«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ құрамына кіреді. 1958 жылы ірге көтерген телеарна алғашында 5 сағаттық хабар тарата бастады. Содан бері телеарнаның техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайып, 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар арасында төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.
телеарна алғаш 1990 жылы таңбаланды. Арнаға сол кезде киіз үй пішіндес, ортасында 1 саны бар логотип басылды. Сөйтіп, арна «Қазақстан-1» деп аталды. Ал, 2002 жылдан салт атты адамның бейнесі бедерленіп, төменгі жағында «Қазақстан» атауы петроглиф жазуымен берілді. 2002-2006 жылдары арна атауы Күлтегін ескерткішіндегі құнды мұраға ұқсап таңбаланды. Ал, бұған дейін 14 өңірдегі филиалдар әртүрлі аталып келсе, кейін бір қалыпқа түсті. Мысалы, «Қазақстан-Жамбыл», «Қазақстан-Қостанай», «Қазақстан-Ақтау» деп аталды
2006 жылы қошқар мүйіз оюлы көк-сары түсті дөңгелек логотип жасалды. Ал, 2011 жылы «Қазақстан» таза қазақтілді жалғыз арнаға айналды. Логотип ұлттық оюын анық, бояуын қанық етіп жаңарды.