Адам-қоғамдық тіршілік иесі. Сондықтан оның сезімі де әлеуметтік сипатта болады. Сезімдер қоғам дамуына байланысты өзгеріп отырады. Бір-біріне ұқсас оқиғалар мен фактілерді әр кезеңде өмір сүрген адамдар әр түрлі бағалайды.
Сезім адамдардың әрекеттенуіне түрткі болады. Қандай да болмасын жұмыстың нәтижелі болуы ең алдымен оған деген көзқарасқа байланысты. Сезімнің творчестволық жұмыста ерекше маңызы бар. Ақын,суретші, ғалым, өнертапқыштардың жұмыс процесіндегі көтеріңкі көңілі, шабыты сезіммен тығыз байланысты.
Эмоциялар мен сезімдер адамның сырт пішінінен жақсы байқалады, олар адамның мінез-құлқына және жағдайына, сондай-ақ ішкі органдарының жұмысына да ықпал жасайды. Абыржу кезінде біз жүректің қатты соққанын, қан тамыры соғуының жылдамдауын басымыздан өткіземіз, біздің дем алуымыз қиындайды, қол-аяғымыз дірілдей бастайды, кейде адамның ыстығы көтеріліп кетеді. Сезім адамның бет әлпетінен де, мимикасынан да көрінеді. Халықтың қанатты сөздерінде «Адам жүзі –жанның айнасы» деп босқа айтылмаған. Біздің бетіміздің бұлшық еттері өте қозғалмалы, ол адамның ішкі көңіл-күйіне тәуелді болғандықтан неше түрлі құбылады.
Эмоцияны басқалардан гөрі толығырақ бере алатын біздің сөзіміз. Сөз тек ойды ғана білдіріп қана қоймай, сондай-ақ сүйіспеншіліктен бастап жек көрушілікке дейінгі, үрейленуден бастап жеңіс қуанышына дейінгі әр алуан сезімді білдіреді. Эмоцияны әсіресе айқын білдіретін-поэтикалық сөздер. Сөз ырғағы да үлкен рөл атқарады. Бір сөздің өзі айтылуына қарай не қуанышты, не қайғыны, не ашуды білдіруі мүмкін.
Сезімді білдіруде өнердің, әсіресе музыканың үлкен мүмкіншіліктері бар. Сөзге қарағанда музыка тындаушыларының көңіл-күйін ауызекі айтып жеткізуге өте қиын терең сезімге бөлей алады.
Хайуанаттарда да эмоция бар, бірақ олардың эмоциясы қарапайым келеді. Хайуанаттар эмоциясының сырт көрінісі дыбыс және қимыл, қозғалыс арқылы беріледі.
Чарльз Дарвин маймыл мен адам эмоциясының сырттай көрінуінен көптеген ұқсастықтар тапқан. Ол біздің кейбір эмоциямызды көрсететін қимылымыз, арғы бабаларымыз жануарлардың шабуылдарында, қорғаныстарында жасайтын қимыл-қозғалыстарының сарқыны деп есептелінеді.