Фасциолез – бауыр фасциоласы әсерінен туындайтын, ішектік құрт ауруы.[1]Бауырқұрт(Fascіolosіs) — төрт түлік малдың құрт ауруы. Ауруды сорғыш құрттар (фасциола гепатика және фасциола гигантика) қоздырады. Олардың пішіні жалпақ, ұзындығы 20 – 30 мм, ені 8 – 10 мм болады. Ауру, көбінесе, саз-батпақты жерде, өзен-көл жағасында жайылған малда кездеседі. Ауырған малдың нәжісімен ылғалды жерге түскен құрт жұмыртқалайды, одан шыққан дернәсіл судағы ұлуларға немесе су жағасындағы шөптерге жабысады. Мұны мал шөппен қоса жесе не сумен бірге жұтса, бауырқұрт ауруына шалдығады. Малдың ас қорыту жүйесіне түскен құрт, оның ішегін, бауырын жаралап, өт жолдарына жиналады. Ауру мал арықтайды. Көзі мен аузының кілегей қабықшалары сарғылт тартады. Тамағында, төсінде, буындарында ісік пайда болып, іші кебеді, тышқақтайды. Ауру малды емдеу үшін ацемидофен дәрісінің 10%-тік ерітіндісі, сондай-ақ, дертил, гексихол, төрт хлорлы көміртек, битионол дәрілері қолданылады. Аурудың алдын алу үшін мал жайылымына құрғақ жерлерді таңдап, малды ағынды сумен суғару керек. Бауырқұрттан өлген малдың бауырын жерге көміп залалсыздандырады