілген «Зерттейік», «Ойлан», «Сұрақтарға жауап бер» айдарлар оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамытуға әсерін тигізеді. Оқулық бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдемелері оқу бағдарламасындағы мына ұстанымдарға негізделеді: құндылықтарға бағытталған ұстаным, тұлғаға бағытталған ұстаным, іс-әрекеттік ұстаным, саралап оқыту ұстанымы, коммуникативтік ұстаным, ортақ тақырыптар арқылы оқыту, ойын әрекеті арқылы оқыту, жобалық ұстаным. Бастауыш сынып оқушысының оқу әрекеті құндылықтар тұрғысынан ұйымдастырылып, жүзеге асады. Оқулық оқушыға білімді дайын күйінде бермей, оны өзі өндіруіне көмектеседі. Әр оқушының, әртүрлі оқушылар тобының жеке ерекшелігін, қабілетін ескеру мақсатында түрлі жағдайларды ескереді. Оқулықтағы тапсырмалар жүйесі шынайы қарым-қатынастың формаларын (жұптық және топтық жұмыстарды) кіріктіреді [3, 28 б.].
Белгілі Қытай ғалымы Конфуцийдің: «Мен саған балық берсем, сен бір-ақ күн тоқ боласың, ал енді мен саған қармақпен қалай балық аулауды үйретсем, сен өмір бойы тоқ боласың» – деген сөзі жаратылыстану пәнінің оқушы белсенділігін қажет ететін пән екендігін ерекшелей отырып, бастауыш сынып оқушысының соңғы кезде ХХI ғасыр деп аталып жүрген сын тұрғысынан ойлау, білімді шығармашылық тұрғыда қолдана білу қабілеті, проблемаларды шеш білу қабілеті, ғылыми-зерттеу дағдылары, қарым-қатынас дағдылары, жеке және топпен жұмыс істей білу қабілеті сияқты кең ауқымды құзыреттіліктерді меңгеруіне мүмкіндік береді [4, 9 б.].
Балаларды зерттеушілік іс-әрекетке тарту олардың шығармашылық қабілеттерін, танымдық үдерістің барлық кезеңдеріндегі: зерттеу мақсаты мен міндеттерін белгілеуден бастап білімін практикада қолдануға дейінгі өзбетінділігін дамытуға ықпал етеді. Ал зерттеушілік іс-әрекет барысында бақылауға, ақпарат іздеуге қызығушылық білдірген балалар орта буын оқуына тез бейімделеді.
Әдебиеттер: 1. Төреханова Ж.Т. Бастауыш сынып оқушыларының зерттеу дағдыларын қалыптастыру жолдары//«Бастауыш мектеп» №3, 2014
2. Скокова А.С. Төменгі сынып оқушыларының зерттеушілік мәдениетін
қалыптастыру// «Білім» №1, 2014.
3. Мырзалинова А. Бастауыш білім беруде кіші мектеп жасындағы оқушылармен жобалық – зерттеушілік қызметті ұйымдастыру//«Бастауыш мектеп» №11-12, 2012.
4. Исламова К.И. Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік дағдысын қалыптастырудың жолдары//«Бастауыш мектеп» №9, 2011.