Бұл бағдарламаның мақсаты – барлық жастағы, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының кез келген мазмұн түсінікке сыни тұрғыдан қарап, ең керекті пікір, ұйғарым таңдауға, шешім қабылдауға үйрету. Оқушылардың білім деңгейін көтеруге, шығармашылыққа баулуға, ойларын еркін айтуға жетелеу.
Сын тұрғысынан ойлау сынау емес, шыңдалған, бірін – бірі толықтырған ойлау. Ең бастысы жекелей, топта, сыныпта оқушылардың білім деңгейін көтеруге ретімен сұрыптап қолданған стратегиялардың қай – қайсысы болсын сабақтың сапасын арттыруда үлесі зор. Жаңа білімді қабылдау, бекіту, іскерлік пен дағдыны тәрбиелеу барысында жұмыс жүйесін, оқушылардың дербес белсенді әрекетін дамытуда, өздік жұмысының тиімділігін арттыруда «Сын тұрғысынан ойлау» барысындағы әдіс-тәсілдер білімді меңгертудің әр түрлі кезеңінде қолдануға болатынын тәжірибе көрсетті. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы ұстаз бен оқушыны ізденуге жетелейтін, шығармашылық шабыт беретін, болашаққа деген үмітті арттыратын бағыт. Әр оқушыда өзін – өзі дамыта, жетілдіре бақылай алатын дағды қалыптастыру, соған сәйкес өз бетінше білім алуға үйрету, дамудың ең биік шыңына жету болып табылады. Яғни, ең алдымен, шығармашылық ойлау нәтижесінде жаңалық ашылады, тұлғаның дамуы жеделдейді. Оқушы ойын осылайша шыңдауға мүмкіндік туады.
Сын тұрғысынан ойлау технологияларын пайдалану нәтижесінде қазіргі оқушының: - Сабаққа қызығушылығы артады; - Нақты өз деңгейінде бағаланады; - Жеке қабілеті айқындалады; - Өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді; - Даму мониторингі айқын көрінеді.
Өз пікірін ашық білдіруді талап ету қажет. Тек сонда ғана олар: - Мен осы мәселе туралы не ойлаймын? - Осы мазмұннан алған ақпарат менің бұрынғы білетініме сәйкес пе? - Маған бұл жаңа ойлар қаншалықты әсер етті, -деген сауалдар төңірегінде ойлауға үйренеді.
Сын тұрғысынан ойлау сабақтарының алғы шарттары: - Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау; - Сенімділікке тәрбиелеу үшін баланың жауабын санмен бағалау; - Қиялын дамыту үшін «Менің ойымша» деген жауапқа дағдыландыру; - Әр түрлі жауапқа бірдей қарау, жақсысын мадақтап, жаманын сынамау; - Тіл байлығын дамыту үшін қалайда жауабын соңына дейін тыңдау; - Жауап беруге тілек білдірмеген баланың өз еркінсіз, қинап сұрамау; - Жеке тұлға ретінде «Мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.
Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады. Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті — ойын болса, оқу-тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетін орындауға бейімделуі тиіс. Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асады.